Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Алаң 5186 20 пікір 1 Қараша, 2018 сағат 09:54

Тойға тойып болмадың ба, қазақ?

Көрнекі сурет.

Баяғыда қазақ халқының  ертегілерін оқығанда, соңында  "екеуі қосылыпты, отыз күн ойын, қырық  күн  тойын жасапты, солай  мақсат-мұратына жетіпті" деп аяқталатын. Сонда  өзімше, ойлайтынмын, "неге  отыз күн ойын (бір ай) қырық  күн тойын (тағы бір жарым ай), сонда екі жарым ай той тойлау  адамның  ақылына  қонымсыз емес пе?. Әлемдегі қаншама ұлт пен ұлыстардың  ешқайсысының  ертегілері осылай  аяқталмайды.

Шындығына келсек, біз сол ертегіде айтылғандай есіл дертіміз тек  той-думан ғана екен. Сенбесеңіз,  жіпке тізгендей тізіп көрелік.

1991 жылы Кеңес Одағы  ыдырағаннан бастап,  еліміз  дербес  мемлекет  ретінде, қаншама әлемдік деңгейдегі  Форум, Саммит, Шанхай ынтымақтастығы, Еуразия экономикалық одағы, Түріктектес халықтар қауымдастығы, EXРO-2017, Сириядағы  қақтығыстарды реттеу, талай рет Әлемнің  Дін басыларын Астанадағы жинады, әйтеуір  жыл  он екі  ай  той  тойлаудан  көз  ашпай келеміз.

Қазақ хандығының - 550 жылдығы, Абылай ханның - 300 жылдығы, Абай Құнанбайұлының - 150 жылдығы, Махамбет Өтемісұлының - 200 жылдығы, т,б есеп жоқ.

Мұның сыртында жаңа  жылды  қуанып, ата-бабамыз тіріліп  келгендей, от шашып тұрып, бір ай  тойлаймыз. Тіпті, «14-ақпан - Валентин күні» «Татьяна күні» «Хэллоуин» католиктердің тойын да тойлай береміз. «18 қаңтар Крещение» деп Астанада Есілдің  жағасында  Православ христяндарымен бірге  суға  шомылып  жатқан  қандастардың саны жыл санап көбеюде. «8—Наурыз халықаралық әйелдер күні» деп тап сол күні гүл  мен  торт, шампанский сатып алмасақ тағы болмайды.

«10-наурыз - Көрісу  күні», «22-25 наурыз - Ұлыстың ұлы күні», «15 наурыз - «Қозы Көрпеш Баян Сұлу күні»,  «1 мамыр - халықаралық  достық күні», «7 мамыр - Дариға Назарбаеваның  туған күні (жылда Қорғаныс министрлігі  әскери шеру ұйымдастырады), «9 мамыр - Жеңіс күні», т.б санынан жаңыласыз. Қазақтар кім үшін, не үшін соғысқанын әлі күні  білмейді. «25 мамыр - соңғы  қоңырау», «31 мамыр - қуғын-сүргін күні», «1-10 шілде аралығы -  Елбасы мен Астананың туған күндері» от шашу  міндетті түрде болады.

«30 тамыр - Конституция күні», «1 қыркүйек - Білім күні» «22 қыркүйек -Тілдер күні», «1 қазан  - Ұстаздар күні», «1 желтоқсан - Президент күні»... Өткен жылдан бастап, «Алғыс айту күні» деген күлкілі  мереке пайда болды. Кімге кімнің алғыс айту  керек  екендігі түсініксіз. Одан  қала  берді, елімізге  танымал тұлғалардың  50, 60, 70, 80, 90, 100 жасқа  толған  мерейтойларын  атап  өтпесе  тағы  болмайды.

Қазақстандағы  телеарналар таңның  атысынан  күннің батысына  дейін  «Қазақша  концерт», «Әзіл әлемі», «Жайдарман», «Түнгі  студия», «Қызық times» «Бенефис шоу» «Қалаулым»  деген  сайқымазақ  бағдарламаларға  тұнып  тұр. Әнші  дейін  десең, әнші емес, күйші  дейін  десең, күйші  емес, масқарабаз Тұрсынбек Қабатов, Нұрлан Қоянбаев, Аша Матай, Қыдырәлі Болманов, Қарақат Әбилдина жаулап алды. Бет аузы алақтап, жалақтап алмайтын тазы секілді  орыcша-қазақша  араластырып  бірдеңелерді айтады, соған парықсыз  көрермен  күледі. Мен секілділер жылағысы  келеді.

Сахна  мәдениеті  мүлдем сақталмайды. Көркем  әдебиеттегі қазақ  халқының  керемет  сөз тіркестері  қолданылмайды. Сахна этикасы мен эстетикасы былай тұрсын, телеарнада қалай күліп тұрудан бастап, сөз саптау, дұрыс жүру, жалпы айтар болсақ, бәрінен жұрдай. Сахна сұлулықты  қажет ететіндіктен, кім көрінгеннің қол жаулығына  айналғандығы жасырын емес. Жауыр болған  ток-шоулардан  тазаланар уақыт жетті емес пе? Сондықтан, Қазақстан Республикасының барлық телеарналарына  түбегейлі  төңкеріс  керек. Әйтпесе, осылай  сорлағаны сорлаған.

Ал, енді  күнделікті өмірде болып  жатқан  тойлардағы  сорақылықтарға тоқталайын. Жақында Орал қаласында Жаңа жылдық  кештердің бірінде  «Корпоратив» деп  жиналған жастар  жағы  қызып алғандығы соншалықты, қазақ үшін  қасиетті саналатын  тамақ қоятын  дастарханның үстіне шығып билегенін әлеуметтік желілерден  көріп жағамызды ұстадық. Тойлардағы  ерсі қылықтар мен мәдениетсіздіктерге бола жерге  қарайтын болдық. Мысалы, аталар мен әжелерді асабалар  ортаға сүйреп шығарып, би билеуге мәжбүрлеуі  шектен шықты. Қазақ  қастерлейтін  аталар  мен әжелер  мазаққа  айналғандай. Онысына  арланбай «Күлсең, кәріге  күл» деп өз-өздерін ақтап  алып  жатады.  Қаншама  рет  айтып  жазсақ та  әзірге  нәтиже жоқ.

Банктерден  (кредит) қарыз  алып  қауғаланып той тойлау  сәнге  айналғаны қай  заман. Танымалы  әншілер мен  сайқымазақтарды  шақыру  қыруар  қаржыны  талап  етеді. Оған қарап жатқан  ешкім жоқ, бәсекелестіктің  белең алғандығы  соншалықты, И. А. Крыловтың жазып  кеткен  «Өгіз бен бақа» далада қалды. Мыжыма  тілектер мен қарауға  ұялатын  көріністер адамның  құйқа  шашын  шымырлатады. Тамадалар  күлдірем  деп бүлдіріп  жатқан  жайы бар. Тойдағы  мән-мағына, анайылық  пен жабайылық  тыйылмаса  көрген  күніміз  сор болар.

Ол ол ма, жуырда  елімізге белгілі  адамның бәйбішесі  бұл  дүниемен қоштасқанда, қаралы  қазада  отырып, ақ  жағалы министрлер  мен депутат, сенат серкелері қайтыс  болған  кісіні  емес, оның  күйеуін  мақтап-мақтап  келеді де,  сөздің  ақырында «арты  той болсын, тойда  кездесейік немесе той  тойға  ұлассын» деп  сандырақтап  кетіп жатты. Құдайым-ау, ата-бабамыздың жазып кеткен  «Жеті  ғасыр жырлайды» немесе «Бес ғасыр жырлайды» деген  кітаптарда  өлімге  қатысты  қаншама  қазақ  тіліндегі  інжу-маржандар мен  гауһар  тастар төгіліп тұр  десеңізші, егер жаттай   алмасаңыз   жазып   алып   оқып  бер. Балалар  кітап оқымайды  деп жатамыз, олар түгілі, үлкендердің   басым  көпшілігі  кітап  оқымайды, тіпті  оқығысы да  келмейді. Сондықтан, той тойлай  бермей,  ес жыятын мезгіл жетті,  ағайын...

Жұмамұрат  Шәмші, тарих  ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

20 пікір