Жұма, 19 Сәуір 2024
Саңлақ 6649 10 пікір 11 Қаңтар, 2019 сағат 17:00

Nike оюмен көмкерілген GGG жейделерін сатылымға шығарды

Орта салмақта WBC, WBA (Super), IBF және IBO тұжырымдары бойынша бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) бокс әлемінде өзіндік орнын тапқан боксшы саналады.

Кәсіпқой аренада Головкин нашар боксшы болған жоқ. Жалпы 40 жекпе-жек өткізіп, 38 мәрте жеңіске жетті. Оның 34-ін нокаутпен ұтты. Бұдан бөлек бір рет тең түсіп, бір мәрте жеңілді. Соңғы екі нәтиже де Сауль Альвареске қарсы кездесулерде тіркелді. Кәсіпқой бокста осындай толағай табысқа жеткен отандасымыз қазірше ел мақтанышы деген атқа әбден лайық болып тұр.

Жақында Головкиннің атына байланысты мұхиттың арғы бетінен тағы бір қуанышты хабар келді. Анығырақ айтқанда, спорт киімдері мен тауарларын сататын әлемдік Nike дүкендер желісі GGG брендімен жейделер сатуды бастаған.

Jordan Sportswear "GGG" Logo Men's T-Shirt

Nike - әлемдегі ең атақты спорт бренді. Forbes журналының зерттеуінше, Nike компаниясының құны 2016 жылы 27 миллиард долларды құраған. Осылайша өзінің басты бәсекелесі Adidas брендінен 4 есе (7 миллиард) озып кеткен. Осындай алып компания енді қазақтың ою-өрнегімен көмкерілген жейделер шығарып отыр.

Nike-тің ресми сайтында «No Draw», «BooGGGey Man» және «GGG» жазулары бар 8 түрлі жейде сатылымға шығарылған. Бағасы $28.97 (10 мың тг) басталып, $65 (25 мың тг) дейін барады. Барлық жейдедегі «GGG» жазуы қазақтың ұлттық ою-өрнегімен өрнектелгенін ерекше айта кету керек.

Jordan Sportswear "GGG" Logo Men's T-Shirt

Негізгі Геннадий Головкин Nike компаниясы мен әйгілі баскетболшы Майкл Джорданның бірлескен сауда маркасы Jordan брендімен келісімшартқа сонау 2016 жылы қол қойған. Геннадий сол кездің өзінде Андре Уорд пен кіші Рой Джонстан кейінгі брендті ресми таныстыратын үшінші боксшы атанған.

Головкин өткен жылы қыркүйекте мексикалық Сауль Альварестен жеңіліп, орта салмақ дәрежесінде әлем бокс тарихындағы атақты боксшылар қатарына қосылу мүмкіндігін төмендетіп алған еді. Бірақ WBC, WBA (Super), IBF және IBO тұжырымдарының басын бір жерге қоса білген Гена әлемдік деңгейде өз брендін қалыптастыра алды. Оның айқын дәлелі біз сөз етіп отырған Nike жейделері.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

10 пікір