Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Алаш арысы 7025 7 пікір 21 Наурыз, 2019 сағат 11:52

Ілияс өмірінде көзәйнек тақпаған

Бүгінге дейін Ілияс Жансүгіровтың ақындық, қаламгерлік, қайраткерлік қыры жан-жақты зерттеліп, шығармалары хинақталып, оқырманға жол тартқан том-том кітап сөрелерден орын тапты. Осы арқылы өскелең ұрпаққа өнеге болар істердің шежіресін жаздық. Бірақ, қайраткер өмірінің ерекше тұстары, бүгінгі ұрпақтың санасына басқаша тұрғы да енген өмір болмысы, оқырман назарына ілінбеген азаматтық бітімі осыған дейін беті ашылмаған күйінде қалып келеді.  Солардың бірі  мына сурет.

Баспасөз және интернет беттеріндегі, кітап, журнал, тағы да басқа қолданылмалы әдебиеттердің мұқабасында осы сурет жүреді. Қазір бүкіл ел Ілиястың бейнесін дәл осылай қабылдайтыны анық. Бірақ, Ілияс өмірінде көзәйнек тақпаған деген пікірдемін. Оны тарғалаң өмірдің талай сыннан сүрінбей өтіп, аман-есен бүгінге жеткен, ақын өмірінің әр кезеңінен сыр шертетін суреттердің төмендегі бір бөлігінен байқауға болады.

Мамания мектебін бітірушілер. Бірінші қатар отырғандар (солдан оңға қарай): Біләл Сүлеев, белгісіз, Б. Есекнқұлова. Ф. Ғабитқызы, А. Жансүірова. Тұрғандар (оңнан солға қарай): Ә. Қалымбеков, І. Жансүгіров, К. Есболатов, Ә. Мұқашов.

Қазақ (қырғыз) ағарту институтының ұжымы. Алматы, 1923 жыл.

Жетісу облыстық мұғалімдер конференциясының делегаттары. 1924 жыл, Алматы.

Ілияс Жансүгіров

«Тілші» газеті шыққаннан бері қалам қайраты жағынан зор көмегін тигізген қаламы өткір, сөзі сұлу тілшінің ірі жазушыларынан саналатын азаматымыз.

1928 жылы Мәскеуде түскен суреті.

1928 жылы Қызылорда қаласында қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіруге байланысты өткен ғылыми мәжіліске қатысушылар: Бірінші қатарда (солдан оңға қарай) 3) Балқай Байтоғаев, 8) Басыр Мұхамеджанов. Екінші қатарда (солдан оңға қарай) 2) Құдайберген Жұбанұлы, 6) Телжан Шонанұлы, 7) Ораз Жандосұлы, 8) Әбдірахман Байділдин, 9) Әлімхан Ермекұлы, 12) Ғаббас Тоғжанұлы, 13) Бейімбет Майлин, 14) Ілияс Жансүгірұлы.  Үшінші қатарда (солдан оңға қарай) 10) Жүсіпбек Аймауытұлы, 13) Мұхтар Мырзаұлы (Мурзин), 15) Елдес Омарұлы.

Ұлттық республикалық жазушылармен кездесу. 1930 жылы.

Ілияс Жансүгіров «Степная песня» фильмінде атқа мінер рөлінде. (1930-1932).

Қазақстан жазушылар одағының І съезі. 28-29/ІІ/1932

Қазақстан Жазушылар одағының кезекті жиналысынан кейінгі естелік.

Сәбит, Сәкен, Ілияс, Бейімбет қазақ зиялыларымен бірге.

Ілияс Жансүгіров пен Всеволод Рождественский Іле Алатауының баурайында. 1935 жыл.

Ілияс Жансүгіров балаларымен бірге. 1935 жыл.

Отбасылық сурет. 1937 жыл.

Ату жазасына кесілер алдында. 1938 жыл.

Байқасаңыздар, жоғарыдағы суреттердің бірде бірінде Ілияс Жансүгіровтың көзәйнек таққанын көрмейсіз. Осының өзі-ақ Ілиястың өмірінде көзәйнек тақпағанын дәлелдейді. Өкінішке қарай, көзәйнек таққан суреттің  ең алғаш қай кітабта берілгенін, оны кімнің салғанын немесе сол суретті алғашқы пайдаланушы қай деректен алғанын анықтау қиын болды.  Мүмкін, зерделі оқырманның арасында оның тарихын білетін немесе қолында Ілиястың көзәйнек тағып түскен суреті бар болып жатса ой қоса жатар деген үмітім де жоқ емес.  Бұндай дерек табылмаса: «Ілияс өмірінде көзәйнек тақпаған» деп тұжырымдауға дәлел жеткілікті. Олай болса көп болып пікірлесіп, Ілияс Жансүгіровтың бұдан былайғы нағыз бейнесін тұрақтандырған жөн.

Соған сай, біріншіден, бұдан былай мейлі сайт, баспасөз, кітап, журнал болсын Ілиястың көзәйнексіз суретін беруді үміт етемін. Екіншіден, биыл Ілияс Жансүгіровтың 125 жылдығына орай Ақсу ауданынының орталығы Жансүгіров кенті мен ақын туған Қызылтаң ауылына ескерткіш мүсіні қойылады дегенді естіп едік.  Осы ескерткіштердің жобасы қалай жасалып жатқаны туралы Ақсу ауданының әкімдігі мен  ақын тойын өткізетін комиссияның жоба нұсқасымен бөлісіп, оқырмандарға түсінік бере кетсе нұр үстіне нұр болар еді. Үшіншіден, бұл туралы ақынның туыс-туғандары мен ұрпақтары не айтар екен?. Тіпті, «Ілиястың көзәйнек таққан суреті ілінген ақын музейіндегі, тағы да басқа көрнекі жердегі бейнелерді көзәйненксіз суреттерге ауыстырылса жөн болар ма еді?» деген ойда жиі мазалай береді.

Айту бізден, орындау сізден, ағайын!

Қажет Андас

Жалғасы бар...

Abai.kz

7 пікір