Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Саңлақ 4062 5 пікір 20 Ақпан, 2019 сағат 11:08

Қазақстан құрамасының жаңа бапкері Михал Билек кімдерге сенім артады?

Биыл қаңтар айында Қазақстан футбол федерациясы үлкен өзгерістер жасады. Ұлттық құраманы бір жылға жуық уақыт баптаған болгариялық маман Станимир Стоиловты рақмет айтып шығарып салды да, Чехиядан Михал Билек деген бапкерді алдырды.

Миллиондап ақша құйып, елдегі басқа спорт түрлеріне жасалмаған жағдайды жасаса да қазақ футболы тұсаулы аттай тапырақтап жүр әлі. Бұны біреулер ақшаға құныққан футболшылардан көрсе, енді бірі бапкерлерді кінәлайды. Мәселенің мәніне тереңірек үңілгісі келетін тағы бір топ "футболдағы саясатты дұрыстамай даму жайлы айту бекер" дейді. Қысқасы, Қазақстан футбол федерациясының жұмысы сын көтермейді.

Әйтпесе "Астана" футбол клубымен толағай табыстарға жеткен Станимир Стоилов біліксіз бапкер емес еді. Бас команданың тізгінін бұл маман ұстағанда көп жанкүйер үлкен үміт күткен. Қазақ футболын аяғынан тұрғызар деп сенген. Алайда ұлттық құрамамен жақсы нәтиже көрсете алмады. Осыдан кейін көпшілік арасында "біздің қисық аяқтарға Жозе Моурниьоны бапкер етсең де ештеңе өзгермейді" деген сөз тарады. Шынымен де, мықты мотиватор саналатын Стоиловтың өзі жігерін жани алмаған біздің футболшылардың деңгейін осыдан байқауға болады.

Енді жаңа бапкер жайлы бір ауыз сөз.

Михал Билек 1965 жылы 13 сәуірде дүниеге келген. Футболшы кезінде Чехословакия және Чехия құрамаларының жартылай қорғаушысы болған. Жаттықтырушы қызметін чехиялық «Теплице» клубында бастады. Сонымен қатар, «Картахинес» (Коста-Рика), «Хмел», «Виктория Плзень», «Спарта Прага», «Высочина» (барлығы - Чехия), «Ружомберок» («Словакия»), «Динамо Тбилиси» (Грузия) футбол клубтарын жаттықтырды. Соңғы жұмыс орны - чехиялық «Фастав Злин» командасы.

Михал Билектің жаттықтырушылар штабына енгендер: көмекшілері - словакиялық Михал Хипп және Талғат Байсуфинов, қақпашылардың жаттықтырушысы - Николай Родионов.

Жаңа бапкерді наурыз айында үлкен сынақ күтіп тұр. 21 наурызда 2020 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу турнирі басталады. Біздің құраманың алғашқы қарсыластары Шотландия және Ресей футболшылары. Ал оған дейін Молдова құрамасымен жолдастық матч өткіземіз. Бұл ойын ертең, 21 ақпан Астана уақыты сағат 19:00-ге жоспарланған. Кездесу Түркияның Анталия қаласында өтеді.

Қазақстан футбол федерациясы мен Қазақстан құрамасы жайлы алда тарқатып жазармыз. Оған дейін құраманың су жаңа бапкері Михал Билек Молдоваға қарсы ойынға шақырған футболшылардың тізімімен танысайық.

Қақпашылар: Дмитро Непогодов («Ордабасы»), Марсель Исламқұлов («Қайсар»), Игорь Шацкий («Шахтер»);

Қорғаушылар: Дмитрий Шомко («Астана»), Рауан Орынбасар («Жетысу»), Рафкат Аслан, Руслан Есімов (екеуі де - «Ертіс»), Сағадат Тұрсынбай, Темірлан Ерланов, Мардан Төлебек, Марат Быстров, Сергей Малый (все - «Ордабасы»), Бекзат Шадманов («Тараз»), Дмитрий Мирошниченко («Тобыл»);

Жартылай қорғаушылар: Юрий Перцух («Астана»), Еркін Тапалов («Жетісу»), Максим Федин, Азат Нұрғалиев (екеуі де - «Тобыл»), Геворг Наджарян («Шахтер»), Думан Нәрзілдаев («Қайсар»);

Шабуылшылар: Роман Мұртазаев («Астана»), Алексей Щеткин («Ордабасы»), Бауыржан Тұрысбек («Тобыл»), Оралхан Өміртаев («Шахтер»).

Бапкерлер құрамы: Михал Билек - бас бапкер, Михал Хипп - бас бапкердің көмекшісі, Талғат Байсуфинов - бас бапкердің көмекшісі, Николай Родионов - қақпашылар бапкері.

Байқап отырғандарыңыздай, бұл тізімде еліміздегі екі мықты команданың бірі - "Қайраттың" бірде-бір ойыншысы жоқ. Қаржыны қала әкімдігінен емес, өз демеушілерінен алатын алматылық ұжым әркез осындай өзгеше әрекеттерімен көзге түсіп отырады. FIFA күнтізбесінде белгіленбеген бұндай жолдастық кездесулерге ойыншыларын жібермей қою оларға таңсық емес. Осыдан бұрын, 2016 жылы 7 маусым күні Қытай құрамасымен өткен жолдастық матчқа да ойыншыларын жібермген. Айтпақшы, мезгілсіз ұйымдастырылған сол кездесуде Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы ұлан Қонысбаев ауыр жарақат алған еді. 

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3522