Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Саңлақ 6323 4 пікір 23 Қазан, 2018 сағат 12:53

Қазақ күресін қайтіп дамытамыз?

Күрес  өнердің  төресі, оны  ойыншыққа,

саудаға  айналдыруға  болмайды!

(Балуан  Шолақ)

Қазақстан күрес спорты басқа спорт түрлеріне қарағанда кенже  қалып барады. Кеңес  өкіметі  кезінде  Қазақстан  республикасында  тәрбиеленіп, өсіп шыққан палуандар: классика  күрес  шеберлері  Владимир  Бакулин, Валерий  Резанцев, Анотолий Назаренко, Шәміл  Серіков, Жақсылық  Үшкемпіров, Анатолий Колесов, Князь Ахметов, Дәулет  Тұрлыханов, Юрий Мельниченко, Бақтияр  Байсейітовтер, ал  еркін  күрес  шеберлері  Амангелді  Ғабсаттаров, Әбілсейіт  Айханов, Аманжол  Бұғыбаев, Александр Иванов, Петр Суриков, Баумбах, Рамазан Нұрманов, Мәлік Надырбеков, Жақсыжол Көрпебаев, Амангелді Мұсабеков, Сайлау Мұқашов, Амангелді Жаппаров, Мусан Абдулмүсілимов, Серік Алшынбаев, Мұрат Майауызов, Мәулен Мамыров, Ислам Байрамуковтар  еліміздің  атын одақтық, әлемдік  және  олимпиада   жарыстарында  талай  рет  аспанға  шығарған  еді.

Сол  кездегі  қазақ  жастары  мен  жасөспірімдердің  спортқа  құлшыныстары, оның  ішінде  күрес  пен  боксқа  деген құмарлықтары ерекше  болатын. Кеңес  өкіметі заманында денсаулықты  сақтауға аса маңыз  беріліп, мемлекеттің басты байлығы, тұтқасы  ретінде, биліктің  тарапынан спортқа  аса қатты  көңіл  бөлінуші  еді. Мектеп  оқушыларынан бастап, пенсионерлерге  дейін  «Отанды  қорғауға  дайын бол!»  дейтін, бірнеше сатылы  нормативтер  тапсырылатын  уақыттар, әлі  есімізде.

Өтпелі  кезең  өтіп, ел  жағдайы  түзеліп, оңды-солымызды  түгендеп  келе  жатқанда  спортқа  да, оның  ішінде  халқымызбен  бірге  атам  заманнан  бергі  жасасып келе  жатқан  өнері  күрестің  дамуының  елімізде жетекші  орын  алмай келе жатқаны  қынжылтады. Қазақтар  о  бастан  күрес, ат  спорты, садақ ату, найзаласу, семсерлесу  мен  сайыстар, көкпар  сияқты батырлық пен ерлікті талап ететін жекпе-жек  түрлеріне қатты  көңіл  бөлген. Баяғыда батыр бабаларымыз  жауларымен  жекпе-жекке  шығарда   қарсы  жақтың  батырына: «Алыспақ  керек  пе, атыспақ  керек пе, не шабыспақ керек пе?!» деп  сұрау  салған. Яғни  бұл  күрес өнерінің  о  бастан Ұлы Бабаларымыздың жауынгерлік, батырлық  сипатының  құрамдас  бөлігінің  бірі  болып  саналғанының  белгісі. Ұлы Бабаларымыз Киелі палуандар  деп:

1.«Тайқазанды»  көтергендер - Әз Ғараб Алатау Батыр және Басқарау палуанды  атапты.

2.«Алты-табан» - деп, бұлар бойлары «Сырықтай», түйелерді иығына салып жүре  беретін алыптарды  атапты.

3.«Қос қақпалы» - деп, Жоңғар – Қазақ  майданының  қаһарманы, Абылай Ханның Бас Батыры Ашамайлы Керей Қанай Датқаұлы Құланхайыр Ханбас Батырды  атапты.

Ал  күшіне қарап берілген палуанның алдын:

1. «Түйе тартар» – деп атаған, яғни бұл палуан бір  шақырымға  дейін  түйені  арқалап  баралған.

2. «Өгіз тартар» - деп, яғни бұл атақты бір шақырымға дейін  өгізді  арқалап  барған  палуанға берген.

Ал Елдің  кез-келген  бұрышында  палуандарға  берілетін  шендер былай аталыпты:

1. Атан палуан                                  

2. Түйе палуан

3. Өгіз палуан

4. Шалыс палуан 

5. Қарыс палуан                      

6. Қауға палуан 

7. Жігіт белді  

8. Бала белді

9. Сәби сіңір – деп атаған екен.

Қазақ  күресінің  небір  алыптары, тарихта  қалған  Ұлы  батырлар: Иман Жүсіп, Балуан  Шолақ әлемнің  бірнеше  дүркін  чемпионы  Қажымұқандар  шыққан  елде  күрес  өнерінің  басқа  спорт  түрлеріне  қарағанда  көп  биік  тұруы  керек-ақ және  бұл  өзі ерлік пен өрлікті биік тұтқан Қазақ халқы үшін табиғи  заңдылық  болуға тиісті құбылыс  болар  еді.

Қазір, елімізде қаншама күрес мамандары болса да таза күрес мектептері жоқ. Бұрынғыдай  талантты  балаларды  іздеп  тауып, оларды  арнайы  мектептерге  тарту  мен оның  ішінде  ауыр  салмақтағы  палуандар  дайындау жолға  қойылмаған.

Қалаларда, жер-жерлерде  арнайы  күрес  залдары  жоқтың  қасы. Көбісі жалпы  білім  беретін мектептердің спорт залдарына орналасқан. Тіптен Шымкентте облыстың құрама командасының  жаттығатын күрес залы жоқ. Спорт  мектептерінің  көпшілігі  биіктігі  төмен, бұрынғы бала-бақшалардың жас сәбилер тәрбиеленетін  бөлмелеріне  орналасқан. Бір жаттығуда палуандардың қаншама тер төгіп, қаншама текшеметр ауа жұтатыны белгілі. Ал мұндай биіктігі 3 метрге жетпейтін бөлмелерге киелі спорт түрі күресті тығып тастау дегенің, бұл біле-білгенге қылмыс! Күрес  өнерінің  көп  қажыр-қайрат  пен  күш  жұмсауды, асқан тазалықты қажетсінетін спорт түріне  жататыны  белгілі. Санитарлық  гигиенаға  сай  жаттығулардан  кейін  жуынып-шайынатын, қазіргі  заман  талабына  сай  спорт  ғимараттары  үлкен  қалаларымыздың  өзінде  саусақпен  санарлық, өте  аз.

Соңғы жылдары, күрестің сұлулығы  мен ерлік  сипатын  жоғалтуына  әкелген халықаралық күрес федерациясы ФИЛА-ның  ережелерінің негізінде, әсіресе еркін  күрестің негізгі  әдістері  партерлерде  жасалып, палуандар  жыландарға  ұқсап, кілем  үстінде  мың  бұралып аунап  жататын. Бұрынғы ерлік  пен  өрлікті  биікке көтеретін  төске  және  жамбасқа  алу, аяққа  өтіп  көтеріп  ұру, диірмен, тобықтан  шалу, іштен  шалу  сияқты  әдістердің  өте сирек, тіптен аз  қолданылылып кетіп еді.

Бұл ережелерге аса  бейімделушілік жастардың  еркін  күреске деген  қызығушылығын  азайтып, оның  көсегесін  көгертетін  тактикалар еместігін уақтысында  көре  білген  ФИЛА, өткен 2004 жылы Афина  олимпиадасынан кейін, беделі тізеден  төмен түсіп  кеткен  күрес өнерін  бұрынғыдай  жоғары  көтергені  спорт  мамандарына  белгілі.

Және айта кетер  мәселенің бірі, өкінішке  орай соңғы  жылдары  күрес  те, басқа  спорт түрлері  сияқты  коммерциялануға  ұшырап  барады. Жаттықтырушыларымыз өзіміздің  Қазақ елінде жақсы  палуандарды әлемдік, олимпиадалық жарыстарға дайындаудың  орнына басқа  жақтан, басқа  елдерден  дайын палуандарды  шақырып, оларға  азаматтық және  пәтер беріп, қазақ  елінің  атынан  жарысқа  дайындауды  әдетке  айналдырған. Мысалы  классикалық  күрес шеберлері  Цур-цумия - Грузиядан, Манукян - Армениядан шақырылса, еркін күрес шеберлері  Г.Лалиев - Осетиядан, Муталибов - Кавказ республикаларының  бірінен, Спиридонов - Якутиядан  шақырылған. Сонда бұл  қалай? 16 миллиондық Қазақстанда палуан  ұлдар туатын аналар  құрып  қалды ма? Шетелдерден  дайын  палуандарды әкелуге соншама  қаржы  жұмсағанша, сол ақшаларға  өзімізде  неге өз жастарымыздан  палуандар дайындамасқа... Әлде, мұнда біз  білмейтін басқа  құпиялар  бар ма?... Резервтер  дайындаумен және жастармен  жұмыс  істеп, оларды жарыстарға  жиірек  қатыстырып, тәжірибе  жинақтаса, өзімізден де небір  тамаша  палуандардың  шығары  сөзсіз. Және  айта  кетер  маңызды  мәселенің  бірі  жақсы  жаттықтырушылармен  бірге  құрама  командаға   мықты  психологтар  да  аса  қажет.

Ал, егер біздің  жаттықтырушыларымыз, жақсы  палуандар дайындай  алмаса, онда олардың  орнына шетелдерден мықты  жаттықтырушылар  шақыру керек. Жақсы  бір  жаттықтырушы  ондаған  мықты  спортшылар  дайындайды, ал  шақырылған 5-6 спортшың  алға  қойған  мақсаттарын  орындағасын, елдеріне  тайып  тұрады.

Өткен олимпиадада өзбек командасының атынан түскен  Грузиядан шақырылған еркін күрес  шебері берген  сұқбатында  өз елінде  екінші  орын алып, өзбектер атынан  түсіп  чемпиондық сыйлыққа  алған 100 000 мың  АҚШ  долларын  өзінің  Грузиясына  аударатынын айтып және Грузияның патриоты екеніне мақтанып, өзағамдарды  бүкіл  әлем  алдында  масқарасын  шығарды... Міне бұл  "қасқырды, қанша  асырасаң  да  орманға  қарап ұлитындығының"  кері...

Спорттың  денсаулық сақтаудағы орнынан басқа, оның аса  маңыздылығы елдің атын  шығаратындығы. Жеңімпаз  спортшының  құрметіне, сол  елдің әнұраны  орындалады. Ел Басшымыз басқа елдерге барғанда немесе басқа  елдің басшылары  елімізге келгенде  ойналатын  ән ұран, спорттың  айналасында  жиі  орындалып, Ерлеріміз  Елдігімізді  бүкіл  дүниеге  танытады....

Спорттың  тек  қана  денсаулық  сақтау мен сұлулыққа, Отанды  қорғауға да  дайындайтын  шара ғана  емес, аса  үлкен тәрбие мектебі  екені де белгілі. Қазіргі  нашақорлық  пен  маскүнемдіктің  көбейген  заманында, жасөспірімдер мен  жастарды  компьютер  ойын  залдары  мен  неше  түрлі  барларда  темекіге  көміліп  отырудан  да  арылтатын  спорт  алаңдары  мен  мектептерін, ондағы  спорт  үйірмелерін  көбейтетін  уақыт келді. Республика тұрғындарының денсаулықтарын күшейтуде  және семіздік  пен  жүрек  тағы  басқа  аурулардың  алдын  алуда  да,  спорт пен  дене тәрбиесін  дамытатын  халықтық жалпы  физкультураның орны  да  ерекше.

Ұлттық  спорттың  түрлері  күрес, сайыс, көкпар, садақ ату, жекпе-жек, ат спортын дамыту мен олардың тиісті  базаларын күшейту және арнайы  күрес  сарайларын көптеп салу да, бүгінгі  күннің  кезек  күттірмейтін  мәселесіне  айналып  отыр.  

Осы  өміріміздің  аса  маңызды  саласы физкультура мен спортты, оның  базалары  мен  спорт индустриясын, спорт  киімдері  мен  құралдарын  дайындайтын  кәсіпорындарын,  ғылыми-зерттеу  және ортопедия (жасөспірімдердің жалпақ табан ауруларының алдын алу үшін) институттарын ашып, олардың  жұмыстарын  үйлестіріп  отыратын, тәуелсіздіктің  алғашқы  экономикалық  қиын  уақыттарында  жабылып  қалған  «Физкультура  мен  спорт»  министрлігін қайта ашып, Спорт министрлігі бұл айтылған іс-шараларды одан әрі жандандыратын  уақыты  келді  деп  есептейміз.

Және бір көңіл бөлетін жағдай  нағыз  ерлер айналысатын күрес түрлерімен, ауыр атлетика  штангамен нәзіктікке, пәктікке, арулыққа  жаратылған қыздарымыздың  айналыса  бастауы... Бұл  өз  кезегінде, табиғат пен Ұлы Жаратылыстың  заңына қарсы  тұрушылық пен қайшылық боп  шығу  емес пе?.. Қыздарға  мысалы, сұлулық  пен  әсемдік  жарасады. Дүниеге  жаңа ұрпақ әкелуге және ардақты ана  деп аталуға, сұлулықтың  символдары тап-таза іңкәрлік пен махаббат үшін  жаралған көркем бейнелердің орнына, жауырындары  қақпақтай, мойындары  бұқаның  мойынындай, жылқы  тұмсықты, піл  тірсекті  спортшы  қыздарды  елестетудің  өзі  тіпті, санаға  ауыр... Ауыр спорт түрлерімен айналысу, қыздарды ана  болу бақытынан  мәңгілікке  айырып, оларды  кәдімгі  күш, яғни арбаға жегетін жұмыс  аттарына  айналдырып  жібереді. Халқымыздың санын көбейте  алмай  жүргенде, бізге  осындай  еркекшоралар қажет пе? Қыздарымызға  сұлу  спорттың  түрлері, синхронды  жүзу  мен  көркем  гимнастика, тағы  да  басқа  спорттың  әйелдерге  арналған  түрлері  жарасымды-ақ. Ойына  не  келсе  соны  істеп  үйренген, шектен  шығып, азғынданып, бұзылып  бара  жатқан  батысқа  еліктей  беру  ешкімге  абырой  әпермес... Мұндай әуейілікке негізделген  өзімбілемділікке,  озық  үлгілі  салт-дәстүрге, бұлжытпай орындалуға тиісті Ұлы Бабалар рәсіміне, ұлттық болмысқа негізделген ұлттық тәрбиені,  барлық  әдемі  нақышты  қанық  бояуымен  қарсы қоя  білген  дұрыс  деп  ойлаймыз.

Ілесбек  Байжанов, Шымкент  шаһары

Abai.kz      

4 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2250
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3501