Жұма, 29 Наурыз 2024
Саяси портрет 32658 34 пікір 3 Қазан, 2018 сағат 10:12

Бұл кісі дін мен діни бірлестікті ажырата алмай ма?

27-қыркүйекте Қазақстан Парламентінің жоғарғы палатасында жиын өтіп, депутат ханымдар мен мырзалар «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі рет оқып, қабылдамай, Мәжіліске қайтарған еді.

Бұл не заң? Бұл – азаматтардың шет мемлекеттерде жоғарғы діни білім алуына тыйым салатын заң жобасы еді. Бұл – бетті тұмшалауға тыйым салатын заң жобасы еді.

Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаевтың айтуынша, заң жобасына «деструктивті діни ағым», «діни радикализм», «діни бірлестіктің қатысушысы» (мүшесі) деген жаңа ұғымдар енгізілген.

«Бұл ұғымдарды енгізу жаңа деструктивті діни ағымдардың идеологиясы, атрибуттары мен сыртқы белгілерін таратуға тыйым салу, сырттан елімізге жат идеологияның енуіне тосқауыл қоюға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орындарда киіп жүруге тыйым салу көзделген. Мұндай шаралар азаматтардың қауіпсіздігі үшін қажет. Мұндай нормалар Бельгия, Франция, Австрия, Болгария және басқа да бірқатар мемлекеттің заңдарында бар», — деді министр сенаттың жалпы отырысында.

Біз араб емес, қазақпыз

Сонымен Сенаторлар екінші оқылымда бұл заң жобасына өзгертулер енгізу керектігін алға тартып, заң жобасын мақұлдамаған. Мәжілістің қарауына қайтарған. Біз бұл туралы жаздық. Енді осы заң жобасын талқылау барысында Сенаттағы Дәу апам, Дәриға Назарбаева былай депті:

«Біз араб емес, қазақпыз. Мен осыны айтқым келеді… Көбіміз қысқа шалбар киген сақалды адамдарды көрген кезде, оларды дәстүрлі емес діни ағымдардың өкілдері, кейде тіпті экстремистік көзқарастағы иесі деп қабылдап жатамыз. Жалпы, менің ойымша, біздің заңнамамыз өте либералды. Мемлекетімізде барлық дінге демократиялық көзқараспен қараймыз. Ешкімге қысым көрсетіліп жатқан жоқ. Егер діни көзқарас қоғамды дамытуға бағытталып, толеранттылық пен бейбітшілікті, тыныштықты насихаттаса, онда бұл жақсы емес пе?»

Қарамен айшықталған жерде Дәриға апа, Қазақстан заңы либералды дейді. Барлық дінге демократиялық көзқарастамыз дейді. Иә, доминант партияның мүшесі діни бірлестіктердің жұмысына келгенде демократиялық көзқараста қалғанды жөн көріпті.

Шамасы, бір басына бірнеше қызметте қатар атқарып жүрген Дәриға апа, дін мен діни ағым түсініктерін шатастырып алса керек, әйтпесе Кәлетаев ұсынған заң жобасы дінге шектеу қою емес, діни қызмет пен діни бірлестіктер қызметін реттеу туралы екенін білмеуі, я түсінбеуі мүмкін емес қой...

Дәриға апа, дін мен діни бірлестікті шатастырып алған ба?

Алда-жалда деп айтайық, Дін – адамзат қоғамындағы аса күрделі де маңызды әлеуметтік-мәдени сана. Діннің басты мақсаты – адамның рухани жетілуі және оның Жаратушы Құдайғасенімі. Қазақстандағы негізгі діндер – ислам және христиан діндері. Сондай-ақ, иудаизм мен буддизм де кең қолданыста. Соңғы санақ бойынша (2009) Қазақстан халқының 70,2 пайызы исламды ұстанатын мұсылмандар. 26,3 пайызы христиан дініндегі еуропалық ұлт өкілдері. Сондай-ақ, 0,1 пайызы будда дінінің наным-сенімін ұстайтындар. Сол жылғы санақ бойынша, 18 діни конфессия тіркелген.

Ал Діни бірлестік – діни сенімді уағыздау, тарату мақсатында құрылған. Осы мақсатқа лайықты белгілері: дін тұту, Құдайға құлшылық ету ету, басқа діни салттар мен ырым-жоралғылары бар, сондай-ақ дінге үйрету және өз ізбасарларына діни тәрбие беруге ұмтылатын азаматтардың ерікті бірлестігі.

Қазiргi кезде елiмiзде 70 пайыздай мұсылманның 2815 дiни бiрлестiгi жұмыс iстейдi екен. Ал жан саны белгiсiз протестантизм бағытын ұстанатындардың 40-тан астам әртүрлi ағымдарының 1238 ұйымы бар. Бұл – бүкiл республикадағы дiни бiрлестiктердiң 30 пайызы. Ал 70-тен астам дiни бiрлестiктер еш жерде тiркелмей қызмет етуде.

Тіпті, православия діни бағытын ұстанушылар өздерінің саны жағынан екінші орын алады. Бүгінде аталмыш діннің бағытында 3 ирархия, 280 приход, 8 монастрь қызмет атқарып отыр екен.

Дәриға апа айтпақшы, дінде ғана дінге келгенде ғана демократиялық прициптерді ұстанатын біздің елде көптеген діни мекемелердің, ұйымдар мен институттардың құрылуына оң әсерін тигізді. Бірнеше мысал тағы айтайық, дәстүрлі емес протестантизм, Евангель христиан-баптистер қауымы, Баха ілімі, Жетінші күн адвенистер қауымы, неохристиандық — «шіркеу бірлестігі», сайентологиялық — «сайентология шіркеуі», неоориенталистік дін «Кришна санасының халықаралық қоғамы», сонымен қатар шайтан топтары — «шайтан шіркеуі», Ваххабизм (Уаххаб), «Мұсұлман әйелдері Лигасы», «Фатима» Ассоциациясы, «Рифах» қозғалысы, Ұлы трансцендентальды Медитация, Шри және Чинмог орталықтары, Сатья Саи орталығы, Соңғы Завет шіркеуі, жаңа ғасыр қозғалысы, құдай балалары (құдай отбасы) жөне т.б. бірқатар аз санды дін ізбасарлары да әрекет етуде.

Бұл ашық дерек көздерінен алынған мәліметтер. Солай міне, Дәриға апа. Бізде Дін мен Діни бірлестіктер туралы түсінік бөлек. Сіз осылардың қайсысын айтпақ болдыңыз?

Дәриға апа Назарбаева

Дәриға апа Нұрсұлтанқызы сөйлеген сөзі баспасөзде жиі талқыланатын депутаттар сапынан. Енді осы Дәриға апа Назарбаева жайлы айтайықшы. Саяси һәм адами портретін түзіп көрейік.

Бірінші пункт: отбасы:

55 жаста. Теміртауда туған. Президент Назарбаевтың үлкен қызы. Марқұм Рахат Әлиевтің әйелі болған. 2 баланың анасы. Кейін ажырасып кеткен.

Екінші пункт: саяси карьерасы:

2003 жылы республикалық «Асар» партиясын құрып, кейін 2006 жылы оны биліктегі қазіргі «Нұр Отанның» құрамына қосқан. Әлгі Әлиевтің дауынан кейін Дәриға апа біраз уақыт саясаттан кетіп, түрлі бизнестік қызметтер атқарып жүрді де, 2011 жылы саяси сахнаға қайта шықты.

2012 жылы парламенттік сайлауда жеңіп, Мәжіліске депутат болды. Мәжілістің «әлеуметтік-мәдени даму» дейтін комитетін басқарды. 2014 жылы Мәжілісте вице-спикер болды. Сонымен қатар, Мәжілістегі «Нұр Отан» фракциясын тізгіндеді.

2015 жылы қыркүйекте вице-премьер-министр болып тағайындалып, тұп-тура бір жылдан соң Сенатқа жер аударылды. Қазір Сенатта комитет басқарады.

Үшінші пункт: атақ-даңқы:

Францияның «Әдебиет және өнер» орденін, «Барыс», «Құрмет», «Парасат» ордендерін таққан. Қазақстандағы ең ықпалды әйелдер рейтингінде көш бастаушы тағы осы кісі.

Төртінші пункт: әнші:

Бұл кісінің әншілігі тағы бар. Дәриға апаның бұл қырын ашу үшін Сәбеттің Халық әртісі, Иосиф Кабзонның бір ауыз пікір бергенді жөн көрдік.

«Егер біреу мені Назарбаевтың қызын тыңдауға келді деп ойлайтын болса, қателеседі. Мен әнші Дәриға Назарбаеваның тыңдауға келдім. Ол кәсіби әнші», - депті Кабзон.

Бесінші пункт: оффшор дауы:

Өткен жылы Панама құжаттары деген даулы құжат шығып еді ғой. Иә, сол әр елдің шенді-шекпенділерінің шетелге тыққан-пыққан ақшаларын әшкерелеген құжат. Міне, сол құжатта Дәриға апамның да аты аталды. Сөйтсек, Дәриға апам 2007-2012 жылдар аралығында «Asterry Holdings LTD» дейтін оффшорлық компанияның акционері болған екен. Панама құжаттарында есім-сойы ерекше көрсетілген Дәриға апам, сол кезде «ләм-мим» деген жоқ.

Сөйлеген сөздері:

Жоғарыда біз Дәриға Нұрсұлтанқызының қоғам талқысын тудырған сөзін жаздық. Діни бірлестіктер қызметін реттеуге қатысты заң жобасын талқылау кезінде айтқаны, ол.

Жалпы, Дәриға Нұрсұлтанқызының көп сөзі қоғам талқысын тудырған. Енді солардың бірсыпырасын еске түсірейік.

Жастарды әскерге көптеп шақыртуды ұсынамын

«Мектеп бітірген жастар арасында колледжге де, жоғары оқу орындарына да түспейтіндер көп. Олар жұмыссыз қалады. Осы тұрғыда статистикалық мәліметтер өте нашар. Жыл сайын мектеп бітірген 24 мыңға тарта түлек еліміздің не экономикалық, не әлеуметтік кеңістігіне ене алмауда. Мен келісімшарт бойынша қызмет атқарып жүрген әскерилерді қысқартып, жедел әскери қызметке қабылданатындардың санын көбейтуді көтергім келеді. Жастар әскерде міндетін атқаруға мүмкіндік беру керек. Жаңа мамандықтарды меңгеріп алар еді. Келісімшарттағылар бізде өте көп. Ауыл жастары үшін бұл әлеуметтік лифт болады».

Бұл Сенатордың сенаторлық қызметке тағайындала сала айтқан сөзі. 2016 жыл.

Болашақта бізге қытай тілін үйренуге тура келеді

«Біз кем дегенде үш тілді білуіміз керек, өйткені таяу болашақта бәрімізге қытай тілін үйренуге тура келеді. Оңтүстікте орналасқан ұлы көршіміз - біздің тағдырымыз, Қытай зор қарқынмен дамып келеді. Қытай - біздің досымыз, біздің сауда серіктесіміз және еліміздің экономикасындағы ең ірі инвестор. Демек, ертеңгі күні біздің балаларымыз өнеркәсіп немесе ауыл шаруашылығы салаларындағы сол зауыттарда сұранысқа ие болады».

Бұл Дәриға Нұрсұлтанқызы премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарған жылы айтқаны. 2016 жыл.

Көп білгің келеді, оқығың келеді, ал оған уақыт жоқ

«Мен тіл білімінің адамға берер пайдасы мол деп санаймын. Қайда барсаң да, басқа тілді естіп, айтқандарын ұққанға не жетсін. Мен туған тілімнен өзге, орыс, ағылшын және итальян тілін білемін. Сондай-ақ, неміс тілін орташа деңгейде білемін, барлығын түсінемін, неміс тілінде фильмдер көремін, тек тәжірибе жетіспейді. Кезінде ата-анам «уақытты босқа өткізбей, оқи бер, кейін уақытың болмайды» деген еді. Мен айтқандарын қазір түсіндім. Олар, әрине, дұрыс айтқан. Шынымен де қазір көп білгің келеді, оқығың келеді, ал оған уақыт жоқ».

Бұл Дәриға Нұрсұлтанқызы Назарбаеваның 2016 жылғы сұхбатында айтқаны.

Елбасы – ең үлкен құрметке лайық адам

«Мен бұл жаңалықты жаңа ғана естідім. "Төменнен" ұсынылған бастама болса керек. Түрлі себептер бойынша бұл сұраққа маған объективті жауап беру қиын. Бірақ еліміздің азаматы ретінде, 25 жылдағы жетістіктерімізді мақтан тұтатын азамат ретінде бұл шешімді дұрыс деп есептеймін. Бүгінгі бейбіт, тыныш өміріміз үшін біздің көшбасшымыз үлкен құрметке лайық».

Бұл Дәриға Нұрсұлтанқызының Алматыдағы Фурманов көшесіне Президенттің есімін беру туралы бастамаға қатысты айтқан пікірі. 2017 жыл.

Әр әкімнің тікұшағы болуы тиіс

«Қазір біз міне Eurocopter өндірісінде қонақтамыз. Ары қарай да оның дамуын көрсету керек. Себебі, қазақстандықтар осы тікұшақтардың қаншалықты пайдалы екендігінен толық қанды мәліметті хабардар емес болуы мүмкін. Санитарлық авиация дамуы тиіс. Әр әкімнің осындай тікұшағы болуы тиіс, әсіресе, ауылшаруашылық қожалықпен айналысатындар үшін. 500 шақырым жерді көлікпен аралап шығу өте қиын. Ал тікұшақпен екі-үш сағат ұшып, барлығын көруге болады». 

Бұл «Еврокоптер Казахстан инжиниринг» ЖШС зауытына барған сапарында сөйлеген сөзі. 2017 жыл.

Құдайға шүкір, орыс тілін ешкім алып тастаған жоқ

«Құдайға шүкір, орыс тілін ешкім алып тастаған жоқ. Мен өзіме ыңғайлы тілде сөйледім. Президенттің тапсырмасын бәріміз де орындауға тырысамыз. Орыс тілді ешкім әлі жойған жоқ. Құдайға шүкір, ондай болмайтын да шығар. Бірақ біз басқа да азаматтарды сыйлауымыз керек. Сондықтан бұл мәселеде шектен шығуға болмайды. Ұлтаралық келісім мен достыққа ешкім шектеу қойған жоқ. Ел аумағындағы және мемлекеттік органдардағы тілдер Конституциямен бекітілген».

Бұл Наринэ Микаеляндардың өзі тіл сындырып қазақша сөйлеп жатқанда, Сенаттағы сұрағын Ресейдің мемтілінде қойған кезде, журналистерге берген жауабы. 2018жыл.

Цифрландыру трольдер мен фейктерге жол ашты

«Ашық интернет алаңы тек қана талантты журналистерге ғана есік ашқан жоқ. Сонымен қатар, ақпараттық соғыстың көзге көрінбейтін сарбаздарына да жол ашты. Фейктермен трольдер  жалған ақпарат шығарып, қоғамдық пікірге ықпал ете бастады. Олардың қасында таблоидтар абыройлы болып отыр. Ғаламтордың қарқынды дамуы, әлеуметтік желілердің өмірдің ажырамас бөлігіне айналғаны әлемді түбегейлі өзгертті. Девайстар мен гаджеттер қолжетімді. Бұл кез келген адамның медипроцеске қатысуына кепілдік беріп отыр. Блогерлер мен желілік авторлар беделді журналистермен бәсекеге түсіп жатыр. Соның кесірінен ірі басылымдар тираж жоғалтуда».

Бұл Дәриға Нұрсұлтанқызының Алматыда өткен Еуразиялық медиа форумда сөйлеген сөзі. 2018 жыл.

Түйін. Біз бүгін Сенатор, әнші, пологлот Дәриға Нұрсұлтанқызының соңғы үш жылда сөйлеген сөздеріне шолу жасадық. Рас, бұл үш жылда Дәриға апам біраз сұхбат берді. Біраз дүниенің басын шалып сөйледі. Дегенмен біз солардың ішінде жұрт қызу талқылады-ау дегендерін еске түсірдік.

Енді әуелгі ақпаратқа оралайық. Дәриға Нұрсұлтанқызы, дін мен діни бірлестік екі бөлек нәрсе. Діни сенімге шектеу қою – сіз айтқандай демократиялық принципке қайшы, адамдың жеке құқығын таптау болып саналады. Ал діни бірлестік жұмысын реттеу туралы заңның қажеттілігін, біз айтпасақ та Дариға апамыз түсінуі керек деп ойлаймыз.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

 

34 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616