Жұма, 29 Наурыз 2024
Қырдағы әңгіме 5484 2 пікір 1 Қазан, 2018 сағат 10:07

Бұл ұшақ... не ұшақ?

Өткен аптада Астанадағы «Қазақстан авиация индустриясы» ЖШС базасында «Shaanxi Aircraft Corporation» компаниясы жасап шығарған су жаңа Y-8F200W әскери ұшағының таныстырылымы өтті. 

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының иелігінде қызмет көрсету үшін сатып алынған ұшақтың таныстырылым шарасына Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов, армия генералы Мұхтар Алтынбаев пен ҚХР Қазақстан Республикасындағы өкілетті және төтенше елшісі Чжан Сяо, «AVIC» корпорациясы Бас директорының орынбасары Ванг Джин және өндіруші зауыттың өкілдері қатысты.

Таныстыру рәсіміне келген қазақстандық атқамінерлер аталған ұшақтың артықшылығын айтып, мақтауын асырды. Ресми жасыл лента қиылған соң бірінші болып ұшақтың іші-сыртымен танысып шыққан Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров ұшақ әлеуетін жоғары бағалады. Ал Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов әлемдік ұшақ нарығында Y8 дәрежелі ұшақтардың біршама артықшылықтарға ие екенін айтты. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов тіпті бұл біздің ел үшін айрықша атаулы күн екенін айтты.

Ендеше, ел ағалары есі кете мақтап, жер-көкке сыйғызбай жатқан Y-8F200W сірә қандай ұшақ? Қазақстан қарулы күштері не үшін басқа-басқа осы түрдегі әуекемесін сатып алды? Оның бағасы қанша тұруы мүмкін деген сұрақтар төңірегінде тоқталайық.

Y-8F200W әскери-көлік ұшағы көпмақсатты орта-ұзақ қашықтықта әскерилер мен әскери қару-жарақты, техникаларды әуеде тасымалдауға арналған. Сонымен қатар, бұл әуе кемесі арнайы ұшу-қону алаңынсыз топырақты немесе қарлы жерде ұшу-қону мүмкіндігіне де ие. Оған қоса, күндіз бен түнге қарамай күрделі ауа-райы жағдайында өз міндетін мінсіз орындай алады. Тіпті, қоршаған ортаның -50°C мен +50°C ауа температурасында қолдануға болады. Бұл ұшақ Қазақстанның шығысынан батысына дейінгі аралықта қосымша жанармай құюсыз қатынай алады. Сыйымдылығы 86 жолаушыны құрайды немесе орындықтарды жинастыру арқылы әскери техникалар мен жүктерді де еркін тасымалдауға қолайлы. Көпшілікке кеңінен танымал Ан-74 ұшағынан айырмашылығы жүк пен жолаушы сыйымдылығы екі еселенген болса, жанармай шығыны 2,2 – 3,5 тонна шамасын құрайды.

Қорғаныс және қауіпсіздік мәселелерін талдайтын Jane's 360 сайтының жазуынша, Y-8F200W ұшағын ТМД елдері ішінен бірінші болып Қазақстан қолданғалы отыр. Осы санаттағы ұшақтарды бізге дейін Венесуэла, Мьянма, Пәкістан, Судан, Танзания, Шри-Ланка елдері алған екен. Қарап отырсаңыз Y8 ұшағынан енші алған елдер әскери әлеуеті жағынан әлемге мақтана қоятын мемлекеттер емес. Демек, бұл ұшақ біздің басшылар айтқандай теңдессіз болмауы да мүмкін.

Қазіргі таңда әлемде ең озық әскери тасымалдаушы ұшақ АҚШ-тың C-130J тұрпатты ұшағы деуге болады. Ал еліміздің әлемдегі ең үздік осы ұшақты емес, Қытай ұшағын сатып алуына төмендегідей жағдайлар себеп болып отыр деуге болады.

Қазақстандық тарап Y-8F200W ұшағын сатып алуға 2017 жылы сәуірде тапсырыс берген. Келісімшарт бойынша «Shaanxi Aircraft Corporation» компаниясы 2019 жылдың алғашқы жартысына дейін барлық тапсырысты дайындайды деп бекітілген. Осы жерде айта кетерлігі, Y8 ұшағы аталған компанияның ең үздік өнімі емес. Олардың бұдан да озық үлгідегі Y9 тұрпатты тасымалдаушы ұшағы бар. Бұл ұшақ жоғарыда біз сөз еткен C-130J-ге жетеқабыл деуге болады. Алайда, еліміз осы жаңа Y9-ды емес көне үлгідегі Y8 ұшағын сатып алып отыр.

Бұның басты себебі Y8 Қазақстан қарулы күштері қазір пайдаланып отырған Ан-12 ұшағының шекпенінен шыққан деуге болады. Өйткені, қытайлар Y8 ұшағын өткен ғасырдың 70-ші жылдары КСРО-ның Ан-12 тұрпатты тасымалдаушы ұшағы негізінде жасаған. Ан-12 сол кездің өзінде АҚШ-тың атақты C-130 ұшағымен тең дәрежеде болатын. Бірақ, Ан-12 1973 жылы өндірістен шықты (C-130 әлі қолданыста). Осыған қарап еліміздің өзіне жақсы таныс Ан-12-ге ұқсас Y8 ұшағын сатып алғанын аңғаруға болады. Себебі, бұл екі ұшақтың құрылымы ұқсас болғандықтан, құрастыру, жөндеу барысында бірталай қаражатты үнемдеуге болады.

Екінші бір себебі, Y8 жоғарыда біз айтқан АҚШ-тың C-130J ұшағынан әлдеқайда арзан. C-130J әлемдегі өте үздік әскери тасымалдаушы ұшақ ретінде бағасы қымбат. Қазақстан тарапы әу баста осы ұшақты сатып алуды жоспарлағанымен, оның бағасы 200 миллион доллар тұратындықтан бас тартты. Ал біз сөз етіп отырған Y8 ұшағының құны өзімен тең деңгейдегі C-130-дың (C-130J емес) бағасының 1/3-індей ғана. Былтыр желтоқсан айында Қазақстан Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов игерілмеген 16 млрд 95 млн теңге (47 млн доллар шамасында) Қытайдан әскери ұшақ сатып алу үшін жұмсалады деген. Осы екі мәліметке қарап Y8-дің бағасын мөлшерлей беруге болатын секілді.

Біздің ойымызша, үшінші бір себеп осы арқылы еліміз әуе қорғаныс күштерінің Ресей техникаларына тәуелділігін сәл де болса азайтуға болады. Мәселен, Қазақстан қарулы күштері пайдаланып отырған әскери ұшақтардың көбі Ресейде жасалады. 2013 жылы Испаниядан кіргізген CASA C-295 тасымалдаушы ұшағын (саны 8) айтпағанда қалғаны түгелге жуық Ресейдікі. Ең озық шабуылдаушы ұшағымыз да Ресейден әкелінген. Ресей Федерациясынан сатып алынған Су-30 СМ көпатқарымдық, айырықша маневрлі жойғыш ұшақтары еліміз әуе күштерінің басты қаруының бірі саналады.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

 

2 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3534