Сенбі, 20 Сәуір 2024
3686 5 пікір 28 Ақпан, 2019 сағат 11:32

АҚШ Қырғызстанның экс-президенті Бакиев отбасы ұрлаған ақшаны еліне қайтарды

АҚШ-тың әділет министрлігі Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиев пен оның ұлы Максимнің елден заңсыз шығарған 4,5 млн долларын еліне қайтарғанын мәлімдеді.

Аталған мекеменің айтуынша, ақша Қырғызстанның қаржы министрлігінің есеп-шотына аударылған.

Бакиев отбасының жеке банкирі Евгений Гуревичке қарсы қозғалған қылмыстық іс нәтижесінде, 6 млн доллардың шетелге шығарылғаны анықталған. АҚШ әзірге оның тек 4,5 млн долларын Қырғызстанға қайтарды.

Бұл қаражатты қырғыз үкіметі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, атап айтқанда ауылдарды таза сумен қамтамасыз етуге, заманауи медициналық құрылғылар сатып алуға және коррупцияға қарсы күреске жұмсамақ.

АҚШ мен Қырғызстан үкіметі арасында енді қалған қаржыны қайтару жөнінде келіссөз жүріп жатқаны хабарланды.

Abai.kz

5 пікір