Жұма, 19 Сәуір 2024
Билік 7068 13 пікір 23 Қаңтар, 2019 сағат 18:12

"Жастар жылынан" не күтесіз?

Мереке Құлкенов, жазушы:

- Елбасымыз жаңа 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялап, еліміздің жасампаз түлектерімен арнайы кездесіп, мазмұнды сұхбат өткізуі біз үшін елеулі оқиға болды.

Қазақстан егемендік алғалы алғашқы күннен бастап, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жастар мәселесін бір сәт ұмытқан емес. Оған елімізде жаңадан салынған жаңа мектептер мен жоғары оқу орындарының әсем ғимараттары, спорт кешендері, жастар сарайлары куә.

Елбасымыздың қазақстандық жастарға терең білім беруімен қатар, салиқалы тәрбие қажет екендігін де үнемі айтып келеді. Әсіресе ата-бабамыздан мұра болып қалған – үлкенді сыйлау, біреудің ала жібін аттамау, елі мен жерін шексіз сүю, тарихын, мәдениетін жан-жақты білу, ғылым мен білімді бір кісідей меңгеру сияқты қағидаларды қазіргі заман талабына орай қалай жүзеге асыруға болады деген толғамды ойлары барша халықтың көңілінен шықса керек.

Ал біз, барша қаламгерлер, Елбасымыздың: «Ұлттық әдебиетіміздің болашағы жас жазушылар үшін Әдебиет академиясын ашу керек» деген ұсынысын қуана қолдаймыз. Бұған дейін біздің талантты жас қаламгерлеріміз Мәскеуде, шет елдерден  тиіп-қашып әдеби білім алатын, енді міне, сол жоғары білім ұясы өзімізден ашылғалы тұр. Бұған қалай қуанбассың!

Мақтанғандық емес, қазақ жастары аса талантты. Қазір үш немесе одан да көп тілді білетін жастарымыз молайып келеді. Соның арқасында қазақ балалары әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарында білім алуда.

Қазақты бүкіл әлемге танытып, өзге ұлттарды қазақша сөйлетіп, ән салғызып жүрген Димаш Құдайбергенов, киноактриса Әсел Исламова, марқұм Денис Тен тағы басқа таланттарымыз – біздің тәуелсіз еліміздің түлектері. Сондықтан біз Мемлекетіміздің жастарға деген әкелік қамқорлығына дән ризамыз.

Батырбек Мырзабеков, журналист: 

Елбасының былтырғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пентұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауындағы игі бастамалардың бірі осы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауы еді. Міне бүгін жұрт болып қолдаған сол бастаманы ресми түрде жүзеге асырудың алғашқы қадамы жасалды.

Елбасының қатысуымен Елордада «Жастар жылының» ресми ашылу салтанаты өтті. Оған әр салада жемісті еңбек етіп жүрген жастар өкілдері, тіпті, шет елдерде тұратын қандастарымыздың шақырылуы бұл игі шараның ауқымдылығын айғақтайды. Жиында көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстардың қай-қайсысы да – өзекті. Енді сол ұсыныстар негізінді нақты бағдарламалар әзірленіп, жер-жерлерде, тіпті ел аумағынан тыс, қазақ диаспоралары тұратын шет елдерде де жүзеге асуы тиіс.

«Жастар жылын» жариялауды неге қолдап, бұл бастамаға қуанып отырмыз? Оның бірнеше себебі бар. Ең бастысы, бұл – болашақты ойлаудан туған іс. Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші, алға жетелеушісі – жастар. Жастар дегенде тың идеялар, соны бастамалар ойға оралады. Еліміздің ендігі даму көкжиегін кеңейтетін де осы жастар. Демек, қазір қуаты тасыған, еңселі еліміз ең алдымен жастарды қолдап, оларға мемлекеттік деңгейде демеу көрсетуі – заңдылық.

Жастарымыз да Отанның осы қамқорлығын терең сезініп, озық білімімен, адал еңбегімен лайықты жауап қайтарады деген ойдамын. Бұл ойымның қате еместігіне, жастардың Елбасы сенімін ақтайтынына бүгінгі өткен жиынды, ондағы жалынды жастарды көріп, тағы бір көз жеткіздім. «Жастар жылы» жарқын істер жылы болсын дегім келеді.

Динара Мәлік, ақын:

- Адам баласының әрбір сәті мен жылы мағына, маңызға ие. Күніңе есеп беру, ертеңгі күніңді сәулелі шақтарға толтыру өз қолыңда. Биылғы Мемлекет басшысы жариялаған «Жастар жылы» болашаққа басталған баспалдақтың бағыты. Еліміздің ең қуатты да белсенді тобын құрайтын жастардың мақсаты айқын, танымы терең болуы әу, бастан білім мен еңбектің ізденуінен басталмақ. Отанның борышын, аядай отбасыңның үмітін ақтау өрімтал кезден бастап-ақ сана саңылауына парыз болып ұялайды. Қазақтың аяулы ұлы, зиялы азаматы Ахмет Байтұрсынов ұлттың күретамыры туралы: «Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы. Құлша тәрбиелесең, құл болмақшы. Мойындағы борышты білу – білім ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі.Бір нәрсені істегенде, сол істі істей білетін адам істесе, шапшаң да, жақсы да істейді. Жаңалыққа жастар мойнын бұрып, қайырылар, халық түзелуінің үміті – жастарда. Сондықтан жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі – бәрінен бұрын ескеріліп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс»,-деген екен.Бұл жауапкершілік жүгі. Қашанда ата-балаларымыз тарихын, асыл мұрасын ұрпақтарына аманаттап, үміт етіп отырған. Бір ғана әулетінің емес, күллі сол ұлттың абыройына алаңдаған. Өнер білімге махаббатпен келуе ұмтылған.

Бүгінгі күні елімізде жастардың жан-жақты ізденімпаздығы, өнер-ғылымның сан-түрлі қырларына тереңдей баруы көңіл қуантады. «Рухани жаңғыру» аясында жүргізілген «Жаңа 100 есім» бастамасында танылған, халық таңдаған түрлі сала иегерлерінің ішінде 70 пайызына жуығы жастар. Біз білмейтін, теледидардан да көрмейтін әр түрлі талант иелерінің жеткен жетістіктеріне көз жүгірттім. Техниканың тілін меңгерген, әлем әдебиеттерін қазақша сөйлеткен аудармашылар, өз мамандығының мәнін ұғып, сол салаға сүбелі үлес қосып жүрген қыз-жігіттер міне, солардың бәрі осы біздің Отанымызда өмір сүріп жүрген бауырларымыз. Биылғы «Жастар жылы» танылмай жүрген таланттың қанатына су бүркіп, самғауына, ел мен елдің достығын жалғауына сеп болары сөзсіз. Жастары жалындап тұрған ұлттың оты сөнбейді, келешегі көмескеленбейді. Тыңнан түрен салар дүниелердің бәрі осы кезеңнің ұрпақтарынан шықпақ. Жаһандану дәуіріндегі жаңашыл ұрпақтың елге, жерге деген аяулы сезіміне көлеңке түспесе екен.

Abai.kz

 

 

13 пікір