Бейсенбі, 12 Желтоқсан 2019
1196 13 пікір 31 Қазан, 2018 сағат 14:58

Қазақстандағы күш құрылымдары интернетті бұғаттаудың "әлеуметтік сипатын" түсіндіре алмады

Қазақстан ақпарат және коммуникация министрі, ішкі істер министрі мен қорғаныс министрі күш құрылымдарына "төтенше жағдай кезінде" интернет пен байланыс жүйесін тоқтатуға құзырет берілуіне қатысты комментарий берді.

Қазақстан үкіметі бірер күн бұрын арнайы қаулы шығарып, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігіне интернетті бұғаттау құқығын берген. Қаулыға сәйкес, аталған мемлекеттік органдар өкілетті органмен өзара әрекет ете отырып, "әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы қауіп төнгенде немесе төтенше жағдай болғанда" үкімет мен президент байланысынан басқа интернет пен байланыс жүйесін тоқтатуға құзыретті болады. Құжат өткен жексенбіде, 28 қазанда күшіне енген.

Үкімет отырысынан кейін журналистер сауалдарына жауап берген ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов "Бұл туралы заңды жариялаймыз, содан оқисыздар. Бұл бізге ғана емес, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне де қатысты" деп қана жауап берді.

Ал ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев "Мұндай жағдай болып қалғанда міндетті түрде (байланысты - ред.) өшіреді деген сөз емес, қарастырады деген. Мүмкіндік берілуі мүмкін. Ол енді қаулы ғой. Сондықтан осы мәселені толық қарап, жауабымды беремін" деді.

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Азаттық тілшісіне "Бұл шешім туралы нақты айта алмаймын. Өйткені ол жаңа қабылданып жатыр. Бірақ егер шекара аймағында төтенше жағдай жарияланатын болса, онда шекара аймағы комендантының интернетті бұғаттау туралы ұсыныс жасауға құқығы бар. Бірақ қорғаныс министрлігінің өзі бұғаттауға құзыреті жоқ" деді министр.

Ермекбаев тілшінің "Әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай" деген сөз нені білдіреді?" деген сұрағына "Ол заңда жазылған" деп қана жауап берді.

Қазақстанда жыл басынан бері Facebook, YouTube, Instagram және Telegram желілеріне кешкі уақытта кіру қиындайды. Маусым айында қазақстандық құқық қорғаушылар "әлеуметтік желіні бұғаттауды тоқтатуға" шақырған. Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның таратқан мәлімдемесінде азаматтар кез келген уақытта қажетті ақпаратты алуға құқығы бар деген.

Әлеуметтік желілер шетелде тұратын бұрынғы банкир, Астананың саясатын сынайтын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы тікелей эфирге шыққан кезінде бұғатталады.

Бұған дейін Қазақстанның киберқауіпсіздік саласындағы мемлекеттік мекемелер басшылары қазақстандық интернет қолданушылардың әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге ара-тұра кіре алмай қалатынына биліктің қатысы барын жоққа шығарған.

Abai.kz

13 пікір