Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4051 0 пікір 3 Мамыр, 2011 сағат 04:22

Бауыржан Ердембеков. Ақшоқыдағы қорымға ат басын бұрдыңыз ба?

 

 

Анау бір жылы Абай деп асқақтатып аузымыздан тастамайтын ақынымыздың әкесі - Құнанбай Өскенбайұлының 200 жылдығын  тек зиялы қауым (кітап жазып, мақала жариялап) атаған болдық. Қандай да бір дүбірлі іс-шарадан мақұрым қалғанымыз естеріңізде шығар. Абай ауылында той болса, келген қонақты салып ап, күре жолмен тура тартып, уақыт болса Бөріліге бас сұғып, дәстүрді аттап қосылып, құрбандыққа шалынған Кебек пен Еңліктің басында асығыс-үсігіс бет сипап, Жидебайға дік ете түсеміз. Қарауылдан дәм татып, Семей қайда деп тартып отырамыз. Көптен бергі (мен білетін) маршрут осы. Жолдағы киелі мекен - Ақшоқы қашанда қалыс қала береді. Көзден таса болған соң, көңілден де өше береді екен. Көп жылдар араға салып, осы Абайдың 165 жылдығында Жидебайлатып тартқан топ мәшиненің ішінен бөлініп, әдеиілеп Ақшоқыға бұрылдым. Маған бөлінген қонақтарға ұсынысты айтып ем, Құнанбай қорымын көрмеген есімі әлемге танымал болған әнші Шахимардан Абилов пен «Жас-Ай» Шығыс-Тибеттік медицина орталығының директоры Жасан Зекейұлы қуана құптай кетті. Көп көліктің ішінен соңымыздан тағы бір мәшине ерді. Бақсам, әріптесім, институт проректоры Талтенов Абзал, қасында жазушы Шарбану Бейсенова мен кеше ғана арамыздан кеткен академик Рымғали Нұрғалидың жары бар.  Ел, жер, тарих дегенді тануға келгенде алдына жан салмайтын Әбекең менің мұнда тегін бұрылмағанымды сезген болар. Құнанбай қажы жатқан қалың қорымға келдік. Құран оқып, бет сипадық. Күздің қара суығын елемей сұлқ жатқан меңіреу даланы әрқайсымыз оймен шарлаған боламыз. Басқаларға қарағанда маған бұл жер танысырақ. Шамам келгенше білгенімді айтқан боламын. Құнанбайдың, Абайдың, Мағауияның, Кәкітайдың қыстағы... Еңлік пен Кебек оқиғасы.... Ойқұдықтағы алғашқа қазақ пеьсасы... Әбдірахманның сүйегін Алматыдан әкеліп қойған орын.... Пушкин, Лермонтовтар қазақша сөйлеген... Аттың сынынан бастап біраз өлеңдер дүниеге келген өлке... т.б. сөйлеп жатырмын. Бұл араға алғаш келген қонақтардың көңілдері алабұртты. Өнер адамы толқыды, зиялылар ой тұңғиығына кеткендей біразға дейін үнсіз қалды. Сәлден кейін сұрақтар, сауалдар, ой тастаулар.... тарихты, жерді, елді аралап келіп, «Осы Құнанбай қорымына неге бір үлкен кешенді кесене тұрғызылмаған»,- деген мәндегі  сауалдарға, дәл біздер, бүгінгі ұрпақ жасайтын шаруалардың маңындағы мәселелерге келгенде, қашандағы үйренген әдетімізбен «басшылар қарамайды,  әлгілер өйтпеді, бергілер бүйтпеді»,- деп біреуге сыра салдық, оның несін жасырайық.

Шынын айту керек 150 жылдықта Абайға аламандай қып кесене орнатқанда оның әкесі Құнанбайдың төрт құлақты бейітін күмбезге айналдыру әу бастан жоспарланбаған болу керек. Әйтпесе, Құнанбай Абайдың әкесі ғана болып, қара жаяу кісі десек қане? Тәуелсіздікпен бірге Құнанбайға да тиесілі баға беріліп, тарихи тұлға туралы айтылып та, жазылып та келеді. Б.Сапаралының, Т.Жұртбайдың т.б. ғалымдар мен зерттеушілердің еңбектері, қажыға қатысты қорғалып жатқан ғылыми диссертациялар Құнанбайдың шынайы болмыс-бітімін ашуда. Бұл жағынан ғалымдарда гәп жоқ...

Құнанбай ұрпақтары жерленген үлкен қорымында екі зират. Кәкітай жатқан жақ бөлігіндегі зираттың төргі қабырғасы құлаған екен, сабан кірпіштері зират ішіне шашылған. Бекен Исабаев Әрхамның қызы Міәштің қойын кітапшасындағы мына бір деректерді келтіреді: «Соғыс кезі, колхоз зиратқа шөп үйеді екен ішіне. Бірақ аталар басы ашық қалған. Жерде пішен қалдықтары». Соғыс кезінде шөп үйілсе, егемендікке қол жеткізгенде қабырғасы құлап, тіпті шөпқоралық құны қалмағанына ішің ашиды екен. Менің сөзімді кеше ғана Абайдың шөбересі Мағауина Ғазел апамызды Ақшоқыға жерлеп қайтқан жұрт растай алады. Кеңестік кезеңде Абайға қарсы сомдалған Құнанбайдың мәңгілік мекеніне жөнді көзқарастың болмағаны түсінікті ғой, ал қазіртөрт құбыламыз түгенделіп, төбедегіміз келіп тұрған мына заманда не деп ақталарыңды білмейсің.

Керекуде ел азаматтарымен талай игілікті істердің басы-қасында жүрген, Мәшһүр Жүсіптің кесенесін салуда далада түнеп, жетекшілік еткен Абзал досым күйіп кетті. Былай шыға:

-Бауке ел бар, жұрт бар естімегенді құлақтандырып, елемегеннің есіне салу біздің парыз, мынаны бір іс қылып, Құнанбайдың басына дәреже-дақпыртына сай мәңгілік үйін тұрғызу керек қой,- деді.

-Керек,- дедім, дәл ертең өзім тұрғызатындай нығарлап. Керегін керек-ақ. Жалғыз Құнанбай емес, сол жерде жатқан Мұхтар Әуезовті жетектеп Абайдан бата алатын Әуез ақсақал, Құнанбайды арқалап қасиетті Қағбаны айналатын Ізғұтты, қыршын кеткен Әбдірахман, ақын Мағауия, Абайдың өлеңдерін арқалап, Петербордан жинақ етіп шығарған Кәкітайлар үшін кешенді кесене сұранып-ақ тұр. Әу баста Абайдың да жамбасы осы жерге тиеді деп шешілген киелі мекен ғой, Ақшоқы.

Біткен іске сыншы көп. Әйтсе де айтайын, «көк теңіздің үстіндегі алып кемеге ұқсайтын» Абай мен Шәкәрімнің кесенесі тым сала-құлаш. Оңтүстік жақтағы оймақтай күмбездер жылы тартып тұрса, әлгі кемеңізді ұшақ, я тікұшақпен көрмесеңіз былайғы қарапайым жұрт оның кеме екенін аңғармауы да мүмкін. Есесіне қабірдің еңсесін езіп бес метр биіктік алаң жасалып, кесене тұрғызылған. Әуелде кітапхана, оқу залы т.с.с. есептелген ішкі дәліздер қаңырап бос тұр. Кесененің ішін қаншалықты жаңа технологиямен жабдықтап, құнды кітаптарға сірестіріп  қойсаңыз да сонау екі жүз шақырым жерден Жидебайға кітапханаға келетін оқырманды табу қиындау болар, қаладағы кітапханаға сүйреп апара алмай жүргенде... Төрт құбыла, кесене алдындағы мінажатхана бәрі жақсы, бірақ ас пен той болмаса, құла түзде құлазып қалғандай. Қалай десеңіз де бабамыздың топырағын сипап, тәу етпей, бес метр биіктен төніп тұратынымыз табиғилықтан ада тұр. Осы бір шаш-етек шығынды сығымдап, Абай мен Шәкәрімге жеке-жеке шағындап күмбез көтергенде, қалған қаржы, я болмаса Ақтаудың ақ тасы Құнекеңнің қорымына да жетіп қалар ма еді? Осы ақылсымағымды «ақсақ қой түстен кейіннің кері» десеңіз келісерміз. Бірақ, біз дәл уақытында маңырасақ та оны құлаққа ілер науқаншыл дөкейлердің болмасы анық-тын. Әйтсе де, Ақшоқыдан алған әсермен келе сала Абай мұражайының директоры Жандос Әубәкір досыма кірдім:

- Осылай да, осылай Құнанбайдың басы қараусыз жатыр, Кәкітай зиратының қабырғасы құлап, ішінде мал жүр,- десем досым бұл жайдан хабардар екен, алайда шарасыз. Сөйтсек, Ақшоқы Абай мұражайының меншігіне жатпайды екен, бір кірпіш алсаң да, қаласаң да сотталасың. Кезінде Төкен ағам (Ибрагимов) Абайдың бір ұрпағын әкеліп Ақшоқыға жерлеп, зиратын қоршаған екен бітті. «Мұражайдың ақшасын басқа объектіге жібердің»,- деп заңсоғарлар ал кеп қыспақтасын. Әйтеуір Төкен ағам адуынымен тоқтатыпты әлгілерді...

Шаруашылығы күйзеліп тұрған Абай ауданынан да, қазандығы тесіліп қақсап отырған қаладан да қайыр жоқ. «Құнанбайға зират соғайық» десең онсыз да қымбатшылықтан қаны қарайып отырған халық саған сол мезетте  Құнекеңнің қорымынан орын тауып беруі әбден мүмкін. Ендігі үміт облыста. Абайдың ескерткішімен Өскеменге қазақылықтың қазығын қаққан ұлтжанды азамат Бердібек Мәшбекұлы мен Семейлік меценаттардың назары осы іске ауса нұр үстіне нұр болар еді. Тіпті болмаған жағдайда осы Ақшоқыдағы тарихи орынды Абай мұражайының меншігіне беріп, көмекті республикадан, Мәдениет министрлігінен күту керек. Әйтпесе бір Құнанбай емес, Абайдың ақын балалары, жазушы М.Әуезовтің атасы жатқан киелі қорымның қалған қабырғалары құлап, үйілген төбені сипап қаларымыз анық. Абай қоры (Балташ ағамыз), мұражайы, қаланың зиялы қауымы бірігіп осы мәселені жоғары жаққа жеткізсек сөзіміз аяқсыз қалмайды деп ойлаймын. Ата сыйлаған елміз ғой, өлі разы болмай, тірі байымайды, ағайын.

«Семей таңы» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2277
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3594