Сенбі, 20 Сәуір 2024
4440 42 пікір 10 Қараша, 2018 сағат 13:13

«Педагог мәртебесі» туралы заң жобасын дайындау басталды

«Педагог мәртебесі» туралы заң жобасын дайындау басталды. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатындағы Үкімет сағатында Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева айтты, деп хабарлайды Абай-ақпарат turkystan.kz-ге сілтеме жасап.

«Елбасы тапсырмасына сәйкес «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасын дайындау басталды. Жұмыс тобы құрылды. Бүгінгі күні заңның тұжырымдама жобасы әзірленді. Заң жобасы әзірлегеннен кейін министрлік оны барлық өңірдегі педагогтар және ата-аналар қауымдастығымен талқылайды. Міндетті түрде депутаттардың алдында оны айтамыз», - деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, елімізде жан басына қаржыландыру тетіктерін енгізу жалғасуда. Тиісті норматив бекітілді. Астана қаласында толығымен 74 мектеп және 11 жеке меншік мектепте енгізіліп жатыр. Бұл жүйе әдістемесінде білім беру қажеттіліктері бар балаларға 2 есе жоғары қаржыландыру коэфиценті қарастырылып отыр.

«Мектептердің 58 пайызында инклюзивті білім беруге жағдай жасалған. Білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2020 жылы инклюзивті білім беру 70 пайызға өседі. Педагогикалық мамандықтар бойынша кадрларды даярлау аясында инклюзивті білім беру пәні міндетті болып саналады», - деді ол.

Сонымен қатар, Эльмира Суханбердиева апатты мектептер мен үш ауысыммен оқыту проблемасына да тоқталды.

«Бұл проблеманы шешу үшін біз жыл сайын 100-ден астам мектепті салып жатырмыз. Биыл 53 млрд теңгеге 108 мектеп салынуда. 3 жылдық бюджетте 97 млрд теңгеге 73 жаңа мектептің құрылысы қолдау тапты. Оның ішінде 50 млрд теңгеге 34 мектеп бар.  Үш ауысымды мектеп мәселесін шешу үшін 33 мектеп тұрғызылуда. Тағы 30 мектеп алдағы 3 жылда салынады. Оның 19-ы бөлінген 50 млрд теңге аясында қарастырылады.  Оларды салу республикалық бюджет есебінде қолдау тапты. 41 мектепті жергілікті органдар өздері салады. Ал 9 мектепті жекеменшік инвесторлардың көмегімен тұрғызамыз», - деді ол.

Abai.kz

42 пікір