Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Саңлақ 4991 3 пікір 1 Қазан, 2018 сағат 09:52

Қазақстан мен Украинаны саяси жақындастыруға спорт мұрындық бола алады

2018 жылдың 30 қыркүйегі мен 6 қазанының аралығында Украинаның астанасы Киев қаласында WBC («Әлем бокс кеңесі») 56-ші конгресі өтеді. Жаһандағы ең беделді кәсіби бокстың халықаралық ұйымының жиыны 160 мемлекеттен келген 700 жуық қатысушыларының басын қоспақ.

Конгрестің құрметті қонақтарының арасында Леннокс Льюис, Эвандер Холифилд пен Эрик Моралес секілді жұдырықтасудың жұлдыздары күтілуде. Аталған құрылтайдың өткізуіне басты себепкер болған Киев қаласының әкімі, WBC мәңгі чемпионы Виталий Кличко кеше  өткізілген баспасөз мәслихатында екі сұрағыма жауап берді. Әңгімеміздің аудармасын сіздердің назарларыңызға ұсынамын.

Данияр Наурыз, Қазақстаннан келген журналист:

- Құрметті Сүлейман мырза, құрметті Виталий Владимирович! Енді, Виталий Владимирович, сізге арналған екі сұрағым бар. Білесіз ғой, қазіргі таңда Украина мен Қазақстан арасындағы қатынастар онша емес. Сіздің пікіріңізше, саясаткерлердің қателіктеріне қарамастан осындай беделді спорттық жиын халықтардың жақындасуына өз септігін тигізе ме? Екінші сауалым, әуесқой, кәсіпқой шаршы алаңында қазақстандық спортшылармен кездестіңіз бе? Олар қандай әсер қалдырды? 

 - Мен әрқашан екінші Отаным – Қазақстанның өкілдерімен қуана-қуана сөйлесемін, кездесемін, әсер-сезімдерімен бөлісемін. Бала кезім Қазақстанда өтті. Әрқашан Қазақстанға барып, рахаттанамын. Спорт – ғаламат күштің иесі. Нельсон Манделаның айтуынша: «Спорттың құдіреті – әлемді өзгертпек». Спорт – адамдарды жақындастырады. Оған қоса, осы жағдайға мәзбіз... Өкінішке орай, Қазақстанның өкілі Геннадий Головкин соңғы жекпе-жегінде жеңілді. Ол «конгреске келемін» деп уәдесін берді, бірақ жеңілісінен кейін (оны жеңіліс деп санамаймыз) ол, өкінішке орай, осы жиынға қатыспайды. Бірақ, осы спорттың көптеген жанкүйерлері Головкин үшін тілектес. Атап айтқанда, спорт біздің елдерді жақындастыра алатын құрал болып табылады. Басқа жағдайлар, саяси әрекеттердің жоспары. Сонымен қатар, спорт саяси жақындастыруға да мұрындық бола алады. Сұрағыңыз үшін рақмет!

- Ал, шаршы алаңдағы қазақ спортшыларымен кездесулеріңіз жөнінде? Жалпы алғанда, сіз олармен ресми түрде кездестіңіз бе? Әлде, кездескен жоқсыз ба? Әуесқой, кәсіпқой боксшы ретінде...

 - Юрченко. Мен күні бүгінгі дейін достас қарым-қатынастарымыз сақталған көптеген қазақ спортшыларымен кездестім. Олармен бірге, ықылым замандағы Кеңес Одағы құрама командасындағы жекпе-жектерімізді еске аламыз.

Баспасөз мәслихатынан кейін, «Әлем бокс кеңесі»-нің жетекшісі Маурисьо Сүлейман және пан Кличкомен бірге естелік үшін суретке түстім. Мэр мырза жауаптарының бейнежазбасын осы сілтемеден көре аласыздар: https://youtu.be/8j5A1U_S41M

P.S. Әлгі сұхбат Киев қаласы әкімшілігінің бесінші қабатында болды. Ірі ғимараттың ішінде адасып, оның қызметтік кіре-берісіне бет алдым. Бірінші қабаттағы қызметтік лифттің есігі ашылды. Виталий Владимирович нөкерлерімен бірге далаға шықпақшы екен. Украина бас қаласының жетекшісі мені байқап, тоқталды. Мен бірінші және екінші қабаттарды жалғайтын баспалдықтың төменгі сатысында тұрмын. Пан Кличко ақпараттық саясатқа қатысты бір өтінішін маған білдірді. «Жарайды, орындаймын» дей салдым. Баспалдақ таянышының үстінен еңкейіп, төмен жақта тұрған чемпионды құшақтадым. Арқасынан қағып, қалжыңдадым: «Ендеше, мен Кличко ағайындарының үшіншісі болайын: қараторы, Кличколардың ең кішісі». Атақты боксшы нөкерлерімен бірге мәз-мәйрам күлісті. Солай қоштастық.

Данияр Наурыз

Abai.kz                    

 

 

3 пікір