Жексенбі, 18 Тамыз 2019
Қоғам 2201 6 пікір 28 Ақпан, 2019 сағат 12:46

Дыбыс жүйелі емле үйренуге жеңіл

Емле туралы пән пәтуасын сөйлеген Щерба профессордың сөзі қысқалап айтқанда мынау болды:

Төрт жүйелі емле бар: 1) дыбыс жүйелі, 2) туыс жүйелі, 3) тариқ жүйелі, 4) таңба жүйелі.

Дыбыс жүйелі емле – сөзді айтылуынша жазу (қазақ пен қырғыз емлесі дыбыс жүйелі болады). Туыс жүйелі емле – сөздің тек айтылуына қарамай, тегіне де қарай жазу (орыстікі туыс жүйелі емле). Тариқ жүйелі емле – қашаннан жазып келе жатқан қалыпша жазу (арабтікі, араб емлесін өзгертпей қолданушылардікі, ағылшын, француз, немістердікі тариқ жүйелі емле болады). Таңба жүйелі емле – сөз орнына таңба салу (қытай жазуы, бұрынғы екі сулықта болған аққатардың, шумерлердің сүйір жазулары).

Бұл емлелердің ең жақсысы – дыбыс жүйелісі; үйткені үйренуге жеңіл. (Қазақ тіл білімінің антологиясы: Ахмет Байтұрсынұлы. Қазақ тіл білімінің мәселелері. – Алматы, 2013 ж. 570 б.)

Бұл Ақаңның түркілердің Бакудегі әйгілі жиынынан кейінгі ондағы жайды қысқаша өз жұртына түсіндірген сөзі. Иә, Ақаңнан асып қайда бармақпыз. Емле жөніндегі дұрыс жол Ақаңдікі ғой. Соны Темірқазық етіп ұстасақ адаспаймыз. Біздің жазуымыз дыбыс жүйелі жазу болғандықтан балаларға қара танытуымыз бүгінде өзге жұрттыкінен бөлек болуы керек. Ағылшын, қытай, тіпті орыстың өзінде де шарттылық көп, дыбыс жүйесінде. Ал біздің тіліміз күні кешеге шейін жазуға байланбай, еркін дамып, дыбыстық жүйесі әбден жетілген. Өз ішінде бірнеше темірдей қатаң дыбыстық заңдары бар. Әліпби, емле жөнінен қазір бізге өзге түркілер де үлгі емес. Латынға ерте өткенімен олардың тілі жазуға байланып, тілінің ішіне өзге жат элементтер еніп, дыбыс жүйесі айтарлықтай бұзылған. Сондықтан тәжірибе көреміз деп босқа ақша шашып, ол елдерге топ-топ болып, шаба берудің түк те қажеті жоқ.

Ақаңа шейін қазақ оқып-жазуға үйренуді құран жаттаудан бастайтын. Бұл сауат ашудың төте жолы емес еді. Ал ұлы реформатор араб әліпбиінен қазақ сөздерінде кездеспейтін бірнеше дыбыстың таңбасын мүлдем алып тастап, қазақ тілінде бар дыбыстарға жаңа таңба арнап, таза қазақ әліпбиін жасап шықты. Сөйтіп әптиек бітіріп, төрт жылда зорға хат танитын қазақ баласы төрт-ақ аптада кез келген қазақ мәтінін жүгіртіп оқып кете беретін болды. Яғни біздің әліпбиіміз бен емлеміз тіліміздің заңдарына негізделіп жасалса, таза ұлттық сипатта болса, онда бізге оны үйренуге, қоғамға енгізуге қазір де көп уақыт кетпейді.

Ақаңның әліпбиіне қарсы шығып: «Мұныңыз не? Бізде бәрімізге ортақ ғасырлар бойы қалыптасқан жазу бар еді, бүлдірдіңіз ғой»,  – деген оқығандар болды. Олар өз ішімізден де, өзге жұрттан, әсіресе татар ғалымдары арасынан көп шықты. Ақаң ешкімді тыңдамады, ұлттық мүддеден айнымады.

Түркілердің Бакудегі жиынында мүйізі қарағайдай орыс профессорлары, әсіресе Щерба мен Яковлев түркі әліпбиінің ішіндегі ең озығы қазақтікі деп таныды. Кейін Н.Ф.Яковлев Ақаңның әліпбиіне қатты қызығып, әрі қарай зерттей түсіп, қатты тәнті болып, «Математическая формула построения алфавита (Байтурсыновский алфавит)» деген мақала жазды. Бұл басқа түркілерге үлгі болып, жиырмасыншы жылдың соңында олар да өздерінің ұлттық әліпбилерін жетілдіруге кірісіп кетті.

Баянның әкесі Қарабайдың сөзі бар: «Әй, не деп дөңгелетіп келесің?» деген. Мұның бәрі бесенеден белгілі ғой, айтпағың не? – деген сұрақ туындайды ғой. Айтпағым мынау:

Жаңа әліпбиге көшу екі кезеңнен тұрады: ӘЗІРЛЕУ және ЕНГІЗУ. Бұған бізге жиырма бесінші жылға дейін уақыт белгіленген, әлі алты жыл бар. Біз жоспарды мерзімінен бұрын артығымен орындап, жұмыстың бірінші кезеңін (әзірлігімізді) тәмамдап тастадық. Тез-тез бірінен кейін бірін бастырмалатып үш әліпби ұсынып, біреуіне тоқтадық. Ал емлемізді тоқсан тексеруден, сексен сараптамадан өткізіп, үкіметте мақұлдап, міне-міне бекіткелі отырмыз. Жылдамдатып әзірлікті аяқтап, енгізуді бастамақпыз. Бүгін-ертең нөлінші сыныптарға әліппе басып шығаруға ақша бөліп, алақанымызды ысқылап отырмыз. Сонда басқасын былай қойғанда, енді алты жылдан соң жаппай енгізілетін латынмен бүгіннен бастап сауаттанған бүкіл қазақ бастауышындағы қазақ баласы әлі қолданыстағы қаріпті енді танымай шектеліп қалмай ма? Әлде онсыз да бірінші сыныптан бастап орыс, ағылшын тілдерін қатар оқып, миы ашып отырған балаға  кирилді бір, латынды бір – екі әліппе оқытамыз ба?

Жақында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында жаңа емлеге қатысты кеңейтілген сараптамалық кеңес құрылды. Қазір талқылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Емленің мәтінін әлі де илей түсу қажет екендігі белгілі болып, ондағы әр параграф бойынша қызу талқылау мен бір пікірге келіп, әр нәрсенің ғылыми негізін табу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Және ол ұзаққа созылатын түрі бар. Тәжірибе көрсеткендей енгізу оңай, ал әзірлігіміз шикі екендігі анық болып тұр. Сондықтан енгізуді қоя тұрып, алдымыздағы алты жылдың ең құрымаса жартысын әзірлігімізді пысықтауға жұмсайық демекшімін.

Емлемізден бұрын, әліпбиіміздің өзіне біраз түзетулер керек екендігі баршаға белгілі. Бұның бәрі бос салпаң! Ертең кері қайтатынымызды біле тұра, қотыр-қотыр әліпбимен қисық-қисық емле жасап алып, алға ентелеп келеміз, жын қуғандай.

Қапалбек Бижомарт

Abai.kz

6 пікір