Сенбі, 20 Сәуір 2024
Саңлақ 4610 4 пікір 15 Тамыз, 2018 сағат 11:37

«Астана» ел үмітін ақтай алмады

UEFA Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінің қарымта матчында «Астана» Хорватияда жергілікті «Динамо» командасына 1:0 есебімен жол берді. Осылайша, қос ойынның қорытындысында загребтік командадан 3:0 есебімен жеңілген елордалықтар келесі кезең жолдамасынан қағылды.

Қос команданың кездесуі басталмай тұрып сарапшылар мен жанкүйерлер «Астананың» плей-офф кезеңіне өтуге мүмкіндігі бар екенін айтқан. Алайда, теке-тірестің нәтижесі қазақстандықтарды қуанта қоймады. Өз алаңында анау-мынау командаға есе жібере қоймайтын елордалық ұжым алғашқы ойында «Астана Арена» төрінде 0:2 есебімен ұтылғанда-ақ жанкүйер жүзінен үміт оты сөне бастаған.

Сонда да украиналық маман Роман Григорчук бастаған жігіттер Хорватия жеріне қолдан келгеннің бәрін жасаймыз деп аттанды. Жанкүйерлердің көңіл түкпірінде де күтпеген жерден камбэк орын ала ма деген күңгірт үміт болған. Бірақ, «Максимир»  стадионында өткен матч загребтік команданың бізге қарағанда бір бас жоғары тұрғанын көрсетіп берді.

Әрине, «Динамо» Загреб қазақстандық команда үшін қалпақпен ұрып алатын қарсылас емес еді. Еуропаның ең ежелгі командаларының бірі. Германияның атақты transfermarkt сайтының мәліметіне сүйенсек, команда сапындағы ойыншылардың трансфер нарығындағы жалпы құны 42,5 млн еуроны құрайды. Ең қымбат ойыншысы — қорғаушы Кевин Теофиль-Катрен (4 млн). Ал «Астананың» жалпы құны 24,15 млн тұратынын ескерсек, екі ортадағы парық анау айтқандай алшақ емес. Демек, хорватиялық команда біз үшін алынбас қамал да емес еді.

Бірақ, қалай айтсақ та, болары болды. Ел үмітін арқалаған елордалық команда биыл да Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығу мүмкіндігінен айрылды. Биыл қарт құрлықтың ең бәсі биік турнирінде командамыз бой көрсетер деген көпшілік үміті желге ұшты. Енді «Астана» командасына Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде сәттілік тілеу ғана қалды. Бәріміз білетіндей, «Астана» Еуропа лигасының топтық кезеңіне өту үшін «Хапоэль» Беэр-Шева (Израиль) — АПОЭЛ (Кипр) (бірінші ойын 2-2) жұбының жеңімпазымен кездеседі.

Тағы бір айта кетерлігі, Хорватия жерінде өткен ойында «Астана» сапында бірде-бір қазақ ойыншы негізгі құрамда алаңға шыққан жоқ. Қазақ футболшы дейміз ау, матчты бірінші минуттан бастаған 11 ойыншының арасындағы таза қазақстандық жалғыз Шомко ғана. Ал Қазақстанның паспорты бар өзге үш ойыншы – Эрич, Малый, Постниковтар өзге елде туған «жаңа қазақтар».

«Динамо Загреб» - «Астана» 1:0 (0:0)

Алғашқы ойын: 2:0

Гол: Гавринович 74 (1:0)

Ескерту: Постников 44, Малый 55

«Динамо» Загреб: Загорац, Адеми, Ольмо, Хайрович, Будимир (Гавранович 56), Гояк (Шуньич 70), Леовац, Теофиль-Катрен, Стоянович, Дилавер, Оршич (Перич 83)

«Астана»: Эрич, Рукавина, Кляйнхайслер (Щеткин 78), Педро Энрике, Томасов, Маевский, Алмейда (Мужиков 78), Малый, Янга (Кабананга 78), Постников, Шомко

Бас төреші: Гедиминас Мажейка (Литва)

14 тамыз. Загреб. «Максимир». 

 Abai.kz

4 пікір