Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
4341 0 пікір 28 Қараша, 2018 сағат 11:34

Түркістан облысында «TURKISTAN INVEST» компаниясы 19 ірі жобаның жұмысын бастады

Елбасының "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында өңірлердің инвестициялық әлеуетін көтеруге бас назар аударғаны белгілі.

Осыған орай, Түркістан облысында «TURKISTAN INVEST» компаниясы  жалпы құны 507 млрд теңгені құрайтын 19 жаңа ірі жобаны тарту бойынша жұмыстар басталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте "Түркістан" ӘКК" АҚ төрағасы Айтмұхаммед Алдажаров мәлімдеді, деп хабарлайды Abai.kz, ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Айтмұхаммед Алдажаровтың айтуынша, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының кеңсесі жанынан бүгінде «TURKISTAN INVEST», «Цифрландыру орталығы» және «Тұрақтандыру қоры» филиалдары құрылған. Қазіргі таңда «Түркістан» ӘКК» АҚ - құрылыс, әлеуметтік маңызды жобалар, туризм, инвестиция тарту, цифрландыру, тұрақтандыру қоры сынды бағыттар бойынша жұмыс атқарады.

Брифингте «TURKISTAN INVEST» компаниясының басшысы Әлібек Несіпбеков те сөз сөйлеп, Түркістан облысында қолайлы инвестициялық жағдай жасалып жатқанын атап өтті. Өңірдің инвестициялық әлеуетін көтеру мақсатында құрылған инвестициялық компанияның жұмысымен таныстырды.

«19 жобаның ішінде баламалы электр энергиясын өндіру бойынша - 6, ауылшаруашылық саласына қатысты - 5, өңдеу өнеркәсібіне қатысты 8 жоба бар. 4 кәсіпорынның биыл құрылысы басталды. Барлық жобаларды жүзеге асыру аясында 14 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары пайда болады деп жоспарлануда. Олардың қатарында жалпы құны 13 240 млн теңгелік «ЭкоПроТех-Астана» ЖШС күн электростанциясы - 20 адамды, құны 95 000 млн теңгені құрайтын «Standard Petroleum & Co» ЖШС мұнай өңдеу зауыты - 1 000 адамды жұмыспен қамтымақ», - деді Әлібек Несіпбеков.

Сонымен қатар брифингте инвестициялық компания тарапынан әлеуетті инвесторларға ақпараттық қолдау көрсету мақсатында IInvestInTurkistan.org инвестициялық порталы әзірленгені айтылды. Ондағы ақпарат ағылшын, француз, қытай,түрік, араб, орыс және қазақ тілдерін көрсетілген. Бұл порталдың көмегімен инвестор әлемнің кез келген бұрышынан, кез келген уақытта өзіне қажетті өңіріміздегі инвестицияға қатысы бар ақпаратты алу мүмкіндігіне ие болады.

Abai.kz

0 пікір