Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024
Cатира 4807 6 пікір 29 Қараша, 2018 сағат 07:44

Қазақ - нағыз интернационалист

Қисық қонақта отырғанда үй иесі Көбік қарт «Ипотека, Ипотеканы  шақырып жіберіңдерші»,- деп айқай салды.

- Ипотека жоқ,- деді аржақтағы дауыс.

- Ендеше Гуляй қайда, болмаса, Кушайды шақырып жіберіңдер.

- Олардың бәрі қыдырып кеткен.

- Ақсақал, -  деді Қисық, - түкке түсінбедім. Ипотекаңыз не, Гуляйыңыз не, Кушайыңыз не?

- Ой, оған түсінбейтін ештеңе жоқ. Балалардың аттары ғой. Ауылдан қалаға көшіп келіп, пәтерден пәтер жалдап, «гуляйттап» жүргенімізде  кіші немерем дүниеге келді. Үйде құдамыз жатыр еді. Сол баланың атын мен қояйын деп жата жармасты. Сосын «Осы сіздер үйдің кезегінде ұзақ жыл тұрсыздар ғой. Осы баланың атын Ипотека қоямын. Әп-сәтте пәтерге ие боласыздар» - деді. «Рас па» десем, «рас» дейді. Сөйтіп, баланың есімі Ипотека болып шыға келді ғой. Құдайдың құдіреті, әлгі құдамның аузы дуалы болды ма, жоқ әлде кезектің реті келіп қалды ма, көп ұзамай пәтерге ие болдық.

- Ғажап екен, -  деді Қисық, - қазақта бұрын-соңды болмаған есім ғой. Ғажап екен!

- Оған таңданатын не бар, - деді Көбік, - қазақ қандай ат қоймай жатыр. Сонау бір жылы елімізде қателеспесем, ОБСЕ-нің саммиті өткізіліп еді ғой. Сол жылы қазақта Саммит деген  аттар пайда болған жоқ па? Өткен 2017- жылы елімізде ЭКСПО көрмесінің өткізілуіне байланысты  ЭКСПО деген есімдер дүниеге келді. Бұған таңданатын не бар? Бұл елімізде өткен үлкен оқиғаларды қазақтың үлкен қуанышпен, жан-жүрегімен қабылдауының белгісі ғой. Ертең елімізде ерекше тағы бір үлкен оқиға болатын болса, тағы да осындай жаңа есімдер пайда болады. Оған таңданатын ештеңе жоқ.

- Жарайды, солай-ақ болсын, - деді Қисық. - Ал енді Гуляй, Кушай дегендеріңізді қалай түсінуге болады?

- Оларды құжат бергенде солай жазып жіберген ғой.

- Сонда Гуляйдың бұрынғысы қалай? Түбірі қандай сөз?

- Түбірі дейсіз бе? Қай түбірін айтып отырсыз? Арғы жағындағысы ма, жоқ әлде бергң жағындағысы ма?

- Апыр- ай, не деп тұрсыз? Арғы жағы  бергі жағы деген немене? Түбір біреу болмай ма?

- Жоқ,ә.  Түбірдің екі түрі болады. Арғы жағы және бергі жағы. Мәселен, жаңағы Гуляйдың бергі жағындағы түбірі  Күләй. Күләй дегенде бұл оған «әй, күл» деген сөз емес. Мұның не сөз екенін анықтау үшін арғы түбірді іздейміз. Арғы түбірінің не екенін білесіз бе?

- Жоқ, ә.

- Вот, міне, мектепте дұрыс оқытпаған.  Мұның арғы түбірі  Гүлай болады. Бұл екі сөзден тұрады. Гүл және ай. Яғни, балаға ат қойғанда гүлдей нәзік, айдай сұлу болсын деп қойған ғой. Бірақ бізде құжат берген және беретін жерлерде кілең қазақша қақпайтындар отырды ғой. Әлі де отыр. Олар қазақтың аты-жөндерін жазғанда қазақ тілінің емес, орыс тілінің дыбыс үндестігі заңы бойынша әдемі  есімнің «аузын қисайтып», сүйкей салады. Соның салдарынан Гүлайымыз Гуляй болып шыға келген. Ал Кушайдың бергі түбірі -  Қошан, арғы түбірі - Қосжан. Бірақ  құжат берген кезде Қошан деген сөзді кушай деп естіді ме, солай сүйкей салыпты ғой. Бұл сөз ешқандай мағына бермейді. Сондықтан оның арғы түбірінің не екенін «ғылыми тұрғыда» түп-тамырын қопара іздеп көрсек, Қосжан екен ғой. Бірақ жұрт оны баяғы «шикі» кезінде-ақ арғы түбірімен емес, бергі түбірімен Қошан атап кеткен. Ал енді сол Қошанды құжат беретін жердегілер «баланың қарны ашып қалмасын» деп ойлады ма екен,  Кушай деп «сүйкей» салыпты ғой.

- Апыр ай, ә! Сүйкей салыпты деңіз. Сонда балаңызды бәріңіз «Кушай, Кушай» деп шақырасыздар ма? Ұят емес пе?

- Енді қайтеміз. Оның несі ұят. Қошан деп айқайламақ тұрмақ, ақырып- бақырсақ та келмек тұрмақ, қарамайды да. «Кушай» десек, жетіп келеді. Гуляй да солай. Өйткені, атымызды құжат бойынша айтыңдар дейді.

- Апыр-ай, бұл қазақ не болып барады,-  деді Қисық. Телевизордан сөйлеген қазақтардың аты-жөндеріне қарап отырып, шошисың. Мен солардың біразын жазып алдым. Жүсіповымыз - Дюсипов, Сәттібаевымыз - Сатибаев, Шыбынбаевымыз - Чебанбаев, Бейсенбаевымыз - Бишимбаев болып кете береді. Ал енді осы Дюсиповымызды газетке Жүсіпов деп, Бишимбаевты Бейсенбаев деп дұрыстап жазып көріңізші, қып-қызыл шатақтың астында қаласыз. "Мен Жүсіпов емес, Дюсиповпын, Бейсенбаев емес, Бишимбаевпын" деп бетбақтырмайды. Құжатта солай жазылған екен, казитіңізге де солай жазыңыз деп қиқулайды.Құжатты жазғандар бұларды мәңгүрт қылып, дуалап тастаған сияқты. Қандай мекемеге барсаңыз да қызмет көрсетіп отырған қазақ қызметкерлердің аты-жөндері «орысша» жазулы тұрады. Гүлмира Сәдуақасоваңыз - Гульмира Садвакасова, Өмірбай Қойшыбаевыңыз - Умербай Куйчибаев сияқты кете береді. Тіпті зираттағы ата-бабаларына қойылған ескерткіш тастарда да тап солай жазылған. Бұл не масқара! «Ол» жарықтықтар да аты-жөнімізді құжат бойынша жазыңдар деп талап етіп пе екен? Осы біз қашан өз аты-жөнімізге өзіміз ие боламыз?

- Сіздің айтып отырғаныңыз «баяғы» заманда жазылған есімдер ғой, - деді Көбік. Қазір қазақша дұрыстап жазып жатқан жоқ па?

- Қазір қалай жазып жатқанын қайдам, - деді Қисық. Бірақ «аузы қисайып кеткен» есімдер көп-ау, көп. Телевизорды қарап отырып, екі қазақтың аты- жөніне ақылым жетпеді. Бірі - Глаудинов, екіншісі - Буталай. Глаудиновтың бергі түбірі - Қалаудин, ал арғы түбірі  сиқырлы шам иесі Алладин емес пе екен деп жобалаймын. Ал Буталайдың түбірін іздеймін деп алжасып кете жаздадым.

- Сіздің арғы түбір, бергі түбір деп отырғаныңыз - айтылуы мен жазылуы екі бөлек «дүние»  ғой. Буталайға ақыл жетпейтін түк жоқ. Бұл Будалай деген сөз емес пе? Әлгі кинода ойнайтын сығанның есімі ғой. Соны құжатқа жазғанда бір әріптен «мүлт» кетіп, Будалайымыз Буталай болып шыға келген ғой.

- Мәссаған! Расында да солай екен ғой. Қалай ойыма келмеген. Бұл қазаққа сығанның аты да таңсық болған екен ғой.

- Бұл таңсықтықтың емес, бауырмалдықтың белгісі,-  деді Көбік. Қазақ о бастан бауырмал болып жаратылған халық қой. Жер бетінде қазақтай бауырмал халық жоқ. Қазақ сығанның да, кәрістің де, немістің де, орыстың да атын жатсынбайды. Қайта бөркі қазандай болып, мәз болады. Сондықтан да Светлана, Ирина, Галина, Сергей, Борис, Ким болып жүрген қазақтар аз емес. Бұлар өздерінің ғана емес, әкелерінің де қазақша аттарын орысшаға айналдырып алған. Мәселен, әлгі Светлана атанып кеткен Сәуленің әкесі Серік болған болса - Светлана Сергеевна Кучикбаев, ал Николай атанып кеткен Нағашыбайдың әкесі Нұржан болған болса - Николай Николаевич Тучканбаев болып шыға келеді.

- Бұл сонда ненің белгісі, - деді Қисық. Әлгі Сібірдің өз аты-жөндерін жоғалтып алған якут, чукча халықтары сияқты орыстанудың белгісі емес пе? Неге тегін де  біржола орысшаға айналдырып алмаған?

- Жо...жоқ, - деді Көбік, бұл орыстанудың емес, бұл нағыз интернационализмнің белгісі. Кеңес заманында орыстан не немістен қатын алсаң «мінеки, бұл нағыз интернационалист отбасы» деп газет біткен мақтап-мадақтап,улатып-шулатып жазатын еді ғой. Сол сияқты аты-жөніңді де жартылай орысша, жартылай қазақша қылып, «будандастырсаң, нағыз интернационалист болып шыға келесің. Ал енді сен айтқандай аты-жөнін тегімен қоса тұтастай орысшаға айналдырып жіберсе, онда оның қазақ екенін, интернационалист екенін ешкім білмейді ғой.

- Бір сөзбен айтқанда «Жасасын, Дудалай, жасасын интернационализм»!- деп айқайласақ болады ғой, - деді Қисық,

- Болғанда қандай, - деді Көбік. Ал, қанеки, хормен айқайлап жіберейікші. «Жасасын, Дудалай! Жасасын, интернационализм»! Па, шіркін, керемет емес пе!  Қашанғы Қалпақбай болып жүреміз. Ау, Ипотека келді ме? Шақырып жіберіңдерші...

Дамир Әбішев

Abai.kz

6 пікір