Жұма, 19 Сәуір 2024
Құйылсын көшің 10971 7 пікір 9 Қаңтар, 2019 сағат 15:04

Қандастарымыздың зейнетақы мәселесі оң шешімін тапты

Құрметті Мәдина Ерасылқызы!

Сізді өткен Тәуелсіздік күні және Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен қуаттықтаймын!

Бүгін Сізге зор рахмет айтудың реті келіп тұр.

Көші-қон – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаудан бұрын жолға қойған ТҰҢҒЫШ һәм ҰЛЫ саясаты. Нұрсұлтан Әбішұлының кемеңгер тұлға, көреген басшы екенін төрткүл дүниеге бірден танытқан да – осы алыста жүрген ағайынды Атажұртқа шақыру туралы шығарған БАТЫЛ әрі ТАРИХИ шешімі!

Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендікпен Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаудан бір ай бұрын, нақтылап айтсақ, 1991 жылғы 18 қарашада Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы №711 Қаулы шығартқан 28 жылдан бері шешілмей келе жатқан бір мәселе бар еді. Ол – Маңғолия мен Қытайдан оралған қандастарымыздың зейнетақы мәселесі болатын.

Сол бір қиын түйінді шешу, алыстан оралған ата-апаларды қуанту сынды аса сауапты жұмыс Сіздің министр болуыңызды күтіп тұр екен. Міне, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне басшы болып Сіз келдіңіз де сол миссияны абыроймен орындап, алыстан оралған ағайынның алғысына бөленіп отырсыз бүгін.

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының «Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшiн еңбек өтілін есептеу» деген 13-бабына «Қазақстан Республикасына тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында келген этностық қазақтардың шығу еліндегі еңбек қызметі» деген жаңа тармақ қостырдыңыз.

Есіңізде болса, өткен жылы 14 наурызда «Нұр Отан» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдаған кезіңізде Қытайдан келген Мәлік Баянбай, Кәкімбай Әбдахан қатарлы жеті ақсақал қабылдауға кіріп, зейнетақыларын көбейтіп беруді өтініп, кездесу соңында Сізге ақ батасын беріп еді ғой. Ал, бүгін Сізге зейнет жасындағы және зейнетке шығудың кезегінде тұрған барша қандастарыңыз ақ тілегі мен жүрекжарды алғысын жаудыруда.

Елбасының Көші-қон саясатының қолдаушысы, алыстан оралған ағайынның құқығын қоғап жүрген азамат ретінде өз атымнан Сізге шексіз алғыс айтам. Көші-қон саясатына тың реформалар керек екенін Өзіңізге құлақ қағыс еткенім есімде. Әсіресе, көшіп келушілер мен қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін Үкімет айқындаған арнай өңірлер қоныстанғысы келетін отбасылар үшін.  Қазіргі таңда сол реформаларды қолға ала бастағаныңыздан да хабардармын және жұрт сүйінетін нәтиже шығаратыныңызға сенем. Сізді белсене қолдауға дайынмын!

Барша қызметіңізге табыс, береке және жеңіс тілеймін!

Зор құрметпен,

Ауыт МҰҚИБЕК

Ақын, Қазақ көшінің жанашыры,
«Нұр Отан» партиясы
Республикалық қабылдау
бөлімесінің кеңесшісі

Abai.kz

7 пікір