Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Алашорда 4944 3 пікір 9 Қазан, 2018 сағат 09:09

"Алашия" атты рисәлә-эпопея туралы...

«Рух БГ» баспасы жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың қазақ азаттық қозғалысының тууы, даму барысы және қол жеткізген нәтижесі туралы деректі, көркем, тарихи-танымды туындысы – үш томдық «Алашия» рисәләсін  жарыққа шығарды. Қазақ елінің Ресей империясы отары ахуалындағы жай-күйі, халықты жер-судан, ұлттық рухани санадан айыру саясаты дәуірлеген кезеңдегі саяси-әлеуметтік тыныс-тіршілігі, жалпыреволюциялық қозғалыс толқынында өзге ұлттармен қатар оянуы, империя бодандығында өмір сүріп жатқан түркі-мұсылман халықтарының қозғалысымен біте қайнасқан Алаш қозғалысы туралы, сондай-ақ ұлттық қозғалыс тұтанған бетте монархиялық елде жаңа өркениетке сай демократиялық өзгерістер жасау үшін жүргізілген күрес және оның бастапқы нәтижелері мен жеңісті шыңы жайындағы әңгімелер он дәптерге түзілген. Осы он дәптер империяда орын алған революциялық, ұлт-азаттық қозғалыстың, соның ішінде қазақ қозғалысының өзіндік дәуірнамасы іспетті. Оқырман назарына сол дәуірді суреттейтін, ауқымы кең, мазмұны айрықша  көркем-танымды тарихи шығарма ұсынылып отыр. 

Біздің алға қарыштап басқан жаңа заманымызда көлемді туындылардың күні өткен деп қарайтын көзқарас бары және оны көпшіліктің дұрыс көретіні де белгілі. Осындай ахуалда шығып отырған көлемі 85 баспа табақ аталмыш тарихи рисәлә  жаһанданудың жаңа стандартына жаппай бейімделу рухында алға тартылған уақыт талабына, қазіргі оқырманның үлкен кітап оқуға зауқы жоқтығына қарсылық білдіруді, замана туғызған жаңа әдетпен келіспеуді, оны терістеуді міндетіне алған  тәрізденеді. Бұл үштомдық осы міндет үдесінен көрінер,  ойлы оқырман көңілінен шығар деген сенім бар. Себебі онда патшалық тұсындағы ұлт-азаттық қозғалыс кезеңдерін сипаттайтын ғылыми деректер тарихи тұлғалардың жанды әрекеттерімен астастырылған көркемдік құралдар мен тәсілдер арқылы  танытқыштығы ересен әсерлі көріністерге айналған. Орыс-қазақ қатынастарының күрделі кезеңдері, қорғансыз ауылдарға жасалған әскери жорықтар құрбандарының тағдыры, жер-суы тарылып жатқан қазақтардың отарлаушылар ашқан өнеркәсіп орындарында арзан жұмыс күшіне айналуы, қырдың сауда капиталымен шырмалуы, солармен бірге жасалып жатқан түрлі рухани қыспақтар салдарынан жаңа тұрпатты қарсылық, азаттық аңсаған қозғалыс дүниеге келді. Содан Ресейдегі үш революция рухымен шыңдалған қазақ қозғалысы ақыры жеңісті шыңына шықты: ұлттық автономия құрып, Алаштың Ордасын – үкіметін сайлап алды. Рисәлә беттерінен осылар жайындағы шындықты оқуға болады.

Рисәләнің алғашқы томына енген үш дәптер қазақ даласының жаңа саяси күрес жолына түсуі, жалпы түркі әлемімен мұңдастығын айқындап, күрес жолдарын белгілеуі, елдікті жаңғыртуға тырысқан ұмтылыстарында болашақ саяси құрылым нобайларын түзуі жайынан сыр шертеді. Келесі томдағы төрт дәптер  халық өкілдерінің алғашқы революция дүмпуімен ашылған империядағы заң шығарушы мекемеге көзқарасы, артқан үміті,  қазақ мұңының Бірінші Мемлекеттік дума мінберінен көтерілуі, ұлт үшін өзекті мәселелердің Екінші Думада қаралуы, ақырында, Үшінші Думада қазақ қайраткерлері жүргізген парламенттік күрестің тоқырауы туралы әңгімелейді. Қозғалыстың қорытынды кезеңі іспетті соңғы томдағы үш дәптерге ел мүддесін көздеген зиялылардың он алтыншы жыл көтерілісіне байланысты империяның биік орындарындағы, Төртінші Думадағы күрестері, патшаның тақтан түсуіне байланысты ашылған жаңа саяси мүмкіндіктерді  пайдалану орайында жүргізілген іс-әрекеттер, жалпықазақ құрылтайлары, козғалыстың квинтэссенциясы секілденген Алаш-Орданың дүниеге келуі арқау болған.

Орыс отарына айналған түркі халықтарының озық өкілдері орыс мүддесіне адал қызмет ете жүріп, қаналған жұртының мұң-мұқтажын терең сезінді, тиісінше, ұлттық қозғалыстың өркениетке сай өрбуіне  елеулі қосты. Солардың қатарында империяның орыс емес халықтарын басқару ісіне, Мемдумаға отар халықтардан өкілдер сайлаудың заңнамада қарастырылуына қатысы болған генерал Ғұбайдолла Шыңғысхан, тіл, діл, дін және істе бірлік болуын көздейтін ағарту бағытында өте елеулі жұмыстар атқарған Ысмайыл Гаспринский бар. Рисәлә солар мен олардың серіктері және революцияшыл орыс, түрк (қырымлы, татар, башқұрт, әзірбайжан, өзбек, қазақ), басқа да мұсылман қайраткерлері жүргізген істер жайында танымды ой қозғайды. Алаш қозғалысының әр кезеңінде ел ішіндегі түрлі типтік бейнелермен бірге әрекет ететін тарихи тұлғалар қатарынан оқырман Әлихан Бөкейханов, Бақытжан Қаратаев, Серәлі Лапин, Жақып Ақбаев, Исмаил Гаспринский, Әлимардан Топчибашев, Әбдірәшит Ибрагимов, Шаһмардан Қосшығұлов, Ғұбайдолла Жәңгірханұлы, Сәлімгерей Жантөрин, Құтлұқай Тевкелев, Шаһайдар Сыртланов, Тимофей Седельников, Ахмет Бірімжанов, Ильяс Бораганский, Рашид Ибрагимов, Мұстафа Шоқаев,  Жаһанша Досмұхамедов, Ғаяз Исхаков, Зәки Валидов, Ахмед Цаликов, сондай-ақ Ресей империясының ІІ Николай, Петр Столыпин, Михаил Родзянко, Александр Керенский секілді мемлекет және қоғам қайраткерлерін көреді. Рисәләға солар және сан түрлі саяси партиялардың қайраткерлері, өзге де тарихи адамдар қатысқан оқиғалар арқау болған.

Рисәләнің жекелеген дәптерлерінің бастапқы нұсқалары мен үзінділері әр кезде қағаз және электронды БАҚ беттерінде, әртүрлі кітаптарда жарияланған.  Толық нұсқасы тұңғыш рет баспа бетін көріп отырған бұл рисәлә-эпопея қазақтың ұлттық мемлекеттілігін жоғалтып, отарлық қамытпен империя құрылымына кіргізілген шағынан отарлаушылар озбырлығына көрсеткен қарсылығы, елдігін, азаттығын көксеу барысында өрістеткен Алаш қозғалысы тарихымен әуестенетін көпшілікке, жастарға арналған. «Алашия» үштомдығын сатып алуға ықылас білдіретін азаматтар (8 727) 374 8342, 8 701 746 3301 телефондарына хабарласа алады.

Балжан Хабдина

Abai.kz

3 пікір