Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Білгенге маржан 8136 7 пікір 31 Қазан, 2018 сағат 12:34

Инсультқа ұшырамау үшін кітап оқып, шахмат ойнау керек

Қазақстанда жылына 49 мың адам инсульт алып, олардың 70 пайызға жуығы мүгедек болып қалатын көрінеді.  Бұл қауіпті көрсеткіш. Қаны басына шапқандардың 5 мыңы алғашқы он күн ішінде көз жұмса, тағы бес мыңы алғашқы бір ай ішінде үйде жатып қайтыс болады екен. Ауырулардың 60 пайызы 40 жастан асқан ер адамдар.

Мұндай статистикалық көрсеткіштер кімді болса да ойландырса керек. Ай аман, күн тынышта соншама жұрттың кенеттен қайтыс болып жатуы қай елге де абырой әпермесі  анық. Әсіресе, жері – бай, елі – қуатты Қазақстан сынды мемлекетте бұл кеселдің эпидемиялық сипат алуы қынжылтады. Оған алғы шарт – күнделікті күйбең тіршіліктің күйігі мол келеңсіздіктері болса керек. Әрине, Қазақстан денсаулық сақтау саласында бұл проблеманы шешуді қолға алған, оның түрлі мүмкіндіктерін қарастырып та жатыр. Маман дәрігерлердің пайымдауынша, инсультқа ұрындыратын, ең алдымен, жұрттың бейберекет тұрмыс салты. Қашанда «шығасыға иесі басшы» емес пе. Әр адам өмір сүру қағидаларын  барынша қадағалап, жиренішті әдеттерден арылса, «айтпай» келетін ауырулардан аман жүретін көрінеді. Демек, салауатты өмр салты бекер сөз емес, оны дәріптеу керек,  дейді мамандар.

Өткен жексенбі күні Жансая  Әбдімәліктің шахмат академиясының «Дебют» клубында Смағұл Қайшыбаев атындағы неврология институты, «Такеда-Қазақстан» компанияларының демеушілігімен,  «Ұрпақтар сайысы» атты  қызықты шахмат турнирі болып өтті.  Бұған қатысқан 78  шахматшының ең кішісі 6,5 жаста, ал, ең ересегі –  81-ге толған ақсақал.

Жасөспірімдердің қариялардан алар өнегесі мол болса керек, - дейді Жансая Әбдімәлік академиясының бизнес директоры Алма Әшірова. – Жуырда матч-реванш өткізіп қалуымыз да ғажап емес. Өйткені, немерелері аталарына кеткен еселерін қайтаруға тырысары анық.

Жеті турдан тұрған турнирдің жалпы қорытындысы бойынша, 194,6 ұпай жиған ересектер командасы ұтты. Жасөспірімдерде – 77,5 ұпай. Қатысушылардың бәрі де сый-сияпатқа ие болды. Турир Дүниежүзілік инсультке қарсы күрес күніне орай өткізілді.

Адамның инсультке шалдыққанын тез түсініп, шара қолдану өте маңызды, - дейді С. Қайшыбаев атындағы Неврология институының директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Гүлназ Қайшыбаева. – Сондықтан да, турнирді ашар алдында, жастар біліп жүрсін деген мақсатпен, инсульттың негізгі белгілері туралы фильм де көрсеттік. Өйткені, ата-әжесінің қасында жиі болатын осы оқушы жеткіншектер ғой. Аяқ астынан, қиын жағдай туындап жатса, дереу «103»-ке хабар беріп, құтқарып қалады. Инсульт алған кезде де, одан кейін де адамның, ақпарат алмасуға жауап беретін, когнитивтік қызметтері зардап шегеді. Медицина тілінде бұны жастың ұлғайуына қатысты өзгерістер дейді. Осыны ескере отырып, айтулы шахмат турнирін өткізу идеясы пайда болды. Ондағы мақсатымыз – ағзаның когнитивті қызметтерін жас кезден-ақ  шынықтырып, қорғай  білуге шақыру. Интеллектуалды спорт ойындарының пайдасын көрсету. Ал, егде адамдар үшін, жиі шахмат ойнау арқылы, когнитивтік қызметтерді ұзағырақ сақтауға болатынын түсіндіру. Өйткені, шахмат тәрізді ой-санаға қозғау салатын ойындар инсульт секілді ауырудан миға тиетін ауыр зақымның зардабын жоюға жақсы көмектеседі. Біз мұндай кезеңдегі ауыруларға тақпақ жаттауға, кроссвордтар шешуге кеңес береміз. Тіпті, 70-тен асқан кейбір пациенттер  шет тілдерін меңгере бастады. Бұл өте маңызды. Себебі, жаңадан бір нәрсені үйрену барысында,  жастың ұлғайуына қатысты немесе сырқатқа байланысты жойылған мидағы нейрон аралық байланыстың орнына жаңасы қалыптаса бастайды.  Сондықтан да, әр адамның миын жастайынан жаттықтырғаны абзал. Жыл өткен сайын көбірек оқып, көбірек білуге тырысып,  миыңыз белсенді жұмыс істеу керек.

Жастайынан миын жаттықтырып өскен жанның шылым шегіп, ішімдікке салыну тәрізді  жағымсыз әдеттерге құлқы болмайды екен. Демек, жаны таза адамның  тәні  түрлі сырқаттан аза.

Жыл өткен сайын, Қазақстанда қоғамдық маңызы зор жобалар барынша жүзеге асырылып келеді, - дейді «Такеда Қазақстан» компаниясының департамент басшысы Наталья Гайфуллина, - Біз мұндай бастамаларды ылғи да қолдап, демеушілік танытып отырамыз. Адам тек дәрі-дәрмектің арқасында ғана емес, өзінің когнитивтік қызметтерін тұрақты шынықтыру арқылы да дені сау болады. Жасы келген сайын ақыл-ойға түсер ауыртпалықты да көбейте беру керек. Шахмат ойнау, шет тілдерін үйрену, кітап оқу – тек көңіл-күйіңізді көтеріп қана қоймайды, сонымен бірге, сіздің миыңыздың когнитивтік мүмкіндіктерін арттыра түседі. Біздің компания үшін де мұндай шаралар өте маңызды, сол арқылы да осы мәселенің өзектілігін, керектігін айтып қалуға тырысамыз.

Инсультке ұрынып жататындардың көбісі ер азаматтар екенін ескерсек, оларды бұл нәубеттен қорғауымыз керек. Әйтпесе, 10-15 жылдың ішінде-ақ, еркегі тапшы қоғамға айналарымыз анық. Қаншама бала әкесіз, атасыз өсетін болады. Бұл – өте маңызды әлеуметтік мәселе, - дейді инсульт мәселелері бойынша Республикалық үйлестіруші орталықтың Бас маманы Зәуреш Ахметжанова. - 45-тен асқан ер адамдар мен 55-тен асқан  әйелдер  тәуекелді кезеңде өмір сүреді. Сондықтан да, ішімдікті, темекі тартуды тыйса керек. Дұрыс тамақтанбаудың өзі нағыз тәуекел, жас ұлғайған сайын оның қаупі де арта түседі. Кәзір Қазақстан тамақ құрамында ас тұзын көп қолданатын алғашқы бес елдің қатарында. Ал, тұзды шамалы пайдаланса, сіздің қан қысымыңыз да көтерілмейді. Біздегі қан қысымы жоғарылардың бәріне жуығы тұзы мол, қуырылған, майлы асқа әуестер. 

Инсульт алған жандардың аман қалған соң, өмірін қайтадан толыққанды жалғастыруы қиын. Бірақ, ондай  мүмкіндік бар.   Бұл науқасты емдеудің тромболизис деп аталатын арнайы әдісі өте тиімді. Ондай ем қонуы үшін инсульт алған адамды ағлашқы  4,5 сағаттың ішінде емханаға жеткізіп үлгеруі керек. Егер, одан қалса, «қолды бос сермегеніңіз». Зәуреш Ахметжанова:

Кәзіргі күндері еліміз бойынша тромболизиспен емделетіндер бар-жоғы 3,5 пайызды құрайды, ал, пациенттердің 97 пайызы одан сырт қалады. Демек, қаны басына шауып құлағандардың көбі не көз жұмады, не мүгедек болып қалады деген сөз.

Бұл мәселенің әр бір отбасына, қоғамға түсірер тағы бір ауыр тұсы бар. Инсульт нәтижесінде мүгедек болып қалған адам бұтақтан  түскен жапырақ тәрізді. Тілсіз, қимылсыз, сырт көмексіз еш нәрсеге қауқары жоқ «тірі өлік» күйіне түседі. Ал үй ішінде бір мүгедек пайда болса, бүкіл отбасының тіршілігі өзгеретіні хақ. Сырқаттың жағдайын түсінетіндер бар, ал, туғандары теріс айналып, қараусыз қалатындары да кездеседі.

Қалай десек те, әр адам – өз бақытының ұстасы. Сіздің денсаулығыңыз да өз қолыңызда. Дұрыс тамақтанып, спортқа жақын болсаңыз – тәніңіз сау, көп ойланып, кітап құмар болсаңыз – жаныңыз сау. Қалау сізде.

Асхат Асан

Abai.kz

 

 

7 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3531