Жұма, 26 Сәуір 2024
Алашорда 6759 0 пікір 13 Желтоқсан, 2018 сағат 12:04

ҚазҰУ-да Алаш арыстарына арналған ғылыми конференция өтті

Кеше, 12 желтоқсан күні Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасында Алаш зиялыларының ағартушылық миссиясы мен  кітап шығару ісіндегі еңбектерін бағалау және насихаттау мақсатында «Қазақ кітабы: Алаш қайраткерлерінің кітап басу ісінің дамуына қосқан үлесі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен жиынды журналистика факультеті, Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұйымдастырды.

Қазақ білімінің қара шаңырағы саналатын ҚазҰУ-дің журналистика факультеті Алаш ардақтыларының еңбегін нәсихаттауда елеулі жұмыс атқарып келеді. Бұған дейін де ұлт зиялыларын ұлықтаудың озық үлгісін көрсете білген қара шаңырақ қабырғасында өткен халықаралық конференцияда Алаш қайраткерлері дайындаған оқулықтардың мәні мен маңызы, біртуар перзенттеріміздің көркем шығармалары мен аудармаларының ұлт руханиятындағы алар орны жан-жақты ғылыми тұрғыда сараланды.

Конференцияға келген көпшілік алдымен көлемді фотокөрмемен танысу мүмкіндігіне ие болады. Фотокөрме Алаш арыстарының қазақ үшін істеген қажырлы еңбектерінен сыр шертті. Халықтың аяулы перезенттерінің қолынан шыққан газет-журналдар мен кітаптар топтастырылған фотокөрме қазақ баспасөзінің бастау көзін көз алдымызға келтірді.

Конференцияда сөз алған ғалымдар, алаштанушылар өткен ғасырдың бас шеніндегі байтақ қазақ даласының бейнесін сөзбен суреттеді. Патшалық Ресейдің жезтырнағы жауырынына батқан қазақ халқы қызыл империяның қанды қақпанына қалай түскені бәрімізге белгілі. Сондай алмағайып дәуірде туған халқын тұзақтан арашалап қалу үшін Алаш қайраткерлері қолдан келгеннің бәрін жасады.

Алаш арыстарының әрқайсысы мың адамның қызметін атқарғанын тарихи деректер дәлелдеп отыр. Аталған конференцияға арқау болған "Алаш қайраткерлерінің кітап басу ісінің дамуына қосқан үлесі" олардың ел игілігі үшін істеген қызметтерінің аса құнды бір саласы екені сөзсіз. Конференцияға қатысқан ғалымдар Алаш зиялыларының еңбектерін зерттеп-зерделеу ісі бұдан да қарқынды жүргізілуі керек екенін баса айтты. Конференция соңында "Алащ туы астында" атты деректі фильм көрсетілді.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

0 пікір