Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Билік 4764 3 пікір 28 Ақпан, 2019 сағат 10:41

"Нұр Отан" партиясы бастамасын сенаторлар да қолдайды

«Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII Съезінде Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтің айтқан ойлары мен көтерген бастамаларына ҚР Парламент Сенатының депутаттары да қолдау білдіріп жатыр. Біз бүгін бірнеше сенатордың пікірін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Abai.kz ақпараттық порталы 

Владимир Волков, Парламент Сенатының депутаты

АЛДЫМЫЗДА АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАР БАР

1995 жылы Конституцияны қабылдай отырып, Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет деп жариялады, адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары еліміздің ең басты құндылықтары болып табылады.

«Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халық пен мемлекеттік биліктің тұтастығы мен кепілі ретінде Конституцияның, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының негізін құрайтын қағидалардың мызғымастығын кезекті мәрте дәлелдеді.

Халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту және Қазақстанның әлеуметтік-бағдардағы мемлекет ретінде дамуы басты міндет болып табылады және Елбасы оны ұдайы айрықша назарда ұстап келеді. Бұл мақсатқа тек Ұлттық қордан 2019-2021 жылдары 1 триллион 350 миллиард теңге бөлінеді.

Мемлекет басшысы республиканың дамуындағы жаңа кезеңді бастай отырып, халықтың қамтылуы төмен топтарын қолдау және табысы аз азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешу жөнінде бірқатар ұсыныстарды атап өтті. Мәселен, атаулы әлеуметтік көмек алу құқығына ие балалы отбасыларды мақсатты түрде қолдау үшін көпбалалы отбасылардағы әрбір балаға 21 мың теңгеге жуық ақы төленеді. Сонымен қатар, осындай отбасылардың жалпы табысын есептеу кезінде жекелеген жәрдемақылар, оның ішінде, көп балалы отбасылар мен көп балалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақы, балаларға арналған мүгедектік жәрдемақы, стипендиялар есептеуден алынып тасталады. Сонымен қатар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелейтін ата-аналарға, отбасылар мен қамқоршыларға көтеріңікі жәрдемақы берілетін болады.

Қазақстандық отбасылардың әл-ауқатын одан әрі арттыру мақсатында Мемлекет басшысы бюджет саласында еңбек ететін қызметкерлердің еңбекақысын 30 пайызға дейін көтеруді тапсырды, бұл 1 миллионнан астам азаматтық саланың қызметкерлерін қамтиды. Сонымен қатар, облыстық және аудандық деңгейдегі атқарушы органдардағы төменгі деңгейдегі қызметкерлерінің орташа еңбекақысы 25 пайызға көбейеді.

Дәрігерлік көмек көрсету сапасын жақсартуға назар аударылады. Әлемдегі дамыған елдердің тәжірибесін ескере отырып, денсаулық сақтау және алғашқы медициналық-санитарлық көмекке жұмсалатын шығындар ұлғайтылады.

Еліміздің барлық аумағында өмір сүру сапасын жақсарту үшін аймақтық саясатты іске асыру көзделіп отыр, ол облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жағдайын жақсартуға және аймақтық көлік инфрақұрылымын нысандарын жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Тұрғындарды сумен, газбен қамтамасыз ету және электрмен жабдықтау секілді өткір проблемалары біртіндеп шешілетін болады.

Осы жобалардың бәрінде де ауыл тұрғындары назардан тыс қалмайды.

Мемлекет басшысы алдағы 10 жылда елдің әлеуметтік дамуының негізгі бағыттарын белгіледі. Айтылған шаралардың бәрі партияны дамытудың жаңа бағдарламасында көрініс табатын болады.

Депутаттар Елбасының халықтың экономикалық өсуін және өмір сүру сапасын жақсартуды көздейтін бастамаларын заң жүзінде бекемдеу үшін ауқымды жұмыстарды атқаратын болады.

Еділ МАМЫТБЕКОВ, Сенат депутаты

ӘЛЕУМЕТТІК САЛА – БАСТЫ НАЗАРДА  

«Нұр Отан» партиясының мерейтойлық XVIII съезінде партияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасы бекітілді. Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Назарбаев партияның алдында тұрған 10 міндетті белгіледі. Алдағы он жылға дамудың басты бағыты әлеуметтік жаңғыруға бағытталады.

Елбасы жария еткен басты идея партияның бағдарламасы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған. Бұл халықтың әл-ауқатын жақсарту, тұрғындардың табысы мен тұрмыс деңгейін арттыру болып табылады. Атқарушы органдардың назарынан тыс қалған әлеуметтік саладағы негізгі мәселелер атап өтілді.

Мемлекет басшысы экономиканы жеткілікті түрде қаржыландырмаған ақша-несие саясатындағы жеке мәселелерге тоқталды. Халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін, ең алдымен экономиканың деңгейі артуы тиіс. Көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, жастарға, денсаулық сақтау мен білім беру салаларына қатысты мәселелер айтылды. Осыған байланысты Президент әлеуметтік саланы жаңғырту үшін бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Одан басқа, Елбасы кедейлік шегін қайта қарау қажеттілігіне тоқталды. Атап айтқанда, 340 мың тұрғын үшін арнайы әлеуметтік көмек беру пысықталды, соның ішінде көпбалалы отбасыларға да берілетін болады. Бұл ретте, Үкіметке тұрғындарға берілетін әлеуметтік көмектің шарттарын қайта қарау тапсырылды. Экономиканың өсуіне серпін беретін шағын және орта бизнесті несиемен қамтамасыз ету қажеттілігі атап өтілді. 2030 жылға дейін шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімге қосқан үлесі 40 пайызға дейін артуы қажет және бұл өте маңызды міндет.

Елбасының партия съезінде қойған басты міндеті әлеуметтік мәселелерді шешу болып отыр. Бұған баса назар аударылып, тиісті тапсырмалар берілді. Қазақстан саясатының басты мақсаты әлеуметтік бағдар екені айтылды. Осы орайда, әлеуметтік бағдарламаларды шешуге республикалық бюджеттің 45 пайызынан астам қаржысы бөлінетін болады.

Әли Бектаев, Парламент Сенатының депутаты

АУЫЛДАҒЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ МАҢЫЗДЫ

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев съезде әлеуметтік саланы дамытуға, көп балалы аналарды қолдауға, ауылдың инфрақұрылымын жақсартуға арналған ауқымды бағдарламалық доктринамен таныстырды. Жалпы бағдарламаға байланысты айтар болсақ, ауылды дамыту деген үлкен мәселе екені анық. Сондықтан Ауыл партиясының төрағасы ретінде «Нұр Отан» партиясының съезіндегі қабылданған бастамалардың бәрі біздің де ойымыздан шыққанын айтқым келеді. Себебі, оның бәрі халықтың тұрмыс-тіршілігіне тікелей қатысты, елдің әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған мәселелер.

Біз үшін ең бастысы  – ауылдарды сақтап қалу. Қазіргі уақытта 7 мыңнан астам ауылды бөліп алып, соларға инфрақұрылымдық жағдай жасай отырып, ауылдағы азаматтарды тұрақтандыру өте маңызды екені даусыз. Халықтың барлығы қалаға көше бермей, ауылда тұрақтанса – нұр үстіне нұр.

Елбасы жастарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселесін баса айтты. Әрине, бүгінгі таңда ол үшін жаңа кәсіпорындар ашылуы керек. Ауылды біз экономиканың негізгі драйверіне айналады деп отырмыз. Себебі ауыл шаруашылығы өнімдерінің 29 пайызы ғана бүгінгі таңда қайта өңделеді. Сол ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарын құруға қыруар уақыт, қомақты қаражат қажет, ауқымды жұмыс жасалуы қажет. Егер сол кәсіпорындар жұмысқа кірісетін болса, көптеген жұмыс орындары ашылады.

Одан бөлек, ауыл мектептерінің, денсаулық сақтау мекемелерінің жағдайын жақсарту да зор маңызға ие болып отыр. Осы мәселелерге баса назар аударылып, жұмыс нақты жасалатын болса, ауылдан ел көшпейді.

Abai.kz

 

 

3 пікір