Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
3526 1 пікір 1 Қараша, 2018 сағат 10:23

Б. Сағынтаев туризм саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді

Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев елімізде туризм саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Кеңес барысында 2019–2025 жылдарға арналған ішкі және сырттан келушілер туризмін дамытудың мемлекеттік бағдарламасының, салалық заң жобасының және Қазақстанның елдік туристік брендінің жобалары таныстырылды.

Бұдан өзге, еліміздің туристификациясының республикалық картасының 10 үздік орнын дамытудың шеберлік жоспарлары талқыланды.

ҚР Президенті Н. Назарбаев 2018 жылғы 10 қаңтардағы жолдауында әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орнын ашып отырған сырттан келушілер туризмі мен ішкі туризмді дамыту кез келген өңір үшін перспективалық табыс көздерінің бірі болып саналатынын атап көрсетті. Осыған орай Елбасы Үкіметке виза мәселелерін жеңілдетуді, инфрақұрылымды дамытуды және туризм саласындағы кедергілерді алып тастауды қамтитын кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.

Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы өз баяндамасында атап өткендей, Мемлекеттік бағдарламаның жобасында ұсынылған туризмді дамыту жөніндегі 10 басты шара мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізуге 80% әсер береді. Олардың қатарында туризмнің басым аумақтарын анықтау, жеңілдікті несие беру, туризм саласындағы ШОБ жобаларын мемлекеттік қолдау, маркетинг және ілгерілету, визалық–көші-қон саясатын жетілдіру, шекарада өткізу пунктерін жаңғырту, әуе кеңістігін ырықтандыру, ұлттық парктерді басқарудың жаңа моделін енгізу және туризмді ынталандыруға бағытталған басқа да шаралар бар.

Қатар әзірленген және кеңес барысында ұсынылған тиісті заң жобасы алға қойылған міндеттердің орындалуына қажетті құқықтық негізді құруға бағытталған.

Еліміздің туризм бизнесінің өкілдері да нақты ұсыныстар пакетін ұсынды. Алматы өңірінің Туристік кластер қауымдастығының басшысы Д. Қыдырбаев тау шаңғысы кластерін дамыту келешегі туралы айтып берді. Қазақстанның Аңшылар қоғамының басшысы Қ. Жұмалиев өзінің бағыты бойынша ұсыныстар жасады. «Airport Management Group» ЖШС бас директорының орынбасары А. Мұратбаев әуе кеңістігін ырықтандырудың артықшылықтары туралы ақпарат беріп өтті.

Сонымен қатар, мәселені талқылауға бейнеконференция режимінде ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, қаржы министрі Ә. Смайылов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова қатысты.

Кеңес қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев Мәдениет және спорт министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп айтылған ұсыныстарды ескере отырып, жобаны пысықтап, Үкімет қарауына енгізуді тапсырды.

Abai.kz

1 пікір