Сенбі, 20 Сәуір 2024
«Соқыр» Фемида 7905 7 пікір 4 Наурыз, 2019 сағат 13:16

Түрмедегі бір қылмыскерге жылына миллионға жуық теңге жұмсайтын елміз

Сотталып, бас бостандығынан айырылған  адам еңбекпен түзеу мекемесіне түскен соң, түзелу үшін жазасын қалай өтейді? Ал түзеу мекемелері деген жалпы атау екені анық. Өйткені оған түрме де, түрлі деңгейдегі колониялар да кіреді.  Алдын ала тергеу оқшаулағыштардың да бұлардан артық, кемі жоқ. Қазіргі күні елімізде осындай 86 мекеме бар екен, оның 17-сі тергеу оқшаулағыштары болып табылады. Жалпы мақсат – қылмыс жасап мұндай мекемелерге түскен адам, екінші қайтара оның табалдырығын аттамауы тиіс. Алайда түзеліп жатқандар қатары аз. Түрме есігін қайта ашатындар көп. Неліктен?

Оның себебі көп. Соның бірі ретінде, қылмыстық құқық сарапшылар  түрмелердің түзеу рөлі болмағандығын алға тартады. Неге десеңіз, сотталғандардың 70% жуығы абақтыға қайта оралып, нағыз рецидивист, яғни кәнігі қылмыскерге айналады екен. Сондықтан түрме есігін бір ашқан адам, оны бірнеше рет ашады деген сөз де бар. Әрине, мұның бәрі түрме түйткілі деп жауып қоя салуға болмас. Түрме жақсы болып, жандарына жаққандықтан оған орала бермейтіні тағы да белгілі. Айналасы сұрғылт дуалдармен қоршалып, тірі жан өте алмас тікен сымдармен оралған, алыстан көзге үрейлі шалынатын бақылау мұнаралары мен  қоңыр түсті ғимараттар, торлы тар терезе көздері кез келген жанның тұла бойын мұздатаны белгілі. Ал оның ішіндегі тіршілік жағдайы айтпаса да түсінікті. Сөйте тұра қамшыдан да қысқа ғұмырда, осы қапасты неге қайта-қайта баспана етер жандардың жағдайын жете кім білген дейсіз. Сан өзгергенмен, нақты сапа қашан өзгермек?

Олай дейтініміз, яғни 2019 жылғы 1 ақпандағы есеп бойынша, қазір ҚАЖ мекемелерінде 30 мыңдай сотталған жазасын өтеуде. Ал бір сотталғанды асырау үшін жылына миллионға жуық теңге жұмсалады екен. Оның үстіне олардың жазасын өтеу жағдайы өркениетті елдердегідей жақсара түсуі үшін, қылмыстық жазаны атқаруды әлемдік танылған стандарттарға жеткізу көзделіп отыр. Мәселен, өткен жылы қылмыстық-атқару жүйесін 2019-2023 жылдарға арналған дамыту жөніндегі дайындалған Жол картасына назар аударсақ, оған 16,5 миллиард теңге жоспарланыпты. Иә, қыруар қаржы екені белгілі. Бірақ оның қайрымы болатындығына кім кепіл бере алады? Жол картасы бойынша кәнігі сотталғандардың санын азайту шешімін таба ма? Әрине, көбіне қайта сотты болатындар немесе алғаш рет қылмыс жасайтындар қоғамдағы ауыр тұрмыс қиындығына шыдай алмай, аяғын шалыс басып, біреудің ала жібін аттағандар дейді. Алайда біздің елде мұндайдың алдын алу үшін тиісті шаралардың бәрі жүргізіліп жатқанды туралы үнемі есеп беріледі ғой. Тіпті сотталғандарды әлеуметтендіру, қоғамнан алшақтатпау жұмыстары олардың бас бостандығынан айыру орындарына түскен күнінен бастап жүргізіледі емес пе. Олардың әрқайсысы жеке-жеке зерделеніп, сол жұмыстың барысында  әрбір адамның ерекшелігі, неге бейім екені, психологиялық және әлеуметтік ахуалы, еңбекке қабілеттілігі ескеріліп, сол бойынша қажетті шаралар қабылданатыны үнемі айтылады. Тіпті қылмыс жасап, түзеу мекемесіне түскеннен кейін оның көпшілігі жалпы орта білім беретін оқу орындарынан білім алып, жұмысшы мамандықтарын игереді екен. Содан бостандыққа шыққаннан кейін оларға әрі қарай отбасын асырау үшін немесе қоғамға араласу оп-оңай болып, кәсібіне сәйкес жұмыс табуға үлкен мүмкіндік туатын көрінеді. Ал шындығында солай ма? Олай емес. Ол үшін адасқанның қайтып үйірін табуына жол қаланбайды. Мұның сыры тереңде жатқандығын кезінде осы түрмелерде нағыз басшылық жұмыстар атқарған, бұл күнде заңгерлік қызметпен айналысатын, сарапшы Жасұлан Исаның пікірінен айқын аңғара аламыз.

Ол ең алдымен, сотталғандарды ажыратып алуымыз керек дейді. «Олар екі санатқа бөлінеді. Біріншілері, бірінші рет сотталған, немесе қылмысты байқаусызда (білмегендіктерінен болсын) жасағандар болса, екіншілері бірнеше рет (рецидивті) сотталып отырғандар.  Бірінші санаттағылар, жазаларын өтеп (мерзімінен бұрын болсын) шыққаннан соң, қалайда жұмысқа орналасуды аңсайды. Егер олардың осы талабы орындалса, әрі қарайғы өмірлері дұрысталып кетеді. Ал жұмысқа кіре алмай («сотталған» дегендерді көп «жұмыс орындары» маңайларына да жолатпайтындары белгілі) қиналып қалатындардың талабы тасқа соғылады. Сосын әрі-бері жүріп, жұмыс таппай, қайта қылмысқа ұрынатыны белгілі. Бұл рецидивистер санын көбейте түседі. Ал сосын осы екінші санаттағы, яғни рецидивистерді қоғам ішінен өз орындарын тауып кетеді деу екіталай. Олардың көбісі, темір тордың «тәртібіне» еттері үйреніп алғаны соншалық, өз өмірлерін басқаша елестете алмаулары да мүмкін. Үлкен өмірге демалысқа келгендей, бір-екі ай ғана бостандықта жүріп, сосын жаңа қылмыс жасап, үйренген жерлеріне қайта бара салады. Дегенмен, олардың іштерінен де түзеліп кететіндері табылып қалатындарын жоққа шығаруға болмас. Өйткені сотталғандардың мерзімінен бұрын босаулары мен жазаларын өтеу жағдайына сай мінез-құлқын жақсартуды қағадалап отыру және орташа қауіпсіз мекемеден, қауіпсіздігі барынша төмен мекемеге ауыстыру – тікелей қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлеріне байланысты маңызды іс. Сотталғанның айыбын түсініп, түзелуге бет алуы – оларды көтермелеу шараларын дұрыс және уақытылы қолдануға байланысты атқарылатын ең тиімді де үздіксіз жұмыстар. Бұл жерде, өздерін «белсенді» қылып көрсеткендер ғана, алғыс, марапат, тағы басқа да көтермелеу шараларына ие болып жатады. Ал өздерін көрсете алмағандар, кез келген көтермелеу шараларынан тыс қалады.  Міне, сондықтан отряд бастығы болсын, басқа қызметкер болсын сол біртоға мінезді, бір ізбен ғана жүретін сотталушының ішкі көзқарасы түзу екенін байқай алып, және соған сай көтермелеу жолдарын қолданғандары керек-ақ».

Ия, Ж. Исаның пікірінің жөні бар. Түрме қызметкерлеріне жазасын өтеушілердің жағдайын үнемі ізгілікті бақылауда ұстағандары тиімді. Әйтпесе олар сотталғандардың қайта қылмысқа баруына баспанасының болмауы, жұмыстың жоқтығы, криминалды істен қол үзбеуі, әлеуметтік-отбасылық байланыстың әлсіреуі сияқты бірнеше факторларды әсер етеді деп алға тартады. Демек, олардың сөзіне сенсек, жазасын өтеп үлкен өмірге шыққан соң, екінші, үшінші рет қылмыс жасауы, сөйтіп үйреншікті жерлеріне қайта оралуына түрткі – тұрмыстық себептер ғана болып отыр: ішкілікке, есірткіге салыну, қаржының және тұрақты жұмыстың болмауы, оған қоса бас бостандығынан айыру орындарында ұзақ мерзім отыруына байланысты теріс психологиялық әсерлер. Ал байқасаңыз, түрмеден босап шыққан, яғни енді бұрынғы сотталғандар деп аталатындардың криминалды істен қол үзбеуі деген сөз, олардың толық түзелмегенін айғақтай түспей ме? Ендеше осы жағдайларды болдырмас үшін 2016 жылдың соңында Мемлекет басшысының Жарлығымен қол қойылған «Пробация туралы» заңы әзірленген еді. Сонымен қатар, Президенттің 2016 жылғы 8 желтоқсандағы Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017 - 2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Өйткені пенитенциарлық жүйеде біз айтып отырған тәрбие процесіне көп мән берілуге тиіс. Сол тәрбие жан-жақты жетік болса, Абай атамыз: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» айтпас еді-ау.

Біз айтып отырған мәселенің заңды талаптарға сай екенін Конституциялық Кеңес мүшесі Үнзила Шапақ та қуаттайды. Ол: «Көтеріліп отырған мәселе, сотталғандардың түрмеден босағаннан кейінгі өмірі. Халықаралық құқықтық құжаттардың ережелері мен шетел практикасының оң тәжірибесі әлеуметке қосу процесінің тиімділігін сотталғандарды босатуға дайындау бойынша жүргізілген жұмыстың барысынан және босатылғаннан кейін оңалту кезеңінде көрсетілген әлеуметтік-психологиялық көмекке және әлеуметтік қолдауға байланысты болатындығын көрсетіп отыр. Жазаны өтеу уақытпен өлшенеді. Сотталғандар жазасын өтеу кезінде түзеу мекемесінде болады. Ал бостандыққа шыққанда әртүрлі өмірлік жағдайларда орынды шешім қабылдау дағдысы өзгереді, әлеуметтік-тұрмыстық байланыста қолданатын мінез-құлқын көрсету нысаны да өзгереді. Сондықтан қайта құқық бұзушылыққа баратын адамдардың жеке тұлғасына психологиялық сипаттама берген кезде, олардың мінез-құлқының босаң, толық қалыптаспағанына, басқа адамдардың жүріс-тұрысынан өзгеше сипаттарына тоқталу қажет. Өйткені сотталушылардың мұндай мінез-құлықты түзеу мекемесінде болған басқа да сотталғандардың әртүрлі оғаш қылықтарынан үлгі етіп, бойына сіңіріп алуы ықтимал. Бұл жағдай да сотталушылардың қайта құқық бұзушы әрекеттерге баруының алғышарты. Ендеше түзеу мекемесінің сыртында қоғамдық өмірде болып жатқан әлеуметтік, экономикалық, саяси және идеологиялық құбылыстарға дұрыс баға беру, соған лайық сотталғанның жүріс-тұрысын сәйкестендіру мәселесі бейімделу кезеңінде тыс қалмауы қажет. Міне осы мәселелерді дұрыс шешпесе бір сотталғанның бірнеше мәрте қайтадан түзеу мекемесіне түсуіне себеп болады».

Орынды пікір. Өйткені, қандыбалақ ұры-қары атанған кәнігі сотталғандар түгел, темір торға алғаш түскен жасөспірімдер де,  үлкен өмірге оралғанда қайтадан ала жіпті аттап, қайыра қамалады екен. Өткен жылдары жиырма шақты жасөспірім қайтадан аяқтарын шалыс басса, оннан аса жасөспірім үшінші рет, тіпті қайсыбірі төрт рет заңды бұзған. Мұның тағы да негізгі себебі, түрмеден оралған жастардың көбі үлкен өмірден қол үзіп қалғандықтан туысқандарымен қарым-қатынасты жоғалтып, түрлі тұрмыс ауыртпалықтарымен бетпе-бет жалғыз қалады дейді. Сөйтіп мұндай қиыншылықтарға қайсыбірі шыдай алмайды. Пенитенциарлық мекемелер психологтары сотталғандар жазасын өтеп шықсымен оларға көмек қолын созғанымен, алғашқы бір жыл өмірге қайта дағдылануға аса қиын соғатындығын жасырмайды. Дегенмен, сотталғандарды үлкен өмірге қайтадан толық бейімдеу барысы жолға жете қойылмаса да, оларды ұстау қаншалықты қымбат болса да, жазасын қалыпты өтеуі үшін  жағдай жасалынбай жатқан жоқ. Мәселен, 2015 жылдан бері тиісінше бiр сотталған ер адамға шаққандағы тұрғын алаң нормасы 2,5-нан 3,5 шаршы метрге дейін, ал әйелдер үшін 4-ке дейін, емханалар мен балалар колониясындағы тұрғын алаңы 5-тен 6,5 шаршы метрге дейін кеңейтілген. Біле білсеңіз, бұл нормалардың өзі Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері қарастырылмай, енді тек, бүгінгі уақытта ғана мүмкін болып отырғанын атап айту қажет.  Бұл қалай мүмкін болды десек, 2014 жылдан бері ҚАЖ 8 мекемесі жабылған екен. Сол сияқты тағы да 4 мекемені жабу жоспарланған. Ал бұлардың орнына жаңа үлгідегі мекемеге көшудің балама жолдары қарастырылуда дейді. Бұл ҚАЖ мекемелерін жекеге беру деген сөз емес. Рас, осыған дейін колонияларды мемлекеттік-жеке әріптестік аясында салу жоспарда болған көрінеді. Бірақ ол шешімін таппаған. Сондықтан мемлекеттік-жеке әріптестік жобасы халық арасында жете ұғынылмай, «түрмелерді жекеге береді екен» деген ақпаратпен алмасқан. Ал егер бұл мәселе өркениетті елдердегідей оңды шешімін тапқанда, қылмыскерлер де азайып, сотталғандарды ұстау да жеңіл тиер ме еді.

Ия, қалай десек те, Конституцияда адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең қымбат қазынасы деп тану мемлекеттің адамға қамқорлық жасаудан маңыздырақ міндеті жоқ екенін және адамның лайықты өмір сүруі үшін қолдан келген жағдайлардың бәрін жасауға тиісті екенін білдіреді. Демек, ендігі жерде қалайда пенитенциарлық жүйенің проблемаларына, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан адамдармен және жазасын өтеп шыққан азаматтармен жұмыс істеу мәселесіне жіті назар аудару қажет. Өйткені мемлекеттің бір міндеті түрмедегі адамдар санын азайту болса, қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаларды орындау институтын дамытып, жазасын өтеп шыққан адамдарды әлеуметке түпкілікті кіріктіру, сөйтіп қоғамға бейімдеу бойынша жүргізілетін шараларды міндетті түрде іске асыра алу түрме түйткілдерінен арылудың жалғыз жолы болмақ.

Александр Тасболат

Abai.kz

 

7 пікір