Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4133 0 пікір 30 Шілде, 2018 сағат 14:03

Жерасты өткеліне Абайдың нақыл сөздері жазылады

Жаз мезгілінің соңына дейін шаһардағы 48 жер­асты өткел­деріндегі жөн­деу жұмыстары толық аяқ­талатын болады.

Қаламыздағы әрбір жерасты өткелі өзіндік ерекшелігімен өзгеше­ленбек. Мысалы, ұлы Абайдың бей­несі мен қанатты сөздері Абай мен Абылай хан даң­ғылдарының қиылы­сында орналас­қан жерасты өткелінің көркін ашып тұратын болады. Жөндеу жұмыс­тарынан кейін жерас­ты өткелінің қабырғалары данышпан Абай шығармаларындағы үзінділер­мен безендіріледі. Уақыт өткен са­йын бейнесі биіктей беретін даныш­пан Абайдың салиқалы сөздері бұл жерасты өткелінен өткен сайын жаяу жүргіншілердің санасын сәулелен­діріп, діліне даналық дәнін, нақыл тұнған насихат нәрін дарытатын болады. Абай бейнесі мен данышпан даналығынан бөлек, жөндеу жұмыс­тарынан кейін пайда болатын әсем әуен, отыратын орындықтар мен ақысыз Wі-Fі да аталған жерасты өткелінің ажарын аша түспек.

Алмалы ауданы әкімдігінің көрік­тендіру бөлімінің басшысы Әкімхан Төлегеннің айтуынша, аталған жерасты өткелінде қоғамдық қауіп­сіздікті қам­тамасыз ету мақсатында қалалық Ішкі істер департаментінің желісіне қосылған бейнебақылау жүйесі орнатылған.  Аталған аудан аума­ғын­да орналасқан 11 жерасты өткелі бойынша жобалық-сметалық құжат әзірленген.

Абай мен Абылай хан даңғыл­дарының қиылысындағы жерасты өткелі жақында алматылықтар мен қала қонақтарының игілігіне ұсыны­латын болады. Жөндеу жұмыстары аяқталған жерасты өткелінің енді төбесін орнатып, жинап шығу қажет.

Шаһар бойынша жаңғыртылып жатқан   қалған  47 жерасты өткел­де­рінің ашылуы  тамыз айының со­ңына жоспарланған. Айта кетерлігі, адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы олардың әрқай­сысы өзіндік өрнегімен өзгеше­ленбек.

керек дерек

Бүгінде қала бойынша

150 көше мен 30 шақырым жаяу жүргіншілер жолдарында жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 600 аулада көріктендіру шаралары қолға алынуда. Барлық жерасты және жерүсті өткелдері күрделі жөндеуден өтіп, ескі субұрқақтарды жаңартып және жаңа субұрқақтар салу жоспарланған.

Abai.kz

0 пікір