Сенбі, 20 Сәуір 2024
Әдебиет 5812 6 пікір 24 Желтоқсан, 2018 сағат 07:24

Асқар феномені

"Атақты  қаламгер Асқар Сүлейменовтің 80 жылдығы болады" деп естігенде басылымдардан көзіміз үйір болған қыран тұмсық, қаршыға көз сыпа жігіттің қария жасын елестете алмай ойланып қалдым.

Алайда, Асекең марқұм қалай жас қалпында абыздық қариялыққа жетсе, қариялық жасқа жетпей пәни өмірден өтіп, халқының жадында жас қалпы жасай беретін тағдыр маңдайына жазылған бақытты жан екен.

Жуықта, Ұлттық кітапханаға  артында қалған әулет-отбасы  мүшелері, ең жақын замандас достары, бірге қызметтес болған театр тарландары, Асекеңнің шығармашылығын зерттеген оқытушы-ғалымдар және ол кісінің жанкүйер оқырмандары жиналған еді.

Сонда айтылған естеліктер  ол кісінің жазған шығармасы басқаларға ұқсамайтын қандайлық өзгешелікте болса, өмірдегі іс-әрекеті, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы да сондай ешкімге ұқсамайтын өзгеше болғанын көңілге ұялатып, көзге ғажап елестеткендей болды.

Мұрат Әуезов ағамыз жас жігіт шағында сонау Мәскеуде жүріп қолға алған  қазақ жастарының «Жас тұлпар» ұйымының жүріп өткен жолын Асекеңмен байланыстыра отырып тағы бір жандандыра әңгімеліп тастады. Сөз арасында,  ол кісінің керемет атқұмарлығын сөз етіп, бірде Алматыда жүріп бір ат жарыс алаңына барған кезде анадайда жүрген бір жарау жүйріктің шапқылап келіп Асекеңді иіскелеп, басын иығына салып тұрағанын айтып отырғандарды бір таңдандырды.  Және, сол кездегі қазақтың зиялы жастарының  үйінде  домбыраның  қайткенде  болу керектігі де Асқардың жасап кеткен үрдісі еді, деді.

Смағұл Елубай ағамыз, дикторлыққа тән тыңдаушыны баурап алатын төгілмелі сөзінің мәйегі етіп, Асқар Сүлейменовтің рухани образын  «Асқардың бойында Абай хакімнің абыз даналығы мен Махаббеттің ерен ерлігі қатар қалыптасқан» деп, түйіндеді.  Танымал театр қайраткері Нүкетай тәтеміз, Асекеңнің кісілік кішпейілдігін, жаннының нәзіктігін үлкен-кішіні еріксіз өзіне құрмет еткізетін дегдарлығын әдемі әңгімесімен кестелеп, өзінің жасы үлкен әпеке болса да Асекеңді «аға» деп, жүргенін айтып жиылған жұрттың жүрегін елжіретті.

Қазақы шешен сөзбен тыңдарманды  лезде баурап алған әртіс тәтеміз, (атын есіме түсіре алмадым) сөзінің аяғында өзінің ұйғыр қызы екенін айтып, театрда жүрген кезде Асекең, өзінен жалақың қанша, деп сұрағанын, жалақым сонша дегінімде, «А, сен олай болса қазақи зиянды ортада жүргенің үшін екі есе жалақы алуға тиіссің!» деп, қатты күлдіргенін  еске алып, отырғандарды да осындай әдемі әзілімен ду күлдіріп қойды.

Тарихшы Мәмбет Қойгелді, Асқар Сүлейменовтің атақты Бесатар шығармасының тарихи негізін деректі дәлелдермен қызықты етіп түйіндей отырып, ол кісінің осындай тоталитарлық  кезеңнің  өзінде елді елең еткізген жанды шығарма жазуының түп-төкіні, бірден-бір бұл қазақ жазушысының Советтік коммунистік идеологияны  жандүниесімен қабылдамағанының жемісі, деп білеміз деді.

Орысша сөз алған музика зерттеуші  әйел кісі, Асеңеңнің кәсіби музканттардан әлдеқайда артық ұшан теңіз білімі бар екеніне көптеген дәлелдер айтып отырғандарды тәнті қылды. Батыстың классикалық әуендерін түсінуі, оны талдауы және қазақтың ғана емес туыстас көрші түркі тектес ағайындардың да ұлттық  ән-күй өнерін жете таныған, музиканың феномен білгірі деген сөзіне, бұдан бұрын бұл жайлы хабары жоқ жиылған топ тамсана таңданып қалды.

Атақты актер әрі Асекеңнің туған күйеу баласы Досхан, өз сөзінде Асқар атасының жазған пьесалары саханада дап-дайын ойнауға сұранып тұратынын, оны сахналағанда режиссердің де, актерлердің  де қиналмайтыдығын  ол кісінің театр өнеріндегі шалқар білімділігімен түсіндіріп, әсерлі әңгіме айтты. Туған қызы Қаракөздің Асекеңді елі-жұрты қаламгер ретінде сағынып еске алып отырса, өзі нағыз әке ретінде оны қатты сағынатынын «қарам менің!» дейтін сөзі әлі жан-жүрегінде жасап келе жатқандығын айтқанда жиылған көптің көзінен еріксіз жас домалады...

Асқар Сүлейменовтің  жан жары әрі әдеби мұрасының шырақшысы  Әлия, осында жиылған көпшіліктің Асекеңнің нағыз жанкүйер оқырмандары, ол кісіні терең түсінетін зиялы қауым екенін айтып, жиынды түйіндегенде көкейде оқырман ретінде айтатын сөзге уақыт жетпей қалып қойғанын осы хабарламамда, журналист ретінде емес,  оқырман ретінде айта кеткенді мойыныма қарыз санадым:

Асқар ағаның отыз жылдан бергі оқырманымын. Жігіт шағымнан жігіт ағасы болғанға дейін осы жазушының  шығармасын тамсана оқимын. Қазір қолымда  1997-жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Бесатар» жинағы бар. Содан бері оны қанша рет оқығанымнан  жаңылдым... Неге оны сонша оқи беремін? Мәселен, «Бесатар» хикаятын оқығанда Төрехан ақсақалмен бірге, қазақтың шыттай жасаулы қоңыр салқын киіз үйінде бірге отырғандай, орыс төре Крейгелдің пісіп-пісіп жіберіп тамсана ішетін қымызын тегеште иісін бұрқырата сапырып отырып қатар ішіскендей күйге бөленемін. Төрехан атамның дегдар мінезі, қазақы сәлеуетті киім киісі, малдас құрып мызғымай отырған әулие отырысы,  әрбір лебізі астармен астасып жатқан алтыннан қымбат қазақы сөз саптауы... яғни қазір біз осылай деп ауызымыздың суы құрып айтатын адамдардың сол кездегі кез келген біреуі ғана саналатын қарияны сағынып, өз атамды көргендей болатыным үшін қайталап оқимын.

Сонсоң, Мұқағали батыр, орыстың қолға түскен офицері Иноземцевке етігін тартқызып шештіретін (мұнда дәретсіз жүрмейтін тап-таза мұсылмандық әдепті де анық байқауға болады) сәттегі дала батырына тән жайсаң мінезі, ауылын айуандықпен жазалаған жазалаушы отрядтың  сұмдық іс-әрекетін екеуі ара диалог секілді айтқандағы оның дана ақылмандығы, халқына жанашыр мейірімге толы адамгершілігі, алдында жатқан дұшпанына жасаған әділдігі... осындай  санап тауысуға келмейтін ғаламат адамшылық көріністер кешегі халқының азаттығы үшін он жыл отаршы қытайлармен алысқан  Оспан батыр атамды көз алдыма келестетіп көзіме жас келтіретіндігі үшін қайталап оқи беремін... Бірақ, бір қызығы қанша оқысам да басқа жаңа жанды көріністер қайталап шыға береді, бұрын оқыдым білем ғой, дейін сезім тумайтынында  осы шығармада тағы бір тылсым  сыр бар секілді, сезіледі.

Былайша, айтқанда «Бесатар» хикаяты батыр халқымызға  Асқар Сүлейменовтың жанды сөзбен орнатып кеткен мәңгілік ескерткіші дер едім.

Сонсоң, осы жинақтағы «Адасқақ» әңгімелер тізбегін, тіпті әр бірін мини-роман десе де болады. Өйткені, мұнда да қазақтың біртуар шешендері мен көсемдері нағыз өз болмыс келбетімен алдыңнан жолығады. Біржан сал мен Хаким Абайдың  ешкі етінен пісірген «татар бәлішін» таңғы ас етіп дастарханға қояр алдындағы  және соңындағы ғажап қағыспа сөздерін естігенде, сол дәуірге барып, сол асылзадараға қызметіші болып бірге жүргендей уақыт шегінен өтіп, кітап дүниесі емес, кәдімгі өткен шақтағы қазақтың қоғамына қайтып барғандай әсерге бөленесің. Тірі Абай мен тірі Біржанды көресің...

Сарарқаның төсінде Құлагерін баптап жүрген, басын қара шытпен шарт байлап алған Ақан сері мен  су жаңадан малынып киініп алған, астындағы атының жүген ер-тоқымы түгел алтынмен апталып,  күмістелген Біржан сал екеуінің жолыққан сәттегі естен кетпейтін дара мінездері, көкейге қонақтап қалатын қылпылдаған өткір сөздері қайта-қайта таңғалып оқуға мәжбүр етпей қоймайды... Адасқақтағы басқа барлық әңгімелер  де дәл осындай ғажап жандылығымен өзін, қайта-қайта оқытады, жалқы сөйлемінің өзі көз алдыңа жаңа сурет әкеледі...

Мен осыдан-ақ,  оқырман ретінде Асекеңнің неге бөлекше мінез-құлық  дағдыда  болғанын ол кісінің  төл қазақылығын сақтап қалғандығы, басқалар құсап еріксіз советтенбегендігі, халқының асыл қасиетін заманға сатпағандығы, қара басының қамы үшін азғын заманға бейімделмегендігі, дер едім. Міне, біз осы қазақтың баяғыда қалыптасып, қазір ұмытыла бастаған төл қасиетін Асекеңнің бойынан көріп, ерекшелік деп таңданып отырмыз.

Олай, десек қазір «Рухани жаңғыру» деп, алашапқын болып жүрген жайымызды Асқардай дана жазушы өз кітабында түгендеп, өз халқына аманаттап кеткен деп, ойлаймын. Егер, осыны түсінсек Асқар ағамыздың шығармаларын орта мектептен бастап, жоғарғы мектепке дейін оқытып үйіретсе, қазіргі ұрпақ қазақы мінезді де, төгілмелі төл сөзін де содан таба алар еді.

Абай Мауқараұлы, жазушы-журналист

Abai.kz

 

6 пікір