Дүйсенбі, 16 Қыркүйек 2019
Әдебиет 6646 6 пікір 30 Шілде, 2018 сағат 14:45

Талғат Теменов. Гүлназ (повесть)

Өткен аптада Abai.kz  ақпараттық порталында белгілі қоғам қайраткері, режиссер Талғат Теменовтың "Махаббат бекеті" фильмінің жалғасын Баян Мақсатқызы рұқсат сұрамай түсіріп жатқаны туралы «Мен тірі тұрғанда кім бұларға рұқсат берген?!» деген мақала жарияланған еді. Артынша Баян Мақсатқызы хабарласып, "Авторлық құқықты бұзды дегенге келіспеймін" деп біздің тілшілерге сұхбат берді. 

Сол даулы мәселемен айналысып жүріп, "Махаббат бекеті" фильміне арқау болған Талғат Теменовтың "Гүлназ" атты повесін сұратқан едік. Ағамыз сөзімізді екі етпеді. Ендеше, Гүлназға ғашық жандарға мархаббат!

Abai.kz  ақпараттық порталы

 

ГҮЛНАЗ

Облыс орталығына жеткенімде жаздың қысқа таңы бозарып ата бастаған. Вокзалға дейін әкеліп тастаған машина осы жерден қайтты да, мен ішке беттедім.

Вокзал іші қапырық. Поездың келуіне әлі біраз уақыт бар болған соң, билетімді алдым да, сыртқа шықтым. Таңертеңгі самал жел түні бойғы ұзақ жолдан қалжырағанымды ұмыттырып жіберді. Құбырдан су іштім де, перронды бойлап келе жаттым.

Күншығыс жақ бірте-бірте ағарып барып, ал қызыл нұрға шомыла бастады. Дәл қазір дүние түгел дел-сал болып балбыраған тәтті ұйқының құшағында жатқанда, таңменен таласа тұрған торғайлардың шырылы ғана ұланғайыр тіршіліктің хабаршысындай.

Мынау дүние неткен ғажап, айнала қандай керемет еді!

Бір жетіге созылған жұмысымды ойдағыдай бітіргендігімнен бе, болмаса арайлы таңның ғажайып осы бір шағынан ба, көңілім өз-өзінен көтеріліп сала берді. Тек анда-санда ғана, «тезірек поезд келіп, жылдамырақ Алматыға жетсем» деген ой ғана бас көтеріп қояды.

Бір кезде «Москва-Алматы» жүрдек поезы кеп тоқтаған. Жолың болып, жұмысың біткеннен кейін шаршағанның өзі бір рақат екен! Жайлы орынға жайғасқан соң тура өз үйіме келгендей алаңсыз, маужырап ұйықтап кетіппін.

Қанша жатқаным белгісіз, бір кезде оянғанымда, поездың тоқтағанын, жолаушылардың асығыс-үсігіс дабырласып түсіп бара жатқанын сездім. Көзімді ашсам, таңертең танысуға үлгермеген бейтаныс серігім төсек-орнын өткізіп шығып кетіпті. Сырттан саңқылдаған дауыс естілді. Шамасы Шымкентке келген болуымыз керек. Өң мен түстің арасында бойым балбырап жатырмын.

Купеге біреулер кірді. Алдымен әйелдің, кейін кішкене қыздың даусын естідім. Іргеге қарай аударыла бергенімде бес-алтылар шамасындағы қыз баланы байқадым. Басына көбелектің қанатындай ақ бантик байлаған, өзі сондай сүйкімді. Осы кезде қырымен тұрған сұңғақ бойлы, ашаң жүзді, шашын қысқа етіп қиған келіншекке көзім түсті. Кенет тұла бойымнан тоқ жүріп өткендей дір ете қалдым. Ұйқым шайдай ашылды.

«Апырмай, шынымен-ақ сол ма?!»

Қайта қарағанымда жаңағы келіншек қолындағы жүгін төсегінің астына жайғастырып жатыр екен. Жүрегім жиілей соғып тұла бойымды әлсіз бір діріл билеп барады.

Иә! Сол! Гүлназ!..

Жазбай танып тұрмын. Тек сәл толыса түскені болмаса, баяғы маған таныс қолаң шаш, маған таныс аққу мойын, ашаң жүз, маған таныс қызыл ерін...

"Қайран Гүлназ! Ару Гүлназ!

Менің сонау балалығымның, балғын махаббатымның бастауы болған бір бейне! Сенімен кездесем деп үш ұйықтасам түсіме кіріп пе? Гүлназ... Гүлназ..."

Өз-өзімнен қуыстанып, осы бір жанның алдында өзімді үлкен қылмыскердей сезініп, бүктетіле бердім. Ішім удай ашып, екі шекем солқылдай бастады. Не істеп, не қойып жатқанымды түсінбеймін. Әйтеуір, белгісіз бір күш мені іргеге қарай тықсыра түсті.

Иә... сол күндер бүгінгідей көз алдымда...

...

Оқу жылының жаңа басталған шағы. Оныншыға енді көшкен кезіміз. Бір күні классқа жетекші ағайымыз кірген. Әдеттегідей орнымыздан үдере тұрдық. Бірақ ол «отыра беріңдер» деді де, тез-тез басып өз үстеліне жақындады. Ізінше ашық қалған есіктен бейтаныс қыз көрінді. Үстінде қара юбка, ақ кофта. Қолында қоңыр сөмкесі бар.

- Ал, Гүлназ, - деді ағайымыз, - біздің класс осы. Енді сенің де класың.

«Мұндай да көркем қыз болады екен ау» деп қоямын ішімнен.

- Балалар, міне, көріп тұрсыңдар, бізге жаңадан Гүлназ деген оқушы келді. Гүлназ Оспанова.

Манадан әліптің артын бағып отырған он бес ұл ұлардай шулап қоя бердік.

- Оһо!

- Пах деңіз!

- Гүлназ десе, Гүлназ екен ғой...

- Тффай, тффай, тіл-көзім тасқа!

- Ағай, жаңа келген қызды қаңтармай, отырғызсаңызшы.

- Мұнда кел, Гүлназ.

- Менің қасыма келіңіз, Гүлназ.

Класс іші бір сәт у-шу болып жатқанда, неге екені қайдам сөйлеуге қорыққандай, үн-түнсіз ғана отырып қалыппын. Бірақ бойымды белгісіз бір сезім билеп алған еді.

...

Гүлназ біздің класқа тез үйреністі. Оғаш қылық, жат мінезі жоқ қызға біз де бауыр басып кеттік. Гүлназ мұғалімдерге, тіпті әдебиеттен беретін Айғаным апайға да ұнаған болатын. Ол кісінің ерекшелігі – өте қатал еді. Мысалы, апайымыз алғашқы күні басқалардай Гүлназдың қайдан келгенін, қалай оқығанын  сұраған жоқ. Жазғы демалыстан кейін бірінші кездесіп тұрған мұғаліміміз класпен жалпы амандасты да, ә дегеннен сабаққа көшті. Жаңа қызды көрді ме, жоқ көрмеді ме, әйтеуір:

- Бүгінгі өтер тақырыбымыз Абайдың өлеңдері, - дей келіп, Гүлназға бір, тор көз журналға бір қараған. Сосын:

- Ал, Оспанова, Абайдың қай өлеңін жатқа білесің? Айтып көрші! - дегені бар емес пе.

Қайсымыз жаттаған өлеңдеріміздің бәрін жадымызда сақтап жүр дейсіз? Тіпті үш айғы демалыстан соң ұмытылып қалды ғой. «Жаңа» қыздың сағын сындырып бүгінше ұялтпай-ақ қойса қайтер еді» деп қоямын ішімнен. Класс іші де тына қалған. «Апыр-ай, ештеңе айта алмай масқара болатын болды-ау Гүлназ. Ең болмаса «Жазды күні шілде болғанда» есіңде қалды ма екен? Бір шумағын болса да айтып шықса» деп орнымда отыра алмай, тыпырши бергем. Ал Гүлназ орнынан көтеріліп, жарықшақтанған даусымен «Татьянаның хатын» бастай жөнелді.

«Амал жоқ, қайттім білдірмей,

Япырмау, қайтіп айтамын

Қоймады дертің күйдірмей,

Не салсаң да тартамын»...

Бірте-бірте қыз үні айқынырақ естіліп, ұлы Пушкиннің Татьянасы Гүлназ боп класс ішін аралап кетті. Абай өлеңнің мақамына, Гүлназдың жағымды даусына риза болғандай анда-санда басын изеп қояды. Бүкіл класс Гүлназға еліткендей жым-жырт. Тыныштықты тек қыз үні бұзады.

«Шыныңды айт, кімсің тербеткен,

Иембісің сақтаушы.

Әлде азғырып әуре еткен

Жаумысың теуіп тастаушы...»

Қанша уақыт өткенін кім білсін, әйтеуір, өлеңнің соңғы шумағы біткенде барып «Уһ» дегем. Ал, Гүлназдың отырмай, әлі түрегеп тұрғанын апай ұмытып кеткен секілді. Тек сәлден кейін:

- Отыра ғой, -  деді де, сабағын әрі қарай жалғастырып. Үнінде жылылық бар еді.

Гүлназдың бір қасиеті – ешкімді бөліп жармайтын. Тіпті қыздар, ұлдар деп те қараған емес. Бізбен бірге ойнайды, бірге жүреді. Оның осы көпшілдігіне, көңілдігіне, мойын ұсынып қалғанбыз. Алғашқы кезде Гүлназдың көршісі болған Жеңіс пен белсенді боп жүретін бір-екі қыз бізден бөлектеп әкеткісі келген. Бірақ ол көпке бармады.

Гүлназ Жеңіспен бірге отырады. Ол әдемі келген, орта бойлы ақ сары бала. Ойлап қарасам, Жеңіс екеуміз күні бүгінге дейін бір-бірімізбен не қалжыңдасып, не өзгелердей алысып-жұлысып ойнап көрмеппіз. Өйткені ол жалғыз менімен ғана емес, кластағы балалардың көбісімен алыстан сыйласады. Өзін басқалардан жоғары ұстауға тырысады. Бәлкім, әкесінің ауылсоветтігін бетке ұстап, өзінше шіренгені ме, кім білсін, әйтеуір, сол мінезінен бір танбайды. Жеңістің тағы бір ерекшелігі - көп сөйлемейді. Қашан көрсең кітабына, не әлдебір газетке үңіліп отырғаны. Міне, сол Жеңіс Гүлназ келгеннен бері өзгерген. Көбіне «жаңа» қыздың қасынан шықпайды.

Қоңыр күздің жайма-шуақ күндерінің бірі еді. Сабақ болмай, бәріміз сыртқа шықтық. Қайсысының ойлап тапқанын қайдам, әйтеуір, біреулер «үшінші-артық» ойнайық деген.

Ойын басталғалы менің екі көзім Гүлназда. Өйткені ол тағы да Жеңіспен бірге. Екеуінің аралары тіпті жақын. Қыздың желмен желкілдеген шашы оның бетін, мұрнын қытықтайтындай. Ал, Жеңіс болса мәз. Гүлназ шеңберді айналып қашып жүрген Айманға «тезірек» деп жақтасып айқайлап жатыр. Кенет көзім қыздың қолына түсті. Жеңіс сүйрік саусақтарды ұстап алыпты.

Алғашында «Гүлназ оны байқамаған, ойынның қызығымен елемеген болар» деп ойлағанмын. Қайта қарасам...жо-жоқ... Гүлназдың алақаны Жеңістің алақанымен айқасып қалыпты. Жігіт қыздың бұл қылығына шаттанғандай тербетіліп қояды. Тіпті қыздың құлағына бірдеңе деп сыбырлай ма, қайтеді?

Түһ! Күйіп кеттім! Дәл осы кезде Айман алдымдағы қызға қатарласа берген еді. Мен де осыны күткендей лып беріп, шеңберді айнала қаштым. «Қуғыншым» тақалды-ау дегенде, Гүлназдың алдына кеп тұра қалдым. «Енді не істер екенсіңдер?»  Жеңіс мына мамыражай қалыптарын бұзғаныма ренжігендей самарқау ғана екі-үш аттап барып, біреулердің қасынан орын алып жатты.

Мен болсам демімді әлі баса алмай, Гүлназдың жанында тұрмын. Оған деген әлгіндегі бар өкпем бірте-бірте сейіле бастағандай. Мұрныма тек қызға ғана тән әлдебір жағымды иіс келеді.

Бірақ қуанышым ұзаққа бармады. Өйткені алдыма тағы біреу келді де, Гүлназ мені тастап жүгіре жөнелді. Сосын... сосын...  тағы да Жеңістің алдына тоқтаған. Мен енді шыдай алмадым. Ойыннан үнсіз шықтым да, доп тепкен балаларға қарай беттей бердім. Бірақ Гүлназдың әлгі қылығын кешіргем жоқ. Кешіргім де келмеді.

Арада көп ұзамай әдебиеттен беретін апай шығарма жаздырды. «Әнді, өлеңді қалай түсінесіңдер, соны жеткізсеңдер болды», - деген. Отыра қап ойлана бастадық. Мен, жалпы, шығарманы, оның ішінде еркін тақырыпты жақсы көрем. Бүгін де қолтығымды еркін жазып, кеңірек көсілуге бел буғам. Қазақ халқының әнші-жыршы екенін, оның өлеңмен жерленетінін Абайдан мысал келтіре сүйкей бастағам. Бір сәт көзім Гүлназға түсті. Абыржыған секілді. Қасындағы Жеңіске бірдеңе деп сыбырлап еді, ол басын шайқады да, жазуынан бас алмады. Гүлназ жан-жағына жалтақтай берді. Мені байқады да, қолындағы қаламын көрсетті. Түсіне қойдым. Сиясы таусылған болуы керек. Мен оған «саспа» деп белгі бердім.

Сумкамның түбінде бір артық қаламым жүретін. Қолымды сұғып жібердім. Ештеңе іліккен жоқ. Әрі іздеймін бері іздеймін жоқ. Уақыт өтіп барады. Сумкамды түгел қопарып шықтым. Ештеңе табылмады. Гүлназдың бар үмітін маған артып, қарап отырғаны анау. Не істеймін? Сасқанымнан терлеп кеттім. Сосын өзімнің қаламымның ішіндегі сия толтырған түтікті суырып алып Гүлназға ұсындым. Ол жымиып «рақмет» дегендей басын изеді.

Қуыс қаламымен дәптер бетін құр сызғылап, отыра бердім. Тіпті анда-санда ойланған болып, қаламымды тістеймін де, тағы да шұқшиям.

Қоңырау соғылды. Мұғалімге жарты беті ғана жазылған «шала» дәптерімді ұсынуыма тура келді. Енді маған бәрібір. Жоқ, бәрібір деген не? Қайта менің  айналам толған әуен, көкірегім қуаныш! Ал мына жұрт, мұндай жағдайда «екі» алудың да мақтаныш екенін түсіне ме екен!

Келер жолғы әдебиет сабағына алғашында бармасам ба дегем. Не айтса да, әйтеуір, естімейтін боламын ғой. Бірақ ол ойымнан тез айныдым. Сыртымнан жамандатып, құлағымды шуылдатқанша, қолыммен істегенімді мойныммен көтерейін. Өзіме тиісті « екімді», еркіммен қалап алған сөгісті естиін дегем. Бірақ мұғалімді көргенде жүрегім тарсылдап қоя берді.

«Гүлназдың көзінше ит терімді басыма қаптайтын болады-ау. Бірақ... сәл-пәл шыдайын».

Апай жұрттың бағаларын айтып, дәптерлерін таратып жатыр. Бір кезде:

- Оспанова «төрт», - деді.

Гүлназ дәптеріне ұмтылғанда, мен партама рақаттана шалқая отырдым.

- Әділов!

Құйқа тамырым шымырлап қоя берді. Бейне бір басыма мың миллион құмырсқа қаптап кеткендей. «Ал, апай, енді тезірек «екіңді» қой да, маған айтар сөзіңді айта бер», - деймін ішімнен. Мұғалім кідіріп қалды.

- Сен...

Кенет ол көзіме қадала қарады. Сасқанымнан не істерімді білмей тұрып қаппын.

- Әділов, сен басын дұрыс бастапсың да, әрі қарай жазбапсың. Не болды?

Үнсіз қалдым...

Тыныштықты апайдың өзі бұзды.

- Қазір саған баға қойылған жоқ. Бірақ арғы жағын өзің үйден жазып кел.

Кім түсінді, кім түсінбеді, оны ойлауға мұршам келмеді. Біреулер менің жазбағаныма, не үшін жаза алмағаныма, апайдың кілт өзгергеніне аң-таң болып жатыр.

Гүлназ жалт бұрылып маған қарады. Мен оған қарадым. Қарадым да басымды қайта бұрдым.

Сосын «уһ» деп кеңінен бір тыныстап, орныма жайлап отыра кеттім. «Айналайын, апай-ай! Менің балауса сезім, балдырған махаббатым үшін жасаған елеусіз ғана ерлігімді байқадың ба екен?! Түсіндің бе екен? Не де болса рақмет саған! Рақмет!»

Сабақтың қалай өткенін сезбедім. Тек балалар орындарынан сатыр-гүтір тұрып, кітап-дәптерлерін қолтықтай сыртқа беттегенде ғана оянғандаймын. Асықпай заттарымды жиыстырып сөмкеме салдым да, класстың ең соңынан далаға шықтым. Міне, қызық!  Есік алдында мені тосып Гүлназ тұр. Жүрегім жарылардай дүрсілдеп кетті.

- Шығуға асықпайсыңғой, - деді  Гүлназ. Үнінде өзімсінген наздылық бар. Мен қуанышқа тұншығып сөйлей алмай қалдым. Тек иығымды қозғауға ғана шамам келді. Сосын Гүлназ екеуміз көшеге беттедік. Мен біресе алдыма, біресе аспандағы ақ шағыл бұлттарға, біресе теректердің басына қараймын.

Сол жолы мерейімнің үстем болғанын жұрттың бәрі көрді. Іштей оған қуандым, іштей оған мақтандым. Гүлназ екеумізге естері кетіп тесірейген Жеңіс сияқтыларды елемей, байқасам да байқамаған боп, көрсем де көрмеген боп қастарынан өте бергем. Бірақ қызғаныштың ала мысығы кеудесін тырнағандар кектерін кейінге сақтаған екен.

Ертеңінде дене шынықтыру сабағы еді. Мұғаліміміз бір жаққа кетті де, өзіміз екіге бөлініп волейбол ойнадық. Біздің класстың балалары спорт десе ішкен асын жерге қояды. Бірі бокспен, бірі күреспен айналысады, әйтеуір, әркімнің өз қалағаны бар. Ал волейболды біздің кластан Жеңіс пен Әміртай жақсы ойнайды. Әміртай ұзын бойлы, арық келген қара бала. Сабаққа онша болмағанымен ойынға келгенде жатып кетеді. Әсіресе секіріп барып ұрғанда допты жерге қағып жіберердей. Бірақ оған мықты серік керек. Яғни, қолыңа тиген допты оған жақсылап «көтерсең» болды. Ар жағын Әміртайдың өзі жөндейді. Бүгін Әміртайға мен серікпін. Біздің ұрған добымыз қарсылас жаққа топ-топ етеді. Жеңіс бізге қарсы командада. Алғашқы кезекте біз ұттық та, екіншісінде Жеңістер жандарын сала кіріскен. Кіріспей ше? Айнала балалар-қыздар, шу-шу етіп жартысы Жеңістерге, жартысы біздерге жақтасып жатыр. Бұл жолы біз жеңіліп қалдық. Енді, міне, шешуші - үшінші кезек басталды.

Манадан көптің бірі болып тұрған Гүлназ да енді Әміртайдың әр соққан добына риза болып: «Әміртайчик молодец!» - деп айқайлап қояды. Дауысы тіпті ерекше. Біз енді барымызды салдық... құлап жүрміз, сүрініп жүрміз. Сүрініп жүріп ойнап жүрміз. Бір кезде Әміртай екеуміз торға қатар келдік. Мен ортада, ол шетте.  Доп маған тиген сәтте Әміртай «көтер!» деді. Шиырып тұрып оған қарай әуелетіп жібердім. Ол серіппеше жиырылып барып оң қолмен сарт еткізген. Бар пәрменмен соққан доп кенет көзді ашып-жұмғанша Жеңістің тура бетіне тиді. Жігіттің көзі жасаурап, ақ сары өңі қызарып кетті. Біреулер бұған сықылықтап күліп жатыр.

Ойын аяқталуға таянған. Әмірай тағы да секіріп допты ұра бергенде тордың ар жағында «блокқа» дайындалып тұрған Жеңіс оны кеудеден итеріп қалды. Аяғы жерден енді ғана көтерілген Әміртай шалқалап барып басымен жерге құлап түсті. Ойын тоқтады. Біз бір-бірімізге қарап аңырап тұрмыз. Әміртайдың даусы әрең шықты.

- Ой, оңбаған... неменеге итересің?

- Елдің аяғын баспай ойна.

Жеңіс теріс айналды да, түк болмағандай бұрылып кетті. Ашуға булыққан Әміртай бүкіл залға естірте оның намысына тиетін бір сөзді айтып салды.

Жеңіс жүгіріп барып Әміртайдың кеудесіне жармаса кетті.

- Не дедің?

Балалар да лап қойып, екеуін екі жаққа алып кетті. Әміртайдың тағы бір қасиеті – өте тершең. Сондықтан да ойыннан соң қаталап қалады. Тіпті кейде сабақтан шығып кетіп, су ішіп келеді. Бүгін де кенезесі кепкен болар, сыртқа сұранды. Іле-шала Жеңісте орнынан тұрған.

Ағай, мен де сыртқа шығып келейінші?

Бара ғой.

Біраздан соң жүрегім лүпілдеп отыра алмадым. Өйткені  Әміртай кешіге берді. Ақыры шыдамадым. Сосын қалтамдағы үйдің кілтін қолыма алдым да, мұғалім көрсін дегендей сылдырлата бастадым.

Ағай, бір минутқа шыға тұрайыншы? Рұқсат бермей қоя ма деп тыпыршып барам. Жаңа спорт залдың кілтін өткізбей ұмытып кетіппін. Іздеп жатқан болар,- деп қоям.

Бар, тез!

Кластан атып шықтым да, сыртқа қарай жүгіре жөнелдім.  Су құбыры мектептен біраз қашық жерде болатын.

Жетіп келсем Жеңіс Әміртайды жығып сап, былшылдатып басқа-көзге қарамай соғып жатыр. Жүгірген бойда Жеңістің жағасынан алдым да, лақтырып жібердім. Ол тәлтіректеп барып ағаш жақтауға соғылып, тұрып қалды.

Айуан, мұның не?- дегем.

Е-е...жабылайын дедіңдер ме? Жарайды онда,- деп Жеңіс төбелеске дайындала бастады. Әміртайдың қолынан ұстап тұрғыздым да, костюмімді шештім.

Жабылмай-ақ, өзім жалғыз шығам!

Қаным басыма шапшып шығып, дәл қазір Жеңісті түтіп жіберуге аз-ақ тұрмын. Артымнан кеп Әміртай ұстай алды.

Тиме, Орал! Сен аралассаң құрисың!- деді.

Ұстама, Әміртай! Осыдан келген бәлені көріп алдым.

Мә, ендеше!-деп осы сәтте маған қарай ұмтыла берген Жеңіс кілт тоқтай қалды. Жалт қарасам, бастауыш кластың  бір мұғалімі тұр екен.

Не болды?-деді ол, бізді көзбен шолып шығып.

Ештеңе емес. Мен костюмімді қолыма алдым да, кетуге жиналдым.

Кәне, Жеңіс, түсіндір. Бұларың не?- Мұғалім Жеңіске таянған.

Жай, өзіміз, апай. Ешкімге дабыра қылмай-ақ қойыңыз. Ер жігіттердің басында кездесе беретін жайларғой,-деді ол.

Сосын арамызда ештеңе болмағандай, үшеуміз мектепке қарай аяңдадық. Тек бұрышқа таянғанда Әміртай екеуміз баққа қарай бұрылғанбыз.

Кім айтқанын қайдам, Гүлназ өткендегі төбелес жайын естіп қойыпты. Мен ол күні класқа кезекші едім. Сабақтың соңынан еденді жуып бола бергенімде, класқа Гүлназ кірді. Аңырап қалдым.

Не болды, Гүлназ?

Ештеңе емес...ол жерде жатқан шүберекті алды да, теріс қарап тақтаны сүрте бастады. Мен аң-таңмын.

Орал, менің саған бір өтінішім бар...

Айт.

Орындайсың ба?- Ол маған бұрылды.

«Не дегелі тұр екен?» Даусым сенімсіздеу шықты.

Тырысып көрейін.

Онда, жүр, сыртқа шығайық.

Екеуміз мектеп алаңын кесіп өтіп, баққа қарай беттедік. «Апыр-ай, бұл қандай ғана өтініш, қандай ғана қолқа болды?»

Алаңның шетіндегі үлкен қара ағашқа жақындай бергенде, кенет селт ете түстім. Өйткені оның жанында бір сөмкені жерге қойып, екіншісін тербетіп Жеңіс тұр.

Қолындағы сөмке –Гүлназдікі.

Манадан қалай байқамағам. Қасымдағы қыз сөмкесіз келеді екен ғой. Енді бәрі түсінікті. Кідіріп қалдым.

Гүлназ,-дедім,-өтінішіңді осында айт, мен әрі бармай-ақ қояйын.

Неге?

Сол. «Айтсам ба екен, айтпасам ба екен».

Білемін, Орал. Бірақ бұл түсініспеушілік. Әйтпесе тіл табысып...

Жо-жоқ. Мен жеңіспен тіл табысар жігіт емеспін. Өйткені ол екеуміз екі басқамыз, екі жағаның жандарымыз. Егер өтінішің осы болса, онда бұл қиын шаруа. Бірақ, шын ниетіңе рақмет, Гүлназ,- деп бұрылдым да, кейін қайттым. Артымнан қыз даусы естілді:

Орал, тоқташы!

Бірақ қарағаным жоқ. Дәл кешегідей зығырданым қайнап шыға келді. Іштей Жеңіспен сөйлесіп барам.

«Жігіт емеспісің, Жеңіс?... қыздың айтқан сөзі үшін сен менімен дос болғың кепті. Жо-жоқ! Сен дос болғың келсе де, мен сенімен дос бола алмаймын. Оны өйткені өзің қалағансың. Біздің жолымыз енді ешқашан қиылыспайды. Осы тоғыз жылда бір рет аулаңнан әрі өтіп, табалдырығыңнан аттамаған екенмін. Енді қоштасуға тоғыз ай қалғанда бәрін қайта бастап, өтірік дос болмай-ақ қояйық. Екеуміздің өмір туралы ұғымымыз екі басқа. Сондықтан біз ешуақытта жақындаса алмаймыз. Солай, Жеңіс».

Осындай ойлармен арсы-гүрсі басып бара жатырмын. Артымнан қыз даусы тағы естілді.

Орал, өтінем тоқташы.

Кенет басыма басқа ой келді. «Әйел құсап неге қашып барамын? Ең болмаса осыны Жеңіске айтайын да. Мүмкін түсінер, ұғар. Ал, ұқпаса өзі білсін».

Екеуіне таяп келдім. Гүлназ күлімсірей береді. Жігіт болса...Мынаны қара... Қолындағы бет орамал мен Гүлназдың сөмкесін түкіріктеп сүртіп тұр. «Түһ, не деген ұсақ жан еді?!» Ал көзінде ештеңе жоқ. Тек кірпігін қаға береді. Самарқау бейжай қалпы. Тіпті менің жарты жолдан оралғаным да, орамағаным да оған бәрібір сияқты.

Жеңіс,- деп барып кідіріп қалдым.

Немене?-ол мұрнының астынан міңгір етті де бет орамалын тағы түкіріктей жөнелді. Кешегі оңаша да жолбарыстай жұлқынған жігітім қыз алдында қылымси қалыпты.

«Жо-жоқ! Мұндай жанмен сөйлессем деп тұрған менде де ес жоқ шығар». Кейін қарай кілт бұрылып кете бардым.

Сол күні талайға дейін ұйқым келмеді. Үй де бүгін ерекше ысып кеткен секілді. Көрпемді бір ашам, бір жабам. Көз алдымда сол таныс бейне.

«Гүлназ қазір ақ көрпенің астында балбырап ұйықтап жатқан шығар? Жоқ, әлде төсегінде дөңбекшіп ол да бүгін кірпік ілмей әлек пе?»

Ақыры шыдамадым. Орнымнан тұрып су іштім де, қайта келіп столға отырдым. Қолыма қалам алдым.

«Гүлназ!»

Кешегі өтінішіңді орындамағанымды кешір. Саған тіпті не жазарымды да білмеймін. Бірақ, әйтеуір, бірдеңе жазуым керек секілді. Әйтпесе шыдай алар емеспін. Гүлназ, мен сені ұнатам. Басқа айтарым жоқ!» деп, леп белгісін қойдым да, «Ораз» деп атымды жаздым.

Хатты ертеңіне Әміртай апарып берді. Үлкен үзіліске шығарда қыздың қолына ұстатты. Оны есіктің саңылауынан көріп тұрдым. Тіпті мұны Жеңіс те, басқалары да байқаған еді.

                                    ...

Жаңа жыл жақындаған сайын мектептегі абыр-сабыр қыза түсті. «Концертке дайындық», «елкаға әзірлік» деп күнде кешке мектепке жиналамыз. Әсіресе бұл бас қосу тіпті қызық.

Жеңіс кешке мектепке келмейді. Мамасы аураханада жатыр. Сол себепті бауырларынан шыға алмайды. Оның келмегені  мен үшін жаман болмады. Күнде Гүлназды шығарып салам. Алғаш бәріміз жұбымыз жазылмай қыздарды апарып салушы едік. Соңғы кезде  ол тәртібіміз бұзылды. Оны ұлдар әдейі бұзды. Әйтпесе топырлап қыз шығарып салғанның несі қызық дейсің?

Дайындықта Гүлназ өлең айтады. Өзім әлі тыңдаған емеспін. Бірақ балалар «керемет әнші» деп тамсанып жүр. Менің тыңдай алмайтын себебім –концертке дайындалушылар пионер бөлмесінде, мен спорт залдамын. Қабырға мен терезелерге әр түрлі суреттер салам.

Бүгін Гүлназ екеуміз елдің ең соңынан шықтық. Дала тып-тынық. Айнала сүттей аппақ. Күн де онша суық емес. Гүлназ қолтығымнан ұстап алған. Екеуміз қарды сықыр-сықыр басып тар көшенің бойымен емес, аппақ бұлттың арасымен келе жатқандаймыз. Гүлназ менің қолымнан үйіне дейін ғана емес, мәңгіге ұстаған сияқты. Тіпті екеуміз ес білгелі талай-талай көшелерден, жолдардан, асулардан осылай жұбымыз жазылмай, қолтықтасып, қол ұстасып келе жатқан секілдіміз. Іштей Гүлназбен сөйлесіп келем. «Гүлназ, қасымда жүргенің қандай жақсы. Өйткені сен барда өзімнің біреуге қамқоршы екенімді сезінем. Меніңше бақыт деген осы болар..»

Кенет, бүгінге дейін бойымда жасырынып келген әлдебір құмарлық, бас көтеріп шыға келді. Гүлназды  сүйгім келді. Бірақ-ақ рет сүйсем дедім. Тек бетінен ғана сүйсем болды. Маған мына дүниеде басқа ештеңенің қажеті жоқ. Бар тілегім сол.

Бірақ батылым жетер емес. «Сүюін сүйер ем-ау, тек Гүлназ қайтеді?» «Ақымақ!» деп кинодағыдай шапалақпен тартып жіберсе ше? Жоқ, Гүлназ өйтпес. Осыны ойлауым мұң екен, бәрі де маған оп-оңай сияқты көрініп кетті. Үйіне шамалы қалғанда тоқтадық. Гүлназдың бота көздері, дөңгелек жүзі ай нұрына малынып, тіпті әсем боп кеткен. «Мына аппақ орамал өзіне қалай ғана жараса қалған, япыр-ау».

Гүлназ...

Сөзімді жұтып қойдым не айтқым келгенін өзім де білмеймін. Ол осыны сезгендей күлді. Әрі қарай шыдамадым. Қыздың аш белінен құшақтап өзіме тарттым да, тынысым жиілеп барып, буыным дірілдеп барып бетінен ақырын сүйген болдым. Әлде сүйген, әлде ернімді ыстық бір затқа қарып алған секілдімін. Бірақ өзім сасып қалдым.

Гүлназ. Мен саған бәрібір үйленем... шын айтам. Тіпті Жеңіске тиген күнде де алып қашам. Тура тойыңның үстінде ақ көйлек, аппақ фатаңмен ұрлап кетем.

Жеңіске тиетінімді қайдан білдің? –Гүлназ зілсіз күлді.

Қайдан білейін... Тек жай айтқаным ғой.

Гүлназ құшағымнан ақырын шықты да:

Орал,-деді,-менің сенен сұрарым, бұдан былай...

Осы кезде алдымыздан қараңдаған біреудің сұлбасы көрінген. Гүлназ абыржығандай, даусы өзгеше естілді.

Орал, жездем!-деді. Жүгір, қайта берші!

Алғаш тұра жүгірейін дедім де, ол ойымнан лезде қайттым. «Не қылар дейсің? Қашатындай  қылмысты емеспін ғой».

Үстінде шолақ қара тоны, басында ондатр малақайы бар Гүлназдың жездесі бізге таяп келді. Сосын төніп кеп менің бетіме бажырая қарады да, балдызына тіл қатқан.

Гүлназ, үйге бар. Апаң алаңдап отыр.

«Түсінікті. Менімен оңаша сөйлескісі кеп тұрған болу керек». Әдеп сақтап сәлем бердім.

Ол естімеді ме, естісе де естігісі келмеді ме, сәлемімді алмады. Ішім қылп ете қалған. Гүлназ кете бергенде үнсіз қалуға ұялдым. Сабырлылық танытып:

Сау бол, Гүлназ!-дедім.

Сау бол, Орал!

Қыз қараңғы түнде сұлбасы көлбеңдеп барып көзден таса болғанша екеуміз де соңынан қарап тұрдық. Гүлназдың жездесі байланыс бөлімінде бастық болып істейді. Өзін қашанда машинадан көрем. Әлі сөйлесіп көрген адамым емес.

Иә, жігітім,-деді ол. Даусы жіңішке екен. Бірақ өте тез сөйлейтін сияқты. Қыз шығарып сап жүрсің бе?

Әдеппен жауап бердім:

Жалғыз өзі қорқатын болған соң...

Дұрыс, дұрыс ,- ол кідіріп барып сөзін жалғады.

Атың кім еді?

Орал...

Е-е, Орал де,- ол қолын иығыма салды. Аузынан арақ иісі мүңк ете түсті.

Сен тек шыныңды айт. Гүлназды жай шығарып сап жүрмісің әлде... басқа бір ойың бар ма?

Шығарып салуда қандай ой болмақ?

Жо-жоқ, сен енді жасырма,- ол менің иығымнан қатты қысып ұстап қолын батыра бастады. Ауырып барады. Әрең шыдап тұрмын.

Қолыңызды батырмай, алып тұрыңыз деймін.

Ол қолын жайлап түсірді де:

Ал, сөйле,-деді.

Не сөйлейін?

Гүлназды не үшін, нендей мақсатпен шығарып сап жүрсің?

Қызық екенсіз. «Не үшін» деген сұрақ болушы ма еді?

Сонда сенен басқа жұрт құрып қалды ма? Олар неге шығарып салмайды?- Ол бетіме бетін тақап сөйледі.

Ендеше, оны менен емес, сол шығарып сала алмай жүргендерден сұраңыз.

Солай де.. Ал сен неге ылғи келгіштей бересің? Айт. Былай, жігіт сияқты шыныңды айт.

«Шынында да, осыдан неге қорқамын. Бастық болса өзіне. Телефон өзіне. Өті жарылса да айтайын».

Өйткені мен Гүлназды сүйемін,- дедім.

Ол мұндай жауап күтпеген болу керек. Қараңғыдағы сызықтай боп тұрған қысық көздері бағжаң ете қалды:

Солай де... Онда өсіп қалғаның ғой... Дұрыс. Кәне, кәне... охо, бұлшық еттерің жетіліп қапты,-деп ол иығымнан, білегімнен, ішімнен ұстап көрген боп жатып, бір кезде тура кеудемнен түйіп кеп жіберді. Тынысым тарылып сөйлеуге шамам келмей қалды. Соққысының нысанаға дөп тигеніне риза болғандай ыржиып.

Молодец, жарайсың жігітім,-деді де жағама жармаса кетіп қылқындыра бастады. Өңіне қарағанымда қорқынышты көрінді. Енді аянып қалуға болмайтын еді. Мен де жағамды темірдей қолдан ажыратып, қылқынған мойнымды босатуға тырысып жатырмын.

Жіберіңіз,- деп қоям. Бірақ болар емес.

Жаманның жетілгенін қара. Сопляк. Саған қатын керек боп қалған екен... Еркектігің есіңді алып жүр екен. Міне, ендеше, міне,- ол мені сілкіп-жұлқып қысып жатыр.

Тынысым тарылып, қырылдап барам. Бір кезде қолымның қырымен білегінен салып кеп жібердім. Әлгін де ғана темірдей қысқан қолдар, бір сәт босап сала берді. Ашудан түтігіп жағым қарысып қалғандай. Сөзім тісімнің арасынан әрең шығады.

Егер сізден өзге біреу болса, әттең басқаша сөйлесер ем...

Қалай? Былай ма? –Кенет ол мені шапалақпен тартып жібергенде, көзімнің оты жарқ ете қалды. Сол жақ ұртым тыз етті де, аузыма жылымшы бірдеңе толып кетті. Осы кезде қалай ұрғанымды өзім де байқамай қалдым. Тастай түйілген жұдырығым майлы мұрнына сарт еткенде, қан сау ете түсті. Енді тұра беруге болмайтын. Жалт бұрылып қараңғыға сіңдім де, алды-артыма қарамай жүгіре бердім. Әбден өкпем күйіп, қара терге түскенімше тоқтағам жоқ.

Ертеңіне  сабаққа бармадым. Баруға бет жоқ еді. Әсіресе Гүлназдан өлердей ұялдым. Ең болмаса осындайда Әміртайда жүгіріп кеп мектептегі мен туралы әңгімені айтпады-ау. Ақыры әжеме түндегі болған оқиғаның шет жағасын сездіргем. Ол қорқып кетті.

Түске таман үйге класс жетекшіміз Сабыр ағай келді. Көрінуге батылым жоқ. Түпкі үйдегі үстелдің басында кітап оқыған боп отырмын. Әжем мен ағай алдыңғы үйде ұзақ сөйлесті. Бір кезде мен отырған бөлменің есігі ашылды. Теріс қарап шұқшиып отыра бердім.

Орал,-мұғалімнің даусы жай естілді. Енді осылай отыра беремісің? Жүгір спорт залға бар. Кешегі жұмысыңды аяқтап, сағат бесте директорға келгін.

Қазір барам,-деп күңк еттім, есік қайта жабылғанша бұрылғам жоқ.

Мені кешкі жиналысқа салатын бопты. Арқам мұздап қоя берді. Әсіресе...әжемді аядым. Мен үшін дүйім жұрттың алдында ұялатын болды-ау...

Сағат беске таман спорт залдан шықтым да, директордың кабинетіне келдім. Кіріп-шыққан ешкім көрінбейді. Есік алдында тек Гүлназ ғана. Мұғалімдер де, біздің кластың балалары да іште секілді. Гүлназ кешігіп жүр ме екен? Әлде...жездесі үшін ұялып кірмей тұр ма? Аяғымды сүрткен боп жатырмын.

Мектепке кіргенімді ол да көріпті. «Кел» дегендей қолын бұлғады.

«Сені жігіт деп жүрсем, сені адам деп жүрсем, бұзақы ақымақ екенсің ғой. Тіпті мені сыйламасаң да, жездемнің жасын сыйласаң қайтеді» деп, жанымды қоярға жер таппай жақындай бергем. Қарасам Гүлназ түк болмағандай, сол кешегі жымиған қалпымаған қарап тұр. Түсінбей абдырап қалдым. Менің мына түрімді көріп ол:

Әжей іште,- деді. Директор ағай, класс жетекші үшеуі отыр. Қазір мені шақырады.

Осы кезде есік ашылып ар жақтан Сабыр ағайдың басы көрінді.

Оспанова, кел. Ал, сен, әзірге тұра тұр,- деп класс жетекші есікті қайта жапты.

Жаңа ғана абыр-сабыр боп жатқан залда ешкім қалмаған. Тек үстіңгі қабатта біреулердің дауыстары, парталардың тарсылдары, еден жуып жатса керек, шелектердің даңғыры естіледі. «Бұл дұрыс  болды» деп қоям ішімнен. Шамасы, ешкімге жария қылмаған болу керек. Әйтпесе бүкіл мектепке масқара болар ем-ау. «Орал қыз үшін байланыс бөлімінің бастығын сабапты» деген аты қандай жаман.

Шамалыдан соң мені шақырды. Директордың қабағынан ештеңені аңғару мүмкін емес. Сол бір сазарған қалпы. Әжем жылаған болу керек көзі қызарып кетіпті.

Отыр, Орал. Директор орындықты нұсқады. Сосын қолындағы қарандашымен үстелді тықылдата бастады. Сенің кешегі істеген ісің үшін, мектептен шығарып жіберуге болады. Бірақ мына үлкен кісіден ұятты. Біз сені үлгілі оқушы деп жүрсек, балалығың қалмаптығой. Басқа-басқа, сенің қателесуге қақың жоқ. Білемісің? Қақың жоқ!- оның даусы енді жай естілді. Қазір кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екендігін тексеріп жатпайық. Бірақ, бұдан былай,- деді ол Гүлназ екеумізге кезек-кезек қарап,- дұрыс жүріңдер.

Енді сендер  жайында бір ауыз сөз естісем, айтапды демеңдер, екеуіңді де мектептен айдап шығам.

Ол қарындашын тағы тықылдата жөнелді.

Бәрі де өз уақытымен, өз мезгілімен болды. Мені түсінген боларсыңдар, барыңдар енді,- деген.

Әңгіменің осымен біткеніне сенерімді де, сенбесімді де білмеймін. Орнымнан жеңіл көтеріліп, есікке жөней бергенімде директор ағай:

Суреттеріңді бітірдің бе?-деді.

Ал мен қуанышты едім. Қуаныштан даусымның жарықшақтанып шыққанын жасыра алмадым.

Кішкене ғана қалды.

Тезірек бітір енді.

Кенет әжеме көзім түсіп кетті. Гүлназ екеумізге қызыққандай қарап қалыпты. Жүзінен жылылық сезіледі. Есік алдына шықтық. Гүлназ екеуміз де үнсізбіз.

Бір кезде ол:

Әжең қандай жақсы кісі еді,-деді.

Мендегі өзі жалғыз әже болса, жақсы болмауға қақысы жоққой,- деп өзімше қалжыңдап қойдым.

Дәл менің апам секілді екен. Есіме түсіп кетті.

Ол кісі қайда?

Қайтыс болғалы екі жыл болды...

Өзімнің жаңағы орынсыз қалжыңсымағыма ұялып қалдым. Осы кезде іштен әжем көрінді.

Ораш, қайдасың? Ұста мені.

Мен әжеме ұмтылғанда, Гүлназ да екінші жағынан кеп демеген. Көк мұз боп жатқан баспалдақтан әжемді жайлап түсіріп алдық, әлгіндегі әңгіме оған оңай тимеген секілді.

Әй, Ораш-ай,-деді де ол үнсіз қалды.

Аздан соң тыныштықты Гүлназ бұзды.

Әжей, сіз ренжімеңіз. Бәрі де жездемнің өзінен.

Түнде қызулықпен директор ағайға телефон соққаны мен бүгін ұялып келмей қалды.

Әжемнің бір жағында мен, бір жағында Гүлназ аяңдап басып келе жатырмыз. Әлгіндей емес, әжемнің қабағы ашылған сияқты.

Қайда тұрасың, қарғам?- деп Гүлназбен сөйлесіп қояды.

Карл Маркс көшесінде. Сіздер жақта,- дейді Гүлназ.

Әжем әдемі қызбен әбден танысып алайын дегендей, сұрақтарды жаудырып жатыр.

Қайдан келіп едіңдер?

Атбасардан, әже білетін боларсыз?

Естуім бар. Ал әке-шешең, бауырларың бар ма?

Бар. Бір інім, екі сіңлім бар.

Мұнда кімің тұрады?

Мамамның сіңлісі. Биыл бөпелі болған. Оның үстіне жаңа көшіп келіп жатыр. Сосын күзде қоярда қоймай мені алып кетті,-деді Гүлназ.

Дәм бұйырды деген осы. Қай жақтың тұзы тартса, сол жаққа сапар шегесің.

Біздің үйге жақындағанда әжем Гүлназға:

Жүр, қарағым, үйге кіріп шай іш,- деді,- сөйлесейік. Кәрі адамға  біреумен әңгімелесудің өзі бір мәртебе. Мына Ораш менімен әңгімелесуге де ерінеді. Ұл бала деген сол ғой.

Гүлназ көп ойланған жоқ.

Жарайды, әже ,- деп келісе кетті.

Үйге келген соң әжем шай қамына кірісті де, мен Гүлназға суреттерімді көрсете бастадым. Соңғы кездері өзіме ұнаған суреттерді жоғалтпай сақтап жүргем. Мұнда қара қарындашпен салған да, бояумен салған да, түрлі-түсті қарындашпен салынғандары да аралас. Сурет-сызудан беретін мұғалімнің айтуына қарағанда, бұлар ертең оқуға бара қалсам керек көрінеді. Қазір суреттерім бір альбом болып қалды. Гүлназ бірде ана суретті, бірде мына суретті қызықтап отырған. Кенет біреуіне ұзақ қарап қалды. Қарағаны апамның (туған шешемді осылай атаймын) суреті екен. Бұл жай ғана сала салған нәрсе емес, мен үшін ерекше дүние. Мұнда апам батар күннің жалқынындай қызыл жалын арасынан шығып келе жатқан секілді. Мен мұны былтыр бітіргем. Түрлі-түсті бояумен бояп, астына «Менің от-апам» деп жазғанмын. Гүлназ соған тесіле қарап әлі отыр.

Бір кезде ауызғы үйден әжемнің даусы шықты.

Ораш, тезірек оны-мұныға көмектесіп жіберсеңші.

Бірақ, менен бұрын Гүлназ орнынан лып етіп тұрып:

Сен отыра бер, Орал, мен барайын,-деді. «Қой, Гүлназ» дегенімше ол есікке жетіп қапты. Кенет басыма басқа ой келе қалды. Дәл қазір Гүлназдың әжеме көмектесіп, қазан-аяққа араласып ас үйде жүргенін қызық көріп кеттім. Сосын суреттерді жинап, радиоланың инесін тазалаған боп, түпкі үйде кідіре бергем. Жартылай ашық есіктен Гүлназдың көйлегі ағараңдап әрі-бері өтеді. Әжем екеуі әлденені әңгіме етіп жүрсе керек. Гүлназ біздің үйге біржола келгендей көңілім көтеріліп, бір мақтаныш сезімге бөлендім.

Ауыз үйге барғым келді. Есікке тақалғанымда Гүлназдың даусын құлағым шалды.

Ол кісінің қайтқанына көп болды ма?

Он екі жыл болды. Содан бері Орашқа әке де, шеше де өзіммін. «Жалқыдан қалған жалғызым» осы болды, қарғам.

Табалдырықта тұрып қалдым. «Жалқыдан қалған жалғыз».

Әжем шай ішіп болған соң, Гүлназ екеумізді зорлағандай орнымыздан тұрғызды.

Ораш-ау, ана үйге барып әлгі күйтабақтарыңды қойсаңшы. Үйге келген қонақты менің қасыма қаңтарғаның қалай? Барыңдар қарағым. Мен де ыдыс-аяғымды шайып алайын. Ойбай, белім,- деп әжем кесе-шайнегін салдырлата жөнелген. Байқаймын, әжем Гүлназ екеуміздің оңаша қалғанымызды қалайтын тәрізді. Мен барып пластика қойдым. Көңілді әуен бөлмені бірден баурап алған. Гүлназ қалған суреттерді аударыстырып отыр. Бір кезде ол:

Орал, мамаңды білетін бе едің?-деді.-Жадыңда  бар ма?

Білем...

Гүлназ «айта берсеңші» дегендей маған  жақындай түсті.

Апам туралы ойлағанда бір ғажайып әуен құлағыма еміс-еміс келетін сияқты.

Ол қандай ән?

Дәл қандай ән екенін өзім де білмеймін. Апам есік алдын сыпырып жүріп ылғи да сол әнді айтушы еді.

Орал, ренжімессең, мамаң туралы айтшы, қандай кісі еді?

Жарайды, мен онда бәрін басынан бастайын.

Апам оң жақ бетінде меңі бар, сұңғақ бойлы, бидай өңді кісі еді. Әкемді білмеймін. Туу туралы куәлігімде «әкесі» деген сөздің орнында тек қана сызықша тұр. Фамилиям апамдікі – Әділов. Сонда менің сызықша әкем кім? Бар ма, жоқ па? Бар болса қазір қайда, ол  мен тұрмақ әжеме де беймәлім тәрізді. Бар сырының құпиясын ешкімге білдірмей бұл дүниеден ғазиз анам ертерек, тым ертерек аттанып кетіпті.

Бірде мен қатты науқастандым. Әжем аяқ-қолымды ұстатып, апам жамбасына ине салды. Сосын түнімен күзеткен. Жылап отырып тағы да сол бір ғажайып әнді айтқан. Үйде апамның ақ халаты, сосын аузында жалтыраған темірі бар үлкен сөмкесі болатын. Ылғи  одан дәрінің иісі шығып тұратын. Қазір ойлап қарасам апам – дәрігер екен ғой. Көбінде мені әжеме тастап, өзі жұмысқа кете беруші еді. Ал кейде біреулер үйден келіп шақырып әкететін. Ондайда апам ішіп отырған асын тастай салып, халаты мен сөмкесіне тұра жүгіретін еді.

«Тым болмаса тамағыңды ішсеңші»,- деген әжемнің сөзіне: «Біреу хал үстінде жатқанда, қайтіп тамақ ішіп отырмын, апа»,- деп асып-сасып киіне бастайтын. Бірде апам тағы да кеткен... Бірақ содан оралған жоқ...

Сол күні көрші әйел келді де, мені басқа бір үйге алып кетті. Көп кәмпит берді. Кешке үйге қайтармады. Ойнап отырып, сол үйде ұйықтап қаппын. Ертесіне тұра сап үйге келсем, үйдің іші толған кісі. Әжемнің шашы қобырап кетіпті. Қатты ауырған болу керек, қайта-қайта бір жақ жанына жантая береді. Мені көріп құшақтап дауыс салды. Елдің бәрі әжемді құшақтап, жұбатып жатыр. Әжемнің бұлай жылағанын еш уақытта көрген жоқ ем, қорқып кеттім.

Әже, деймін, әже? Неге жылайсың? А-а?

Әншейінде әжемнің қолы сәл ауырса жүгіріп барып дәрі жағатын, бинтпен байлап, асты-үстіне түсетін апам, қас қылғандай сол күні үйге қайтпады. Ертеңінде де келмеді. Ал мен әжеме жаным ашып:

Әже деймін, әже, жыламашы. Көз жасыңды сүртші. Апам келмей қайда жүр?-деймін, сасқанымнан жан-жағыма жаутаңдап,

Ол көз жасын әрең сүртіп:

Енді апаңды ойлама. Ол оқуға кетті,-дейді.

Алыстағы...оқуға...

Қайдағы оқу? Сенің бетің ауырғанда ол дәрі жақпай неғып жүр?- деймін.

Кейін келеді,-дейді әжем. Былтырғы есіңде бар ма? Дәл сондағыдай.

Есімде,-деймін былтырғы қаладан келген көз алдыма елестеп.

Онда мені мазалай берме. Мені мазалай бергеннен апаң келмейді,- дейді әжем.

Мен сендім. Сосын сарылып күтумен болдым. Күтіп жүріп апамның былтырғы екі айлық оқудан келгенін, дәл сол жолғыдай көп ұзамай тағы да маған базарлық әкелетінін ойладым. Ойладым да «тезірек келсе екен» деп апамның жолын тостым. Ылғи күттім. Мүмкін  содан болар, ойнаған кездерімде, тіпті кейін класта отырғанда да апам келіп, үйде мені тосып қалғандай көрінуші еді. Қаншама рет аялдамаға жүгірдім. Қаншама рет автобустың есігі жабылғанша үмітім үзілмей қарап тұрдым десеңші? Бірақ...бірақ апам келмеді. Бір рет те көрінбеді. Кейін талай ауырдым ғой. Бәрібір қасымда болмады. Бетіме бетін басып жылаған жоқ. Ұйқымды да күзетпеді. «Жамбасым ауырса да шыдар едім, инесіне көнер едім, тек тезірек апатайым келсе екен» деп, талай-талай жатарда ойладым. «Шіркін-ай, оянғанда басымда отырса екен» деп, қиялдап жатып ұйықтап кететінмін. Басымды көрпеге тығып ап, сағыныштан жылаушы едім. Ал апам тек қана түсімде келетін. «Апа, мен сені көп күттім ғой» деп, талай оған өкпелеп бетімнен сүйдірмей қаштым-ау! Қашып барып шыдамай, қайта айналып құшағына құладым-ау! Апам тіпті мен мектепке барғанда да келмеді.

Ол күнді көп тосқам. Себебі әжемнен бірде тағы:

Әже, апамның оқуы мен мектепке барғанда біте ме?-дегем.

Мүмкін, бітсе бітіп қалар,-деген ол.

Апам маған әдемі көйлек әкеле ме?-дейтінмін тағы.

Әкелетін болар,-дейтін әжем күрсініп.

Амал не... апам келмеді. Көйлегінде әкелмеді. Мен мектепке жалғыз бардым. Ол күні әжем де белінен шойырылып жүре алмай қалған. Маған ешкім гүл ұсынған жоқ.

Кейін есейгенде барып апамның мәңгілік оралмас сапарға кеткенін білдім. Оны маған әжем айтты. Жайлауда ауырып қалған бір қойшыға бара жатып, жолда апатқа  ұшырапты. Кегеннің асуын жұрт «қиын асу» дейді. Әсіресе бұрын тіпті жаман екен. Нақ сол жерге келгенде, ескі машина тормызы ұстамай сайға қарай домалапты. Қараса бас айналар құзар жардан ауытқыған машина сай табанынан бір-ақ шығып, қызыл өртке айналса керек.

Міне, менің «от-апамның» тарихы осындай.

Ал сызықша әкем тірі болса кезігер деген үміттемін. Не де болса, Алматыға барғанда апамның достарын тауып алып сұрастырам. Мүмкін ол да мені таба алмай жүрген шығар? Тіпті менің барымды білмеуі де мүмкін ғой. Онда: «Ассалаумағалейкум, әке. Мен сені іздеп таба алмай жүр едім. Мен сенің беймәлім ұлыңмын. Мен он жеті жылғы сапардан оралып тұрған «Оралыңмын»- дер едім... Оны уақыт көрсетер. Бірақ үлкендер айтқандай «кебін киген келмес, кебенек киген келер» дегендей, әкемнің кебенек кимесіне кім кепіл?

Мен осыны Гүлназға айттым. Әңгімемді аяқтасам, ол үлкен ойда отыр екен.

Гүлназ екеуміз үйден шықтық. Табалдырықтан  қоштасып қала беруге шыдамым жетпеді. «Ең болмаса бір көше апарып салайын» деп, Гүлназды әрең көндірдім. Біз келгендегідей емес, сыртта жел қатайыпты. Аспан түнеріп қар ұшқындай бастаған. Жылы үйден шыққандікі ме, денем тітіркеніп кетті. Әр жерде бір сықсиған көше шамдары бағананың басынан ұшып түсердей шайқалып тұр.

Гүлназдың сөйлеуге зауқы жоқ.  Мен жанға батар үнсіздікке шыдамай, азынаған суық желдің гуіліне шуыл қосып ысқырып келем. Әлдебір әуенге саламын. Бірақ ернім икемге бірге көнсе, бірде көнер емес. Гүлназ болса... терең ойға түсіп кетіпті. Көшенің қиылысына барғанда ғана тоқтаған. Қолғабын шешіп, қолын ұсынды.

Әрі қарай өзім барам, Орал,- ол маған көз қиығын салды,- әлгіндегі ағайдың сөзі жадында ма?

«Не айтқың келіп тұр мұны мен?» дегім келді де, үндемедім. Бірақ менің ойымды ол көзімнен ұққан тәрізді.

Бір күнгі жасаған қателік, қайтып қайталанбаса керекті. Әйтпесе тағы бір пәлеге  душар болып жүрерміз,- деді Гүлназ.

Мен амалсыз қолымды создым.

Онда сау бол.

Қайырлы түн! – Қыз қараңғыға  қарай жүгіре жөнелді. Мен орнымда сілейіп әлі тұрмын.

Күндер сырғып өте берді. Қар еріді, көк шықты. Мектепте де көп өзгеріс болған жоқ. Тек...Гүлназ екеуіміздің арамыз, неге екенін кім білсін, әйтеуір алшақтап бара жатты. «Дұрыс жүргеніміз  сонша, тіпті сирек сөйлесетін болғанбыз. Алғаш бұған уайымдап, азапқа түскеніммен, менің де біртіндеп менмендігім ұстай берген. Реті келсе Гүлназбен жолығыспауға тырысам. Ертеңерте сабаққа келгенде кластағы балалармен кейде амандасам, кейде амандаспай-ақ орныма өте берем.

Әжем әнеугүннен бері «бақшаны тазалап тастасаңшы, ойнағанда оңай болсын» дей берген соң, түсткен кейін іске кіріскем. Шөп-шаламын тырмалап, қурайларды өртеп жатқанымда алып-ұшып Әміртай келді. Ауламен айналып өтуге ерініп, көше жақтағы аласа қоршаудан бір-ақ аттады. Не де болса, бір жаңалық болған ғой.

Отыр, Әміртай. Мен мына жерді бітіріп тастайын. Жаңалығыңды айта берем десең, құлағым сенде,- дедім. Ол маған көзін сығырайта қарады да, мұрнының үстіндегі терін сүртті. Танауын бір тартып қойып, жұрелеп отыра кеткен.

Естідің бе, анау туған күнін жасағалы жатқан көрінеді,-деді.

Анауың кім?

Жеңісті айтам.

«Жеңістің туған күнінде болдық» дегенді осы күнге дейін бір адамнан естіген емеспіз. Тіпті соның туған күні қашан екендігін де білмеуші едік. Енді күрт өзгеруінде не гәп болды екен? «Әміртайдың өзі не дер екен?» деген оймен:

Енді жасаса жасасын. Онда тұрған не бар! –дедім.

Әрине, жасай берсін. Бірақ жұртты алалап, айналдырған бір класты бөле-жарғанына жыным келді. Оның даусы енді пәстеу естілді. Біздің кластан тек Ғалия мен Гүлназды ғана шақырыпты.

Манадан Әміртайдың Гүлназ туралы, әйтеуір, бір айтарын сезгем. Осы кезде кеудемде қызғаныш оты лап ете түсті.

Басқалары кім екен?

Екі-үшеуі былтырғы бітіргендерден, сосын тоғызыншы кластан Берік бар көрінеді.

Берік біздің мектептің мақтанышы. Шахматтан республикалық жарыстарға қатысып жүр. Жеңісте біледі кімдермен жақындасуды.

Бақты тазалап болдық та, көшеге шықтық. Дүкенге таянғанда Әміртай мені түртіп қалды. Қарсам Жеңіс пен бір жас жігіт үлкен сөмкені көтеріп шығып келеді екен. Ол бізді көрсе де көрмеген адамдай, қасымыздан мелшиіп өте берді. Өзі сыптай киінген. Аяғында биік өкшелі туфли, үстінде шолақ былғары қара куртка, бұтында кең балақ «клеш» шалбар, өзіне тіпті жараса қапты. Қазіргі тұлғасында, шынында да, кісі қызыққандай. «Әміртай екеуміздің олпы-солпы киіміміз, шаң-шаң түріміз ананың жанында, арғымақтың қасындағы жабыдай-ақ шығар» деп қоям. Бір сәт еңсем түсіп, жүнім жығылып қалды. Ішім алай-дүлей. Қызғаныштан жанымды қоярға жер таппай кеттім. «Гүлназды ол үйге қалайда барғызбау керек. Ә-ә...Бірақ қайтіп? Таптым-таптым! Жездесіне телефон соғу керек. Иә-иә... Даусымды өзгертем де: «Жездесі, бүгін кешке балдызыңызды ешқайда шығармаңыз. Оны бір жаман адамдар алып қашқалы жүр» десем, ол асып-сасып «Бұл кім?» дейді.

Сонда «өздеріңізге жан ашыр жандардың бірі ғой» деп трубканы тастай салам. Бұл нағыз табылған ақыл. Осы ойымды Әміртайға айтып ем, ол да қуанып кетті. Бірақ мен емес, ол сөйлесуге тиіс. Сақтықта қорлық жоқ. Кім білсін, танып қоюы мүмкін ғой. Сосын екеумміз ауруханаға келдік. Мұнда телефон бар. Әміртайларға туыс бір әйел осында дәрігер болып істейді. Ең қолайлысы осы жер. Бірақ екеуміз бірден бармай алдымен біреуіміз кірейік деп, мен сыртта қалдым да, Әміртай ішке енді. Бір мезетте ол қайта шыққан: «Жүр» дегендей қолын бұлғады. Іште ақ халатты тәтей тұр екен.

Сәлеметсіз бе?-дедім.

Сәлемет пе, айналайын. Анау шеткі бөлмеге барыңдар. Телефон сонда. Есікті жауып қойсаңдар да болады,-деді.

Не сылтау таптың?-деп қоям Әміртайға сыбырлап.

Үндемесңші,-дейді ол масайрап.

Біз тап-таза, айнадай жарқыраған бөлмеге кірдік, үстел үсті оны-мұны қағаздар, дәрігерлік құрал-сайман. Бір бұрышта шымылдық секілді ақ матадан қоршау құрылған. Шамасы, аурулар шешінетін  болуы керек. Телефонды алып Әміртай қарап бұрай бастады.

Аллоо...Маған байланыс бөлімінің бастығын беріңізші. А-а? Бұл... алыстан іздеп келген туысы еді,- деп жатыр. Немене? Қашан кетті?

Әміртайдың түсі өзгеріп қоя берді.

Не болды?-дедім.

Командировкада екен. Бүрсігүні бір-ақ келеді дейді.

Үстіме біреу мұздай су құйып жібергендей болды. Қап! «Қырсыққанда  қымыран іридінің» кезін қарашы? Басқа уақыт таппағандай командировкаға бүгін кеткенін пысықтың. Өзінше балдызына қамқор боп жүр еді. Осындайда енді қасында болмай ма?

Ауруханадан салымыз суға кетіп оралдық, енді не болса да кешке өзіміз, аңдиық дегенбіз. Көрейік. Не қызық боларын? Гүлназды кім, қалай шығарып салар екен?

Көз байлана Әміртай екеуміз Жеңістің үйіне қарай аяңдадық «Қазір не істеп жатыр екен?» деп қоям ішімнен. «Билеп жүр ме, болмаса, үстел басында отыр ма? Гүлназ не деп сөйлейді екен? Шашын бір сілкіп тастап, дастарқанның сәні болып отырған шығар! Сосын, дәу де болса, «Жеңіс, сені туған күніңмен шын жүректен құттықтаймын»,-деді-ау... Ал билеп жатса,.. Жеңіс Гүлназдың жіп-жіңішке белінен ұстап, рақаттанып жүр ғой. Жеңістің үйі ауылдың арғы басында. Ақ кірпіштен салынған даңғарадай төрт бөлмелі үлкен үй. Сыртын түгел айналдырып шарбақпен қоршап тастаған.  Есіктің маңдайшасындағы жарықтан кіріп-шыққандардың кім екенін айыру оңай. Әміртай екеуміз үлкен үйдің қарсы алдындағы кішкене тоқал тамның жанына кеп тұрдық. Есік қақпаға іргелес жаман бір орындық-сымақ бар екен, соған барып отырдық. «Үй иесі қумаса болды» деп сыбырласып қоямыз.

Жеңістің үйінен көңілді музыка естілді. Билеп жатқан сықылды. Әрі-беріден соң тоңа бастадық. Қанша дегенмен көктемнің күні. Күндіз күн жылынғанмен, түн салқын. Аналар шығар емес. Мана кеш батпай, кірген қонақтарың жуық маңда қайтатын ойлары жоқ. Біз болсақ бүрсіп отырмыз. Қараңғыда жол тосқан бұзақылардай, тіпті қатты сөйлеуге де қаймығамыз. Дүние де біреуді аңдығаннан жаман, біреуді бақылағаннан жексұрын еш нәрсе  жоқ шығар, сірә? Бір мезетте есік ашылып, іштен тойшылардың күлгендері, дабырласқан дауыстары естілді де, біртіндеп өздері де көрінді? «Құрығанда он екіге дейін отырдыңдар-ау» деп қоям ішімнен. Дауыстары енді айқын. Міне, мынау Гүлназдың үні. «Көп-көп рақмет, апай», «сау болыңыз». Шамасы, Жеңістің шешесі болар іштен бір әйел сампылдап жатыр. Гүлназ, тағы сөйледі. «Әрине, апай, келіп тұрамыз. О не дегеніңіз?» «Келіп тұрғышын қара» дедім күбірлеп шыдай алмай. Бір кезде бәрі топырлап көшеге беттеді. Бірақ Гүлназ қайсы, кімнің қасында, қараңғы жерде айырып болмайды. Осы кезде Әміртайға «зыттық» дедім. Келесі тосар «қосабымыз» - Гүлназдың үйі. Соған тарттық. Қандай қызық болса да сонда көрейік. Біздер Гүлназдың үйінен өтіп барып тоқтадық. Көше бойлай өскен теректерді паналап, қалқасында тұрмыз. Қозғалсақ көзге түсіп қалуымыз мүмкін. Бір кезде барып біреулер көрінді. Өздері төртеу сияқты. Әлде, анау алдындағы Гүлназдың жүрісі. Қасындағысы кім екен? Орта бойлы. Яғни, Жеңіс деген сөз. Қарашы екеуінің қатарласып өзгелерден озуын. «Ех, Гүлназ,- деп қоям ішімнен,- өзіңше маған «дұрыс жүрейік» деп қоясың. Ал өзің ше?! Жоқ, «жалқыдан қалған жалғыздан не табам одан да қанат-құйрығы бар, әкесінің қолында бұйрығы бар» деп Жеңістің жанында жүргенді  мақұл көрдің бе? Не керек, осылайша дел-сал тұра бердім. Өмірімде алғаш рет ешкімге керексіз, жағаға шығып қалған шала жансар балықтай күйге түстім.

Олар бізге жақындап кеп тоқтады. Гүлназ әрқайсысымен қол беріп қоштасып жатыр. Қатарларының кемігеніне қарағанда, өзгелері ана жақта қош айтысқан болу керек.

Бұған да шүкір, қазір Гүлназ Жеңіспен ғана келген де, не бетімді айтар ем. Сүйіссе ше? «Жо-жоқ, Гүлназ өйтпес». Енді ақтай бастадым. «Адам сияқты  шақырған соң барған ғой. Онда тұрған не бар? Екі-үш сағат отырды, музыка тыңдады. Ал мен соған бол небір жаманшылықты Гүлназдың басына үйіп-төктім. Тек... осы Жеңіспен жақындасуын, достасуын қойса екен. Әй, бірақ қазір аралары алшақтайтын адамдарға ұқсамайды екеуі. Қайтейін енді...»

Сол күні үйге шаршап кеп құладым.

Үшінші тоқсанның аяғы еді. Математиканың соңғы сабағы өтіп жатқан. Мұғалім мені тақтаға шақырды. Есебімді шығарып болған соң, қолымды сүртейін деп, артқы қалтамнан бет орамалымды ала бергем. Кенет орамалға ере шыққан бір қорап сигаретім еденге топ ете қалды. Сасқанымды сездірмеуге тырысып, түк болмағандай темекіні алдым да, асықпай қайта қалтама салғам. Мұғалім бақырайып қарап қалыпты.

Анауың не, Әділов?

Сигарет қой...

Класс жым-жырт.

Бір сәт көзім Гүлназға түсті. Төмен қарап отыр екен.

Тәтейдің даусы енді зілді шықты.

Әділов, тәп-тәуір оқушы сияқты ең, соңғы кезде мүлде өзгеріп бара жатырсың. Ең өкініштісі – ұятың азайып барады. Міне, енді қызарудың, қысылудың орнына бедірейіп кеп тұрсың.

Ақторғай тәтей институтты бітіріп келгелі екі-үш жыл ғана болған. Бірақ оның ақылы, өзін-өзі ұстауы балаларды амалсыз мойындатқан еді. Сондықтан бәрі оны сыйлайтын. Сол тәтей мені жұрттың көзінше, міне, жермен-жексен етіп тұр. «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» дегендей, өзімше ділмарсып жатырмын.

Неменеге ұялам? Темекі тарту- әр адамның жеке шаруасы. Өзгенің оған әмірі жүрмейді. Мұғалім  менің сөзімді бөліп кетті.

Сонда сенің пәлсафаңа қарағанда, оқушы ойына келгенін істеуі керек, қаласа класта темекі тарту беруі қажет пе?

Мен міңгірлеп жатырмын.

Әрине...- дедім өзімдікі дұрыс емес екенін біле тұра, әдейі қырсығып. Тәтейдің түсі өзгеріп кетті.

Онда тарт. Мен саған класта шылым шегуге рұқсат етем.,. Кәне, балалар, Әділов қазір темекі тартады. Қараңдар, көрейік...

Гүлназға тағы көз тастадым. Енді ол көршісіне бірдеңе деп сөйледі. Сосын күлген болды, бірақ қарайтын емес. Ызам келді. «Көп болса мұғалім директорды шақырар. Ұрысса мейлі! Тарт деген өзі. Бірақ... бірақ... Гүлназ көрсін! Білсін! Менің бұзылуыма, жаман жолға түсуіме себепкер өзі екенін ұқсын. Жалқыдан қалған жалғызды құртқанына өкінсін. Өкінсін де жыласын» деп қалтамдағы сигаретті суырып алдым.

Темекінің бір талын аузыма сала бергенім сол еді мұғалім журналды қолтығына қысып сыртқа шыға жөнелді.

Кластағылар орын-орындарынан дүр етіп көтерілген. Бәрі де мені жақтырмай, бәрі де жек көре қарап қапты.

Гүлназ орнынан қарғып тұрды.

Өзіңді сыйламасаң да, бізді сыйласаң етті,- деді. Бұл сөзіне ызам келді... Пысықсынып кластың көзінше маған сөйлеуін.

Бізің кім?-дедім. Көршің екеуің бе?

Гүлназдың өзін-өзі әзер ұстап тұрған сыңайы бар. Сосын маған қарады. Жанары ұшқын атып тұр екен. Бірақ даусы тым ақырын естілді:

Ақымақ екенсің ғой!

Сол кезде барып бармағымды тістедім. Кешігіп келген ұятыма өртеніп, далаға зыта жөнелдім.

«Гүлназ! Гүлназ! Қайран Гүлназ! Сені ренжітем деп үш ұйықтасам түсіме  кіріп пе еді?! Сені жұрттың алдында қызартам деп ойлап па едім, мен есуас».

Ертеңінде мектепке бармадым. Күні бойы төсекте жаттым да қойдым. Бүкіл денем ауырлап,  құрысып қалған сияқты. Бәрін қойшы...Әсіресе Гүлназға не деп көрінем? Тағы да үйден шықпай екі күн жаттым. Екі күннен кейін көктемгі демалыс басталды.

Каникулда ешқайда барғам жоқ. Көшеге  шығып, көпке қосылуды да ұмытқам. Әбден зеріккен соң, бір күні ауылдың сыртына шықтым. Сол бетіммен жүре-жүре күншығыс  жақ беттегі өзенге кеп қалғанымды байқамаппын.

Ақторғай тәтей анадағы темекінің тарихын директорға айтпапты. Тіпті сол жолғы есебіме «жақсы» деген баға қойыпты. Оны мен Әміртайдан естідім. Енді мен ол кісіден кешірім сұрағым келді. Өзен жағасынан бір уыс бәйшешектеріп алдым да, тәтейдің үйіне бардым. Есігін қорқа-қорқа қаққам. Ар жағынан бұйра бас күйеуі көрінді.

О-о кел, төрлет! Ақторғай, үйге қонақ келді,- деді ол.

Іштен тәтей шықты.

Сәлеметсіз бе?

Үйге кір, Орал,- тәтей күйеуіне қарады,- Жарқын бұл менің жақсы оқушыларымның бірі- Орал.

Біз қол берісіп таныстық. Мен қысылып барам. «Өткен жолғы өнерімді Жарқын да естіген болар» деймін ішімнен.

Тәтей, мынау сізге. Көктемнің алғашқы гүлі ғой,-деп бәйшешекті бердім. Ол балаша қуанып кетті.

Рақмет, Орал, көп рақмет! –Мұғалім гүлді кеудесіне басып құшырлана иіскеді де, жымиып қойды. Шешін. Бізбен бірге шай ішесің қазір. Жарқын, таза  су әкелші, гүлді салып қояйық,- деді ол сосын.

Шайды терлеп-тепшеп әрең іштім.

Бір кезде Жарқын сыртқа шығып кеткен. Осы сәтті пайдаланып сөзімді бастадым.

Сіз мені кешіріңіз, тәтей... Сол жолы қалай болғанын өзім де білмеймін. Әйтпесе сізді ренжітем деп ойлаған жоқ ем...

Үзіліп қалған сөзімді тәтей әрі қарай сабақтап кетті:

Мен оны тіпті ұмытып кетіппін, Орал. Өтті-кетті. Маған өзіңнің қателігіңді түсінсең, содан қорытынды шығарсаң болды, сол жетеді.

Тәтей, мен екінші темекі тартпаймын,-дедім тағы,-шын айтам. Сол күннен кейін қойып кеттім. Мұғалім маған «шын айтып тұрсың ба?» дегендей бір қарады да:

Онда жарадың,-деді күлімсіреп.

Сосын, сіздің көңіліңізге...Жалпы бәріне... бәріне... рақмет!-дедім мен қызарып.

Осы кезде Ақторғай тәтей есіне бірдеңе түскендей тұрып қалды: Сен рақметті Оспановаға айт,-деді. Түсінбей қалдым. Гүлназдың бұған қатысы қанша? Тәтей менің ойымды сезгендей сөзін қайта жалғады.

Алғашқы ашумен бірден директорға баруын барғам. Бірақ жоқ боп шықты. «Көктен салбырап түссең де, осы мектепте не сен қаларсың, не мен қалармын» деп жаман ойға бекінгенім де рас. Содан не керек, екі көзім бұлаудай боп мұғалімдер бөлмесінде отырғанымда Гүлназ келді. Сен үшін кешірім сұрады. Және сенің бар жағдайыңды... сол айтты. Ештеңе де жасырған жоқ...

Мен үнсіз қалдым. Көз алдыма тағы да Гүлназ елестеді.

Көп  ұзамай сабағымыз қайта басталды. Мен Гүлназбен татуласа алмадым. Тіпті амандасуға да батылым жетпеді.

Мектепке ертерек келіп, партама барып отырдым. Жұртпенен сөйлеспеудің сылтауы ғып, қолыма «Шерлок Холмасты» ұстап алғам. Өтірік оқыған,  қызығынан бас ала алмай жатқан сияқтымын. Бірақ оқу қайда? Гүлназ қашан келеді деп алаңдаумен есік жаққа әлсін әлсін қарай берем. Бір кезде қыздар шулап қоя берді. Қарасам, Гүлназ класқа кіріп келеді екен. Шашын қысқартақан секілді. Бос жіберіп қойыпты. Үстінде аппақ...теңізшілер киетін көйлек. Үлкен жаға артқа қарай қайырылған. Омыраудың екі ортасы көк жолақ. Жеңінде якорьдың суреті бар. Қысқа көйлектің етегі гармонның қатпарындай...Қозғалған сайын керемет. Гүлназ әр баламен жеке-жеке амандасып жатыр.

Жұрттың бәрі көңілді. Оларға қосылмаған тек мен ғана. Бір кезде тағы да өзімді жер бетіндегі ең сорлы, ең бақытсыз адам сияқты сезініп кеттім.

Кейін де Гүлназ екеуіміз  жараса алмадық. Алдымен өзім баруға батылым жетпеді. Күнде үйден Гүлназбен жақындасудың жаңа бір түрін ойлап келем. Бірақ... класқа келгенде жоспарымның быт-шыты шығады.

Осылай күн артынан күн өтіп, май мерекесі таяп қалған. Мектептегі суреттен беретін мұғалім ауырып қалған соң директор ағай маған ұрандар жаздырды. Қасыма сегізінші кластың екі баласын көмекке берген. Бірақ мен бұл жұмысты ерте бітірмек болдым.  Тезірек жұрт, жұрт емес-ау Гүлназ көрсін дегем. Асыққаным сонша, айтқан күні-ақ сабақтан соң іске кірістім. Қараңғы түсіп кеткеніне қарамастан, аппақ әріптер жазылған қызыл матаны мектептің алдына ілгенбіз.

Таңертең әдеттегідей ерте тұрдым. Мектепке таянғанда жүрісімді тежедім. Қып-қызыл матаға ақпен түскен ұрандар анадайдан-ақ көзге ұрады. Менің қолымнан шыққан әрбір әдемі әріптеріме жұрттың бәрі қызыға, қызғана қарап жатқан секілді. Сол бетіммен қоразданып класқа беттегем.

Сабақ алдындағы әдеттегідей абыр-сабыр кез. Бір кезде есік жақтан:

Орал бар ма?-деген директор ағайдың даусы шықты. Балалар «бар, бар» десіп жатыр. «Осынша қыруар жұмыстың бәрін қай кезде бітіріп үлгергенсің?! Неде болса азамат екенсің ғой, айналайын!» деп айтатын шығар деп қоям ішімнен. «Қалай-қалай мақтар екен?! Көрсін, мына жұрт. Естісін Гүлназ! Іші күйсін Жеңістің?».

Осы сәт ағай мені көрді. Көрді де:

Орал-ау, айналайын, мұның не?-деді. Тұрып қалдым. «Рақмет айта ма десем, не дегелі тұр?»

Мектеп бітіргелі отырсың ғой. Анауың не? Қолыңа берген жазуды қате көшіріпсің. Бақандай екі қате жіберіпсің. Жүгір, тезірек барып түзе ғой.

«Ой!» деп осы кезде қатты дауыстап жібергенімді байқамай қалдым. Даусымның оқыс шыққаны сасқанымды жасыра алмаған тәрізді. Неге екенін қайдам, әйтеуір, Гүлназға жалт қарағам. Ол да маған қарап қапты.

Кенет...Кенет ол күліп жіберді. Менің мына қалпыма бүкіл класс ду ете түсті. Сасқанымнан мен де күле бергем. Гүлназға тағы қарадым. Қарадым да жанарынан маған деген титтей де өкпенің, ренжудің ізін байқамадым. Өйткені Гүлназ дәл қазір сол баяғыдай, сонау бір шақтағыдай аяулы да мейірімді, әрі сұлу боп көрінге еді.

Ақыры мектеп бітіретін күн де жақындады. Балалар бір-біріне кітап-альбом беріп, суреттерін сыйлап жатты. «Ұмытпас үшін» дейді. Сол кез жадымда мәңгіге қалды. Себебі ол менің сүрінген жерім, сүрінген емес, жығылған жерім еді.

Біз бүкіл класс болып тауға серуенге шықтық. «Шелектен» автобусқа отырып, тау сағасындағы «Малыбайға» жеттік те әрі қарай жаяу тарттық. Бағытымыз Серектас шоқысы. Оны жұрт «қасиетті жер» дейді. Суы-емге шипа, ауасы-дертке дауа көрінеді. Арқамызда бір-бір қапшық, зілдей-зілдей сөмкелер. Іші толы тамақ, ыдыс-аяқ. Әйтеуір, керек-жарақтың бәрін алып шыққанбыз. Тау іші басқа бір әлем. Тып-тыныш мамыр дүние. Мұрынға жасшөптің иісі білінеді. Баяу ғана салқын  самал соғып тұр. Айнала қоршаған жақпар-жақпар тас, өркеш-өркеш таулар. Бір жағымызда, бар дүниенің төбесінен қарап Серектас шоқысы тұр. Айға атылған арыстанның қатып қалған бейнесіндей. Өзі тіпті көк аспанның төсіндегі ақша бқлтқа ұмтылған тәрізді. Дәл түбінде мөлдір сулы бастау бар. Оны жұрт Ақбастау деп атайды. Айнала түгел жап-жасыл.

Біз шатыр тігіп, отын жинадық. Түнге қарай алаулай жанған үлкен отты айнала отырып өлең айттық. Біреуіміз бір өлеңнің алғашқы шумағын айтсақ болды, қалғанымыз іліп әкетеміз. Бір кезде Ғалия:

Балалар, енді жеке-жеке айтайық. Мейлі тіпті айтпайтындар да бір шумақтан айтсын. Кейін, еске алып жүреміз. Шын айтам, өкінбейсіңдер. Әйтпесе он жыл оқып, кейбіреулеріміздің әлі күнге бір рет «әу» дегенін естімегендер де бар. Тек бәрі де шын жүректен болсын. Алдымен өзім бастаймын. Кәне, Серік, гитараңды алшы, «Анаманы» айтайын.

Қыз өлеңін бастап кеткен.

Осылай кезегіміз бір-бірімізді қуалап кете барды. Біресе күлеміз, біресе жымиямыз, біресе рақаттанып қол соғамыз. Бір уақытта кезек Гүлназға келді. Ол отқа қарап ойланып отырған.

Үстінде бар мүсінін паш еткен көкпеңбек спорт костюмі. Иығында желбегей жамылған қызыл балон курткасы бар. Ол алдына түскен шашын әдеттегідей кері сілкіп тастады.

Кезек маған келіп қапты ғой.

Не айтсам екен?

Үлкен оттың әр жерінен: «Гауһартасты» айт, Гүлназ, «Елігім, еркемді» айтшы,-деп біреулер дауыстап жатты.

Мен көптен айтпаған, бірақ жақсы көретін бір әнім бар еді, соны айтайын,-деді. Ол сосын сызылтып бастай берген.

«Маңмаңгер, кекілің келте, жалың майда,

Байлаған сені сылап қалқатайда

Жүрісің желмаядай жануарым,

Көрейін қызығыңды осындайда...»

Қалықтаған ән от басынан көтеріліп барып әуелей берді. Жұрт ұйып тыңдап қалған. Олар мына отқа емес, ән шумағына жылынып жатқандай.

Қасиетті әуен бәрін-бәрін, тіпті ән айтып тұрған әдемі қыздың өзін естен шығартқызған. Гүлназ жүзі нұрлана, ән сазына малынып тұр. Әуезді әуен тау-тасты аралап, қия-қия, жықпыл-жықпылды қуалай, сонау жұлдызды аспан, қарауытқан қарағайлы тауға дейін жаңғырып жатты. Ақан аруағы қайта тіріліп келіп ән салғандай, ақ басты Алатаудың бір тармағы Бақайдан бастап мына Серектасқа дейін бір сәт демін ішіне тарта қалған. Мынау мамыр дүниеден құлаққа тек «Маңмаңгер» әні келеді. Көз алдым қып-қызыл от... Қып-қызыл...Апам...Есіме апам түсті. Әне, тағы да есік алдын сыпырып жүр. Иә, иә... сол ән! Баяғы маған таныс әдемі саз! Япыр-ау, бұл мен тап басып тани алмай жүрген әуен емес пе?! Иә, бұл сол саз! Сол ғой! Сол! Қалайша, білмегем, қалайша сезбегем, қалайша танымағам? Мынау-Маңмаңгер ғой.

Қасиетті әуен, сен екенсің ғой апамның көзі? Сен екенсің апамнан қалған ескерткіш. Мен сені анамды жоғалтқалы іздеп жүрсем...сен осында... Серектаста жүр ме едің! Мен сенімен ауыл үйдің арасына, жиын-тойда емес, кәусар бұлақтың қасында, мынау киелі Серектастың түбінде кездесіппін. Сенімен табыстырған Серектасқа, сенімен жолықтырған Ақбастауға мың алғыс! Мың алғыс, «Маңмаңгер», «Маңмаңгерді» бүгін қайта сыйлаған Гүлназ, жаным, саған деген алғысымда шек жоқ-ау.

Сазды әуен тұтқыннан босаған соң дастарқанға отырдық. Қыздар тамақ жасап үлгерген екен. Дөңгеленіп алқа-қотан жайғасқан соң, барымызды дастарқанға шығардық. Мен Гүлназға жақындадым.

Гүлназ, мен бүгін сенің қасыңа отырайыншы. Саған айтар керемет жаңалығым бар. Қуанышты жақсылық жайт,-дедім.

Әрине, Орал, жақсылыққа бүгінде құштар болған адамбыз. Отыра ғой,- деп орын беріп жылжыды. Байқамаған екем. Жеңіс те осы сәт ту сыртымнан келіп қалыпты.

Онда бір жағыңа мені ал, Гүлназ... бір жыл бойы тату-тәтті отырдық. Енді ақырғы кешімізде де жұбымызды жазбайық. Қарсы болмасаң, әрине, онда да,-деп ол маған қараған.

О, не дегенің Жеңіс. Отыр. Орын жетеді бәріңе ,-деп Гүлназ енді маған қарай жылжыды. Осы кезде Әміртай:

Ал бір минутқа бері бұрылыңдар,-деп бізге қарады,-балалар, қыздар, біз бүгін соңғы рет бас қосып, атар таңды қарсы алғалы отырмыз. Енді бәріміз де азаматпыз дегендей. Тарпықов ағай айтпақшы, уақыттың дөңгелегі тек алға қарай жылжиды. Яғни мұндай отырыс енді ешқашан да қайталанбайды деген сөз. Сондықтан бүгінгі күн – бәріміздің жадымызда мәңгілік қалсын. Ал, кәне, кімнің қандай тілегі бар?- деді.

Осы кезде Жеңіс қолын көтерді.

Мен сөйлейін.

Ол сағатына қарап қойып, бір жөткірінді де, бәрімізді тыныштандырып барып:

Қадірменді құрбылар, құрметті кластас достар,- деді. Бұл, шынында да, ең соңғы бас қосуымыз. Ең алдымен айтарым: Кештеріңіз құтты болсын! Екінші айтарым: Бәріңе де үлкен бақыт тілеймін. Барлықтарыңа да оқуға түсіп, қалай да студент  атаныңдар. Үшінші тілегім: үлкен бір оқымысты айтпақшы «біз өз тағдырымызды өзіміз жасайтын құрылысшымыз». Алдымызға қандай мақсат қойсақ – соған жетуіміз керек. Сондықтан мен сіздерге үлкен мақсат тілеймін. Балалар ду қол шапалақтап жіберді.

Тілек білдірушілер бірінен соң бірі сөйлеп жатты.

Біреуі ұзақ сөйлейді, біреуі келте қайырады. Бір кезде менің де сөйлегім келді.

Мен сендермен ылғи да кездесе берсем деймін,- дедім. Бес жыл, он жыл, жиырма жыл, тіпті елу жылда сендермен аман-сау кездессем, қуаныш үстінде жолықсам.

Түн ортасы ауғанда ғана бой жазуға түрегелдік. Әміртай бізге тағы да ескерту жасады.

Бүгін ешкім де ұйықтаймын деп ойламасын. Қазір би басталады. Жеңімпаздарға берер сыйлығымыз бар. Кәне, бәріміз тұрайық!

Би тіпті көңілді болды. Магнитофоннан ескен музыка ырғағымен лапылдаған оттың сәулесінде ұзақ биледік. Кезекті бір тангода Гүлназды шақырдым. Бота көздері маған қадалғанда жарыққа тап болған қояндай тырп ете алмай қалам. Жүрегім лүпілдеп, аузыма тығылғандай. Үнсізбін. Гүлназ да сол. Бір кезде Гүлназ:

Орал, әлгіндегі қандай қуаныш?-деді.

Мәссаған! Есімнен шығып бара жатқанын қарашы,-деп бойымды жидым. Гүлназ, қыстағы бір әңгіме есіңде ме? «Таба алмай жүрген әнім бар» деп едім ғой. Апамның әуені  ше? Соны таптым. Қыз көзі жарқ еткізіп маған қарады.

Иә, қайсы ән екен?

Сенесің бе? Әй, сенбеуің де мүмкін-ау,-дедім күмәнімді жасыра алмай.

Сенемін, Орал, айтшы, сенем. Гүлназ маған тақала түсіп сөзімді бөліп кетті.

Сенсең...ол –«Маңмаңгер» боп шықты.

Рас па? Гүлназ аузы ашылып тұрып қалды.

Шын айтам, Гүлназ. Мұндаймен ойнамайды. Сен ән салғанда есіме түсті. Ол –«Маңмаңгер» екен.

Қыз басын кеудеме қойды. Ал мен даусым дірілдеп, тамағыма бірдеңе кептелгендей.

Рақмет саған, Гүлназ,-дедім.

Не үшін?

«Маңмаңгер» үшін... менің қымбат асылымды, жоғалтқан ең жақынымды тауып бергенің үшін.

Мұрныма қыз шашының иісі келді. Мынау ғажап иіс жанымды жадыратып, бір рақат сезімге шомылдырып жатқан тәрізді.

Бір кезде сұқтана қараған біреудің суық көзінен селк ете түстім. Жалт қарасам жанған оттың ар жағында бет-аузы жалынның сәулесінен қып-қызыл боп, қысық көздерімен бізді тесіп жіберердей боп қадалған Жеңісті көрдім.

Музыка ойнап жатыр. Жұрт дараланып, құщақтасып билеп жүр.

Гүлназ менің шашымнан сипады.

Ораш,- даусы өте жай естілді. Тіпті сыбырлаған секілді. Сен маған ренжідің бе?

Мен үнсіз қалдым. Не туралы кім туралы меңзегенін ұғып тұрмын. Тағы да Жеңіс жайында. Үндемедім. Гүлназ күлді.

Қызғаншақ болма!-деді  сосын назданып. Осы кезде әдемі әуен бітіп, құйқылжыған ойнақы музыка басталған. Балалар-қыздар тағы секіре жөнелді. Улап-шулап, дөңгеленіп билеп жатыр. Гүлназ қызыл курткасы әр жерден бір жалт-жұлт етіп ортаға шыққан. Мен сыртқа шегіне бердім. Әміртай екеуміз бой жазып келсек, жаңа би басталыпты. Жеңіс Гүлназбен жүр. Бұрылып кеттім.

Көп ұзамай айнала аппақ нұрға малынып, жерге жарық түсе бастады. Жаздың қысқа түні де шолтаң ете түскен. Жұрт дөңгеленіп, әлденелерді айтып күлісіп тұр. Шамасы, биден жалыққан тәрізді. Гүлназды Жеңістен  бөліп әкеткім келді.

Гүлназ,-дедім,- жүр, мылтық атасың ба? Шишаларды көздейміз.

Кеше Әміртай: «ит-құс кездесіп қалса керек болар»,-деген соң, көрші шалдың шиті мылтығын біраз оқ-дәрісімен қоса сұрап алғанмын. Алғашында шал көнбеді. Әміртай екеуміз қайта-қайта өтініп қоймаған соң: «Ескіден қалған көз еді. Ешкімге көрсетпеңдер. Тауға бара жатсыңдар, сақтық үшін ғана беріп отырмын»,-деген. Үлкен сумкама екі бүктеп салған мылтықты суырып алып, құрастырып жатқанымда оған Гүлназ қызыққандай қарап қалды.

Мен тирдегі мылтық болмаса, нағыз мылтық атып көрген емеспін.

Түк емес. Қорықпа,-дедім мен. Бұл да сол тирдің мылтығы секілді. Тек даусы ғана ащы.

Онда қорқам,- деп Гүлназ тағы күлді.

Қорықпа Гүлназ. Қасыңда мен бармын ғой. Ал мен бар жерде сен еш нәрседен қам жеме.

Гүлназды ертіп, сусыннан босаған екі-үш шөлмекті алып, оңаша шықтым. Балалардың дауыстары талып естілер жерге келгенде құтыларды қатарлап тіздім де он-он бес қадамдай барып тұрдық. Алдымен өзім көздеп тұрып басып қалдым. Мылтық гүрс етті де, шеткі шөлмек күл-парша болды.

Тиді, тиді-Гүлназ балаша секіре жөнелді. Әкеші, мен атайын.

Мылтықты Гүлназға бердім.

Дүмбіні иығыңа қатты тіреп тұрып ат.

Ол басып қалды. Оқ айдалаға қаңғып кетті.

Саспа!-деп жаңа оқ алдым. Былай бетіңді мына дүміне тіре де, ана кішкене қарауыл мен нысананы теңестір.

Гүлназдың қолын ұстап көрсеткенімде бетіне-бетім жақындап қалған. Екеуміз де кідіріп қалдық. Екеуміздің  қолымызда да бір діріл пайда болды. Мылтықты жайлап жерге қоя бердім. Сосын ақырын ғана Гүлназды өзіме бұрдым да ернінен сүйдім. Ол қарсылық жасаған жоқ. Көзін жұма берді.

Оның жұп-жұқа үлбіреген қызғылт ернінен басым айналып сұйе бердім.

Дүниеде өзің сүйген адаммен, өзің сүйген қыз ернінен ыстық, одан асқан ләззат жоқ шығар-ау...

Қанша уақыт өткенін байқамадым. Тек біреудің жөткірінген даусынан селк ете түстік. Гүлназ сасып қалып басын бұра берген. Жалт қарағанымда бізді оқты көзімен ата қарап тұрған Жеңісті көрдім. Бірақ ол қызғанышын білдірмеуге тырсқан сыңай танытты. Тіпті еш нәрсе де болмағандай, дәнеңе байқамаған жан тәрізді.

Гүлназ, сені қыздар суретке түсеміз деп іздеп жатыр. Тауып кел деп мені қуып жіберді,-деді ол.

Гүлназ лып етіп орнынан тұрды. Ұялғаныңнан әлі қып-қызыл боп тұр. Ызам келді. Гүлназды осынша күйге түсірген Жеңісті дәл қазір тіпті жек көріп кеттім.

Бар өзің түс суретіңе. Гүлназ бармайды,- дедім оған.

Неге бармайды? Жеңіс қызарақтап шыға келді. Онда жұмысың болмасын. Бар! Келген ізіңмен кері қайт!

Мынау нағыз мықты ғой өзі?! Ол маған қарай жүрді.

Оқшантайдан бір оқ алдым. Бұған тек дәрі салынған болатын. Қорғасын жетпеген соң кейбіреулерін осылай оқтай салатынбыз. Осы кезде басыма, бір ой келе қалды. «Өзін  бір қорқытсам қайтеді»,-дедім. «Қыз» алдында масқара болсын. Мүмкін, тұра қап қашар ма екен? Әлде «Орал, енді Гүлназға жоласам желкемнің шұқырын көрейін»,- деп жалынар ма екен?».

Жеңіс,- деп патронды тағы бір тексеріп, ішіндегі қорғасынның жоқтығына көзім жеткен соң оқтай бастадым. Сен маған талай рет қиянат жасадың. Жолымды кесіп Гүлназды төңіректей бересің. Мұныңды доғарсаң қайтеді.

Сонда не үшін доғаруым керек? Жеңіс маған қарсы тағы жақындай түсті.

Өйткені сен арам адамсың!

Сонда нағыз адам сенбісің?

Адал болайық, болмайық, оны жұрт айта жатар.

Бірақ сенің арам екенің рас.

Сондықтан...-деп ол маған таянғанда мылтықтың аузын оған қарата қойдым.

Сондықтан, кері қайтуға  тиіссің. Әйтпесе жер бетіндегі адамдардың біреуі болса да кемуі үшін, мына шүріппені басып жіберуім мүмкін!

Сөйттім де, Гүлназ қорықпасын, ойнап тұрғанымды білсін деп көзімді қыстым. Біздің мына тұрысымыз бен ұрысымыздың не ойын, не шын екенін аңғара алмай тұрған Гүлназ енді ғана өзіне келгендей болды.

Қашанна бері кісі ату мамандығың боп еді? Кәне атсаң ат. Ажалым  сенен болса арманым не? – деп менің көз қысқанымды байқап қалған Жеңіс енді батылданып маған тақала берген.

Жақындама деп тұрмын ғой мен саған!

Мынау жынды ма өзі,- Жеңіс Гүлназға бір, маған бір қарады да, сұп-сұр боп кетті.

Орал, енді қазір қоймасаң оңбайсың. Жетеді енді,-деді де ол Гүлназға қолын соза берді.

Жүр, Гүлназ.

Кет, Жеңіс!

Кенет Жеңіс менің қолымдағы мылтыққа қарай мысықша бір-ақ қарғыды. Сасып қалдым да, мылтықты тартып үлгердім. Ол орнынан қайта түрелгенде, басынан асыра беріп қалдым. Көк түтін бұрқ еткенде, төрт-бес қадам жерде тұрған Жеңіс жалп ете түсті. Тек «мама» деуге ғана шамасы әзер келді.

Осы кезде Гүлназдың шыңғырған үні ұйқыдан енді оянған тау ішін жаңғырықтырып жіберді. Сосын «өлді, өлді!» деген құлындағы даусы тұла бойымды түршіктіріп қоя берді. Есеңгіреп тұрып қаппын. Алғашқыда басыма келгені бір-ақ ой болды. «Қалайша?! Япырма-ау, қалайша оқты байқамай салдым?!» Қалайша?!»

Кенет, «мен адам өлтірдім-ау» деген ой санамда жарқ ете түсті. Осы сәт не істеп, не қойғанымды білмей кеттім.

Сасқанымнан тауға қарай жүгіре жөнеліппін. Артымнан Гүлназдың үні келетін сияқты. «Орал» дей ме, «тоқта» дейме, жоқ «қаш-қаш» дейме, әйтеуір, бірдемелерді айтып айқайлап жатыр. Бір сәт сүрініп кеттім де, тұмсығымнан жер сүзе құладым. Көзімнің оты жарқ ете түсті. Бетім мен мұрнымның үсті тыз ете қалды. Сөйтті де жылымшы қан сорғалай жөнелді. Бірақ оған қарауға мұрша жоқ. Тұра сап қайта жүгіре жөнелдім. Артыма бір қарасам Гүлназ қолын сермеп, маған бірдеңе деп жатыр екен. «Жо-жоқ» деймін ішімнен. Енді...енді саған көрінгенше өлгенім артық. Өлгенім...

Бастырығып қаппын. Не түс екені белгісіз, не өң екені белгісіз, шым-шытырық бір елес ішінде жүрген деймін. Біреу орнымнан жұлып алды.

Кәне, тез тұр орныңнан. Оңбаған бандит!

Жадымда кешегі сурет тағы да жаңғырып өтті. Есіме түсуі мұң екен, қалшылдап қоя бердім. Өне бойымды діріл билеп, буын-буыным құрып қалған тәрізді. Делсал күйде сыртқа беттегем.

Есік алдында үсті жабық машина тұр. Анадайда әжем отыр.

Жанында Жеңістің әкесі екі қолын артына ұстап, әрі-бері теңселіп жүр. Түрінен ештеңе сезілмейді. Мені көріп әжеме бірдеме деді де, маған қарай жүрді, «Қазір өлтіретін болар» дедім ішімнен. Бірақ ол ұмтылған да  жоқ. Тек сұсты көздерімен маған қадала қарады да;

Бейшара бала,-деді.  «Ақымақ ұл туса- ананың соры» деген. Сен өзің ғана емес, өзгенің де сорына туған бала болдың, жарқыным!

Айнала  көрші-қолаң, кластас балалар. Бәрі маған ентелей қарап қапты. Тұра алмадым. Шыдамадым.

Машинаның есігін өзім ашып, ішіне сүңгіп кеттім. Әжемнің зарлаған даусы тағы да естілді. «Ораш-ау, мұның не сұмдық? Ораш-ау?! Сенен басқа күтсем де, мұны күткен жоқ едім ғой, қарағым. Кісіше мылтық оқтаған деген не пәле. Етегіме салып жүріп өсіргенде, маған көрсеткен жақсылығың осы ма?! Айналайын, қарағым. Не дейін саған, не дейін?».

Құлағымды тарс бекітіп, арғы жағын естігім келмеді. Осы кезде машинаның есігі сарт етті де, айналамды қап-қараңғы түнек басты.

Бұл өмірімдегі ең ауыр,  ең азапты күндер болатын. Бұл шын мәнінде есейген, есейген емес, мезгілімнен бұрын қартайған шағым еді.

Мен Шелектегі КПЗ-ға түнеп шықтым. Бірақ  мені шақырған да, сұраққа алған да адам болған жоқ. Тас еден, тас қабырға, темір торлы терезе менің бүкіл өмірімді алдыма түгел жайып тастады. Бойымдағы балалық, шалалық, ақымақтықтың бәрін таразыға өлшеп берді. Өмір деген құдіреттің ең қымбат, ең ләззат екенін, онымен ойнауға болмайтынын, бір-ақ сәтте үйретті. Мәңгіге ұмытылмастай жадыма түйіп берді.

Тіпті жай ғана күйкі тірліктің, алаңсыз ғана бейбіт өмірдің өзінде қаншама Бақыт барын, сол тірлікте адам үшін ең керегі Бостандық екенін, өз арыңның алдындағы Еркіндігің екендігін ұғындырды.

Қай уақ екенін білмеймін, бір кезде мені шақырды. Екі қолымды артыма ұстап, кезекшінің бөлмесіне кіргенімде кідіре бердім. Кідірмеске амалым жоқ, аяғыма әлім келмей, буын-буыным дірілдеп қоя берді.

Дәл алдымда  Жеңістен аумаған, бір жігіт отырған болатын. Жо-жоқ! Жо-жоқ! Жеңістің өзі! Әкесі екеуі, әне, бір-біріне сөйлеп жатыр.

Сенерімді де, сенбесімді де білмеймін. Түсім бе, өңім бе, құдай-ау?! Сонда...сонда өлмеген болды-ау, өлмеген болды-ау. Рақат-ай! Әлде жараланған ба екен? Жо-жоқ, оған да ұқсамайды. Кешеден бері жанымды жеген, ең ауыр, ең азапты «кісі өлтірдім» деген ой бірте-бірте ыдырай бастады. Қуанғаным сонша:

Жеңіс!- деп оған тұра ұмтылдым. Жүгіріп кеп мойнынан қатты құшақтап тұрып қаппын. Қайта-қайта қараймын да, қайта-қайта құшақтап, арқасынан ұрып-ұрып қоям. Кезекші милиционер шыдай алмай мырс етіп күліп жіберді де:

Әй, ақымақ, баламысың деген-ау,- деді.

Жеңістің әкесі оған бір қарады да, бізге бұрылды.

Сендер сыртқа шыға тұрыңдар!

Осы кезде милиционердің даусы қоса естілді.

Әділов, кетіп қалма!

Жақсы!- деуге шамам әзер келді.

Жеңіс екеуміз есік алдына беттедік. Мен соңында сүмеңдеп келем. Оның жүрісіне, қысқа мойны мен жалпақ жауырынына қарап, қуанғаным сонша секіріп-секіріп қоям. Дәл қазір намысты да, Жеңіске деген жек көрінішті де ана камерада мәңгіге қалдырып шыққандаймын. «Аман екен ғой. Аман... Шүкір-шүкір! Аман қалғаныңа мың алғыс, Жеңіс. Өлмеші! Ешқашан да өлмеші, Жеңіс» деймін ішімнен, «Егер біреуміз құрысақ, мен құриын. Тек сен бар болшы, бауырым». Тағы да оның мойнына асылып, ішімдегі барымды айтып ақтарғым келді.

Ол тоқтап маған қарады. Мен оған қарадым. Аман-сау, Жеңіс! Баяғы Жеңіс. Тек қабағы түсіңкі.

Енді боссың,- деді сосын,- мен сені шығарып алу үшін әдейі келдім.

Біртіндеп әлгіндегі ойым ыдырай бастады. Енді тіпті жылағым да келмей қалған секілді. Бірақ бәрібір Жеңіске риза болдым.

Жеңіс, рақмет саған. Тірі қалғаныңа рақмет! Мен сені ешқашан ұмытпаймын. Сен жеңдің, Жеңіс. Мен жеңілдім, Бақытты бол!

Осы кезде кеудем қыстығып, булығып кеттім. Бірақ көзімнен жас шықпайды. Бармағымды шайнауға амалым жоқ, тұра бердім. Қайтейін?! Қайтейін?!  Өзім қойған өртке, өзім өртеніп тұрған едім сол жолы. Бір минуттық қателік кейде бүкіл ғұмырыңа жетерлік болады екен.

Маған енді ауылда қалуға  болмайтын еді. Бәрін қойшы. Әсіресе әжемнен ажырауым жаныма қатты батты. Оқуға түсейін, түспейін, ауылға қайтып келе алмайтынымды, бұрынғыдай жүре алмайтынымды ұқтым.

Содан кейін мен үшін қымбат тағы бір жан Гүлназ еді.  Одан да өз еркіммен бас тарттым. Өзі келіп қонған құсты, бақыт құсын, өзім келіп үркіттім. Қайта айналып қонбас үшін тұғырын біржола талқан қылдым. Өйтпеске шарам қалмады. Ештеңені елемей, түк болмаған секілді боп Гүлназға қайта бару үшін-нағыз арсыз болу керек еді. Мен өйте алмадым.

Ана жолы Жеңіс талып қапты. Балалар кеп үстіне су шашып есін жиғызса керек. Ал мен оны қорқытам деп, өзімді-өзім қорқытыппын, Қыз алдында оның абыройын төгем деп, өзім абыройдан жұрдай боппын. Мені қинаған осы болды. Гүлназдың «тоқта» дегеніне қарамай тұра қашқанымды ойласам, әлі күнге маңдайымнан суық терім бұрқ ете қалады. Тіпті Гүлназ мені кешірген күнде де, Жеңіс, бәрін ұмытқан сәтте де, мен өзімді-өзім кешірмедім. Кешіргім де келмеді. Және кешірмеймін де.

Мектепті бітірген күннің ертеңінде-ақ «Алматы қайдасың?» деп тартып отырдым.  Менің жалғыз құтқарушым, ауылдағы абыройсыздығымнан арашалап алушы Алматы, Алматы емес, оқуға түсу ғана болатын. Сондықтан да жанымды салдым. Жатақханаға бармай пәтер жалдап, оңаша тұрдым. Таңға дейін сарылып кітап қараймын. Түсінбеген, шала оқыған тұстарымды қайта-қайта пысықтаймын. Кей жерлерін қайталап көшіріп шығам. Өзіме-өзім дауыстап түсіндірем. Жаттаймын. Қалжырап қалғып бара жатсам сыртқа шығып жүгірем. Суық суға жуынам.

Атар таңды кітаппенен қарсы алып, батар күнді кітаппенен батырдым. Ешкіммен кездесіп хабарласқан жоқпын.

Тек туысының үйіне тоқтаған Әміртайға бір-ақ рет телефон соққам. Гүлназдың жайын содан естідім. Қыздар педагогикалық институтының музыка факультетіне келген көрінеді...

Ақыры, абырой боп архитектуралық-құрылыс институтына бір сабақтан жақсы тапсырып шықтым.

Дегбірім қалмай бұйрық шығар күнді асыға тостым. Бірақ тізімде менің фамилиям жоқ боп шықты. Жүгіріп деканға бардым.

Ағай, конкурстан жиырма екі балы  барлар өтеді деп едіңіз, бұл қалай болды?-дедім жылағандай боп.

Егер 22 бал жинасаң түсуің керек,- деді ол, стажың бар ма еді?

Жоқ. Мектепті биыл бітірдім.

Фамилияң кім?

Әділов,

Қазір...қазір,- ол алдындағы қағаздарын көзімен сүзіп шықты. Новосибирскіге жіберіп отырмыз. Жылда бізден бірер бала сонда барады.

Қуанғаннан не дерімді білмей, аузым ашылып тұрып қаппын.

Егер мүмкіндігім жоқ, бара алмаймын десең, онда осында қал. Кандидат қып алайық. Орнымнан атып тұрдым.

Ағай-ау, Новосибирскі тұрмақ, Арктикаға жіберсеңіз де барамын.

Онда, жақсы,-деді декан күлімсіреп.

Сау болыңыз. Сізге көп-көп рақмет, ағай!

Қуанғаным сонша есікті жабуға шамам келмей сыртқа жүгіре жөнелдім.

Бұдан асқан қуаныш, бұдан асқан абырой бар ма? Әйтеуір, жүріп келе жатырмын. Бірақ қайда бара жатқаным өзіме де белгісіз. Әйтеуір, маған қанат біткендей, ұзын көшені бойлай кете бардым.

Сөйтіп, менің өмірімде жаңа кезең басталды. Алдымда беймәлім қала, бейтаныс достар мені тосып тұрған.

Алғашқыда әжемді сағынып, балаларды ойлап, оның үстіне орысшадан қиналғаныммен, көп ұзамай көндігіп кеттім. Мұндада жайсаң жігіттер, жақсы достар табылды. Оқуға алаңсыз кірістім. Өзімді де, әжемді де қинамас үшін, түнгі қарауыл боп жатақхананың қасындағы мектепке орналасқам. Ақшамды үнемдеп, әжеме шай салып тұрамын.

Сөйтіп, бұрынғы дос-жарандар бірте-бірте ұмтыла басталғандай. Тек, менің жадымда қалған бір ақ жан болды. Ол –Гүлназ еді. Гүлназды қанша ұмытуға тырыссам да, ұмыта алмадым.

Тіпті Олямен достасып жүрген де де ол есімнен шықпады. Ольга көрші группада оқиды. Талдырмаш келген ақ сары әдемі қыз. Алғаш маған оның бойында да Гүлназға тән қасиеттер бар сияқты көрінген. Ән айтады, керемет биші, группаның комсоргі. Гитарада ойнағанда сүп-сүйрік саусақтарына көз ілеспейді. Бір кеште таныстым да, әніне ынтық болдым. Биледім. Сол күні Оляны үйіне шығарып салдым... Бірақ... Гүлназ менің жадымда мәңгіге өшпеске қалыпты.

Әлгінде қозғалған біздің поезд, өзінің бір қалыпты жүрісінен танар емес.

Ал менің тырп етуге шамам жоқ. Әлі сол «ұйықтаған» қалпым. Бір сәт кішкене қыздың даусы шықты.

Мама, су...су ішем...

Қауын кесіп берейін бе?

Жоқ, су ішкім кеп тұр.

Тұра тұр, онда.

Келіншектің купеден есікті сарт еткізіп, шыққаны білінді. Осы кезде басымды көтеріп кішкене қызға қарадым. Қағазға бірдеңелерді шимайлап отыр. Аумаған Гүлназ. Тек қабағы Жеңістікі секілді. Шашы да соған тартыпты. Олар үйленгелі алты-жеті жыл болып қапты-ау.

Иә, онда мен институтты жаңа бітіріп келген кезім.

Дипломымызды қорғаған соң, мені Алматыға бөлді. Астана баяғыдан өзгеріп, сәулеттене түсіпті. Өзгермеген тек қана мен сияқтымын. Баяғы сол бойдақ қалпым.

Әжемнің де бұл өмірден кеткеніне екі жыл уақыт өткен. Мен үшінші курста жүргенде қайтыс болды. Жерлеуіне әрең үлгердім. Үлкендер келуіме қаратып үш күн тосып отырыпты. Әжем көзін жұмарда «Орашым келгенше күте тұрыңдар» десе керек. Өкінішім- ақтық рет айналасына қарағанда қасында болмағаным. Жаныма осы қатты батты. Жерлеген күні өзіме іштей: «Айналайын, әжетай! Тірлігінде қызығымды көрмедің. Келін жұмсап, не жас иіс иіскемедің. Амалым қанща? Бірақ... тірі болып, жер басып жүрсем талай әлі келермін. Келініңмен келген кезде басыңа гүл егермін. Сосын балаларыма «Мұнда менің ең асыл адамым бар. Мұнда бұл өмірден бір мен үшін баз кешкен ең аяулы, ең қамқор әжелерің жатыр» деймін.  Басыңа аппақ күмбез орнатам. Бұл өңірде болмаған есткерткіш қоярмын» дегем.

Одан бері де екі жыл өте шығыпты-ау...

Самолеттен түскен күні ауылға әжемнің басына барып қайттым. Қазір біздің үйде Әміртай отыр. Былтыр үйленіп бөлек шыққан. Оған да шүкір дедім. Менің өскен шаңырағымда досым бар ғой, әйтеуір.

Ауылдан кеп министрлікке кірдім. Әзірше қаладағы жобалау институтына қабылдаймыз деді. Соның өзіне қатты қуандым.

Сыртта жаңбыр себелеп тұр екен. Аялдамаға жақындағанымда жазғы жауын төпей жөнелді. Анда-санда бір келер автобусты тоспай-ақ, қонақ үйге таксимен-ақ бармақшы болдым. Машинаға қол көтеріп дауыстай бастадым.

Кенет, бір такси өте беріп тоқтады. Қасымдағы біреулер жүгіре жөнелген соң, орнымда тұра бергем. Арт жағымнан осы сәт «Орал» деген дауыс шықты. Жалт қарасам бір әйел қол бұлғайтын секілді. Ойым да дәнеңе жоқ... жетіп келсем...Гүлназ... менің бес жылдан бері көрмеген, тек қана көңілімде көлеңке боп, көкейімде дақ боп қалған асыл да, аяулы Гүлназым тұр. Сенерімді де, сенбесімді де білмеймін.

Япырма-ау, жаным, Гүлназбысың?-дедім. Ол маған қарсы түп-түзу аяқтарын сәндене басып қозғалды.

Менмін, Орал. Менмін.

Баяғыдағы балауса мүсін кемеліне келіп толысқан. Соққан желден үстіндегі жұқа көйлек жабысып, құлыншақ мүсін одан сайын даралана түседі. Нағыз аққу мойын, аршын төс сұлудың өзі болыпты. Өзгермеген тек қана сол жанары, өзгермеген тек қана сол күлкісі.

Екеуміз де төпелеген жаңбырды елемей бір-бірімізге қарасып әлі тұрмыз.

Мен танымай қалдым, Гүлназ.

Онда бай болатын болдым. Ол сыңғырлап күлді.

Осы сәтте артқы есіктен бір жігіт шықты. Бірден таныдым Жеңіс екен. Үстінде аппақ костюм-шалбар. Мойнында-галстук. Өзі толығып, қозы қарны көзге ілінер жігіт болыпты. Бұйра шашын, бір шекеден жарын қияқтай мұрт қойған.

Сәлем бердік, Ореке,- деп Жеңіс келе мені құшақтай алды. Мен де онымен құшақтасып көрістім.

Ал жаңбырда тұра бермей, кел таксиге отырайық,-деді сосын. Өзінің даусы да, өзгеріп кеткен секілді. Қашан келдің, әңгімеңді айта бер.

Бір жұма болды,-дедім,-қазір сол орналасам деп жүгірістеп жүргенім.

Қайда тоқтадың?

Қонақ үйге, «Жетісудамын».

Мұның енді ұяттау екен, Ореке. Алматыға келіп алып, қонақ үйде жатқаның қалай? Біздің үйге келмедің бе?-деп Жеңіс маған қарады. Дәл осы сәтті пайдаланып мен де көкейімдегі көлбеңдеп тұрған сұрақтың шетін суыртпақтап шығара бастағам.

Үй алғандарыңды қазір естіп отырмын. Құтты болсын,- деп сөзімнің соңын Гүлназға арнадым. Үй болғандарыңа көп болды ма?

Болып жатырмыз,- деді Гүлназ.

Кстати, жақсы келдің. Алыстан келген қадірлі қонақ деген осы. Ореке, официальный тойымыз ертең «Қазақстан» ресторанында болады. Кел,-деді жеңіс. Қазір сол тойдың шаруасымен жүрміз. Сыйлы-сыйлы адамдар бар дегендей. Үйлену деген бүгінде қып-қызыл пәле екен ғой...

Келесің ғой, Орал,-деді Гүлназ.

Көрерміз.

Келмесең ренжиміз,-Гүлназ маған өтінгендей қарады.

Жанары өтініш пен өкініштің, қиналыс пен арпалыстың ізін жасыра алмай тұрған тәрізді.

Олар мені қонақ үйге қалдырда да, кете барды.

Бөлмеме келіп төсекке қисая кеттім. Шешінгем де келмеді. Быт-шыт бір күйге түскем. Ұмытылып, ескіріп бара жатқан жарамның аузын біреу тырнап алған секілді.

«Әрине, үй болуы керек. Болмағанда ше?» деймін ішімнен. «Жеңіс үйленбегенде кім үйленуі керек?!» Гүлназда не кінә бар? Бес жыл бойы бір рет хабарласып, бес ауыз сөз жазбаған адамды тосатын кім еді сонша. Не керек, ойым он бөлек, санам сан бөлек сол түні түнімен төсегімде дөңбекшіп шықтым.

Ойланып-толғанып, ақыры тойға бармақ болдым. Дұрыстап киіндім де бес тал аппақ раушан гүл алып, ертесінде ресторанға тартып отырдым.

«Қазақстанның» алды қиқы-жиқы машина. Сапырылысқан жұрт.

Кіре берісте екі жас жігіт тұр. Шамасы Жеңістің достары болу керек. Дереу жұртты шешіндіріп, үстіңгі қабатқа жол көрсетіп жатыр. Даңғарадай ресторан салтанатты күйге бөленген екен. Бұрышта он шақты музыкант құйқылжыған әуенді әуелете ойнайды. «П» әрпіне ұқсас қойылған столдардың ең төріне үлкен түкті кілем ілініпті. Үстіне: «Жеңіс, Гүлназ тойларың құтты болсын!» деген жазу бар.

Гүлназдың әпке-жездесімен, Жеңістің туған-туысқандарымен амандасып шықтым. «Тойларыңыз құтты болсын!» деп ниет білдірдім. Олар да қоғадай жапырылып, менің хал-жағдайымды сұрап жатыр. Бір қызығы кластас, көз көргендер ұшыраспады.

Сәлден кейін әншілер «Жар-жарды» бастай жөнелді. Жұрт есік жаққа ентелеп, екіге жарылып тұрып жатыр. Мен де шет қалмай оларға ере бердім. Осы сәт баспалдақтан көтеріліп келе жатқан жас жұбайлар көрінді. Қолында аппақ қолғабы, басында фатасы, үстінде аппақ ұзын көйлегі бар Гүлназға көзім түсті. Бейне аққудың көгілдірі тәрізді. Жүрегім шаншып өткен сияқтанды. Гүлназ басын төмен ұстап, Жеңіспен жұптасып, жайлап басады.

Иә, Иә! Мен Гүлназды дәл осындай күйінде  көрсем деп қиялдағам. Дәл осындай думанда қатар жүрсем деп едім. Сол күн, міне, бұгін туыпты. Бірақ Гүлназға жар болуды маған емес, жолы болып, бағы жанған Жеңіске жазыпты.

Енді бір кезде жас жігіттің біреуі шампан атып, жас жұбайларға  беттеген. Қарасам, Гүлназ бен Жеңістің қолдарында бокалдары жоқ екен. Шампан болса көпіршіп, екеуінің алдарына төгіліп жатыр.

Қысылып кеттім. Өзім үшін емес, мына жұрттың алдында Гүлназ үшін, сол қиналды-ау деп әбігерге түскем. Ойлап үлгергенімше сонау-у жоғарыдан ақ лентаға байланған екі бокал дәл алдарына түсе берді. Қуанғаным сонша, айқайлап жібере жаздадым. Дәл осыны күткендей жұрт та ду қол соқты. Ылпылдаған әлгі жігіт, көзді ашып-жұмғанша қойнынан қайшы суырып, бантикті ептеп қиды да, екеуіне  қымыз құйды.

Ақ көбікті қымызбен бірге:

Бақтарың жансын!

Қосақтарыңмен қоса ағарыңдар!

Үбірлі-шүбірлі болыңдар,- деген тілектер тұс-тұстан жауып қоя берді. Құйқылжыған көңілді әуен бірте-бірте жұрттың даусын естіртпей бара жатты. Гүлназдың жездесі мені қоярда-қоймай қасына отырғызып алған. Әр тост сайын қымызға толы рюмкасын маған қарай ала-ала жүгіреді. Өзі баяғыдан өзгерген, бетіне әжім түсіп, қартайып кеткен секілді.

Оралжан, кел алып қоялық. Мұндай той біздің ауылда енді қайтып болмас,-дейді.

Той басқарушы жігіт келесі бір қонағына сөз беріп жатқан. Осы кезде ұзын бойлы, шашы аппақ қудай зор денелі сұлу кісі маң-маң басып үстімізге кіріп келді.

Қайдан көргенім жадымда жоқ, бірақ көрген адамым секілді. Жеңіс орнынан атып тұрып, тамадаға қолымен ишарат жасаған. Елдің бәрі жапырылып қарап жатыр. Әлгі кісі жас жұбайларға жақындаған да, олар орындарынан өре түрегелді. Гүлназдың жездесі шынтағымен мені түртіп қалды.

Кім екенін білетін боларсың? Асекең ғой...

Қайсы Асекең?-дедім танымай тұрғанымды жасыра алмай.

Профессор Сағындықов!

«Профессор Сағындықов... Атағы бүкіл елімізге әйгілі Асекең. Қазақтың мақтаны болған үлкен ғалым осы екен-ау!..»

Асекең гүлін беріп, Жеңіс пен Гүлназдың маңдайларынан сүйді де, түрегелген қалпы қолына бокал алды. Күндей күркіреген даусымен сөйлей жөнелді.

Айналайындар, заңды некелерің баянды болсын. Бұл өте қуанышты жайт: «Үй болмай, күй болмайды» деп қазақ атамыз бекер айтпаған. Бақытты болыңдар! Сен, Жеңісжан, келешегіңнен үміт күттіретін баласың. Оған дауа жоқ. Бірақ ғылым жолы қиын жол. Оған қайтпас қайраты бар, талантты жас буындар қажет. Ол қайрат сенде бар сияқты. Міне, қазір де сенің серігіңе қарап риза боп отырмын. Жар таңдай білу де, біле-білсең таланттылықтың бір түрі. Ал, жандарым, тағы да айтам, үбірлі-шүбірлі болыңдар. Қадамдарыңа гүл бітсін. Кәне, сол үшін алыңыздар!

Асекең бокалын жас жұбайлармен соғыстырып жатты...

Ұзамай жұрт үзіліске шықты. Алғашқы биді жас жұбайлар бастап, сосын қалғандары қосылған. Басым ауырғандай боп кетті. Ашық терезенің алдына келіп тұрдым. Сырттан жаздың желі еседі. Мұрныма жауын иісі келеді. Енді бір сәт жастар жағы көңілді әуенге билей жөнелген.

Айтпақшы, Жеңіс политехникалық институтты үздік бітіріп, қазір үлкен заводтың бір бөліміне қалдырылған. Дипломдық жұмысы да өте құнды тақырып екен. Гүлназ ЖенПИ-ді биыл бітірген. Бүгінгі тойда группасы түгелге жуық жиналыпты. Билеп жүрген көп қыздар солар.

Жеңіс қазір Сағындықовтың қасында. Кеудесіне таққан аппақ гүл анадайдан мен мұндалайды. Гүлназ болса баяғыдай ашық-жарқын. Қыздарының ортасында билеп жүр. Осы сәт көңілді музыка бітіп, баяу танго басталды. Кенет, төбедегі люстра сөніп, бұрыштағы қызыл-жасыл екі шам жанған. Бір қарасам күйеу жігіт Асекеңе қызу әңгіме айтып, бір нәрсені түсіндіріп жатыр екен. Жүрегімнің дүрсілін әрең басып, Гүлназға жақындадым.

Билеуге бола ма?

Әрине. Болады, ағай!- Гүлназ сөзінің соңын ойнақылана айтты.

Екеуміз құшақтасып билеп жүрміз. Мұрныма керемет бір иіс судың,  сосын баяғы маған таныс қыз шашының иісі келді. Құшырлана-құшырлана иіскедім. Ал музыка тіпті ғажап! Гитарадан сыздықтай шыққан саз жүрегімді суыра, алыс бір дүниеге жетелеп бара жатқандай. Япырма-ау, мынау неткен әуен! Дәл менің қазіргі халімді, не өлі емес, не тірі емес, менің дел-сал күйімді дәл тауып тұрған тәрізді. Ішімнен «жаным,-дедім,- сені көргеніме шүкір». Осы кезде Гүлназ сөз бастады.

Неге үндемейсің?

Не деймін?

Қайдан білейін,- деді ол мұңайғандай.

Мен Жеңіс жаққа ұрлана көз тастап едім, ол Сағындықов екеуі төменге түсіп бара жатыр екен. Осы кезде Гүлназ сөзін қайта жалғады.

Неге хат жазбадың? Тіпті бір рет хабарласпадың ғой...

Одан келер не пайда...-деп сөзімді ірке бердім.

Той үстінде жолығып, өкінішке толы ішкі сырымды ақтарып қайтемін?

Аздан соң:

Мен сені сан рет түсімде көрдім,-деді ол.

Мен де сені талай-талай көрдім, Гүлназ.

Қасымыздан біреулер дөңгеленіп өте берді. Гүлназ өзін-өзі тоқтата алмағандай тез-тез сөйледі. Үні тіпті сыбырлап шығады.

Неге ертерек кездеспедік екен? Мен сені тостым. Ең болмаса бір рет хабарласар деп күттім. Төрт жыл бойы Жеңіс те келуін қоймады. Бірақ мен оған бір рет білегімнен ұстатпап ем...

Гүлназдың даусы дірілдеп кетті. Мен де тамағыма бірдеңе кептелгендей жұтына бердім. Кенет ешкімге де қарамай жылағым келді. Мына жұртты елең қылмай «Гүлназ, жаным менің, мұңаймашы, жыламашы» деп оның көзінен, мұрынан, шашынан, бетінен, ернінен сүйгім келді. «Сүйген екен ғой, сүйген екен ғой» деймін тағы ішімнен.

Мен сенің күткеніңді білсем... Егер білсем, әттеген-ай... Білмедім ғой, білмедім мен ақымақ,-дедім сосын.

Ақымақсың, әрине, ақымақсың,-деді  маған Гүлназ да.

Осы кезде екеуміз де бір-бірімізге қарай қалдық. Екеуміз де баяғы, сонау балалық шақты ойлаған секілдіміз. Осыны сезгендей Гүлназ күліп жіберді. Мен де күлдім.

Есіңде ме, Орал, сенің айтқаның: «Тойыңда аппақ фата, ақ көйлегіңмен алып қашам деп едің ғой». Жүрегім тағы шаншып өткен тәрізденді. Шынында да, дәл қазір: «Кетелік, жаным. Біздер бір-біріміз үшін жаралған жандармыз. Жүр, Гүлназ. Бәрін-бәрін ұмытайық та, ешкім жоқ иесіз жерге кетейік. Сонау Қиыр Шығысқа, болмаса маған таныс Новосибирскіге тартайық. Сөйтіп, бақытты өмір кешейік. Ақыры біз бір-бімізді сүйеміз ғой» дегім келді. Бірақ айта алмадым. Өйткені мен өмірде бір рет қателік жасап, Гүлназды ауылға масқара еткем, «Гүлназ деген қыз үшін ана Орал ақымақ, кісі атыпты. Бар кінә ана қызда» дегізгем. Енді екінші рет өлтірмеймін.

Сондықтан бар айтқаным:

Қойшы, Гүлназ, болды. Ол...балалық қой. Балалық.

Гүлназ күрсіне айтты:

Тағдыр деген осы екен-ау...

Шыдамадым осы кезде.

Жаным,-дедім. Гүлназ,- дедім. Мен саған зор бақыт тілеймін. Қайда жүрсең аман болшы. Ақыры біздерге бірге ұшуға жазбаған екен. Амал қанша...

Кенет Гүлназдың жанарынан мөлдір тамшы ыршып кетті. Қалай сүрткенімді өзім де байқамай қаппын. Гүлназ басын көлегейлеп, еңкейе түсті де, сыртқа қарай тез-тез басып шығып кетті.

Терезеге келдім. Далада найзағай ойнап жарқ-жұрқ етеді. Іле-шала шелектеп жазғы жауын құя жөнелді. Терезені сабалап, өршелене ұрғылайды.

Кенет көңілім көтеріліп қоя берді. «Өмір деген қандай ғажап! Бармағын тістеп тұрып, жүрегі қан жылап тұрып та адам деген кей кезде күледі екен-ау, күледі екен-ау?!».

Поезд жүйткіп келе жатыр.

«Апыр-ай, Гүлназ да Алматыға бара жатыр ма? Жеңіс қайда екен? Жоқ, жұмысы болып қолы тимеді ме?» Гүлназ бен Жеңістің Шымкентке көшіп кеткенін осыдан үш жыл бұрын естігем. Жеңісті сол бір қаладағы үлкен бір заводта директордың орынбасары деген. Одан бері талай уақыт өтті. Ендігі директор да болған шығар...

Олармен хабарласар мүмкіндік те болмады. Қазір мен Алматыдағы Сәулетшілер одағындамын. Көне ескерткіштерді қалпына келтіру, сирек кездесетін мавзолейлер жөнінде ғылыми жұмыс жазып жүрмін. Осы жолы да сонау Қызылорданың алыс бір ауданына барып, көне күмбездерді көріп қайттым. Бір жетіге созылған командировкадан оралған бетім болатын. Былтыр әжемнің басына ақ кірпіштен ескерткіш тұрғызғам. Жобасын өзім сыздым. Төбесі дөңгелек, ескіше, қазақтың көне заманындағы үлгісімен салдым. Қазір елдің бәрі аузынан суы құрып, тамсанып жүр дейді. Бірақ әжеме әлі күнге екеу болып бара алмай жүрміз. Қаншама рет үй болуды ойласам да, бір реті келмей-ақ қойды. Гүлназдың соңғы хабарын сол жолы әжеме барғанда Әміртай айтқан. Шымкенттегі мәдениет институтында музыкадан сабақ беретін көрінеді. Тұрмыстары жақсы дейді.

Әлі күнге, арада бірнеше жылдар өтіп кетсе де Гүлназды мен ұмытқам жоқ. Оңаша қалсам, болмаса махаббат туралы кино көрсем, еріксіз сол күндер жадыма оралады.

Жүрдек поезд бір қалыпты қозғалады. Терезенің сыртындағы бағаналар мен төбелер қол бұлғап қалып жатыр. Күн кешкіріп, купе іші ыси бастаған секілді.

Мен басымды көтергенде кішкене қыз  маған қарады. Мен оған көзімді қысып ем, ол жымиып күлді.

Атың кім?-деп сұрадым.

Жанар...

Жанар. Атың қандай жақсы. Өзің де әдемі қыз екенсің. Сурет салып отырсың ба?

Иә,-деді қыз. Мынау-мамам екеуміз... Ол қағазға  салған суретін көрсетті.

Түу, неткен ғажап сурет еді,- дедім сәбидің көңілін көтеру үшін. Қандай әдемі салғансың.

Мен алманы жақсы салам,- деді Жанар мақтанышпен. Қазір көресіз...

Жанар,-дедім,- сенің мамаңның аты кім?

Гүлназ,- деді қыз мұрнын бір тартып қойып.

О-һо!-дедім,-мамаңның да аты қандай әдемі. Ал папаң ше, қайда папаң?

Қыз кідіріп қалды да:

Папам жоқ,-деді.

Неге?- дедім есім шығып. Басыма неше түрлі жаман ойлар келді.

Неге папаң жоқ? Ол қайда?

Папам бізбен тұрмайды. Ол...тетя...тетя...Камилламен тұрады.

«Мәссаған...сонда...сонда ажырасқан болды-ау, шамасы. Мүмкін емес!

Не болды екен?». Қазбалап қайта сұрадым. Сұрамауға тағатым жетпеді.

Жанар, Жанаржан, менің атым –Орал. Орал аға, білдің бе? Мә, алма жейсің бе... сен дұрыстап айтшы. Папаң сендерден қашан кетті?

Білмеймін,-деді қыз иығын көтеріп.  Анада... мен ортаншы группада жүргенде кетіп қалған...

Сен...сен Жанар қазір үлкен группадасың ба?..

Иә,..дайындық группасындамын...

Папаң сол кеткеннен келмеді ме?

Жоқ...

Ал қазір кіммен тұрасыңдар? Мамаң екеуіңнен басқа біреу бар ма?

Жоқ.

«Иә...иә...онда айрылысқалы бір-екі жыл болып қалған екен-ау. Неге? Неге ажырасты екен?.. Егер кетіп қалған болса...онда Жеңіс...өзі кеткен-ау!..

Гүлназ!.. Гүлназ!.. Алматыға келмей жүрген себебің де осы шығар».

Кенет, есік сарт ашылып, купеге Гүлназ кіріп келді. Мені көріп тұрып қалған. Қолындағы бір шөлмек сусыны сусып жерге түсті де быт-шыт болды. Бірақ оны ескерген біздер болмадық. Екеуміз де бір-бірімізге қадалып қарап қалғанбыз.  Гүлназ босағаға сүйеніп әлі тұр. Не дерін де, не істерін де білмейді. Менде тілім байланғандай тек жұтына беріппін. Тіпті жүз жыл, мың жыл су ішпеген адамдаймын...

Дөңгелектер зыр айналады. Жүрдек поезд арман қала – Алматыға асыққандай.

Ал біз, бір-бірімізден көз алмай әлі тұрмыз.

Поезд жүйткіп бара жатты.

Abai.kz

6 пікір