Сенбі, 20 Сәуір 2024
Абай.tv 11349 61 пікір 17 Қаңтар, 2019 сағат 16:08

Ә.Қосанов: "Жаңа күштер келе жатыр"

Құрметті оқырман! «Abai.kz» ақпараттық порталы тұрақты түрде жүргізіп келе жатқан интернет-конференция  жаңа сипатта өз жалғасын табатын болады. Енді, интернет-конференцияның қонағы оқырман сұрақтарына порталдың «You Tube» желісіндегі арнасы арқылы жауап береді.

Абайдың осы аптадағы қонағы белгілі саясаткер, тәуелсіз журналист, қоғам қайраткері, «Жаңа Қазақстан» қозғалысының мүшесі - Әміржан Сағидрахманұлы Қосанов. Спикер Әміржан Қосанов мырзаның сұхбат барысында айтқан өткір ойларын ықшамдап жариялауды жөн санадық. Ал, әңгіменің толық нұсқасын мақала соңындағы видео-жазбадан тамашалауға болады.


2019 жыл – Жастар жылы. Жастардың негізгі үш проблемасы

Мен Жастар жылы деп аталуын қолдаймын. Өйткені, қалай болғанда да биліктің барлық жүйелеріне жастар проблемасына көңіл бөлу міндеттелді. Сонысымен де жақсы.

Мүмкін бұрын көпсалалы саясаттың ішінде жастар проблемасына көп тоқталмайтын әкімдер, министрлер осы Жарлық негізінде өз жоспарларын жасайтын шығар. Бірақ, қазір қоғамда осындай арнайы жылдарға деген сенімсіздік туған. Писсимизм басым. Ауыл жылы дедік. Одан көркейіп кеткен ауылды көрмедік. Басқа да атаулы жылдар болды...

Тағы да бір форумдар, конференциялар өтіп, тағы да жастарды жинап алып «уралатып», билікке рақметтерін айтқызып, алақайлата ма деп қорқамын.

Меніңше, кемінде есте қаларлық екі дүние жасалуы керек. Сол екі дүниені орындайтын болса, биылғы жылды Жастар жылы деп жариялаған билікке рақмет айтуымыз керек.

Бірінші мәселе – қазір біздің елде жастар проблемаларын зерттейтін беделді ғылыми орталықтар жоқтың қасы. Жоқ емес, бар. Талғат Қалиев деген азамат бастап, жастар институтын құрды. Бірақ, ол да әлі күнге дейін мемлекеттік емес ұйым деңгейінен көтеріле алмай келе жатыр. Зерттеу керек. Осы 27 жылдың ішінде, 27-ге келген жастың портреті қандай? Оның сұранысы қандай? Ол биліктен не қажет етеді?

Кез келген мемлекеттің жастар алдындағы міндеті бір сөйлемге сыяды. 1. Оқуға мүмкіндік беріңіз. 2. Алғашқы жұмысына орналасуға көмек жасаңыз. 3. Үй-жай жасай алатындай жалақы беріңіз.

Екінші мәселе – әлеуметтік-экономикалық жағдай. Көп жағдайда біз жастар проблемасын айтқанда гуманитарлық саладағы іс-шараларға ауытқып кетеміз де, ауылдағы, қаладағы жастардың күнделікті мұң-мұқтажына тоқталмаймыз.

Мысалы, күні кеше ғана Францияда Макронды ұлттық дебатқа шықты. 7 сағат бойы өзінің қызметіне көңілі толмайтын француздардың сұрақтарына жауап беруге тырысты.

Сол секілді Президент Назарбаев та ресми БАҚ-пен емес (өйткені жастар ресми БАҚ-ты қарамайды), қазіргі заманауи желілер арқылы жастармен бірге тікелей эфирге шықса... «Мен міне, Жастар жылын жарияладым. Жастар-ау, сендерге не керек?» деп айтса, сол дұрыс болар еді.

Менің ұсынысым: неге дәл осы жылы кез келген 30 жасқа дейінгі жастардың құрған шағын-және орта бизнесін салықтан босатпасқа?! Әрине, барлығы бірдей аяққа тұрып кетпес, дегенмен 10/5-і аяққа тұрып кетсе, жастар кәсіпкерлігін дамытуға үлкен үлес болар еді.

Немесе, банктер арқылы жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін жеңілдетілген пайызбен несиелендіру саясатын қолға алса?

Қазіргі жастардың үлкен проблемасы жұмыссыздық. Міне, осындай бір механизмдер жасалса, биылғы жыл құр дабырамен өтпейді деп ойлаймын.

Жастар неге сенaтор болмайды?

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сенат жұмысына жастарды араластыру туралы ойын қолдаймын. Бірақ мен айтар едім, Жастар неге сенатор болмайды?

Неге бізде Сенат зейнетке шыққан әкімдер мен министрлердің запастағы аэродромы болып қалды? Партиялық принципке жасақталған Мәжілістен гөрі Сенатта тұлғалардың рөлі көп болуы керек. Мәжілістегі депутаттар партиялық тәртіптен шыға алмай қалуы мүмкін. Сенатта жеке тұлға ретінде бір проблеманы көтеруге жастардың мүмкіндігі бар.

Неге 27 жылдан бері кеңестік атрибуттардан арыла алмай келеміз?

Қазір Тәуелсіздікке 27 жыл. Оның алдындағы 10 жылды қоссақ, қазір бізде 30-40 жастың айналасындағы  сәбет дәуірін көрмеген, октябрят, пионер, комсомол, комуннисін көрмеген, Ленин мен Маркстің кітаптарын жаттап өспеген тұтас бір ұрпақ пайда болды.

Дегенмен, билікте әлі күнге коммунизм идеологиясымен тәрбиеленген, сол кезеңде ел басқарған, министр болған азаматтар отыр. Бұл жалпы инерциялық құбылыс деп ойлаймын.

Путин артық қыламын деп тыртық қылып отыр

Путиніннің кезеңіндегі пост-кеңестік кеңістіктегі неоимпериялық саясат туралы біз көп айттық. Соның тырнақшы ішіндегі жақсы жағы да бар. Ол – Путин артық қыламын деп, тыртық қылып жатқандығы. Оның барлығын Мәскеудің төңірегіне жинаймын деген саясатына қарсы күштер шықты. Біз қазақты айтпағанда, өздерінің туысы – украиндер, күні сол Мәскеуге қарап отырған беларусьтер қазір антиресейлік саясатты ұстанып отыр.

Жаңа күштер келе жатыр

Бізді қазір ескі оппозиция дейді. Бізге кетіңдер дейді. Біз қуанамыз. Біз айтып жүрген ойларды қазір жастар да айта бастады. Олардың парасаты бөлек, білімі бөлек, болашағы бөлек.

Біз қазір оппозицияның жаңа бейнесін жасағымыз келеді. Биліктің ішінде де ұлттық тұрғыдан ойлайтын, әділеттікке бір табан жақын, кланаралық, топаралық тартыстан шаршаған адамдар бар. Ол күштермен де жұмыс істеп, идеологиялық тұрғыдағы жаңа бастамаларды қолдайтын күштермен де жұмыс жасау керек. Оппозиция деген барлығын терістеп, жаңа процесстен қалу деген сөз емес.

Міне, сол ұстаным жастарға керегі. Себебі, жастар өздерін тек оппозицияда емес, мемлекеттік жұмыста да көрсеткісі келеді.

Сондықтан, келесі сайлауларда, мәжіліс, маслихат сайлауларында жаңа, тың, ескінің жүгін арқаламаған күштер келе жатыр деп ойлаймын. Егер сол жастар біздің орнымызды басамыз десе, құба-құп. Біз орнымызды беруге дайынбыз.

Сайлау болады

Меніңше, сайлау болады. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, экономикалық жағдай тым қиындап барады. Тіпті, билікке бір табан жақын эксперттердің өзі осы жылдың қиын болатынын айтып отыр. Жағдай қиындаған сайын, сайлау өткізу де қиындай түседі. Сондықтан, осы жылы болмаса да, келер жылы сайлау болады.

Ол сайлау қалай болады? Парламенттік пе, әлде президенттік пе? Мысалға қараңызшы, Пашинян Армения үкіметін басқаруға келді. Бірақ, оның барлық бастамаларына бұрынғы парламент кедергі болды. Сондықтан, ол парламентті таратып, жаңа парламентін түзді. Оған Арменияның бұрынғы «Нұр Отаны» кіре алмай қалды.

Біздің билік осы 27 жылда демократиялық принциптерден алыстай берді. Ол бітеу жара секілді. Ол жара бір күні жарылады. Менің, осы елдің азаматы ретінде, әке ретінде, қазақ ретінде қорқатыным, ертең ол бүлікке ұласып кетіп, сол бүлікті сыртқы күштер пайдаланып кетпей ме?

Егер солтүстіктегі көршіміз ықпал етпек болған жағдайда, біздің саяси элита, оппозиция, үшінші күштер ауызбіршілік танытып, ұлттық, мемлекеттік мүддені биік қоя аламыз ба? Әлде қырықпышақ болып, билік үшін таласа ма? Осындай үрейім бар.

Жаңа парламентке ұлттық либералдар кіруі керек

Сондықтан, Президент өзі толық билікте болған кезеңде саяси реформа жасауы керек. Кезіндегідей, 360 депутаттан тұратын жаңа парламент сайлануы керек. Ол парламенттен коммунистер кетуі керек. Билік өз партиясын қалдырса мейлі, бірақ бірінші кезекте ол парламентке ұлттық либерелды күштер кіруі керек.

Бізге округтерден сайланатын депутаттар корпусы керек

Бізде өкінішке орай парламент тек партиялық тізіммен сайланады. Мажоритарлық жүйе жоқ. Меніңше, 50/50 болуы керек. 50 пайыз партиялық тізім бойынша, 50 пайыз жергілікті округтер бойынша депутаттар сайлануы керек. Сол кезде біз партиядан тыс депутаттар корпусын жасаймыз. Сол кезде, мысалы Қарағандыдан сайланған депутат сол күні таңда парламенттің жиынын ұйымдастырып, талап етіп, мәселені шешуге атсалысатын еді.

Президенттік сайлау – бұл үлкен мәселе

Президенттік сайлау – бұл үлкен мәселе. Мемлекеттің, ұлттың тұтастығы үшін қазіргі транзиттік кезеңнің дұрыс өтуінің бірнеше шарты бар. 1. Сайлау әділ өтуі керек. 2. Міндетті түрде өзін оппозиция, демократ санайтын күштер кандидат ұсынуы керек. 3. Жаңа келетін адам міндетті түрде екі мерзімнен артық отырмауға, отбасын мемлекеттік іске араластырмауға, өзінің бизнесі болмайтынына, конституциялық реформа жасап, парламенттік өкілетін күшейтуге, сөз бостандығына кепіл болуға түзілген бағдарламасын ұсынуы қажет.

Оппозиция бірігіп кандидат ұсынуымыз керек

Сайлау кезінде, өзін оппозициялық күшпін, демократпын деген азаматтар жиналып, арамыздан бір кандидат шығаруымыз керек. Егер біз бір кандидат шығара алмасақ, халық алдында, тарих алдында масқара боламыз.

100 пайыз қазақ тілі боулы керек

Бізде мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Сондықтан, 100 пайыз қазақ тілінде болуы керек.

«Жаңа Қазақстанның» белсенділігі бәсеңдеді. Неге?

«Жаңа Қазақстанның» белсенділігі бәсеңдегені рас. Тіркеу процессі қиын. Біз заң аясында, конституцияға сай жұмыс жасаймыз дедік. Заң бойынша тіркелмеген ұйым жұмыс жасaмауы керек. Ол дұрыс. Бүгін біз тіркелмесек, ертең қауіпті бір ұйымдар тіркелмей жұмыс жасауы мүмкін. Сондықтан, біз заңды мойындаймыз, бағынамыз. Тіркеуге құжаттарымызды берейік деп, қазаққа танымал ұйымның атын өзгертеміз деп едік. Енді сол ұйымды жапқысы келіп жатыр.

Біз тіркеу процессін түпкілікті өтеміз. Егер біз тіркеле алмайтын болсақ, онда елмен, жұртпен ақылдасып, жұмыс жасаудың басқа да жолдарын қарастырармыз. Қазір тіркеу процессіндеміз.

«Мұхтар, сенің жөнің бөлек...»

Мен Мұхтар құрдасыма: «Мұхтар сенің жөнің бөлек, сенің тактикаң бар, стратегияң бар. Сен биліктің кемшілігін әшкерелеп, ондағы жемқорлықты ашық айтқаныңды мен қолдаймын» деп айтар едім.

Бізде сондай бірнеше Мұхтар болуы керек. Өкінішке орай біз биліктен ерте кеттік. Ал Мұхтар сол ортаны біледі.

Бірақ, отырып алып, «мен ғана оппозициямын. Мына ел деп жүргендердің бәрі сатқындар» дегенді қою керек. Сонда осы уақыттың ішінде ел ішінде жүрген Заманбек, Алтынбек, Батырхан, осы күнге дейін келе жатқан Гүлжан Ерғалиева, Рысбек Сәрсенбай, Болат Әбілов, Төлеген Жүкеев, Ермұрат Бапи т.б. осылардың барлығы билікке сатылған ба?

Иә, біз елдің ішіндеміз. Еш жаққа кеткен жоқпыз. Кеткіміз де жоқ. Өйткені біз қазаққа ғана керекпіз. Басқаға керек емеспіз. Біздің Мұхтар сияқты шетелге шығып кететін ақшамыз да жоқ. Сондықтан Мұхтарға доғару керек. Бірігу керек. Егер Ол біздің 33 пункттен тұратын бағдарламамызды қолдаса, елдің ішінде жүріп, елдің ішіндегі жағдайды өзгертемін десе бізбен бірге болсын.

«Жаңа Қазақстан» секілді «Жас Қазақстан» құрылсын!

ЖСДП менің партиям

ЖСДП менің партиям. Мен секілді жүздеген мың адамның партиясы. Осы партияны алғашқы күнінен бастап Жармахан Тұяқбаймен бірге жүріп құрдық. 5 жыл мен Жармахан Тұяқбайдың бірінші орынбасары болдым. Адал жұмыс істедік. Ағалы-інілі болдық. Арамызда дау болған жоқ.

Бірақ, 2011 жылғы сайлаудан кейін ол кісі бұзылды. Неге екенін, не жазғанымды да білмеймін. Жармахан Тұяқбайдың жеке басына тиіспеймін, біз бірге жүрдік. Ал саясаткер ретіндегі үлкен кемшілігі – біріккен ЖСДП-Азат партиясының бөлінуіне өзінің ықпал еткендігі. Өкінішке орай, бірегей партияны біз сақтап қала алмадық. Бас хатшы ретінде оған менің де кінәм бар деп есептеймін. Сол үшін де 500 адамның алдында, сьезде осы үшін кешірім сұрағанмын.

Өкінішке орай, ЖСДП қазіргі қоғамдық жағдайларға тым селқос қарай бастады. Үнсіз жатыр. Мен партияма тіл тигізгім келмейді, керісінше Жармахан Тұяқбайға ұсыныс айтар едім. «ЖСДП қазір жалғыз тіркелген оппозициялық партия. Сіз жетпістен астыңыз, мен елудің ортасына келдім. егер ертең сайлау болса, біз жастарға осы партияны ұсынайық. Осы партияның құрамына кіріп, жастар парламент сайлауына түссін. Осы партияның атына оппозиция бірегей кандидат ұсынсын» дегім келеді.

Мен оппозицияның көсемі емеспін

Мен ешқашан өзімді қазақ оппозициясының көсемімін дегем жоқ. Мен оппозицияда жүрген, кешегі Серікболсын Әбділдин ағамыз бастаған топтың бір мүшесі, өкілімін. Қарапайым қазапын. Өмірлік ұстанымым – шындықты айту, әділеттілікке қол жеткізуге тырысу. 2005 жылы бүкіл қазақ оппозициясы бірікті. Сыртта жүргені бар, іште жүргені бар, радикалы бар, оңшыл, солшылы бар барлығы бірікті. Сол кезде біраз нәрсеге қолжеткізуге болатын еді. Бірақ, біз сол бірлігімізден айырылып қалдық.

Қажыгелдин «Жаңа Қазақстанның көсемі емес»

Мен Әкежан Мағжанұлымен кезінде жұмыс істедім. Оған да жиырма жыл өтті. Біз әлі күнге аға-іні ретінде араласамыз, хабарласып тұрамыз. Ол кісі біздің қатардағы мүшеміздің бірі. Ол о, бастан көсем, басшы болмайтынын, тек тәжиірбесімен бөлісетінін айтты.

Зейнетке шығуыма әлі 9 жыл бар екен

Менің жасым 54-те. Зейнетке шығайын десем, әлі 9 жыл бар екен. Шашым ағарғаны болмаса, орта жастағы жігітпін. Мамандығым журналист. Әзірше, күш қуатымнан айырылдым деп айта алмаймын. Сондықтан айтарым, осы алған ұстанымымнан таймаймын. Жазатынымды апта сайын «Дат» гәзетіне, «Abai.kz-ке», «Жас Алаш» гәзетіне жазып келемін. Ертең, «Жас Қазақстан», «Оңшыл Қазақстан», «Солшыл Қазақстан» деген секілді ұйымдар құрып, жастар келсе, мен батамды беремін. Жиындарына барамын.

Сұхбаттың толық бейне нұсқасы:

Abai.kz

61 пікір