Жексенбі, 15 Қыркүйек 2019
Саңлақ 1487 1 пікір 28 Ақпан, 2019 сағат 13:40

Атақты шаңғышы Австрияда допинг тексерісі кезінде ұсталды

Кеше, 27 ақпан күні Австрияның Зеефельд қаласында әлем чемпионатына қатысып жатқан қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин допингке қарсы ережелерді бұзды деген күдікке ілікті.

Австрия полициясы жүргізген допингке қарсы рейд кезінде тоғыз адам ұсталған.

Ведомствоның ресми мәлімдемесінде, ұсталғандардың бесеуі спортшы екені, оның ішінде Австрия мен Эстониядан екіден, Қазақстаннан бір спортшы бар екені айтылған. Кейін ұсталған қазақстандықтың Алексей Полторанин екені анықталды.

Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшысы Полторанин кеше классикалық стильде 15 шақырымдық жарысқа қатысуы керек болатын. Алайда ол жарыс жолына шықпады. Осыған қарап мамандар Алексейдің допинг дауына ұшырағанын болжаған. Кейін бұл болжамның шын екені анықталды.

Бүгін Қазақстан шаңғы спорты түрлері федерациясы Алексей Полторанинге қатысты ақпарат берді.

- Егер оның допинг қолданғаны шын мәнінде расталса, федерация бұл туралы ресми мәлімет жариялайды. Біз допинг қолдануға «нөлдік төзімділік» саясатын ұстанамыз. Әділетсіз әдістермен жеңіске жетуге және тыйым салынған негіздемелерге түбегейлі қарсымыз. Бірақ Полтораниннің допингке қарсы ережелерді бұзғаны толығымен дәлелденбейінше және федерация WADA, ХОК, FIS секілді ұйымдардың Алексейге ресми түрде айып таққанына көз жеткізбейінше, біз спортшымызды қорғайтын боламыз, - деді шаңғы спорты түрлері Ұлттық федерациясының баспасөз-хатшысы Самал Наурызова.

Abai.kz

1 пікір