Жексенбі, 17 Қараша 2019
Алаң 5049 11 пікір 30 Желтоқсан, 2018 сағат 21:12

Дәу көлікті дөкей балалар жазадан құтылып кетпей ме, Салтанат ханым?!

Кеше Алматы қаласында болған ауыр жол апатынан үш жолаушы қайтыс болып, біреуі ауыр қалде емханаға түскен. Қайтыс болған жолаушылардың бірі белгілі актриса Шолпан Елгезекова. Ал жол апаты болған кезде Шолпанмен бір көлікте болған актриса Айзада Сатыбалдиева жансақтау бөлімінде жатыр.

Біз мәселенің мән-жайын білу үшін қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Саланат Әзірбекке хабарласқан едік. Оның айтуынша, Сейфуллин мен Абай даңғылдарының қиылысында Mercedes Gelandewagen автокөлігі Mitsubishi Galant көлігіне соғылып, салдарынан жеңіл көлік жолдың қарсы бағытына шығып кетіпті. Gelandewagen көлігінің жүргізушісі ұсталып, қамауға алынған. Екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалыпты.

«Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-тармағына (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Mercedes Gelandewagen жүргізушісі ұсталды. Сонымен қатар, қылмыстық іс аясында сот-медициналық және басқа да сараптамалық зерттеулер жүргізіледі», – дейді Салтанат Әзірбек.

Жол апатына қай жүргізушінің кінәлі екені және оқиғаға қатысты өзге де мәліметтер тек сараптамалық тексерістен кейін ғана белгілі болатынын айтты. Ал қолға алынған жүргізуші жайлы мәліметтер тек прокурордың рұқсатым ғана берілетінін жеткізді. Осынша жазықсыз жанның жанын қиған жол апатына себепші болған жүргізушіні қандай жаза күтіп тұрғаны жайлы сұрағымызға Салтанат Әзірбек "асығыстық" танытып тұрғанымызды ескертіп, барлығы сотта белгілі болатынын айтты.

Біздің бұлай "асығыстық" танытуымыздың себебі, елден бұрын ақпарат беру үшін емес талай жанның тағдырын темір тұлпардың табанына таптаған тентек тектеусіз қалмасын деген ниет. Әйтпесе, біздің елде бір емес бірнеше мәрте адам қағып кетсе де ауыр жазаланбайтын мықтылар бар. Көліктің рөліне отырса болды өзін "Шумахер" сезінетін дөкейлердің кесірінен қаншама бейкүнә жандардың қаны төгілді. Қымбат машиналарға мініп алып көшеде өздерін өте "сенімді" ұстайтын мықтылардың адам басып кеткен соң сот залында да сүйенеріне сеніп жазадан босауына жол бермеу керек.

Біз бұл оқиғада Mercedes Gelandewagen көлігінің жүргізушісі кінәлі деп дәл қазір айта алмаймыз. Себебі, біздің "өте шапшаң" қимылдайтын полицейлер екі күн бойы ештеңе анықтай алған жоқ. Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілінің сөзімен айтқанда "бірер минутта бәрін анықтау" мүмкін болмады. Тексеріп саралаудан кейін толық белгілі болады. Қалай болса да Abai.kz ақпараттық порталы бұл оқиғаны басты назарда ұстап, кіләлінің әділ жазалануын талап ететін болады.

Фото: zakon.kz

Abai.kz

11 пікір