Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3825 0 пікір 2 Мамыр, 2011 сағат 22:52

Қажымұқан Ғабдолла: «Қазақты мақтамауымыз керек, қазақпен мақтануымыз керек»

Биылғы жылдың 18 сәуірінде Алматы қаласында ұлт жанашыры, «Жұмадағы жүздесу» газетінің бас редакторы Қажымұқан Ғабдолланың ұйымдастыруымен елдің ертеңін ойлап, ұлттың үмітін үкілеген қазақ азаматтарының бір тобы бас қосты.

Қазақ ұлты мен елінің келешегі туралы ащы да ашық әңгіме қозғалған осы отырыста, ең алдымен, қабырғалы қазақты бірлікке шақыратын республикалық ұйымның қажеттігі, ұлтымыздың тағдырын дүйім ел болып ойласатын уақыттың жеткендігі кеңінен тілге тиек етіліп, нәтижесінде «Қазақ елі» халықтық қозғалысы құрылды.

Келелі жиылыстың ұйытқысы һәм ұйымдастырушысы болған Қажымұқан Ғабдолламен жаңа ұйымның мақсат-мүдделеріне тереңірек тоқталған әңгіме-дүкен құрдық.

- Қажеке, осыдан біршама уақыт бұрын сіз батыс өңірінде «Қазақ құрылтайын өткіземін» деп, дүйім елді дүркіретіп, бұл шапқынның ақыры парламентті шарпып еді. Тіпті, билік «Кіші жүз бөлінгелі жатыр» деген сыңайда байбалап салып, Мәжілісші Уәлихан Қалижан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысына осы мәселені егжей-тегжейлі тексеруді тапсырып, депутаттық сауал жолдаған болатын.

Мұның өзі, меніңше, Ақорданың шырт ұйқысынан шошып оянып, шұғыл президент сайлауын өткізіп жіберуіне түрткі де болған сияқты. Қазір ескі мемлекет басшысын жаңалап, қызмет мерзімін создырып алдық. Сіздің ендігі екпініңіз: «Жау кеткен соң, қылышыңды тасқа шаптың» кері емес пе?

Биылғы жылдың 18 сәуірінде Алматы қаласында ұлт жанашыры, «Жұмадағы жүздесу» газетінің бас редакторы Қажымұқан Ғабдолланың ұйымдастыруымен елдің ертеңін ойлап, ұлттың үмітін үкілеген қазақ азаматтарының бір тобы бас қосты.

Қазақ ұлты мен елінің келешегі туралы ащы да ашық әңгіме қозғалған осы отырыста, ең алдымен, қабырғалы қазақты бірлікке шақыратын республикалық ұйымның қажеттігі, ұлтымыздың тағдырын дүйім ел болып ойласатын уақыттың жеткендігі кеңінен тілге тиек етіліп, нәтижесінде «Қазақ елі» халықтық қозғалысы құрылды.

Келелі жиылыстың ұйытқысы һәм ұйымдастырушысы болған Қажымұқан Ғабдолламен жаңа ұйымның мақсат-мүдделеріне тереңірек тоқталған әңгіме-дүкен құрдық.

- Қажеке, осыдан біршама уақыт бұрын сіз батыс өңірінде «Қазақ құрылтайын өткіземін» деп, дүйім елді дүркіретіп, бұл шапқынның ақыры парламентті шарпып еді. Тіпті, билік «Кіші жүз бөлінгелі жатыр» деген сыңайда байбалап салып, Мәжілісші Уәлихан Қалижан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысына осы мәселені егжей-тегжейлі тексеруді тапсырып, депутаттық сауал жолдаған болатын.

Мұның өзі, меніңше, Ақорданың шырт ұйқысынан шошып оянып, шұғыл президент сайлауын өткізіп жіберуіне түрткі де болған сияқты. Қазір ескі мемлекет басшысын жаңалап, қызмет мерзімін создырып алдық. Сіздің ендігі екпініңіз: «Жау кеткен соң, қылышыңды тасқа шаптың» кері емес пе?

- Қазір қазақ даласын бір елес кезіп жүр, ол - Демократия елесі. Кеше ғана Президент сайлауы өтті. Соған екінің бірі қатысқан жоқ. Себебі, бүгінгі қазақ нағыз демократия мен әділ сайлауға сенбейді, оның елесіне ғана сенеді.

Тәуелсіз ел болғанымызға биыл жиырма жыл толады. Бұл - аз уақыт емес: қазақ тілінде таза сөйлеу үшін; әлемдік кеңістікте өз орынымызды сөз жүзіндегі бос кеудемсоқтықпен емес, нақтылап әрі мықтылап белгілеп алу үшін; шикізат байлықтарымызды, мысалы, мұнай мен түрлі-түсті металдарды өңдейтін зауыттар мен фабрикаларды өз елімізде көптеп салып, өнімін он, жүз есе қымбат бағамен сату үшін; жалпы, ұлттық құндылықтарымызды ықтияттап, түгендеп алу үшін аз уақыт емес.

Қазақ: «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деп, бекер айтпаған. Әншейінде орыспен көршілігімізді көлденең тарта береміз, іс жүзінде осынау 20 жылда, тым құрыса, Кенесары бабамыздың Санкт-Петербургтегі ғазиз басын туған топырағына әкеліп, баһадүрдің рухын тыныштандырып, құран бағыштай алмадық.

Ал, сіздер, қит етсе, ел ішінен жау іздеп, өзі жайбасар, бейқам, кеңқолтық қазақтың қолтығына су бүркисіздер.

Осындай өсек-аяңды бұрқыратушылар қазақтың жанашырлары ма?

Рас, таяуда Президент сайлауы өтті. Ендігі жерде: «Жау кеткен соң, қылышыңды тасқа шаптың» дегеніңізбен Кімді жауға балап отырсыз?..

- Бұл сөздің реті ғой. Егер кешегі сайлау әділ өтпесе, алдын-ала неге қимылдамадыңыздар деген емеурініміз емес пе?

- Өзіңіз жаңа ғана сайлау жайында, тіпті, әңгіме көтерілмей тұрып, мен батыс өңірінде «Қазақ құрылтайын өткіземін» деп талпынғанымда, билік мәжілісші Уәлихан Қалижанның ауызымен: «Кіші жүз бөлінгелі жатыр» деген сыңайда байбалап салғанын айттыңыз...

Сондықтан, менің табиғатымның өзі жоқ жерден жау іздеушілікке, тура жолда дұшпан табушылыққа қарсы. Тек қазақтың келешегі күңгірттенбеуі үшін біздің ішкі билік қана емес, аузы апандай айдаһар да, құлашы қауіпті аю да, табаны тайғақ алатақия да, алашапқын айыр қалпақ та «аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды білді» ұмытпасын деген ниет.

Жалпы, қазақ жайбасар болғанмен - жойқын, бейқам болғанмен - батыр, кеңқолтық болғанмен - кекшіл халық. Мұны қазақтың ғасырлар қойнауындағы тарихы дәлелдеген. Қазақтың мәңгілік достары жоқ, қазақтың мәңгілік мүдделері бар. Мәселен, біздің дұшпандарымыз қазақтың жерінде «қырғыз қырғыны» болса деп армандап, түн ұйқысы төрт бөлінеді.

Азғындаған Америкаң да, есеңгіреген Еуропаң да, жан-жағымыздағы мысықтілеу көршілеріміз де қазақтың шаңырағының шайқалып, байлығының талан-таражға түсуін аңсайды.

Осыным өтірік пе? Мұрыны саясаттың иісін сезетін адам мұны түсінеді. Біз болсақ, үй ішінен үй тігіп, өз арамыздан жау іздеп, арамтер болып жүрміз...

- Қазір не көп - қозғалмайтын қозғалыс көп, не көп - бірлеспейтін бірлестік көп, не көп - жылжымайтын жиын көп...

- «Бөлінгенді - бөрінің жейтінін» де біздің қазақ айтқан. Тұяқ серппей, тастай қатқаннан гөрі, бірігіп қам жасаған дұрыс.

Біздің қозғалыстың ең басты ерекшелігі: басқарма мүшелері қарапайым адамдар. «Серке» боламын деп секірмейтін, қазақтың мүддесіне қызмет етуге құштар азаматтар. Керек десеңіз, қазірдің өзінде басқарманың бір мүшесі жалт беріп, қарсы жаққа шықты. Абылайдай ақылман ханы болмаса, Қабанбайдай қаһарман батыры болмаса, тозбайтын халық жоқ. Қазақты қашанда «Іштен шыққан жау жаман» дейтін мәнді мәтел сақтандырып отыруға тиіс.

Біздің мақсатымыз - топалаң төңкеріс емес, керісінше, ұлтымызды бір тудың астына біріктіріп, ел игілігі үшін күресу. Қырғыз бен Ливияда және басқа да жер-жерлерде жалғыз ұлт өз-өзімен қырғиқабақ майдан ашты.

Осындай опаттың алдын алуымыз керек. Қайсыбір саяси сәуегейлер: «Бұл оттың ұшқыны Орта Азияны қамтиды» деп, «қол шапалақтауда». Мұндай мәлімдеме жасаушылар біздің нағыз жауларымыз. Дұшпан ешқашан қамсыз жатпайды.

Қазақ елі өзінің өркениетке ұмтылуында кері кетпеуі үшін туған топырағымызда саяси тыныштық пен тұрақтылық аса қажет. Сол себепті, қозғалысымыздың тасасында ешқандай саяси партия немесе олигарх жоқ.

«Қозғалыс құрдық, енді қозғалу керек» деп, оңды-солды қиратып, ауызына келгенді айтатын ақымағыңыз біз емес. Әрбір сөзіміз салмақты, әр қадамымыз анық болуға тиіс.

- Қажеке, жұрт аталған жиналыс: «Қытайдың «Алтын айдаһар» ("Золотой дракон")  мейрамханасында өтіпті» деп, шулап жүр...

- Тырнақ астынан кір іздегендер не демейді?!. Ұлтшылдар бас қосқан "Алтын айдаһар" мейрамханасының дәл алдында қазақтың атышулы 1-ші түрмесі тұр. Сол қапастағылардың 90 пайызы қазақтар...

Әлгі байбаламшылар сол тұстан өткенде: «Осы түрмедегілердің 90 пайызы неге қазақтар?» деп, бір мәрте болса да, ойланды ма екен?!.

Бұрын қазақтың даласында түрме болмаған. Қазақ есігіне құлып салмаған... Қазір есігіңді он минут ашық тастасаң, түптеп, дүниеңді түбімен көтеріп кетеді.

Сонда бүгінгі қазаққа не болды? Неге қазақтың болмысы болжырап, тәртібін талақ тастап, қаны мен қасиеті бұзылды?

Неге десеңіз, біз даланың кеңдігіндей еркіндігіміз бен дархандығымызға дақ түсіріп алдық. Бытырап-былжырап кеттік. Бұл - біздің дұшпандарымызға керек болды.

Енді бірігетін кез келді. Елі үшін ештеңеден тайынбайтын азаматтарды көптеп қатарымызға тартамыз. Жастардың ерік-жігерін Отаны үшін, ұлты үшін жұмсауға бағыттаймыз.

Біз халықтың мүддесін ойлайтын ұйым құрдық. Халықтың тұрмысына тікелей қатысты мәселелерді қозғайтын боламыз. Адам баласы бір идеяға ғана бірігеді. Көп адамдар: «Қазіргі билікпен күресейік» деп жатады. Келесі біреулер Елбасының атына: «Жерім сатылды, тілім өлді» деп, хат жазудан жалықпайды.

Менің ойымша, билікпен күресудің қажеті жоқ. Біз биліксіздікпен күресеміз. Жыл өткен сайын халық пен биліктің арасында алшақтық пайда болып, қарапайым жұртшылықтың қамын ойлайтын билік жойылып барады.

Қазақ халқы бұрын-соңды болмаған рухани дағдарысқа түсті. Ұлтымыздың ертеңі бұлыңғырлап, келешегі күңгірттене бастады. Осындай ащы шындықты мойындап, ұлты үшін өре түрегелген азаматтар әр жерде, әр уақытта, әртүрлі жолдармен билікке өз уәждерін айтып жатады.

Бірақ, айтатын ауыз болғанымен, еститін құлақ жоқ. Ал, биліктің назарын өзімізге аудару үшін, халықтың жоғын жоқтау үшін ұлтшылдар арасында бірауыздылық пен біріккен күш болуы керек. Қазақта «Көп қорқытады, терең батырады» деген аталы сөз бар. Біздер біріккенде ғана көздеген мақсатымызға жетеміз.

Әлемге қарасақ, ештеңесі жоқ ұйғырлар да күресіп жатыр. Интернеттің мүмкіндігін кеңірек қолданамыз. Жастармен жұмыста интернеттің ықпалы өте жоғары.

- «Интернет» демекші, бір белгілі порталда Салмырза есімді біреу сіздердің қозғалысты аяусыз сынапты ғой?

- Мен де мәймөңкелемей, турасын айтайын. Осы Салмырза секілді салбөкселер өздерінің қампақ қарынын толтырса ғана бақытты. Мал екеш малдың өзі жемге тойса, торсықтай болып, мұрыны пысылдап, ұйқыға көшпей ме? Салмырзанікі де сол жыртқыштық нәпсі. Құлқынының құлы болудан аспаған - ұлтыңды қайтсін?!.

Әйтпесе, қазір қазақтың барар жер, басар тауы қалмағанын әркім түсінеді. Оқығанның да, оқымағанның да келешегі күңгірт, болашағы бұлдыр. Қазіргі билікте рушылдықтың ең сорақы түрі етек алды, билік рушылдық пен жершілдік сырқатына мықтап маталды. Мемлекеттік тіл - қазақ тілі барлық тілдерден басым болудың орынына, күн құрғатпай беделі түсіп, маңызы кеміп барады. Діннің өзінде бейберекеттік орын алды. Бүгінгі таңда Қазақстанда 4 мыңнан астам секта бар көрінеді. Мұның өзі мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қауіп төндіре бастады. Тарихтан сабақ алуымыз керек. Дін араздығының кесірінен бұрынғы, мысалы, Ұлы Тұран мемлекеті мен Алтын Орданың шаңырағы ойылып, ортасына түсті. Қазақтың салт-дәстүрінің, тарихының, ділі мен рәсімдерінің қажеттілігі кемшін күйде. Ең бастысы, біз Абылай өліп, Қабанбай мерт болғаннан кейін де ес жиып, етек жиған елміз. Қазіргі басты кемшілігіміз - егер көш бастайтын тұлға пайда бола қалса, ең алдымен әлгі Салмырза сындыларға талатып қоямыз. Қазақтың қамын жеген тұғырлы тұлғаны ұлт болып қорғауымыз керек.

- Тұлғаның топ жарып, суырылып шығуы ұзаңқырап кеткен жоқ па?

- Сабақты ине сәтімен болады. Жаңа тұлға тауып, топқа қосу үшін күллі қазақтың Құрылтайын өткізуіміз керек. Қазақ Құрылтайын ең жоғарғы инстанциялық деңгейге көтеруіміз керек.

Құрылтайда (Құрылтайдың) көшбасшы мен басқарма мүшелерін сайлаймыз. Көшбасшы мен басқарма мүшелерінің келесі Қазақ Құрылтайына дейін Қоғамдық сенат деңгейінде Құрылтай алқасына кіретін барлық ұлттық ұйымдар мен партияларға сөзі жүреді.

Қазақ Құрылтайына үлкен дайындық, жасампаз жоспар жасауымыз керек. Құрылтай өткізу үшін әуелі мықты жүйе құрып, баянды бағдарлама арқылы арлы да адуынды азаматтарды тартуымыз қажет. Қазір қазақ осындай бір ұйымға мұқтаж.

- Жасыратыны жоқ, қазақтың байлығы аяусыз талан-таражға түсіп кетті. Мұны қалай қайтарасыздар? Жалпы, құрдымға кеткенді қайтару мүмкін бе?

- Өркениетті елдер бірауыздан келісіп, түгелі қол қойған халықаралық Ережелер бар. Осыларға сүйеніп, соттассақ та, оттасақ та қазақтың қазынасын да, кегін де қайтаратын боламыз. Елдегі стратегиялық нысандардың 100 пайыздық акциясы бірінші кезекте мемлекетке өтіп, екінші кезекте оның 20 пайызын халқымызға тегін үлестіреміз. Сөйтіп, «Халықтық капитализмнің» өркендеуіне жол ашамыз. Бұл - әділеттілікті орнықтыру болады. Қазақ ұлты өз елі мен жерінің қожасы екендігін сезінбей, жан-тәнімен отаншыл бола алмайды, яки, мемлекет те тиісті дәрежеде өркендей алмайды.

Қазір Қазақстандағы 100-шақты отбасы ғана күллі қазақ елінің байлығы мен қазынасына нақты иелік етіп, бақуаттылыққа бөгіп отыр. Ал, ауылдағы кемпір-шал мен емізулі баласы бар аналар қара нан мен шайға қарап қалды. Осы әділеттілік пе?!.

- Қажеке, біздіңше, қабырғалы қазаққа ауадай қажет ұйымдарыңыздың болашағы жарқын сияқты. Соңғы сауалым: күресті қандай өзекті мәселеден бастайсыздар?

- Қазақтың өзегіне түсіп, іштегі көртышқандай кемірген кәззап - сыбайлас жемқорлық. Қаншама лауазымды адамдарды түрмеде тоғытсақ та, бұл бәленің тамырына балта шабу қиямет болып тұр.

Енді осынау орасан сырқаттың бастауы қайда екенін білесіз бе? Ол -1500 градустық ыстықтықпен жанып тұрған рушылдық пен жершілдікте. Сол шырмауықтай «бармақ басты, көз қыстылықтың» ақыры - Еуропаның ең қымбат елдері мен Араб әмірліктерінің жанға жайлы теңіздеріндегі зәулім сарайлар...

Қазіргі Қазақстан - ұлттық мүддеден айырылған, аймақтық акимат болып қалды. Рушылдық пен жершілдіктің «өнімі» сыбайлас жемқорлық -шетелдік байшыкеш-саудагерлердің қазақты құл қылып жұмсауына әкеліп отыр.

Билік ұлт тағдырын ойлайтын азаматтардың қолына тигенде ғана елдің  жағдайы жақсарады. Қазақ елінің ұрланған қазынасы халқына қайтарылуға тиіс. Қазақстанда әділдік орнап, бүкіл байлық халық игілігіне жұмсалса, әрбір қазақ бай-қуатты  болады.

Елімізде адалдық пен адамдық, шындық пен туралық, әділеттілік пен мейірім салтанат құруы керек. Ұлтжандылар ұлықталғанда ғана жемқорлардың жолы кесіледі, шаталардың құйрығы ойылады, сағы сынады, ұлттың еңсесі көтеріліп, бағы жанады.

«Біз - Қазақ ұлты» деген сөз - ата заңымызға қайта жазылып, оның ең маңызды ұғымына айналғанда ғана Қазақ елінің ертеңіне сергек сеніммен, үкілі үмітпен қарайтын боламыз. Біз қазақты мақтамауымыз керек, біз қазақпен мақтануымыз керек!

Қажымұқан Ғабдолла, «Қазақ елі» халықтық қозғалысының ұйымдастыру тобының жетекшісі:

Сұхбаттасхан: Бақытбек Құсман,

Алматы - Орал - Ақтөбе - Астана

0 пікір