Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Саңлақ 6765 6 пікір 7 Қараша, 2018 сағат 11:20

Әлем чемпионаты: Екі "жаңа қазақ" жүлде алды

Түрікменстан астанасы Ашхабад қаласында ауыр атлетикадан лицензиялық әлем чемпионаты өтіп жатыр.

Бұл сында допинг дауына байланысты бір жыл бойы халықаралық жарыстарға қатыса алмаған Қазақстан құрамасы да бақ сынауда. Халықаралық ауыр атлетика федерациясының атқарушы комитеті Қазақстан ауыр атлетика федерациясын бір жылға жарыстардан шеттеткен болатын. Жаза мерзімі 19 қазан күні аяқталды.

Ашхабад төрінде қазірге дейін құрама қоржынына қос медаль түсті. Алғашқы жарыс күнінде өнер көрсеткен Арли Чонтей 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс жүлде жеңіп алды. Қос жаттығудың қорытындысы бойынша 258 келі зілтемірді көтерген Арли 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Ом Юн Чxольге (282 келі) есе жіберді.

Осыдан кейін төрт күн бойы қазақстандық спортшыларға медаль бұйырған жоқ. Тек бесінші жарыс күні Надежда Лихачева қола жүлдеге қол жеткізді. 71 келі салмақ дәлежесінде өнер көрсеткен отандасымыз 242 келіні бағындырды. Ал бас жүлдені 267 келі (әлемдік рекорд) көтерген Қытай спортшысы Вангли Жанг, күміс медалді мысырлық Сарой Ахмед (252) жеңіп алды.

Әлем чемпионатының аяқталуына бар болғаны үш күн ғана қалды. Еліміз ауыр атлеттерінің нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Одан да маңыздысы медаль алған екі спортшымыз да легионер.

Арли Чонтей Қытайда туып-өскен дунган азаматы. Қытай құрамасының есігінен сығалай алмай 2012 жылы Қазақстан азаматтығын алған. Қазір еліміз атынан халықаралық жарыстарға қатысып жүр.

Ал Надежда Лихачеваның туған жері Ресей елі. Ол тіпті Ресей құрамасы сапында 2015 жылғы Еуропа чемпионатына қатысып, күміс медаль алған. Қазақстан атынан биылдан бастап ғана жарыстарға қатысып жүр.

Қуаныш Қаппас

Аbai.kz

 

6 пікір