Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Дәстүр 8999 0 пікір 21 Қыркүйек, 2018 сағат 13:18

Алматыда Халықаралық дәстүрлі өнер фестивалі өтті (Бейне. Фото)

Кеше Алматыдағы «Алатау дәстүрлі өнер театрында» Халықаралық дәстүрлі өнер фестивалі өтті. «Алатау алабында» деп аталатын шара Алматы қаласы күні мерекесіне орайластырылған екен.

«ТҮРКСОЙ» ұйымы демеушілік көрсетіп, «Алатау дәстүрлі өнер театры» ұйымдастырған бұл шара Алматыда алғаш рет өткізілді. Бардық. Көрдік. Енді көргенімізді жазамыз.

Халықаралық дәстүрлі өнер фестивальіне Қазақстанның дәстүрлі өнер шеберлерімен қатар, түркі әлемінің өнер майталмандары қатысты.  Атап айтсақ, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Буратия, Татарстан, Башқұртстан, Таулы Алтай, Саха (Якутия) елдерінен келген шеберлер ұлттық нақышта өнер көрсетті.

Фестивальде Қазақстанның әр өңіріне тән дәстүрлі ән мектептері таныстырылды. Соның ішінде, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Сыр бойы, Оңтүстік Қазақстан, Қаратау-Сарысу, Жетісу, Арқа, Шығыс Қазақстан, Іле-Алтай-Тарбағатай мақамдарымен ән, күй, жырлар орындалды.

Фестивальге қатысушы шетелдік өнерпаздар да өздеріне тән ұлттық дәстүрлі өнерлерін жиылған көрерменге паш етті. Әсіресе, Саха қызы Юлияна Кривошапкинаның «Отанымның сұлулығы композициясына» ерекше тоқтала кеткенді құп көрдік. Юлияна Кривошапкина Якутиядан келген екен. Ол өз композициясында жылдың төрт мезгілін айшықтайтын табиғат дауыстарын шаңқобызбен көрсетті. Сондай-ақ, түркі жұртына тән тотемдік бейнелерді, Көкбөрі, жылқы дауыстарын ерекше орындады. Көмей әні негізінде шаңқобыздың сүйемелдеуімен орындалған композиция көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.

Қырғыз қомузшылары да театрға жиылған жұрттың үлкен қошеметіне ие болды. «АКАК» қомузшылар ансамблі қырғыз күйшісі Ниязаалы Борошевтің «Кара озгой» күйін орындады.

Таулы Алтайдан келген алтай қыз Чейнеш Байтушкина Таулы Алтайдың халық күйі «Ақ тілекті» орындаса, Әзірбайжаннан келген өнерпаз Чинара Гейдарова Шуштер стильіндегі импровизациясын көрсетті.

Буратиядан келген Жаргал Омоктуев «Саянай мактыаал» атты көмей әнін орындады. Ал Түркиялық өнерпаз Ченгиз Бутун түріктің халық күйі «Ата Қорқытты» орындап көрермен ықыласына бөленді.

Дүйсен Қасейінов, ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының Бас хатшсы:

-Кеңес одағы тарап, тәуелсіз алты түрік республикасы түркі халықтарының ортасындағы үзіліп қалған мәдени қатынастарды жандандыру мақсатында ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымын құру туралы шартқа Алматыда қол қойған. Бүгінде құрылғанына 25 жыл толатын ұйымға түркітілдес халықтар тұратын 14 республика мүшелікке өтті.  Түркі әлемінің ЮНЕСКО-сы деп танылған біздің ұйымның негізгі мақсаты мен міндеті де осы түркітілдес халықтардың әлем мәдениетіне қосқан үлесін, мәдени мұраларымыздың ең озық үлгілерін алдымен түркітілдес халықтарға, сосын адамзатқа таныту және осы құндылықтарды келешек ұрпақ санасына сіңіру.

Біз осы жауапкершілік пен міндетті ескере отырып, мәдениет пен өнердің барлық саласында ірі жобаларды жүзеге асырып келеміз.  Әлемдік масщтабтағы жүздеген шараны өткізуде түркітілдес елдер басшыларының қолдауын айтқан абзал. Әсіресе, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көрсетіп отырған қолдауы өзгеге үлгі болуы керек.  

Жаһандану дәуірі әрбір этностың алдына үлкен мәіндеттер қойып отыр. Бүгінде әрбір ұлт ірі мәдениеттердің ықпалына түсіп, жойылып кетпеудің амалдарын жасап бағуда.  Алайда, осындай күрделі кезеңде бас-басына жеке сүрлеу іздегенше,  түбі бір, тілі ортақ туысқан халықтар руханият саласында бірігіп қимылдау керек. Сонда ғана тығырықтан шығар жол табылады. Осындай жолдың бірі Ұлы дәстүрді дәріптеу. Оны келешек ұрпақ санасына сіңіру екен сөзсіз.

Сондай Ұлы мұралардың бірі қазақтың дәстүрлі өнері. Оны игеру, халықтың қажетіне жарату бәріміздің ортақ міндетіміз. Осыдан отыз жыл бұрын, сонау кеңес кезеңінде ұлттық музыка оқыту жүйесінің ұмытылуға шақ қалған уағында дәстүрлі ән мектептері мен ұлттық консерваториядан жеке кафедра ашқан басшы ретінде, бүгінгі дәстүрлі әншілік мектептердің қайтадан жаңғырып, дәстүрлі әншілердің жаңа толқыны қалыптасқанын көру мен үшін ерекше қуаныш.

Ишморат Ильбаков, Башқұртстан Республикасының халық артисі, халықаралық және бүкілресейлік байқаулардың лауреаты:

-Осы Алатау театрында Халықаралық фестиваль өтіп жатыр. Осыған қатысқаныма өте қуаныштымын. Осындай фестивальдер халықтардың бірлесуіне, мәдениетін дәріптеуде, әр ұлттың ұлттық аспаптарын көрсетуде, бір-бірінің мәдениетімен танысуда өте үлкен маңызға ие.

Ұлжан Бойбосынова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайының жетекшісі:

-Алатау Алыбында атты Халықаралық дәстүрлі өнер фестивальі бізде өтіп жатқаны аса қуантарлық жайт. Өйткені, былтыр дәл осы фестиваль республикалық деңгейде өткен еді. Биыл міне, көріп отырғандарыңыздай, Халықаралық деңгейге ұласып жатыр.

Өнерпаз ретінде бүгінгі күндегі дәстүрлі өнеріміздің кең ауқымда дәріптелуіне, әрі қарай жалғасуына, келешек ұрпаққа жетуіне бұл үлкен насихат болары анық. Алатау дәстүрлі өнер театрын басқарып отырған азамат, дәстүрлі өнер майталманы Берік Жүсіп мырзаның мұрындық болуымен, ТҮРКСОЙ ұйымы мен Алматы қалалық әкімдігі қолдап өткен бұл шара әрі қарай да жалғасын табады деп ойлаймын.

;feature=youtu.be

(АКАК қомузшылар ансамблі. Қырғызстан)

(Юлияна Кривошапкина. Саха. Якутия)

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір