Сенбі, 20 Сәуір 2024
Анық 8419 0 пікір 14 Ақпан, 2019 сағат 11:52

«Ауыл - ел бесігі» жобасы ауылдардың ажарын ашуда

Ауыл – Қазақ Елінің жүрегі. Темірқазығы. Ауыл – қазақтың қасиетті құт мекені, қайнар көз, алтын бесігі. Киелі қазақ даласы ғасырлар бойы халықтың өзегін талдырмады. Өсіп-өнуіне мүмкіндік берді. Бүгінде өркениетті ел болып, даму жолын қаладан тапқанымызбен, ауылдың алар орны ерекше.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғырту қажеттілігін айтты. Осы мақсатта Елбасы «Ауыл - ел бесігі» жобасының басталғанын жариялаған еді. «Ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға да кірісуіміз қажет. Осыған байланысты арнайы «Ауыл - ел бесігі» атты жобаны жүзеге асыру қажет. Бұл арқылы қазақстандықтардың жергілікті жердегі еңбегіне қатысты идеологияны қолға алуымыз керек. Бұл әкімшіліктердің міндеті», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан – әлемдегі жер көлемі ең бай мемлекеттердің бірі. Еліміздің әрбір тұрғынының үлесіне тиетін ауыл шаруашылық жер көлемі 12,3 гектардан асады. Ал бұл – сөз жоқ, отанымыздың азық-түлік қауіпсіздігін толық қамтамасыз етуге жол ашатын ең басты мүмкіндік. Қазір Қазақстанда ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жеке меншік иелері мен жер иеленушілердің қарамағындағы 149,1 млн. га жер бар. Оның 25,7 млн. га-сы егістік, 3,6 млн. га-сы шабындық, 103,5 млн. га-сы жайылым (1998). Мемлекеттік ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын жекешелендіру және ұжымшарлар жүйесін қайта жаңғырту оң нәтиже берді. Жерге байланысты құқықтық қарым-қатынас жүйесі өзгерді, баға, несие, қаржы саясаты реформаланды, басқару механизмі жеңілдетілді. 1997 жылы Қазақстанда жалпы саны 72335 ауыл шаруашылығы құрылымдары жұмыс істеді. Оның 1847-сі шаруашылық серіктестіктері, 601-і акционерлік қоғамдар, 3714-і өндірістік кооперативтер, 65 мыңнан астамы шаруа қожалықтары, 192-сі мемлекеттік кәсіпорындар. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын жекешелендіру меншік нысанын ғана өзгеріске ұшыратып қойған жоқ, сонымен бірге оларды жедел дамытуға, өндірісті қайта құруға, тауарлы өнім өндіруді арттыруға мүмкіндіктер тудырады.

Алдын ала деректер бойынша 2019 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,3 млн гектарға егу жоспарланып отыр, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 290,7 мың гектарға көп. Бұл ретте, сұранысқа ие мынадай дақылдар алаңы: 1) арпа мен астыққа арналған жүгері – 57,2 мың гектарға; 2) қант қызылшасы – 2,6 мың гектарға; 3) азықтық дақылдар – 654,1 мың гектарға; 4) картоп – 14,2 мың гектарға; 5) көкөніс-бақша дақылдары – 8,0 мың гектарға ұлғайтылады. Мемлекеттік бағдарлама аясында 2021 жылға дейін 610 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу көзделіп отыр. Өткен жылы 65 мың гектар жер пайдалануға енгізілсе, биыл 124 мың гектар жерді айналымға тарту басты жоспарда.

Ауылдардың жағдайын жақсартып, ауыл халқының тұрмыс өресін көтеру үшін қолға алынған «Ауыл - ел бесігі» жобасы қарқынды жұмыс істеуде. Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған жоба аясында ауылдарды дамытуға бағытталған нақты істер қолға алынуда. Болашағы зор ауылдарды дамыту үшін «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы қаржыландырылады. Үш жыл ішінде 90 млрд теңге бөлінеді. 1,5 мыңға жуық перспективалық ауылдар қамтылатын болады. Перспектива көлемі, орналасуы, даму әлеуеті және т.б. негізінде анықталады. Бұдан басқа, моноқалалар мен шағын қалаларды дамытуға жылына 10 млрд теңге бөлінеді. Бұл өңірлерде 100-ге жуық инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салу немесе қайта құруды қамтамасыз етеді.

Мемлекет басшысының бастамасы еліміздің әр өңірінде кең қолдау тауып, «Ауыл қамқоршысы» секілді акциялар жарияланды. 2018 жылдың қорытындысы бойынша аталмыш акция аясында ауылдық елді мекендерде 2 млрд теңге қаржыға 344 жоба жүзеге асырылған. Жоба аясында жолдар мен көпірлер жөнделді, білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасы күшейтілді, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көмек көрсетілді. Дәрігерлік амбулатория, балабақша мен мәдениет үйлері сынды әлеуметтік нысандар құрылысының ірі жобалары да жүзеге асырылып жатыр. Ауыл аумағын абаттандыру ісі де жақсы қолға алынған. Әр ауылда шыршалар отырғызылып, гүлзарлар егіледі, жүргіншілер үшін жолдар салынады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғырту мақсатында «Ауыл — ел бесігі» ауқымды жобасының іске қосқанын жоғарыда айттық. Осы бағдарлама аясында ел дамуының алтын бесігі болған ауылдар қарқынды дамып келеді. Бұл жоба алдағы уақытта бұдан да үлкен жетістіктерге бастайтыны сөзсіз.

Abai.kz

0 пікір