Сенбі, 20 Сәуір 2024
2986 1 пікір 21 Наурыз, 2019 сағат 10:36

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада бірқатар кездесулер өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздің қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайы және Үкіметтің биылғы 2 айда атқарған жұмыстарының нәтижелері туралы баяндалды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, биылғы қаңтар-ақпан айларында өнеркәсіп өндірісі – 2,7 пайызға, ауыл шаруашылығы – 3,6 пайызға, құрылыс – 2 пайызға, қызмет көрсету саласы – 3,9 пайызға өскен. Экономиканың түрлі салаларының да жақсара түскені байқалады.

Қазақстан Президенті Ұлт жоспары аясындағы құрылымдық және институционалдық реформаларды, сондай-ақ Тұңғыш Президент – Елбасының жолдаулары мен тапсырмаларында қамтылған әлеуметтік саладағы шараларды сапалы жүзеге асыруды, бюджет қаражатын тиімді игеру тұрғысынан негізгі мемлекеттік бағдарламаларды орындауды, экономиканы әртараптандыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды, еліміздің жекелеген аймақтарында су тасқынына тосқауыл қою шараларын жедел қабылдауды тапсырды.

Премьер-Министр Мемлекет басшысына Үкімет тарапынан бюджеттік міндеттемелер мен әлеуметтік бастамалардың барлығының толықтай орындалуын қамтамасыз етіп, әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаның негізсіз өсуін болдырмау және экономикалық өсімнің сапасын арттыру үшін тиісті жұмыстарды жалғастыра беретінін жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырма берді.

Мемлекеттік хатшы Бақытжан Сағынтаевпен кездесуде Мемлекет басшысына Президент жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың қазіргі жұмыстары жөнінде баяндалып, ұлттық және мемлекеттік мейрамдарды мерекелеуге дайындық барысы туралы мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік хатшыға «Нұр Отан» партиясының съезінде айтылған барлық тапсырмалардың орындалуына, стратегиялық бағдарламалар мен бастамалардың жүзеге асырылуына тиісті бақылау жасауды тапсырды.

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевпен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздің валюта-қаржы нарығындағы ахуалы мен алтын-валюта қорының жағдайы туралы мәлімделді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысына инфляцияның төмен деңгейін ұстап тұруға және валюта айырбастау орындарындағы алып-сатарлық операциялардың алдын алуға бағытталған ақша-несие саясатын жүзеге асыру жөніндегі жұмыстардың нәтижелері мен алдағы уақытта атқарылатын шаралар туралы баяндалды.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті Ұлттық банк төрағасына валюта нарығының, банк секторының және қаржы нарығының басқа да сегменттеріндегі ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етуді тапсырды.

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевпен кездесу барысында Мемлекет басшысына еліміздің Қарулы Күштерінің қазіргі жағдайы мен министрлік қызметінің стратегиялық бағыттары туралы мәлімделді.

Н. Ермекбаев Қазақстан Президентіне армияның қорғаныс қабілетін арттыру және әскерді қару-жарақпен қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар нақты тапсырма берді.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевты қабылдады. Мемлекет басшысына ведомствоның қазіргі қызметі, сондай-ақ елімізде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берілді.

Сонымен бірге, Ерлан Тұрғымбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа ішкі істер органдарын реформалау және министрліктің жеке құрамын кезектен тыс аттестациядан өткізуге әзірлік барысы жөнінде баяндады.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырма берді.

Abai.kz

1 пікір