Жұма, 29 Наурыз 2024
Құйылсын көшің 5083 0 пікір 2 Қыркүйек, 2018 сағат 03:01

Ішкі көші-қон өңірлер дамуының тепе-теңдігін сақтайды

Қазақстанның кең-байтақ даласы байлыққа толы. Байтақ жер-ана жалпы жұртшылықты құшағына алып, өзегін талдырмай өсіруге дайын. Елбасы Қазақстан халқына әркез тынбай еңбек еткен адамның тұрмысы жақсы болатынын айтып келеді. Жастар жұмыс жоқ деп қол қусырып қарап отырмай қай жерде мүмкіндік болса сонда барып, елдің дамуына ат салысқаны жөн. Осы мақсатта 2015 жылдан бері қолға алынып істеліп жатқан оңтүстік халқын солтүстікке көшіру бағдарламасы түстік өңірдегі артық еңбеккүштерді еліміздің терістігіне жетеледі.

Теориялық тұрғыда миграцияның түрлері көп. Оған көші-қонның түп себебі, мерзімі, бағыты мен мазмұнына орай классификация жасалады. Мысалы, мазмұнына сай, көші-қон ерікті және мәжбүрлі түрде болуы мүмкін. Мерзіміне қарай, ұзаққа созылатын және уақытша деп анықталады. Себептері бойынша талдасақ, оның саяси, экономикалық, діни және әскери түрлері бар. Ал бағытына байланысты ішкі және сыртқы көші-қон болатыны онсыз да белгілі. Ендеше, бізді экономикалық мақсатта ұзақ мерзімге ерікті  түрде жасалатын ішкі миграцияның жай-жапсары қызықтыруға тиіс. Бұл мәселені мемлекеттік тұрғыда басқару ұлттық экономиканың дамуын қамтамасыз етуді, барлық аймақтардың бірдей өркендеуіне жағдай жасауды және еңбек нарығының сұранысына орай жұмыс күштерінің орналасуын реттеуді көздейді.

Ал біз сөз етіп отырған көші-қон елдегі жастарды ерікті түрде кең-байтақ солтүсік өңірдегі мол мүмкіндікті игеруге жігерлендіру болып табылады. Жалпы, ішкі көші-қон мәселесі елдің дамуына оң әсер етері сөзсіз. Оңтүстік тұрғындары жаңа қонысқа тез бейімделіп және олар мұнда өз ісін әрі қарай да жалғастырып кете алса көздеген мақсаттың орындалғаны. Халқы сирек солтүстік тұрғындарының санын арттыруға үлкен үлес қосатын болады. Шыны керек, әдетте, оңтүстіктің халқы солтүстіктің ызғарлы аязына бейімделе алмаймыз деп қорқа береді. Дегенмен төзімді халық мұны да еңсеретіні сөзсіз. Бұл тұрғыда қыстан аман-есен шығуына ерте көктемнен әрекет жасаған жергілікті билік пен жауапты адамдар солтүстікке көшушілерді қатты отынмен де қамтығанын айтады. Аталған көші-қонның алғашқы легін күтіп алып, орналасуына ат салысқан депутат Жаңабай Молдабайұлы жерлестерінің онда қол қусырып отырмағанын ризашылықпен айтып берді.

«Мемлекет тарапынан көшіп-қонуына деп берілген субсидияны ондағылардың көбісі мал алуға жұмсады. Мемлекет тарапынан әрбір отағасына 50 айлық есептік көрсеткіш, яғни 106 мың теңге берілсе, отбасы мүшелерінің әрқайсысына 35 есептік көрсеткіш есебіндегі, яғни 74 мың теңгеден төленеді. Мәселен, есімде қалған Айбүбі апа туралы айтсам, ақ жаулықты ана ол қаржыға сауын сиыр мен он шақты қой алып, ауласында бағып отыр. Ол сондай-ақ ауылдық кафені де жалға алған. Алқатерек ауылына қоныстанған Алтынбек есімді азамат 3 миллион теңге көлемінде несие алуға құжаттарын өткізген. Ол да мал шаруашылығымен айналыспақ. Оның жұбайы ауылдағы мектепке жұмысқа орналасыпты. Көшіп барғандардың арасында жас жұбайлар да бар. Олар атақонысында үйлену тойын өткізіп, Солтүстік Қазақстанда жаңа өмірін бастауды ұйғарған, - дейді халық қалаулысы. Оның үстіне көшіп барғандарға ол жақтан 7 мың гектар көлемінде жер телімі берілген.

Оңтүстіктен солтүстікке көшіп барғандар мен көшіп барғысы келетіндерге жоғарда көрсетілген әлеуметтік көмектерден бөлек тағы қандай жағдай жасалуы керек деген заңды сұраққа Философия ғылымдарының докторы, профессор, әлеуметтанушы Раушанбек Әбсаттаров жауап берді.

– Ол өңірлерге негізінен жағдайы орташа, тұрақты жұмысы яки баспанасы жоқ отбасылар көшіп жатыр деуге негіз бар. Менің білуімше, көп бөлігі ауыл тұрғындары. Оларға қазіргі күні басты шешуге тиіс дүние баспана мәселесі. Солтүстікте ауылды жерлерде баспана арзан. Оларды инфрақұрылымы қираған, болашағы бұлыңғы ауылдарға емес, аудан орталықтарына жақын, мүмкін болса өз сұраныстарына сай елдімекендерге орналастыруды назардан шығармаған жөн. Жергілікті билік мұны біз айтпасақ та істеп жатқан шығар деп үміттенемін.

Солтүстік өңірлерінде көкөніске сұраныс жоғары. Көшіп барғандарды барамыз деді екен деп сүйрей жөнелмей, қайта оқыту бағдарламасымен оқытып, қандай мамандық қажет екенін түсіндіріп, дайындықпен көшуге үгіттеу керек. Айталық, Оңтүстікте, әсіресе Түркістан облысында жылыжай салу жағы жақсы дамыған. Сарыағаш жақта халық аулаларына жылыжай салып, сонымен отбасын асырап отыр. Осыны Солтүстікте жергілікті жердің климатына сай іске асыруға әбден болады. Көшіп барған отбасының кіріс көзі тұрақты болса, ол айналасына өзге туысқандарын, көршілерін шақырады. Бірте-бірте бұл механизм табиғи процеске айнала бастайды. Бұл бір ой. Жылыжайдан бөлек, тағы қандай механизм бар. Соның бәрін қарау керек.

Көшіп баратындардың дені ауыл халқы болғандықтан, олар егіншілікпен, мал бағумен міндетті түрде айналысады. Жер беріліп, егін егілді делік, ал еккен егіндерін сатып алуға белгілі бір жеңілдіктер қарастырылғаны дұрыс болар. Әрине, бара салып, жүздеген гектар жерге егін салмаса да, ішінде қаржылық жағдайы барлар болса, барынша қолдау лазым. Оңтүстікте 10-20 гектар жерге егін егіп жүрген фермерлерді зерттеп, соларды көшірер болса, оларға жер беріп, астығын уақытылы жинауға, сатып алуға лимит қарастырылса, бұл бағдарлама өзін өзі ақтар еді. Егер 10 гектарға егін егіп жүрген фермерге бізге барып 100 гектарға ек, субсидияңды аласың, техника жағынан көмектесеміз, барлық жағдай жасалады десе, меніңше, баруға кетары болмайды. Бұл екінші ұсыныс.

Үшіншісі, Солтүстікте халыққа қызмет көрсету жағында көптеген кемшілік бар. Басқасын айтпайық, қарапайым асханада сервис дамымаған. Түскі сағат 11-де барсаңыз, тамағы дайын болмайды. Аудан орталығын айтпаймын, облыс орталықтарында сондай. Оңтүстікте, әсіресе, Түркістан облысында бұл жағы ерекше бәсекеге қабілетті. Біз шағын асхана ашып, тәжірибе жинақтаған, бірақ мардымды кіріс көзін таппаған кәсіпкерлерді шақырып, облыс, аудан орталықтарынан бизнес бастауға қолжетімді, өте төмен пайызбен неси беріп, базар, автобекет, вокзал секілді орталықтардан орын табуына шарт-жағдай жасасақ, мұның өзі бағдарламаға қан құяр еді. Өзбек халқына таңданасың. Әлемнің қай еліне барсаң да өзбек палауын сататын асханаларды табуға болады. Біз өз еліміздің ішінде сондай сервисті неге қалыптастыра алмаймыз. Бұл қолымыздан келетін шаруа. Осы секілді, әрқандай әлеуметтік маңызы бар салаларды қамту арқылы көштің табиғи үрдісін қалыптастыруға болады.

Тағы бір қуантарлығы оңтүстік жастарып солтүстікте оқыту бойынша «Серпін» бағдарламасы қолға алынып, осы бағдарлама аясында мыңдаған жас білім алды. Мұны ақылды адамдардың бастамасы деу керек. Солтүстіктегі ЖОО-лар жанданады. Студент – мемлекеттің даму потенциялын айқындайтын күш. Қай қалада студент көп болса, сол қаланың болашағы зор. «Серпіннен» бітірген жастардың кемі 50 пайызы сол өңірлерде қалса, үміттің ақталғаны. Оларды оқытқанда, болашақта жұмыссыз қалмайтын, сол өңірге аса қажетті мамандықтар бойынша оқытқан дұрыс».

Осы атқарылған жұмыстардың арқасында бүгінге дейін солтүстік өңір­лер­­дің мәліметіне сәйкес рес­пуб­лика бойынша 119 отбасы қо­ныс аударса, оның 99-ы (262 от­­басы мүшелерімен) Түркістан (Оңтүстік Қазақстан) облысынан (Қостанай – 7, Павлодар – 13, Солтүстік Қа­зақстан – 44, Шығыс Қазақстан – 35) өзге өңір­лерге көшпек. Оның ішінде 64 от­басы нақты квота алу үшін құжат­тарын (Сарыағаш ауданынан – 11, Мақтаарал ауданынан – 3, Шардара ауданынан – 2, Сайрам ауданынан – 12, Түлкібас ау­данынан – 3, Ордабасы ауданы­нан – 3, Түркістан қаласынан – 2, Шымкент қаласынан – 28 отбасы) тапсырды. Әрине, мұндай маңызды істе қоныс аудару процесін жылдамдату, туындаған мәселелерді же­дел шешу, көшуге ниет біл­­дір­ген­дер­ге жағдай жасау үшін сол­түстік өңір­­лердің өкіл­дері ке­зең-кезеңмен аталған облыста болып, түсіндіру жұ­мыс­­та­рын жүргізді. Бұл қуа­нар­лық жағдай. Талпыныс табыс әке­леді. Нәтижесінде ерікті түрде қо­­ныс аударуға 618 мүшесі бар 177 отбасының тізімі қалып­тас­ты­­рыл­ды.

Ерлан Әбікенұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2268
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3577