Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Абай.tv 10840 32 пікір 7 Ақпан, 2019 сағат 11:21

Омарәлі Әділбекұлы: "Халықтың көз жасымен бизнес жасауға болмайды"

Қытайдағы қандастарымыз қысымға ұшырап жатқан кезде қол ұшын берсек деп атқа қонғандар аз емес. Алайда ол жақтағы ағайындарға көмектескісі келетіндер көп болғанымен, бастары бірікпейді. Топ-топқа бөлініп алып бір-бірін қаралағанда қытайдан өткен жау осылардың өзіндей көрінеді. Бұның себебі не, бұл қоғамдық ұйымдардың басы неге бірікпейді?

Мені таңғалдыратыны қоғамдық бірлестіктер арасындағы дау-дамайда үнемі «Жебеуді» кінәлағанды жақсы көреді. Мен осыған дейін де айтып жүрмін. «Жебеу» мен «Атажұрттың» арасында ешқандай мүдде қақтығысы жоқ. Біз ешқашан «Атажұрт» жайлы теріс пікір таратқан емеспіз. Сенбесеңіздер біздің бірлестіктің сайтына кіріп көріңіздер. Жақында ғана жарияланған Мұхтар Шахановтың мәлімдемесін көшіріп бастық. Ал оған дейін «Атажұртқа» қарсы бірде-бір мақала жариялаған емеспіз. «Жебеудің» сайтында ғана емес, өз жеке парақшамда да ол жігіттерді кінәлайтын жазба жариялаған емеспін.

Қыдырәлі Омарұлы алғаш «Атажұртты» құрып, қазақ көшінің бағытын солтүстікке бұруды қолға алғанда, оған хабарласып қолдау білдіргенмін. Бірге жұмыс істеуді де ұсындық. Алайда кейін бірлестіктің құрамы өзгеруіне орай, олардың бағыты да өзгере бастады. Бұрынғыдай бейбіт жұмыс істеуді емес, дау-дамайдың ортасына түсіп кетті.

Меніңше «Жебеудің» атына айтылатын сансыз жала мен шабуылдардың бастау көзі әлеуметтік желілердегі дәлелсіз жеке пікірлерден туындайды. Мәселен, WhatsApp желісінде Қытайдан келген ағайындардың түрлі тобы бар. Олар ру-ру бойынша немесе аймақ-аудан атаулары бойынша құрылған. Ал ол топтарда нешетүрлі адам отыр. Осы топтарда белгісіз біреулердің таратқан негізсіз пікірлері көпшіліктің көзін алдап отыр. Сол үшін ағайындар WhatsApp-та тараған өсек-аяңмен шектелмей, өздері ізденіп оқып, істің ақ-қарасын парықтауы керек.

Біздің атымызға нашар пікір айтатын көп санды адамдар әлеуметтік желіде өз аттарымен отырған жоқ. Тіпті көбі өз аты-жөндерін де дұрыс жаза алмайды. Сөйтіп, отырып қоғамдық мәселені талқылап, пікірлер айтады. Олар өздері ғана емес көшілікті де шатастырып отыр. Осылай біздің атымыз орынды-орынсыз айтыла берген соң «Жебеу» де қызыл даудың ортасында жүр деп ойлайды. Анығында біз олардың атына бұрын ешқанай сын айтқан емеспіз. Тіпті «Атажұрттағы» жақсы жұмыс істеген бірқатар қыз-жігіттің еңбегін бағалаймыз.

Қоғамдық бірлестіктердің тартысы рулық жікшілдіктің жемісі емес пе?

Бұл да көп көкейінде жүрген сұрақ. Бірақ «Жебеу» ешқандай рулық ұйым емес. Бұл ұйымда 30-дан аса азамат бар. Әр рудан, әр аймақтан келгендер. Оның үстіне бәрі Қытайда үлкен қалаларда, ірі оқу орындарында білім алған азаматтар. Қазақстан алғаш тәуелсіздік алғанда, Қытайдағы қызметі мен үйін тастап елге келгендер. «Жебеу» осындай ұлтжанды азаматтардың ұйтқы болуымен 2009 жылы құрылған. Мақсаты – елге қызмет ету.

Сіздерді Қытайдың тыңшысы деген пікірлер көп айтылып жатыр

Бұндай жалалы сөздер бізге шабуыл жасаушылардың басты қаруы. Негізі кім тыңшы, кім сатқын екенін көлденең көк атты емес, заң органдары айту керек. Біз заңды жұмыс істеп отырған кәсіпкерлерміз. Мемлекетке миллиондап салық төлейміз. Әрі елдің қауіпсіздік органдарына сенім артамыз. Істің ақ-қарасын анықтайтын солар.

Әлеуметтік желіде белсенді түрде бізді қаралайтын Нұрхан Солтанбай деген азамат бар. Мен оны Алматыға шақырдым. Күмәнің болса кел, бірге прокуратураға барайық. Сен арызыңды бер, мен сұрақтарға жауап берейін деген едім келмеді. Бетпе-бет келмей, заңға жүгінбей, әлеуметтік желі арқылы жел сөзге желік бергендердің сөзі осы.

Олардың бізге тағар басты айыбы – Қытай консулымен жақын жұмыс істейтініміз. Алматыдағы Қытай консулы еліміздегі төрт облыс пен екі қаладағы Қытай азаматтарының мәселесімен айналысады. Виза да осы жерде рәсімделеді. Ал соңғы жылдары Қытайдан келген қазақтардың виза алуы қиындап кетті. Ауырып-сырқайтындар мен өлім-жітім жағдайлары болады. Осындай шұғыл жағдайда консулдың қызметі керек болады. Оған қоса паспортының мерзімі өткен қандастарымыз да консулға жүгінеді. Осындай мәселелерді шешу үшін біз Қытай консулына хат жазып, кездесу өткізіп бірге жұмыс істеп жүрміз. Оларға ақыл-кеңес береміз, талаптарымызды қоямыз.

Атқарған басты жұмыстарыңыз

Біз ең алдымен 2017 жылы зейнетақыны тоқтатпау мәселесімен айналыстық. Қазақстанға көшіп келген неше он мың зейнеткердің ұзақ жылдық еңбек жемісінен айырылып қалмауына үлес қостық. Қытай консулына, Астанадағы Қытай елшілігіне азаматтардың арызын өткіздік. Қытайда қамалған сегіз Қазақстан азаматының мәселесі бойынша тиісті орындарға хат жаздық. Біз атқарған істерімізді жарнамалаған жоқпыз. Егер сауаты бар кісілер болса көріп-біліп отыр. Тағы бір айта кетерлігі, біз жазған арыздармыз бен хаттармызға ешқашан ақша алмаймыз. Ал кейбір бірлестіктер әр арызға 3 мыңнан 7 мың көлемінде ақша алады.

Біздің ұстаным Қытайдағы қазақтар мәселесін халықаралық дауға айналдырмай, екі ел ортасындағы қарым-қатынас арқылы шешу. Қытайдағы қазақтарды тек Қазақстан билігі ғана құтқара алады. Ал сыртқы күштердің бір пайдасы болса, 20 жыл бойы ұрандатып жүрген тибет пен ұйғырлардың мәселесі шешілер еді ғой. Біз істеген жұмыстар «Жебеудің» сайтында анық жазылған.

Біз өткен жылы тамыз айында Қытайға 17 адамнан тұратын делегация бардық. Бізді Қытайдың үш министрлігінің өкілдері қабылдады. Бұл олардың Қазақстанға деген зор құрметі. Сол кезде Қытай ІІМ-нің орынбасары біздің арызымызды тыңдап, Қазақстан мен Қытайдың арасында шешілмейтін мәселе жоқ екенін айтып, Солтүстік Шинжаңдағы істер жөніне келеді деп уәде берген.

Оралмандар арасындағы дау-дамай әдейі ұйымдастырылып отыр ма?

Бұл сөзді көптен бері айтып жүрмін. Еліміз тәуелсіздік алғалы шетелден миллионнан аса қандасымыз көшіп келді. Елдегі қазақтың үлес салмағы артты. Бұған қоса елге келген оралмандардың бірлігі артып, іргелі ел бола бастағаны көрінді. Мәселен, 2013 жылы Асқар Жакулин деген кәсіпкер азамат Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Қызыл Кесік ауылында атасы Жакулаға арнап ас берді. Асты ұйымдастырушылардың бірі болдым. Сол ауылға Алматыдан және өзге қалалалардан тайылы-таяғымызбен бардық. Бір ауылды тойға барғандар басып кетті. «Біз де ел болыппыз ғой, кім екенімізді білдіріппіз. Алуға емес, беруге келгенбіз. Республика көлемінде ат шаптырдық, бәйгеге көлік тіктік» деп өзімізше дүрілдеп қуандық. Осыдан кейін 2014 жылы Шығыс Қазақстандағы Қалба тауда Ер Жәнібек батырдың 300 жылдығы өтті. 2016 жылы Парламент мәжілісінің сайлауы басталды. Осы кездерде «Оралманнан депутат керек» деп белсенділер өздерін, бір-бірін ұсына бастады. Осының бәрі біреулерге ұнамаған болу керек. Шетелден келген қазақтардың арасына жік салушылар пайда болды.

Биыл қаңтарда ҚХР құрылғанының 70 жылдық тойына қатысып қайттыңыз ба?

Бізге шабуылдаушылар ақпаратты әдейі бұрмалап отыр. Қытайдың мемлекеттік мерекесі қаңтарда емес қазан айында өтеді. Ал мен қатысып қайтқан жиналыс наурыз айында өтетін парламет жиналысына дайындық. Мен бұл жиналыста Нұрлан Әбілмәжінмен кездесіп, былтыр Астанада берген уәдесінің орындалуын қузадым. Бірінші көтерген мәселем, екі елде бөлініп қалған қандастардың виза ала алмауы болды. Электронды виза мен туристік виза оралман бауырларға қол жетімсіз болып отыр. Осыны назарда ұстауды ұсындым. Содан кейін Қытайда қызмет атқарған тоғыз кісінің зейнетақысы тоқтатылған. Ол кісілердің өздері жазған арыздан апарып тапсырдым. Атап айтанда, Гүлжанар Қинаят, Тоқан Мәкей сынды кезінде Шинжаң телеарнасында істеген азаматтар мен Асылхан Беген деген ақсақалдың өздері қол қойған хаттарын жеткіздім.

Әлеуметтік желіде дауласқанша мәселені сотта шешкен оң болар ма еді?

Біріншіден, мен үшін әр қазақ - қадірлі. Екіншіден, жасым ұлғайған адаммын, талай өткелектен өттік. Сол үшін өмірлік тәжірибесі аз жастардың білместікпен бізге жасаған шабуылдарына кешірімділікпен қарап келдік. Олардың ұстанған жолы дұрыс болмаса да, мұрат-мақсаттары қазаққа пайдасын тигізу болатын. Осы жастар үшін бұған дейін сотқа арыз жазу жайлы ойламадық. Ал қазір «Атажұртта» жастар қалған жоқ. Көбі өзім секілді қырықтан асып, елуді еңсергендер. Сол үшін ендігі әңгіме бөлек. Сот болады. Оны аттандап айтудың қажеті жоқ. Үш түрлі арыз Алматы қаласы, Алматы облысы құқық қорғау органдарына түсті. Бірақ біз «Атажұрт жастарын» сотқа бергелі отырған жоқпыз. Тек белгілі бір адамдарды ғана.

Қытайдағы түзету лагерінен шыққандар не үшін «Жебеуге» емес «Атажұртқа» келіп алғыс айтады?

Менің жеке нөмеріме, почтама келген алғыс хаттар аз емес. Мен оларды жарнамалап жатқан жоқпын. Біздің ықпалымызбен бостандыққа шыққандар бізге әрине алғысын айтқан. Оны жариялау міндетті емес. Тіпті кезінде менің атыма ауыр сын айтқандардың өзі кейінгі кездері жекеме жазып, кешірім де сұрап жатыр.

Бұл жерде тағы бір айта кетерлігі, Қытайдағы саяси үйренуден шыққандар бірден Қазақстанға келе алмайды. Олар алдымен үш ай бақылауда болады. Қазақстанға келген бес адамды білем. Босап шыққандардың өзі бір туысын не жақынын кепілдікке қойып отыр. Сондықтан "мен Қытай лагерінен шықтым" дегеннің бәрі шын емес. Бір анығы Елбасының, СІМ-нің араласуымен Қытайдағы қазақтар мәселесі оң шешімін тауып жатыр.

«Жебеу» бірлестігі Қазақстанда заңды тіркелген. Ал Қытайда ше?

Біз 2009 жылы ҚР Әділет министрлігі тарапынан тіркеуден өткенбіз. Ал Қытайда тіркелген деген өтірік әңгіме. Олар да ақымақ емес, шетелдің ұйымын өздеріне тіркейтіндей. Мен білсем, Еуропада 2400-ден аса Қытайдан кеткендер құрған қоғамдық ұйымдар бар. Бұл Еуропада қалыпты жағдай саналады. Қытай тарапы осы ұйымдармен жақсы қарым-қатынаста. Бұл адам шошитын іс емес. Қайта Қытай билігімен байланысқа шығуға мүмкіндік. Қандастарымыздың мәселесін ол елдің жауапты органдарына орнымен жеткізіп отырмыз.

Қытай қысымындағы қазақтарды кім құтқара алады?

Бұл мәселені бір шешсе Қазақстан Президенті мен СІМ ғана шеше алады. Ал басқалардан үміт күту бекер. Елбасы Қытай басшыларымен кездесуде осы мәселені көтерген. Бірақ бұл іс хаттамаға түспеген. Бұдан тыс СІМ-де бірнеше мәрте Қытайға барып, жұмыс істеді. Осының арқасында ол жақтағы қандастырмызға жасалған қысым бәсеңдеді. Ал біреулер орайдан пайдаланып, осыны өз аттарына жазғысы келеді. Шетелді шулату арқылы шештік деп. Қайталап айтам, Қытайдың ішкі ісін айқай-шумен шешу қиын. Мысалға тағы да ұзақ жылдар бойы халықаралық сотқа арызданып жүрген ұйғырлар мен тибеттерді айтуға болады.

Демек қазақтың мәселесі де халықаралық дау арқылы шешілмейді. Осылай деп өтірік айтқандар халықтың көз жасынан ұялу керек. Жылап отырған халықтың ақшасын алып, арыз жазғызып халықты алдауға болмайды. Бұл халықтың көз жасымен бизнес жасау болып саналады. Ертең барлық мәселе ашыққа шыққанда елдің бетіне қалай қарауға болады.

Серікжанмен ашық сұхбатқа шығуға дайынмын

«Тарам-тарам жол бар, бәрі Меккеге апарады» дегендей бәріміздің мақсатымыз бір болса түсінісейік. Әркім өз жолымен жұмыс істесін. Ол қатты айтсын, мен келіссөз арқылы жұмыс істейін. Бірақ өзара тартысты қояйық. Жала жабуды тоқтатайық. Өткенде Серікжанды бетпе-бет пікір алмасуға шықырдым. Келмеді. Тағы шақырам. Осы «Abai.kz» ақпараттық порталдында кездесуге де дайынмын. Қатар отырып сөйлесейік. Халық арасындағы теріс пікір мен дау-дамайды шешейік.

Соңғы кездері қызу талқыға түскен Сайрагүл мәлімдемесі жайлы

Сайрагүлге бүкіл ел болып қолдау білдіріп келдік. Ең маңыздысы Сайрагүлді халқына адал Абзал Құспан деген керемет азамат қорғап жүр. Сол үшін біз айқай-шуға бармай Абзалға сенуіміз керек. Абзал осы істі соңына шығара алады. Сайрагүлді ешқандай шетел құтқара алмайды. Оны Қазақстан заңдары мен Қазақстан халқы құтқарады. Сайрагүлдің мәлімдемесі ел арасында үлкен түсініспеушілік туғызды. Менше бұның артында жасырын адамдар тұр. Сайрагүлді саяси құрал ретінде пайдалану да болып жатыр.

Алдағы жоспарлар жайлы

Біз осы уақытқа дейін заң аясында қандастарымыз үшін қызмет атқарып келді. Жалғасты осы бағытта жұмыс істейміз. Өз ұстанымымызда тұрамыз. Қытай консулымен жалғасты жұмыс істейміз. Соның арқасында паспорттарының мерзімі өткен жиырма қандасымыздың төлқұжатын жаңалап бердік. Солармен бірлесе Қытай билігіне өтініш, талаптарымызды жеткізіп отырмыз. Ендігі басты жұмыс «оралман куәлігінің» уақыты өткен неше он мыңдаған қандастардың мәселесін шешу. Осы іс жайлы өздеріңізбен («Abai.kz») бірлесіп мәлімдеме жасаған болатынбыз. Бұл мәселе наурыз айының аяғынан мамыр айының басына дейін шешімін табады деп отырмыз. Тағы бір маңызды жұмыс, қазақ көшін солтүстікке бастау болып отыр. Оған қоса қазақ жастарын саудаға бейімдеу жағын да қарастырып жатырмыз. Жастарымыздың тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін жұмыс істейміз.

Abai.kz

32 пікір