Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Бір сауал 6663 9 пікір 3 Қаңтар, 2019 сағат 14:48

Әлемдік байырғы тілдер мерекесінде түркі тілдерінің орны қандай болмақ?

Біріккен Ұлттар Ұйымы  Бас Ассамблеясы 2019 жылды Халықаралық байырғы тілдер жылы деп жариялады. Мақсаты –жойылып бара жатқан тілдерге жаһанның назарын аудару. Және, әлемдегі бейбітшілікті сақтау үшін осы тілдердің дамуына жағдай жасау.

www.ethnologue.com  сайтының дерегіне сүйенсек, бүгінде әлем бойынша 7097 тіл бар. Заманауи байланыстың қарқынды өсуінің салдарынан, орташа есеппен екі аптада бір тілдің дамуы баяулайтын көрінеді. Ал, бүгінде әлемнің 400 ден астам тіліне жойылу қаупі төнген.

Сол қауіпті тілдер санатында кейбір түркі халықтарының да тілдері бар. Бүгінде, бұл санатқа 40 тан астам тіл кіреді. Ал, олардың тек алтауы ғана (қазақ, түрік, өзбек, қырғыз, әзірбайжан, түркімен) мемлекеттік тіл дәрежесін алған. Бұдан бөлек, көне қыпшақ тіліне жататын құмық, қарашай-балқар, татар, башқұрт, ноғай, қарақалпақ сияқты тілдер бар. Бұл тілдерді қолданатындардың саны 70 мыңнан – 6,5 млн.аралығында. Ал, қарайым тілінде небәрі 40 адам сөйлейді. Яғни, аз уақытта жойылады деген сөз.

Аманқос Мектептегі, филология ғылымдарының кандидаты, түркітанушы:

Түркі халықтарының ішінде көптеген тілдер жойылып кетті. Совет үкіметі кезінде қанша тіл жойылды. Өйткені олар кіші халықтардың тілдерінің дамуына мүмкіндік берген жоқ. Мұндай қауіп қазір де жоқ емес. Мәселен, біздің солтүстіктегі сақа, тува, хақас сияқты түркітілдес ағайындардың тілдері жоғалып жатыр. Себебі, олардың қоғамдық ортадағы мүмкіндігі шамалы. Әсіресе, орыс тілінің ықпалы олардың санын жылдан-жылға азайтып бара жатыр. Ол түгілі, орыстың тілі тәуелсіз ел болған біздің тілімізге де қауіп төндіріп тұр. Өкінішке қарай, біздің билік осындай келеңсіздікке жол беріп отыр.

Негізінен, өз тіліміздегі архаизмдер –біздің ежелгі мәдениетімізді көрсетеді. Біз қазір күнделікті қолданып жүрген сөздеріміздің көпшілігі басқа тілден енген. Ал, біздің төл рухани мәдениетімізге қатысты сөздерді басқа біреулер қолданып жүр. Ондай да парадокс бар. Мысалы біз “Үкімет” дейміз. Сол сөз біздің ежелгі тілімізде “Төр” деген сөз. Моңғолдар әлі күнге дейін “Үкіметті”-  “Төр” дейді. Біз “төрге шық” дейміз ғой, төраға дейміз. Сол сөз біздің рухани мәдениетімізге қажетті, біздің ежелгі мемлекеттігіміздің сарқыты сияқты сөз еді. Бірақ, біз оны қолданбаймыз. Оның орнына арабтың үкімет деген сөзін қолданамыз. Осы сияқты мысалдар көп.

Қазір, біздің мектептерде неміс тілін оқытады, ағылшын, орыс, енді қытай тілін оқытайын деп жатыр. Бірақ, біздің білім-ғылым министрлігінде отырғандар - өзіміздің төл мәдениетімізді мектепте оқытуға құштар емес. Сондықтан қазіргі балалар өз тарихымыздан хабарсыз. Осындай тәуелсіз кезеңде өз тамырыңа бойлай алмасаң, сенің мәдениетің басқа кімге керек?

Сондықтан, біз ежелгі түркі жазуларын білуіміз керек. Ол бүткіл түркі әлемін біріктіреді. Ал, біз біріккенде ғана үлкен күш боламыз. Бізді Ресей мен Қытайдың қыспағынан сол  300 млн.нан астам түріктердің бірігуі ғана құтқара алады.Бірақ, соны өзіміздің кейбір бауырларымыз түсінбей жүр.

Түйін.

Халықаралық байырғы тілдер мерекесінің ресми ашылуы 28 қаңтар күні Франция астанасы Парижде өтеді. Оған БҰҰ ның агенттіктері, шенеуніктермен қатар, байырғы халық өкілдері, азаматтық қоғам белсенділері мен журналистер қатыспақ. Ал, бұл шарадағы түркі халықтары тілдерінің алар орны мен маңызы қандай болары әзірге белгісіз.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

9 пікір