Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Тұлға 6451 0 пікір 21 Желтоқсан, 2018 сағат 07:49

Жомарт жүрек

Бірер жас үлкендігін есепке алмай, дос-жолдас санап жүрген алдыңғы толқын ағаларымыз бірінен кейін бірі алпыс жылдық мерейтойларын атап өтуде.  Бір жағынан, осынау бір асқаралы жасқа аман-есен жетіп, халқының алдында есеп беріп жатқандарына шын қуанып қаласың. Ал, күні кеше ғана екпіндерінен жел есіп, жастықтың думанында бірге жүрген аяулы жандардың ағалық жастан асып, егделік кезеңге  аяқ басқанын ойлағанда көңіліңе бір кірбің қонақтайтыны да жасырын емес. «Япырай, – дейсің осындайда, – тоқтаусыз сырғыған қайран уақыт білдіртпей бізді де өмірдің базарынан қайтар кезеңге жеткізген екен-ау!» Себебі, алпыс деген анау айтқандай – тал түс емес, бесін мезгіл екенін, өрекпіген сезімдер басылып, байсалдылыққа бас иетініңді  ішің сезеді... Бозбала кезде алғаш танысып, өмір атты дүбірлі  дүниенің  өлең дейтін өлкесінде жұп жазбай бірге келе жатқан Жомарт Игіман  өзінің 60 жылдық мерейтойына шақырғанда екіұдай күй кешкенім сондықтан.

Бір ашылып, бір тарқатылып келе жатқан Талдықорған облысының тағдыры одан да күрделі Бөрлітөбе (дұрысы Бөрілі төбе) ауданындағы «Балқаш өңірі», «Прибалхашье» газеттерін бала кезден оқып өстік. Сол газеттен Жомарттың өлеңдерін алғаш көріп, еліктегеніміз де жасырын емес. Төрт аяғынан тайпалған сол өлеңдерді мектеп оқушысы жазды деген ой қаперімізге де келмейтін. Үлкен кісі шығар дейтінбіз ішімізден. Жоғары сыныптарда оқып жүргенде аудандық газетке жіберген өлеңдеріме баға беріп, хаттарға  шолудың ішіне менің де сойымды кіргізгенде ерекше қуанып, Жомарт деген ақынға деген құрметіміз арта түскен. Ал, тұңғыш кездесуміз мектеп бітірген жылы ҚазМУ-дың жатақханасында болғаны қазіргідей көз алдымда. Менің құжаттарымды журналистика факультетіне өткізгенімді естіп, арнайы іздеп келіпті. Алғаш ойлағандай аса үлкен жігіт емес екен. Арамыз екі-үш жас шамасы. Бірақ, байсалды қалпы, сөзінің салмағы өмір көріп, ысылған азамат екенін аңғартып тастаған. Маған  ақыл-кеңесін айтып, өлеңдерімді оқытып, пікірін білдіріп қояды. Біраз отырып әңгімелестік. Осы таныстық бізді аға мен бауыр, әдебиет пен журналистикадағы әріптестер ретінде  байланыстырып кеткенін қайдан білейік.

Сол жылы менің жолым болмады, оқуға түсе алмадым. Келер көктемде Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеу  үшін әскерге аттандым. Сонау Поляк жерінде жүріп, сағыныштан туған бір-екі өлеңімді аудандық газетке басып, хатқа салып жібергенде қазақ тілін түсінбейтін қаруластарым да оқытып тыңдаған. Командирлер алдында абыройым бір өсіп қалғаны есімде. Екі жылдан кейін қайтып оралып, аудандық газетке барсам,  Жомартым осында жауапты хатшы қызметін атқарып жүр екен.  Біздің арамыздағы  нағыз достық осы кезде басталғаны анық. Жері шөлейт, табиғаты қаталдау өңір  болса да, ол кезде Бөрлітөбе аудандық газетінде шығармашылыққа құштар жандар еңбек ететін. Жазушы Асылбек Әлсеров, сатираның сарбаздары Төлеухан Аязбаев пен Тұрлыхан Кәрім, журналистиканың майталманы Тілеукен Бекбосынов мені туған бауырларындай құшақ жая қарсы алды. Жомарт екеуімізді өлеңге деген талабымыз тіпті жақындастырып жіберген.

Менің түсінуімше, ақынға ұстаз болу деген – өлең жазуды үйрету болып есептелінбейді. Ол ең алдымен, шығармашылыққа баулу, поэзияға деген көзқарас пен мінезді қалыптастыруда жатса керек. Мен Жомарттан осыны үйрендім десем, қателесе қоймаймын. Аудандық газеттің ұшы-қиыры көрінбейтін жұмысына жегіле жүріп, арасынан өлең жазуға да уақыт тауып жатушы едік. Мұндай сәттер әсіресе Жомартта жиі кездесетін.  Жұмысқа келгеннен кейін қаптаған шаруаның бетін бір қайырып тастап, түнде ғана жазған өлеңдеріне кезек беретін. Ширыққанда туған жырлар бірден жанымызды баурап, бөлек бір әлемге жетелегендей күй кешкен сәттеріміз аз болған жоқ. «Е, жазғанда осылай жазу керек-ау!» – деген ой санамызда қонақтап қала беретін.

Ал, тіршілікте Жомарт өзінен кейінгі қалам ұстаған жастарға қамқор аға да бола білді. Ашулану, кею, адамға жекіру дегенді білмейтін Жөкеңнен үнемі қолдау көріп жүрдік. Бір жыл еңбек етіп, оқуға қайта аттанарда ақ жол тілеп қалған да өзі болатын. Жыл сайынғы  өндірістік тәжірибені «Балқаш өңірінде» өтуге келгенде құшақ жая қарсы алатын да сол. Мамандықты меңгеріп, дипломды алып келгенде қуанғандардың қатарында да Жомарттың болғаны анық.  Ақыл айтып емес, өзінің жеке үлгісімен журналистиканың ұңғыл-шұңғылын ұқтырып, поэзияға деген адалдықтың қандай болатынын көрсеткен Жомарт еді десем, өзге ағаларым өкпелей қоймас.

Бір күні Жомарт мені оңаша шақырып алып: «Қуат, Қапал аудандық газетінде қазақ мамандары қат көрінеді. Облыстық партия комитетінен ұсыныс түсіп жатыр. Мен Бөрлітөбе ауданына тамыр тастап үлгердім, ал сен болсаң жассың. Осыған өзің барсаң қайтеді?!» – деген. Жұбайыммен ақылдаса келіп, барған дұрыс деп шештік. Газетіміздің редакторы Болатхан Ахметов ағамыз да мұны бірден қолдаған. Осылайша ойламаған жерден Қапалға аттанып, редактордың орынбасары болып шыға келдім. Араға жыл салып осы газеттің редакторы қызметіне тағайындалдым. Тағдырымның осылайша аяқ асты өзгеруіне Жомарттың ықпалы болғанын қалай ұмытайын.

Арамыздағы жолдар мен шақырымдар рухани байланысымызға кедергі болмағаны анық. Облыс, республика көлемінде өткізіліп жататын мүшәйраларда, кәсіби жиналыстарда жиі бас қосып тұратынбыз. Әсіресе, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары батыр бабаларымыз бен би-сұлтандарымызға арналған аста-төк тойлар біз үшін шабыт шақырудың, жыр жазудың тың тапынысы болды. Мұндайда, облыстық газеттің бас редакторы Тұрсын Әбдуәлиев ағамыз бастап, Талдықорғанның бас ақыны, жарықтық Әбен Дәуренбеков, Жамау Бұқарбаев, Тоқтасын Сүгірбеков, Ордаш Кендірбаевтар біздерге ерекше ілтипатын аяған емес. Олардың шуаққа толы көңілі мен ағалық аялы алақанын бүгінге дейін сезінеміз. Ордаш ағамыздың жақсы жыр естіген кезде: «Өй, айналайын-ау, осыдан артық енді кісі өлтірейін деп пе едің!» – деп ризашылығын білдіретінін жымия отырып еске аламыз...

Қапал мен Бөрлітөбе аудандарының арасы әжептәуір жер. Алайда, Жөкеңдерді сағынған кезде алыс-жақынға қарамай тартып кететінмін. «Балқаш өңірі» газетінің бас редакторы қызметін атқаратын Жомарт риясыз көңілмен қарсы алады. Тілі тотияйындый ащы, сықақшы  Төлеухан ағамыз, баспахана директоры – Ғали Ахметов бауырымыз жанынан табылады. Әңгіме тиегі ағытылып, небір қызық оқиғалар еске түсіріледі. Мұндайда, әрине, өлең де оқылмай қалмайды. Өзінің майда қоңыр дауысымен жаңа бір шығармасын оқи жөнелгенде  Жомартты тыңдаудың өзі бір ғанибет. Өлеңі – өзімен, өзі –өлеңімен біте қайнасып кеткен ақын айналасындағыларға рухтанып көрінетіні бар.

Менің пышақтың қырындай ғана тырнақалды кітабым – «Жан сырым» осы Бөрлітөбе аудандық баспаханасынан жарық көрді. Бұған алғашқы  редакторым Болатхан Ахметов мұрындық болса, шығарушы Жомарт Игіман еді.  Тұңғыштың аты тұңғыш. Көңілім алып ұшып кітаптарымды алуға бардым. Жанымда Қапалдың екі азаматы серік болып жүр. Редакция мен баспахана қызметкерлеріне дастархан жайып, алғысымызды айтқанша күн кешкіріп қалған екен. Қапалдық достарым: «Жанына келіп тұрып Балхаштың суына аяғымызды батырмай кеткеніміз болмас!» – деп қолқалағаннан кейін Көкше теңізге бардық. Дарияның жағасында тұрып жүзуді үйренбеген Жомарт суға түсуден бас тартты. Қалған үшеуіміз белуардан су кешіп тұрып, тілек айтуды жалғастырған көрінеміз. Сол кезде жағада тұрған Жөкең күреңітіп батқан күннің шапағатымен қызыл түске боянған көлге қарап тұрып:

Мынау Балқаш...

қызыл-күрең, түс ғажап,

Бір жартыны қолдарына ұстап-ап.

Үзіп-жұлып тілек айтып өзді-өзі,

Үш жүз грам бөліп ішті үш қазақ! –

дейді бізді қағытып. Ондайда үндемей қалу арға сын. Табан астында мен де табылып:

Қаперімде сөз табады бүй деп кім,

Арасында мойның озық түйдектің.

Су жағалап жүрген тауық – Жомекең,

Жұмыртқасын басып шыққан үйректің! –

деп әзілдегенім есімде.

Айта берсе, Жомарттың осындай оңтайлы сәттері суырып салып өлең құрап, ұрымтал жауап қайтарып жіберетіне талай куә болғанбыз. Поэзияға аса сергек қарайтын ол мұндай экспромтты жырларды да төрт аяғын тайпалтып шығаратын. Әңгіме арасында табан асты тапқырлығымен талай ортаны қыран-топан күлкіге кенелткен сәттері де аз емес. Соның бір-екеуіне тоқталып өткенді жөн көріп отырмын.

Аудан жұртшылығы арасында  әжептәуін абыройы бар Жомартты әкім-қаралар да қатты құрметтейтін. 90-шы жылдардың басында «демократияның»  дүмпуімен сайланып, аудан әкімі болған Амангелді Бекбосынов  деген азамат қайда сапарласа да редакторды жанынан қалдырмай алып жүреді ғой.  Арада біраз уақыт өткеннен кейін кабинетте аудан басшыларымен әңгіме-дүкен құрып отырған әкім:

- Әй, Жомарт, осы мен сені өзім жүрген жерден бір қалдырмаймын. Ал сен мені неге үйіңе қонаққа шақырмайсың?! – демейді ме.

- Ой, Әбеке, осыны ойлағанда өзім де қиналамын. Бірақ... шақырайын десем үйім жоқ! – депті.

- Қалай, осы күнге дейін үйсіз жүрсің бе?

- Иә, ана келініңіз Сайраштың теміржол мектебінің мұғалімі ретінде алған пәтерінде квартирант болып тұрып жатырмын...

- Оның болмаған екен. Бас редактордың баспанасыз жүргені жараспайды. Қане, отыр да арызыңды жаз, – дейді әкім. – Пайдалануға берілгелі отырған үйлердің біріне кіресің!

Сонда алдына қағаз алдырған Жөкең:

Он алты жыл мен Лепсіге келгелі,

Тапқаным көп, жеткенім көп, сыйым көп.

Айтары бар ақын дейді ел мені...

Бірақ, бірақ, өз басымда үйім жоқ! – деп жазып беріпті. Айтқандай-ақ, көп ұзамай Жомарт отбасымен жаңадан бой көтерген үйлердің біріне кірген болатын.

Біздің редакторымыз әрі рухани ұстазымыз Болатхан Ахметов ағаға қатысты бір қызық оқиғаны айтпасқа болмайды. Ол кісі алпыс жасқа толып, зейнеткерлікке шығу тойын жасамайды ма. Сол тойда сөз сөйлеген аудан әкімі  әңгіменің әужайын Жомартқа қаратып:

- Жомарт Мақатұлы, дүниеде Болатхан ағадай ұстаз берген сенде арман жоқ шығар?! – депті. – Бозбала кезіңнен қанатының астына алып, айтулы ақын әрі қаламгер етіп шығарды. Кезінде өз еркімен баспаханаға бастық болып ауысып, редакторлық қызметін саған қалдырып кетті. Кейіннен аудандық мәслихаттың төрағасы қызметін әкеден қалған мұрадай етіп, тағы саған табыстады. Енді ол кісіге алғыстан басқа не айта аласың?! – демейді ме.

Сол кезде Жомарт:

- Жоқ, шын мәнінде Болатхан ағама өкпем қара қазандай! – депті. Мұндай жауапты күтпеген  жұрт сілтідей тынған.

- Апырай, неге?

- Бәрі жөнімен келе жатыр еді. Енді ойламаған жерден демалысқа кетемін дейді. Мен ол кісі ауданға әкім болып, өзі зейнеткерлікке шыққанда орынына мені отырғызып кетеді деп үміттеніп жүргенім жоқ па!

Тойға келген қонақтарды қыран-топан күлкіге кенелткен Жөкең өкпелеген баладай күй танытып, ұртын томпайтатын көрінеді.

Айтқандай-ақ, ақынға әкім болуды жазбаған екен. Көп ұзамай Бөрлітөбе ауданы жабылып, Сарқан ауданына қосылып кете барды. Тіршілік қамымен Жомарт та Сарқан қаласына қоныс аударған. Мұнда аудан әкімдігінің ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі  қызметіне орналасты. Атынан ат үркетін қызмет екені рас.  Оны игру өмірлік тәжірибесі мен білімі  мол Жөкең үшін бұйым емес.  Қызметті бірден дөңгелентіп әкеткен. Алайда, еркіндікте ғана шарықтай алатын ақын көңіл ертеден кешке дейін төрт қабырғаны күзетіп отырып, басшылардың айтқанын мүлтіксіз орындауды талап ететін бұл жұмысқа көндіге алмағаны анық.  Оны біз ара-тұра Жөкеңді іздеп барғанда аңғарып та жүрдік. Ақыры, мемлекеттік қызметті қалдырып, жанына жақын журналистикасына қайтып оралды.  Ол осылайша Сарқан аудандық газетінің бас  редакторы қызметіне келген болатын. Арасында бір жыл шамасында Талдықорғанға келіп, «Алатау» газетінің редакторы болғанын айтпағанда, Жөкең әлі де сол «Сарқан»  газетін үздіксіз басқарып келе жатыр. Аудандық мәслихаттың депутаты, Сарқан ауданының Құрметті азаматы атақ-лауазымдары оған көрсетілген құрметтің бір парасы ғана.

Дарын деген дүние адамның бойына жалғыз-жарымдап емес, қосарлана қонатынын өмірдің өзі дәлелдеп келеді. Бұл қасиет Жомартты да айналып кетпеген. Осыған байланысты бір оқиға есімізге түскенде қарап отырып жымиятынымыз бар. Бірде, Алматы облысында екі жылда бір өткізіліп тұратын Мұқан Төлебаев атындағы композиторлар байқауы бастау алды. Қазылар алқасының мүшелерімен бірге келіп түскен шығармаларды қарап отырсақ, үміткерлердің ішінде Жомарттың  да әні бар екен. Оның әуен шығару былай тұрсын, «әу» деп ән салмайтынын жақсы білетін біздердің таңданысымыз аз болған жоқ.  Дегенмен, не де болса тыңдап көрейік деп шештік. Обалы не керек, Жөкеңнін әні әжептәуір жақсы шыққан екен. Байқау қорытындысы бойынша жүлделі екінші орынды қанжығасына байлап аттанды. Ертеңіне бұл ақпарат облыстық газетке жарияланған болатын. Соны оқыған ақын Ахмет Кендірбек дереу Жомартқа қоңырау шалады ғой.

- Ау, Жөке, біз сені ақын ба деп жүрсек, сенің сазгерлік өнерің де бар екен ғой. Құтты болсын жүлдең! – депті таңданысын жасырмай.

- Аха, айтарыңды тезірек айтшы. Уақытым өте тапшы... – депті сонда Жомарт асығыс екенін аңғартып.  Әріптесі әрі замандасынан  мұндай әрекет күтпеген Ахаң аңтарылып:

- Не болып қалды? Әйтеуір жайшылық па?! – демейді ме. Сонда Жомарт:

- Жуырда суретшілердің байқауы болады деп естідім. Соған дайындалып жатырмын! – депті маңғазданып. Осыдан кейін Жөкең сурет сала бастапты десе өз басым онша таңдана қоймаймын.

Қазақта – «ант» деген қасиетті ұғым бар. Оны Отанға, мемлекетке адал қызмет жасаймын, тіпті қожайынға қалтқысыз еңбек етемін деп қабылдап жатады. Өкінішке орай, бүгіндері ол алғашқы мазмұн-мағынасынан айырылып, орындалуы міндетті емес таптаурын бір түсінікке айналып бара жатқандай. Сірә, ант қабылдаған кезде шенеуніктер бір бармағын бүгіп тұратын болса керек... Осындайда, қолданыстан қалып бара жатқан «серт» деген сөзбен сағынысып қауышады екенсің. Осы «серт» сөзі: ғашықтардың – сүйгеніне, адалдардың – ақиқатқа, ақындардың – өлеңге деген тұрақтылығымен өлшенетін сияқты. Жомарт – өзінің бүкіл болмыс-бітімімен, өмірлік ұстанымымен осы сертінен таймай келе жатқан тұлға десем ешкім артық айттың дей қоймас. Сонау бозбала кезінде:

Марқұм әкем ежелден сөзге берік,

Өз жолымды таңдауға берген ерік.

- Өнер деген тым қиын, кедергің көп,

Жақсы, – дейтін, – кетпесең сен де жеріп.

 

- Сөз өнерін қалапсың, қарашығым,

Жеткізе алсаң еліңе жан асылын?!.

Деген сөзі дем беріп анашымның,

Жалқы жолдың іздедім жарасымын! – (Сөз сарасы) дейді ол  сөз өнерін мұрат еткен ұлына сынай қараған әкесі мен анасына серт беріп.

Қалпымды қарапайым қомсынбаңыз,

Шабытым шалқар теңіз, толқын нағыз.

Халқым деп қара өлеңмен сыр ақтарсам,

Қалсын деп айшықты боп артымдағы із! – деп қаймана қазағына сырын ақтарса да:

Қалмаған көкейімде сұрақ қанша,

Көңілді кім тазалар ластанса.

Толғанып, бабамменен тілдесейін,

Қонғаның, өлең шіркін, рас болса.

 

Өткен күн өгейсінбей сыр ақтарса,

Лебізге жан семірер құлақ қанса.

Бабаммен арамызда дәнекер бол,

Қонғаның, өлең шіркін, рас болса?! – (Рух шақыру) деп бабалар рухымен тілдессе де Жөкең ақындық тағдырдың азабы мен ғажабын теңдей алып жүруге дайындығын қапысыз аңғартады. Осы сертінен айнымай келе жатқанын жалпақ жұртының оған деген құрметі мен сүйіспеншілігі дәлелдеп тұр емес пе?!  Келтірілген шумақтардағы мінсіз құралуын айтпағанда, «Жалқы жолдың іздедім жарасымын...» , «Қалсын деп айшықты боп артымдағы із...», «Қонғаның, өлең шіркін, рас болса...» – деген жолдар ақынның өлеңге берген серті емес деп кім айта алады...

Бір ғана өлеңімен поэзия тарихында қалатын ақындар болады. Өндіртіп жазатындары да бар. «Мұса пайғамбар өз жолымен, Иса пайғамбар өз жолымен» – демекші, ақындықта да әркімнің өз жолы болуы заңдылық. Жомарт Игіман өндіртіп жазатындардың сойынан. Оның қаламынан бүгінге дейін «Жүздесу», «Шарайна», «Көкжиек», «Ғұмыршырақ», «Жайқоңыр», «Егіз өрім», «Ақжелең», «Ұлы дала сарыны» атты жыр жинақтары жарық көріп, оқырман қауымның ықыласына бөленіп үлгерген. Өлең мен қара сөзді тел меңгерген ол «Саялы төрім, Сарқаным», «Қыран қия», «Қанатталды», «Кие» атты тарихи-танымдық кітаптар шығарып, проза жанрында да таласы бар екенін аңғартып тастады. Ағалық жасты алқымдап, нағыз шығармашылық кемеліне келген Жомарттан алдағы уақытта да тұщымды дүниелер туатыны күмәнсіз. Ендеше, елін сиқырлы өлең құдіретімен қуантып келе жатқан жүрегі  жырға жомарт Жомарт ақынға ізгі мақсаттарын жүзеге асыру үшін денсаулық пен ғұмыр тілегіміз келеді!

 

Алпыс – асу

(Жомарт  Игіманға)

Іздеп сөздің асылын,

қазып ойдың тереңін,

Келтіріп ең кезеңге киелі сөз кемерін.

Алты асудан асыпсың айтулы ақын атанып,

Өлең болып тағдырың, өзің болып өлеңің.

 

Ақындардан шықпайды ақиқаттан бөлек үн,

Арпалыстың жұртыңнын әперем деп керегін.

Аңыз болып кеткен-ді отыз тістен шыққан сөз,

Өміріңде өйткені  өлең болды сенерің.

 

Жақсылықтың  айырып жақұтынан кебегін,

Жасып жүрген жан болса ізгі жолға жебедің.

Жан дәруі – жақсы жыр, жүрек емі – нұрлы сөз,

Қажет болса табатын өлеңіңнен ел емін.

 

Арып-ашқан жан болса сұрамастан себебін,

Айтқызбай ақ көрсеттің азаматтық көмегін.

Өрге бастар өсиет, өрім-өрім өлеңдер,

Осы емес пе қайтарған еңбегіңнін төлемін.

 

Адамдарды торлайды ашық күнде неге мұң?!

Білсем деумен күн кештің тіршіліктің дерегін.

Отан – Анаң – отбасың,

қаламгерлік – қадірлің,

Поэзия – ғашығың, өлең болды бөбегің.

 

Жұртың сенен күтуде абыз – ақыл, өрелі үн,

Жазар алда, беу Жомарт, оған кәміл сенемін.

Жігіт-желең қалпыңда жүре берсең жарар ед...

... Сен алпысқа келген соң, мен де алпысқа келемін!

Қуат Қайранбаев, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Abai.kz

 

0 пікір