Жұма, 19 Сәуір 2024
Құйылсын көшің 15779 0 пікір 11 Маусым, 2018 сағат 19:23

 Көші-қон тарихы: ғалымдар не дейді?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ең алдымен жолға қойған саясаты – Көші-қон. Тіпті, астананы Арқа төсіне көшіру мен шекараны әлемдік талапқа сай етіп бекітуден де бұрын осы шеттегі қазақтарды қара шаңырақ Қазақстанға шақыруды қолға алған. Бүгінгі «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының түп негізі - осы Көші-қон саясатымен қаланған еді. Демек, Көші-қон – өз тізгінін өзі қолына алған тәуелсіз ел болғанымызды шын мәнінде әйгілеген бастама! 

Осы ретте біз порталымыздың авторының қазақ көші-қонының арғы-бергі тарихына жасаған шолуын жариялап отырмыз.

Мақалада 1926 және 1959 жылдар аралығындағы Қазақстанда жүргізілген кеңестендіру саясатының әсерінен өзгерістерге ұшыраған қазақ халқының тарихи демографиялық жағдайларындағы көші-қон мәселелері санақтар мен статистикалық мәліметтерге сүйеніп, мұрағат құжаттарының негізінде және тарихи демографиялық бағытында қарастырылған еңбектер мен ғылыми зерттеулерді қарастыру арқылы жазылған. Сонымен бірге, қазақтардың көші-қон тарихында Қазақстанмен одақтас республикалардың аймақтарына орналасуындағы саны, және шет елдердің аймақтары бойынша шоғырланып, орналасуы жан-жақты демографиялық ғылыми бағытында қарастырылған. Сондай-ақ, зерттеу аралығында қазақ халқының көші-қон үрдістерінен өзінің туған жері Қазақстанда аз ұлтқа айналуы, саны жағынан азайып, ал дүние жүзі бойынша, соның ішінде одақтас республикалар мен шет елдердің аймақтарындағы саны мен үлесінің артуына әсер еткен Қазақстандағы жүргізілген кеңестендіру саясатының нәтижесінен демографиялық апаттарды басынан өткізуі. Соның ішінде, қазақ халқының республикамыздың өзінің ішіндегі немесе басқа елдерге қоныс аударуларына байланысты сыртқы көші-қон тарихы тарихи демографиялық жағынан сандық немесе пайыздық негізде қарастырылып, салыстырмалы тұжырымдар жасалған ғылыми талдаулар арқылы баяндалды.

Қазақ халқының ғасырлар бойы өзіне тиесілі жайлау, қыстау, күздеуін, жайылымдық, егістік жерін әр маусымға сәйкес ауыстырып, көшіп-қонып жүруі көшпенді өркениеттік тұрмысқа сүйенген табиғи құбылыс еді. Міне, осы салт кеңестендіру дәуірін қамтыған 1920 жылдарының екінші жартысы мен 1950 жылдар аралығында ауылдан қалаға, бір өңірден екінші өңірге және бір аймақтан екінші аймаққа, республикамыздың өз ішіндегі көші-қонға айналса, ал бір қиырдан екінші қиырға еріксіз жер аууға, немесе республкадан тыс жерлерге, көршілес республикалар мен Одақтас мемлекеттерге, ал арғысы шетелдерге бас сауғалап, босқыншылыққа негізделген сыртқы көші-қонға айналғаны белгілі. Оның ішінде, ұжымдастырудан келген қуғындау салдары, әсіресе, кәмпескелеу науқаны мен 1931-1933 жылдардағы ашаршылық кезеңі қазақ халқына айрықша жайсыздық әкелді. Бұның негізінде қазақты әуелден жайлап келген қонысынан айыру және тиесілі аймақтан көшіріп, сапырылыстыру арқылы иелігіндегі жерін пайдалану құқынан айыру, сөйтіп бүкіл даланы мемлекеттік меншікке аудару нәтижесінде қалың бұқараны өкіметке тәуелді ету саясаты жатқан еді. Коммунистердің қулығына құрық бойламас бұл мақсаттың жүзеге асқаны соншалық, қазақтар туған атамекенін тастап, алды көршілес Түрікмен, Өзбек, Қырғыз, Монғол, Қытай, Ресей елдеріне барып жан сауғаласа, біразы Иран, Ауғаныстан және Туркияны асып кетті. XX ғасырдың 20 -жылдарында қазақ халқының негізгі кәсібі және республикадағы халық шаруашылығының басты саласы мал шаруашылығы болып, көшіп-қонып жүрген еді. Сондықтан, осы ғасырдың 20-30 -жылдары больщевиктердің күшпен жүргізген аграрлық саясаты ғасырлар бойы қазақ даласында қалыптасқан дәстүрлі мал шаруашылығының табиғи дамуына кедергі жасады. Ф.И.Голощекиннің қазақ халқының көшпелі және жартылай көшпелі дәстүрлі мал шаруашылығын артта қалған, ортағасырлық, мәдениетсіз социалистік құрылыспен үйлеспейтін сала ретінде сипаттап, оны түбірімен өзгертіп, «социалистік» қайта құру бағытын ұстанды. Бұл қазақтың дәстүрлі мал шаруашылығына кері әсерін тигізіп, халықтың әлеуметтік жағдайына зиянын тигізетіні ескерілмеді.

Жаңа экономикалық саясаттан ауытқу, ауыл шаруашылығн ұжымдастырудағы жіберілген өрескел қателер мен асыра сілтеулер қазақ ауылына қатты әсерін тигізді, аштық тудырды, өлкенің жергілікті тұғындарының көші-қондық жағдайларын күшейтті.

Қазақстан Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің жаңа экономикалық саясат жылдарында қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық жағдайларды толық күйреткен 1928 жылдың 27 тамызындағы «Ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару туралы» декреті қазақ даласына ерекше қасірет әкелді. Бұл қаулы ауыл шаруашылығындағы қуғындау зұлматының басы болды.

Өлкелік комитеттің II пленумындағы баяндамасында Ф.И.Голощекин: «Қазақтардың ұлттық сана сезімі өсіп келе жатқанын», ал мұның «жетекшісі - байлар» екенін айта келіп «Қазақ халқының кедейленуі мен қайыршылануынан кеңес өкіметіне келер пәлендей қауіп жоқ» деген тұжырым жасады. Сөйтіп, аталған қаулы бойынша республикада 700 шаруашылықты тәркілеу керек болды. Ресми құжаттар бойынша, Қазақстан аумағында 696 қазақ байларының қожалықтары тәркіленіп, оның ішінде 619 қожалық иелері өзінің тұрған мекенінен басқа жаққа жер аударылуға тура келді. Олардан 144474 мың бас мал тартылып алынып, колхоз, совхоздарға бөлініп берілген.

Бір-бірімен сабақтаса жүргізілген тәркілеу, ет және астық өнімдерін дайындау, күштеп ұжымдастыру, зорлап отырықшыландыру саясаттары дәстүрлі мал шаруашылығын толығымен күйретті. Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан күн-көрісі болып келген көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығына негізделген мал шаруашылығының ерекшеліктерін ескермеу, оған зиян келтіру қазақ халқының аштыққа ұшырап, қырылуына тікелей әсер етті. Ел басына түскен небір зұлматтардың ішінде орны толмас өкініш ұжымдастыру зардаптарынан болған аштық пен босқыншылықтың бәрінен асып түскені белгілі. Орталықтың күштеу саясатының салдарынан жасанды ашаршылық туындап, халқымыз бұрын-соңды болып көрмеген демографиялық зұлматқа-геноцидке ұшырады. Үш жылға созылған ашаршылықта республикада сол кездері қазақ жұртының тең жартысына жуығы қырылып, 15 пайызы Қазақстаннан тысқары аймақтарға біржолата оралмастардан көшіп кетуілеріне әкеп соқты.

Аталған қаулы бойынша, тәркілеуге ұшырағандарға олар ауып келген өңірден жер таңдап алуға рұқсат етілген еді. Бірақ өкіметтің бұл «рақымшылығы» орындалмады. Республикалық Орталық Атқару Комитетінде, округтердің жер шаруашылықтарына түскен арыз-шағымдарының мазмұнына қарағанда, тәркіленгендердің басына төнген қайғы-олар шеккен қасіреттің бір ұшы ғана еді. Қазақстанның бір шетінен екінші шетіне жер аударылған отбасылардың жол бойында шеккен азабының өзі тарихымыздың ақтаңдақ беттерінің тағы бір тарауын құрайды.

Яғни, республиканың өз ішіндегі қазақтардың көші-қондық жағдайларына тоқталайық. Демек, 1932 жылға дейін көштің ағылуы елеулі сипатта жүрсе, бұдан бұлайғы уақытта қазақ халқының ішкі сыртқы көші-қон тасқыны ұдайы өсіп отырды.

Тәркілеу науқанының қарсаңында республиканың өз ішіндегі көші-қон мәселесінде Жетісу мен Сырдариядан Орал округіне, Гурьевтен Петропавлге, Семейден Сыр бойына, Павлодардан Ақтөбе аймағына, Қызылорда өңірінен Адай округіне, Ақмоладан Гурьевке, Ақтөбеден Қарқаралыға, Қостаннайдан Семей округіне жер аудару туралы 1928 жылы 30 тамыздағы қаулысы шыққан еді. Осы ерсілі-қарсылы шұбырыңдыда талай қазақ ﴾әсіресе бала-шаға﴿ қырылды.

Тәркіленгендерден Қызылорда жақтан Адай округіне 47 бай ﴾үй-ішімен 325 адам﴿, Ақмола округінен Гурьевке 15 бай ﴾үй-ішімен 69 адам﴿ жер аударылып келген. Көп адамға туған жердің топырағы да бұйырмады. Ресми деректерге жүгінсек, тек жеке отбасы жер аударылған сияқты болып көрсетіледі. Ал шындығында, тәркіленген байлардың бала-шағасы ғана емес, туыстары да айдауға, немесе қудалауға ұшырады. Осылайша, қазақ халқының басына төнген, 1928 жылдан басталған еріксіз көші-қон ісі ұжымдастыру дәуірінде өзінің шырқау шегіне жетті.

1929 жылы қараша айында Орталықтың нұсқауымен Қазақ өлкелік партия комитетінің бюросы қазақ шаруаларын жоспарлы түрде отырықшылыққа көшіру жөнінде арнаулы қаулы қабылдады. Шұғыл түрде 1930 жылдың қаңтарында республика Халық Комиссарлар Кеңесінің жанынан отырықшыландыру комитеті құрылды. Бұл комитетке отырықшылыққа көшетін аудандар мен халық санын анықтау, отырықшылыққа ауысқан қожалықтар арасында егіншіліктің дамуына және ұйымдастыру негізінде мал шаруашылығын интенсивтендіруге көмектесу міндеттері жүктелді.

Отырықшыландыру үшін қажетті алғы шарттар жасалмады. Қаржының жетіспеушілігіне байланысты құрылыс көлемі жоспарда көрсетілгендегіден әлдеқайда төмен дәрежеде жүргізілді. Егіншілік комиссариаты өз есебінде отырықшылыққа ауысып жатқан қожалықтардың азық-түлікпен қамтамасыз етілмей отырғанын мойындауға мәжбүр болды.

Қазақтардың жаппай босқыншылыққа ұшырауы тек қана көшпелі және жартылай көшпелі аудандарды ғана қамтып қойған жоқ, ол отырықшы аудандарға да таралды. 1930 жылы көшіп кету қозғалысымен 34977 қожалық қамтылды, ал 1931 жылы 45 мың шаруашылық көше бастады. Кеңес өкіметінің Қазақстанда жүргізілген ауыл шаруашылығын ұжымдастыру және осы негізде көшпелі және жартылай көшпелі қазақ ауылдарын отырықшыландыру, ауқатты шаруаларды мал-мүліктен айыру, салық саясаты мен қуғындау салдары қазақ халқын зор апатқа, демографиялық және экономикалық дағдарысқа ұшыратты, туған жерді тастап, ауа көшушілік жаппай сипат алды.

1934 жылдың қаңтарында қабылданған Қазақстанның VIII партия конференциясының қаулысында ауа көшушіліктен көбірек зардап шеккен көшпелі және жартылай көшпелі қожалықтар Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында орын алғаны атап көрсетілді. Бұл құжатта Ақтөбе облысынан барлығы 39 мың, Батыс Қазақстан облысынан 70 мыңнан астам қожалық қоныс аударып кетті делінген. Батыс Қазақстанның өз ішіндегі көші-қон, одан республиканың басқа аудандарына көшіп кетушілік елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайларына зор әсер еткен күрделі мәселелердің бірі болды. Маңғыстаудан Ақтөбе мен Оралға, Оралдан Гурьевке жоспарлы көшіру, ауа көшушілік жүріп жатты. Төрт-бес жылға созылған ﴾1928-1933 ж.ж.﴿ бұл сапырылыс елдің берекесін алып, сеңдей соғылыстырды. 1920-1930 жылдары ауыл шаруашылығындағы қызыл террор қалаларға арзан қара жұмыс күшін әкелумен бірге ауыл тұрғындарының қалаларға келуін көбейтті. 1926 жылы республика тұрғындарының арасында қазақтардың 2,0 пайызы қалаларда болса, бұл деңгей 1939 жылы 16,1 пайызға артып, ал олардың қатары 1959 жылы 24,3 пайызға өскен екен. Ал 1926 жылы республика тұрғындарының арасында қазақтардың 9,0 пайызы ауылдарда болса, бұл деңгей 1939 жылы 83,9 пайызға төмендеп, ал олардың қатары 1959 жылы 75,7 пайызға кеміген еді. Демек, ғасырлар бойы көшпелі және жартылай көшпелі өмір салтын ұстанып келген қазақ халқының Кеңес өкіметі кезінде қалаларға шоғырлануы, іргелі мәдени орталықтарға жинақталуы баяу жүрді. Өйткені, бұл үдеріс табиғи жолмен жүргеннен гөрі сыртқы күштерге тәуелді болды .

Яғни, республика бойынша индустрияландырудың жүзеге асқан орталықтарына ағылған қазақтардың қатары артып, бұлардың біразы қазақ ауылынан өндіріс пен құрылыс орталықтарына ағылған аш босқындар болса, біразы Украина мен Россияның ірі қалаларына шыққандар еді. Бұдан Қазақстандағы қала халқы қазақ босқындарының есесінен өскендігі көрінеді.  Қала халқының тез қарқынмен өсуіне табиғи өсім ғана емес, көші-қонның да әсері жоғары болды. 1931-1937 жылдары қалаларға 390 мың адам көшіп келген. Басқа халықтарды айтпағанда, қазақтар 1926 жылы қала тұрғындарының 2,0 пайызын құраған болса, бұл көрсеткіш 1959 жылы 24,3 пайызға жеткен еді.

Ал енді 1937 жылғы халық санағы бойынша республикадан тысқары жерлерге 48070 адамдар қоныс теуіп, осының нәтижесінен Қазақстан халқы 9 пайызға азайған болса, оның басым бөлігін қазақтар құрап, олармен бірге бірән-сәрән басқа ұлт өкілдері болған. Еліміздегі ішкі көші-қондық қозғалысқа 11470 адамдар қатысқан, олардың 73071-і қалалық, немесе қала типтес елді мекендерге барып орналасқан еді. Яғни, ауыл тұрғындарының қалаларға ағылуына бірден-бір себеп құрылыс алаңдары, зауыт-фабрикалардың іске қосылуы болды. Демек, 1937 жылғы республика халқының санын 1926 жылғы санақтағы санымен салыстырғанда 1,3 есеге азайғаны байқалып, оның ішінде қазақтар -1,7 есе кемісе, ал елде қоныстандыру саясатының пәрменді түрде жүргізілуіне байланысты орыстар -1,5 есеге көбейген екен.

Қазақстаннан сыртқы көші-қон қозғалысының өршуі, ата мекенді тастап ауа көшуі 1926-1927 жылдары басталды. Мысалы, Батыс Қазақстанда қоныс аударушылық 1927-1928 жылдары үдей түсті. Қыр жайлап, көшіп-қонып жүрген адай, табын тайпаларының отбасылары кеңес өкіметінің құрығынан және жұт салдарынан құтылмақ болып Қарақалпақ, Түркмен жеріне көшіп барды. Сол кезде үдере көшкен адайлардың екі мың отбасын оңтүстік Қазақстанға ﴾Мақтаралға﴿ күшпен қоныстырған.

1928-1929 жылдары Маңғыстаудан басқа республикаларға көшіп кеткендер туралы мәлімет сақталған. Мәліметтерге жүгінсек 16 ауылдағы 158 үйдың 47-і бір түнде көшсе, 7 ауылда 300 үйдің 291-і, 4 ауылдан 182 үй, 13 ауылдан 341, 12 және 14 ауылдардан 500-дей үй көшіп кеткен. Мұрағаттарда сақталған мәліметтер бойынша Маңғыстаудың ауылдық кеңесінен 1928-1929 жылдары 1390 отбасы көшіп кеткендігін айғақтайды. Жалғыз Маңғыстау емес, ауа көшушілік бүкіл республика бойынша жаппай сипат ала бастады.

Осыған байланысты Қазақ Халық Комиссарлар Кеңесі 1931 жылы наурызда «Қазақстан жерінен ауа көшумен күрес туралы» қаулы қабылдап, көршілес республикалардың үкімет басшыларына жедел хаттар жолдады. 1931 жылдың 7 ай ішінде Қаржы комиссариатының мәліметінде Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Орал, Сібір, Қытайға және Еділ бойына 213 мың қазақтардың жер ауа көшкендігі айтылады.

Қазақстандағы зорлап ұжымдастырудың қара дауылы жайлап өткен кейбір ауылдарда тігерге тұяқ қалмай адамдардың өмірі мезгілсіз қиылды. Ақырында өзінің туып өскен жерінде күн көрістің амал-айласы қалмағанына көздері жеткен халықтың алдында бір-ақ жол қалды, ол жаппай басқа жақтарға ауа қоныс аудару еді. “Бір күн ашыққаннан, қырық күн ақыл сұрама”, -деп қазақ атам айтқандай халық ақыл-айла ойлаудан, қыспақтан шығудан өз бетінше жол табудан қалды: тырнақтап жинаған дүние-мүліктерін, тігулі күйінде киіз үйлерін тастап, бастары ауған жаққа қарай шұбырып кетіп жатты; ескі қыстаулары мен мал қоралары иесіз қалды. Өз жеріндегі босқынға айналған қазақтардың көбісі республика қалаларының өнеркәсіп орындарына сеңдей соғылып, жұмысқа орналаса алмай жүрді. Оның үстіне, олардың түнде түнеп, күндіз бой жылытатын баспанасы да болмады. Мұның аяғы жұрттың жаппай ашығып, туған мекендерін тастап, олар Қазақстанмен көршілес жатқан өлкелер мен республикаларға, және шет елдерге қоныс аударуларына тура келді. Сондықтан, олар Қазақстанмен көршілес жатқан Орта Азия республикаларына, атап айтқанда Батыс-Сібірге, Орта Еділге, тағы сол сияқты шалғай жатқан жерлерге қарай бағыт ұстап, олардың біразы жол бойы шаңырақ мүшелерінің сүйегін сай-салаға көмусіз қалдырып, Ресейдің Новосибирск, Иркутск, Хабаровск, Кемеров, Владивосток қалаларына дейін барып жетті.

Көптеген мұрағат деректері Қазақстандағы ашаршылық  апаты 1927-1928 жылғы жұттан кейін-ақ басталғанын көрсетеді. Мәселен, Адай округінде мал жұтап, адамдар аштыққа ұшырап, Гурьев уезінің де біраз ауылдары ашаршылыққа ұшырады. Жүздеген босқындар тентіреп республиканың оңтүстігіндегі аудандарға дейін жетті. 1928 жылдың 27 қарашасында Шымкенттің Халық Комиссарлар Кеңесіне Гурьев уезінен келген 350 отбасына азық-түлікпен көмектесіп, оларды ұжымшарларға жұмысқа орналастыру үшін 100  мың сом несие, 8 мың пұт астық сұраған жедел хат түседі. Сонымен бірге, 1927-1928 жылдың қысында әбден көйзелген Маңғыстау халқы Түркіменстан жеріне дендеп, одан әрі Иранға жұмыс іздеп, тамақ табудың амалымен босқыншылыққа ұшырады. Мұрағат құжаттары көрсеткендей Красноводскіге-1000, Байрамәліге-50, Тедженге-100 қазақ шаруашылықтарының кеткендігі айтылады.

Қазақстандағы қиыншылық жағдайлардан өз ішіндегі көші-қон жағдайларының күшейе түсуінің қазақ халқына әкелген ауыртпашылығы өз алдына, үкімет тарапынан жүргізілген қуғындау салдарынан және аштықтан қорыққан қазақтар республикадан тысқары жерлерге, Қазақстанмен көршілес республикаларға және одақтас мемлекеттерге, арғысы шетелдерге жаппай көше бастады. 1931-1933 жылдарда болған қызыл қырғыннан барлық шығын-3 миллион адам және қызылтабан босқыншылығынан барша халықтың 1900 мыңы шетке қарай біржола үдере көшкен. 1930 жылдың басынан 1931 жылдың ортасына дейінгі кезеңде ғана Қзақстан жерінен 281280 шаруа қожалығы көшіп кетті, олардың елеулі бөлігі Қытай, Иран, Ауғанстанның жеріне ауып барды. Ашаршылық жылдары республика шегінен тыс жерлерге барлығы 1030 мың адам көшті, олардың 616 мыңы біржолата кетті де, 414 мыңы кейіннен Қазақстандағы жағдай түзеле бастаған уақыттарда елге қайтып келді. Олардың ішінде 200 мыңға жуығы Қытайға, Ауғанстанға, Иран мен Түркияға өтіп кетті. Қазақстанның өз ішіндегі көші-қон жағдайларының салдарынан халық құрамының өзгергендігі және жергілікті қазақ халқының үлес салмағы жағынан азшылыққа айналғаны тарихи демографиялық жағынан ғылыми деректер негізінде айқындала түсті. Ал енді республикадан тыс сыртқы көші-қонға байланысты көршілес республикалар мен Одақтас мемлекеттер арқылы шетелдерге ауған қазақтар жайында ғалымдар әртүрлі пікірлер айтып, деректік мәліметтер келтіруде.

Көптеген қазақтардың іргелес республикаларға ауып кеткендігін халық санақтарының мәліметтері де дәләлдейді. Егер, 1926 жылғы санақ бойынша басқа республикаларда 314 мың қазақ тұрған болса, ал 1939 жылы олардың саны 794 мыңға жеткен еді. Енді, 1926-1939 жылдары аралығында жер ауып барғандар ﴾имигранттар﴿ есебінен қазақтар РСФСР-да -2,3 есе, Өзбекстанда -1,7 есе, Түркіменстанда -6 есе, Тәжікстанда -7 есе, Қырғызстанда -10 есе артқан.

Ашаршылыққа ұшыраған ауадндарға көмек беру жұмысы әуелден дұрыс ұйымдастырылмады. Ф.И.Голощекин қуғындау садары мен аштықтан босқын болып кеткендерді «қазақтар ежелден көшіп қонып жүруге әдеттеніп кеткен» -деп түсіндіруге тырысты. Ол мұны көшпенділердің тұрмысы қайта құрылып, өзгеріп жатыр деп дәріптеді.

Ашаршылық салдарынан республикадан тысқары жерлерге босқын болып кеткендердің қолдары жеткендері халық шаруашылығының әр түрлі мекемелеріне жалданып, Мурманск, Сібір, Қиыр Шығыс, Камчаткаға дейін барды. Әрине, мұндай мүмкіндік бола берген жоқ. Қырғызстанға босып барған 100 мыңдай адамның ішінен 1933 жылы сәуірде тек 2500 адамды ғана жұмысшы ретінде орналастыруға нұсқау берілді. Тәжікстандағы Вахш су электр станциясының құрылысына өз бетімен барғандарға жұмыс та, ақы да, азық-түлік те жоқ болып шықты. Мысалы, 1931-1932 жылдары Қырғызстанға 5470 қазақ отбасы көшіп барды. Қазақ халқы шаруашылығы есебі басқармасының жоғары ұйымдарға берген мәліметтеріне қарағанда 1930-1932 жылдары Қазақстаннан тыс жерлерде ﴾қайтып келгендерді есептемегенде﴿ 1,3 миллион адам көшіп кеткен. Олардың 500-616 мыңы өзге республикаларда қалып қойса, 200-205 мың дайы шетелдерде мекендеп қалғандығына байланысты деректер бар.

Егер 1926 және 1937 жылғы Бүкілодақтық санақ мәліметтеріне сүйеніп талдау жасасақ, көрші одақтас республикалардан қайтпай қалған қазақтар 300 мыңнан асатыны байқалады. Яғни, қысқа мерзімде мұншама қазақ халқының жат жерге қоныс аударуы-адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған қасіретті оқиға еді.

Бүгінгі тарихымыздағы ақтаңдақ тақырыптың бірі-сан мыңдаған қазақтың 1929-1932 жылдары респуликадан сыртқы көші-қонға байланысты Қытай астып кетуі. Демек, 1931-1932 жылдары аштыққа ұшыраған қазақтарға өкімет тарапынан болған қысымға шыдамаған Тарбағатай өңіріндегі бір дүйем ел Қытайға өтіп кетуге әрекет жасапты. Бұл негізінен Көкпекті, Ақсуат, Аякөз, Үржар елді мекендерінің халқы болатын. Шекарада қызылдар оқ боратып, одан аман қалғандарын осы өңірді мекендеп, өмір сүруге күштейді. Яғни, Ақсуаттың құт-береке дарыған Қызылтас, Қызылкесек өңірінен жер ауған біршама жұрт шекарада тоқталып, Көкталға әкелінді. Олардың сол кездегі ұзын саны 500 отбасын құраса керек. Бұл дегеніміз 1374 адамдар болғаны көрінеді. Ал енді тарих ғылымдарының  докторы, профессор Т.Омарбеков «20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті» атты еңбегінде ол шетелге кеткендер жайлы толық тоқталады. Соның ішінде, Қытаймен шекаралас аудандарына қысқаша сипаттама береді. 1931 жылы бұлардың жалпы саны 11 болды ﴾бұрын 16 болды﴿. Олар: Алакөл, Лепсі, Жәркент, Кеген, Катон-Қарағай, Зайсан, Тарбағатай, Үржар аудандар, сондай-ақ, Талдықорған және Ақсу аудандарының шекараға жақындау бір бөліктері еді. Шекаралық аудандардағы халықтың жалпы саны 1931 жылы 505,701 адам, яғни Қазақстан халқының 7,33  пайызы болды. Ал олардың әлеуметтік құрамы төмендегідей еді: жұмысшылар-25510 адам, қызметкерлер -25318, ұжымшаршылар-228387, кедейлер мен батырақтар-101924, орташалар-79264 және кулактар-45298 болған екен. Сонмен бірге, осы құжатта шекаралық аудандардағы халықтарының ұлттық белгілері де берілген. Яғни, 66,1 пайызы-қазақтар, 33,35 пайызы еуропалық ұлттардың өкілдері және 0,55 пайызы  Орта Азия халықтары болатын, яғни шекаралық аудандардағы қазақтар саны-334.368 адамдар екендігі байқалады.

Қытайға өткендер арасында әр түрлі ұлт өкілдері болды. Бірақ, негізінен Қытай асқандар-қазақтар болатын. Яғни, қазақтардың Қытайға көшуіне байланысты 1931 жылы құрылған Ә.Жанкелдин басқарған мемлекеттік комиссияның тексеруі бойынша шекаралық аудандардан көшіп кеткендер арасында қазақтар ¼ астамы яғни 83.5  дейі екені айғақталған. Бұл деректерді ОГПУ-дің жедел барлау мәліметтері мен мемлекеттік жоспарлау деректері растай түседі. ОГПУ мәліметі бойынша 1931 жылдың күз айларында Батыс Қытайдағы босқындар саны 60 мыңға жуық, ал соңғысының дерегі бойынша көрсетілген мерзімге дейін Қазақстанның шекаралық аудандарындағы халқы 87 мыңдай адамға азайған. Егер тарихи шындық осы деректердің ортасында жатыр деп қарасақ Батыс Қытайға өткен қазақтар саны шамамен 70 мың адам деуге болады.

Сонымен бірге, Иран, Ауғанстан, Түркия жеріндегі қазақтар – Қытай жері арқылы барғандар еді. Демек, мұрағат мәліметтеріне сүйенсек егер 1932 жылға дейін қазақ босқындары Сібірдің Қазақстанмен шектес аудандарында орналасқан болса, 1932 жылдың алғашқы айларында олардың Сібір жеріне тереңдеп кеткенін, шалғай жатқан Новосибирскіге де «қоныстана» бастағанын аңғарамыз.

Егер, 1926 және 1939 жылғы Бүкілодақтық санақ деректеріне сүйеніп талдау жасасақ, жалпы алғанда, Қазақстаннан шығып кеткен босқындар саны 500 мыңнан асып түсетіні байқалады. Бұлардың 200 мыңдайы Қазақстандағы басшылық ауысқаннан кейін көп кешікпей өзінің туған жеріне қайтып оралды.

1926 жылғы санақта Бийск, Барабинск, Омбы, Новосибирск, Славгород, Рубцов округтерімен Таулы Алтай автономиялы облысында қазақтардың шоғырланып орналасқаны және олардың 20-25 пайызы егін салумен айналыспайтындығы тіркелген. 1931-1933 жылдары Кузбас құрылысына 30 мың қазақ келіп орналасқан, ал сол жылдарда Сібірдегі қазақтардың жалпы саны 100 мыңға жуықтаған. Бұл республикадан тысқары ағылған босқындардың көші-қондық қозғалысына нақты дәлел бола алады. Қазақтар ең көп шоғырланған Омбы облысының жарамды жерінің 60 пайызын қазақ байлары басып алған. Славгород округінің қазақтарының бай-кулактары 4-5 пайыз, орта шаруалар 52 пайыз болса, мемлекет тарапынан көрсетілген көмекке қарамастан кедей шаруашылықтарының 20 пайызының көлігі де жоқ екендігі туралы дерек сақталған. 1928 жылдың қарашасында өлкенің ұлт істері жөніндегі кеңесі Славгород округіндегі кооперативтер қазақ шаруашылығының 21 пайызы, Омбыда-29,3 пайыз, Бийскіде-38 пайыз қамтылғандығын көрсетеді.

1932 жылы Сібірдің 16 ауданында 172 қазақ колхозы ұйымдастырылған болса, 1933 жылы бұл сан 90 пайызға жоғарылаған. Бұл деректе қазақ босқындарының көбі кері қайтпай республикадан тыс жерлерде қоныстап қалғандығын аша түседі. Міне, осылайша 1926 жылы қазақтардың өзіндік үлес салмағы 57,1 пайыз болса, ал 1959 жылы 30,0 пайызға түсу себебінің сыры айқындалады, бұл кезде орыс халқының республикадағы өзіндік үлес салмағы 40,2 пайызға жетіп этникалық топтардың ішіндегі ең көлемдісіне айналды.

Деректерге жүгінсек, 1930 жылы ұжымдастыру барысындағы зорлық 34977 қожалықты республикадан тыс жерге көшіруге мәжбүр етті. Орта есеппен қазақтың әр шаруа қожалығында 5 адамнан болды деп есептесе,  1930 жылы сыртқа 174,8 мың адам кетіп, барлық ауыл адамдары 417,9 мыңға азайған. Мұндай шешімге келуімізге Р.Конквестің 44 мың қазақ отбасымен Түркменстанға кетіп, көпшілігі басмашылар қатарын толықтырды деген мәліметімен «Қазақстанның жаппай ұжымдастыру аудандарынан 20 мың бай мен кулакты үй-ішімен шұғыл түрде елсіз, жапан далаға жер аудару туралы шешім қабылданып, жауыздық әрекеттер арқылы іске асырылды» деген деректері дәлел болады.

Қазақстаннан тысқары жерге кеткендердің де жағдайы мәз болмады. 1932 жылы қазақтардан Еділ бойына 40 мың, Қырғызстанға 100 мың, Батыс Сібірге 50 мың, Қарақалпақстанға 20 мыңнан астам, Өзбекстан мен Тәжікстанға 45-50 мыңдай адам барған еді. Мысалы, көршілес Қырғыз республикасына барған қазақтар жөніндегі шолуда: олардың жалпы санын айту қиын, өйткені халық өз бетімен лек-легімен келуде-деп жазылған. Сол құжатта Қордай асуында Қырғыз еліне жете алмай өліп қалған көптеген адамдардың денесі көктемде қар астынан шыққаны айтылады. Сол сияқты Еділ және Сібір жаққа кеткен қазақтардан да көп адамдар аштан өліп, шығынға ұшыраған еді.

Қазақстан жеріндегі ұжымдастыру арқылы қолдан жасалған 1932-1933 жылдардағы ашаршылықтан қазақтардың жаппай қырылуы, бір ұлттың басына әкелген зобалаңның өте ауыр қайғы-қасіреті болса, соның салдарынан шетелдермен басқа аймақтарға көшіп кетудің кең өріс алуы, қазақ халқының өз Отанында азайып көршілес республикалар мен, Кеңес Одағының басқа республикаларында және шетелдерде тұрып, өмір сүріп жатқандығын байқатады. Нақтырақ айтқанда республикадағы ішкі немесе сыртқы көші-қонына байланысты қазақтардың өзінің Отанындағы халықтар арасндағы үлесінің азайып, ал керісінше дүние жүзі бойынша олардың санының өскендігін байқаймыз. Енді, қазақ халқының сыртқы көші-қон жағдайын тарихи демографиялық жағынан алып қарағандағы олардың жалпы саны немесе көршілес республикалар мен Одақтас мемлекеттерде орналасып, және шетелдерде шоғырлану мәселелеріне келсек, қазақтардың бүкіл дүние жүзінде, Кеңестер Одағы мен шет елдерде бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі орналасуы зерттеліп отырған жылдары да сақталып, өз ерекшеліктерін анықтай түсті.  Қазақтардың арасындағы көшіп-қону жағдайларының күшті болуы нәтижесінде олардың территориялық орналасуында, яғни Кеңес Одағында, оның ішінде республикасында және шет елдерде тұруында үлкен өзгерістер болды. Бұл өзгерістер әсіресе, 1920-1930 жылдары ауқатты шаруаларды тәркілеу, қазақтарды жаппай зорлап отырықшыландыру мен ұжымдастыру кезінде Кеңес Одағының басқа аймақтары түгіл, шет елдерге ауа көшуінің тікелей нәтижелері еді (600 мың).

1920-1930 жылдары қазақтардың сыртқа көшуі олардың өз республикасындағы саны мен үлесіне кері әсер етті. Дегенмен қазақтардың басым көпшілігі, үлесі азайғанына қарамастан, өз Отанында тұрып, өмір сүрді. Тек 1926-1939 жылдары арасында Одақтың басқа аймақтарында тұратын қазақтардың саны 868 мыңға дейін жетіп, үлесі 8,6 пайыздан 24,9 пайызға дейін өсті. Өз республикасында тұратын қазақтардың саны 1,300 мыңға жуық кеміп, үлесі 91,4 пайыздан 75,6 пайызға дейін төмендеді. Дегенмен кейінгі 20 жыл ішінде (1939-1959 жылдары) өз Отанында тұратын қазақтардың саны да, үлесі де өсе бастады: 1959 жылы Одақтың басқа аймақтарында тұратын қазақтар 22,8 пайыз (922 мың адам) болса, өз республикасындағылардың үлесі 77,2 пайызға жетті. Кеңес Одағының басқа республикаларында тұратын қазақтардың көбірек шоғырланған жерлері, Ресей (1939 жылы 10,0 пайыз, 1959 жылы 9,0 пайыз), Өзбекстан (8,9 пайыз және 7,9 пайыз), Түрікменстан (1,8 пайыз және 1,6 пайыз) және тағы басқалар.

Соғыстан кейінгі уақыттарда қазақ халқының көші-қон мәселелері саябырсығанымен, басқа ұлт өкілдерінің Қазақстанға көптеп қоныстануы республикадағы қазақ халқының үлесін 30 пайызға дейін төмендетіп жіберді. Әсіресе, тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде республикаға басқа ұлт өкілдері көптеп ағылды. Тың игеру жылдардан басталған осы үрдіске көз жүгіртсек барлығы Қазақстанға 2 миллионға жуық адам келіп қоныстанған екен. Сонымен бірге, осы уақыттардағы Қазақстанға басқа елдерден, мысалы, Қытай Халық Республикасынан келіп қоныстанған қазақтардың көші-қоны жайындағы деректерді де алға тартамыз. 1954 жылы Кеңес Одағының Министрлер Кеңесінің 16 сәуірдегі № 751-329 бұйрығымен Қытай Халық Республикасынан маусым-тамыз айларында бұрынғы көшіп кеткен адамдарды тың игеруге байланысты қайта көшіріп алу туралы қаулы қабылдады. Ал Қытайға барып қоныстанғандардың барлығы дерлік қазақтар болатын. Осы қаулыға сәйкес 1954-1955 жылдардағы Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға 65564 адам көшіріліп әкелінді. Олардан колхоздарға 3513 отбасы және совхоздарға 8432 отбасы орналастырылды. Осы тұста Қазақстан Орталық Партия Комитеті қызметкерлерінің анықтауынша ол халықтың көбі республиканың 9 облысына: Ақмола, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Семей және Талдықорған облыстарына орналастырылып, жұмыспен, баспанамен қамтамасыз етілген. 1957 жылы Қытай Халық Республикасынан келген қазақтардың саны жайындағы мәліметтерді де кездестіруге болады. 1957 жылы Қазақстанның түрлі облыстарына барлығы 18500 отбасы көшіріліп әкелінді. Қытай Халық Республикасынан елге оралған қазақтардың көші-қоны жыл сайын өсіп отырғанын байқауға болады. 1959 жылы Қытай Халық Республикасынан келген адамдарды Қазақстанның әр облыстарына орналастырғанда 37998 адамнан келген. Яғни, мұрағат деректеріне қарағанда, 1953-1959 жылдары аралығында Қытайдан Қазақстанға 82225 отбасы келсе, олардың 13792-і кері көшіп кеткен. 1953-1959 жылдар аралығында Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға келгендердің жалпы саны 100 мың адамнан асқаны жайында көптеген тарихи деректерде көрсетілген. Осы көші-қонда бір айта кетерлігі Қытайдан қазақтармен бірге орыс, татар, ұйғыр, дүнген, өзбек ұлтының өкілдері де келгендігі белгілі. ХХ ғасырдың 20-30 жылдары шетелдегі қазақ диаспоралары да көші-қоннан көз ашқан жоқ. Бұл, ең алдымен Қытай жеріндегі саяси оқиғаларға байланысты еді. Қытай еліндегі аумалы-төкпелі саяси жағдайлар сол ел аумағында тұратын қазақтардың кейінгі тағдырына тікелей әсер етті. Ұрпағын, ұлтын сақтап қалу мақсатында қазақтардың бір бөлігі Алтай асып Монғолия жеріне барып қоныс тепті. Ал енді бір бөлігі Қытай билігімен шайқаса отырып Тибет, Такламакан арқылы Үндістан, Пәкістан жеріне барып қоныс тебеді. Олардың саны 10 мың маңайында еді. Бұл 1940 жылдары болған. Үндістан, Пәкістан жерінде тұрақты қоныстай алмады. Көбі жол азабын көрді, жол бойы соғысты да, нәтижесінде сол адамдардың жартысына жуығы қырылды. Тек, 1952 жылы 24 қыркүйекте Түркияға біржолата қоныстануға арнайы рұқсат етілген бірінші 102 қазақ босқындарының тізімі бекітіледі. 1952 жылы алғашқы лек Түркияға аттанады. Екінші лек 1953 жылы жолға шығады.  «Еуропадағы қазақ түріктерінің бюллетенінің» дерегі бойынша 1953 жылы Түркияға Үндістан мен Пәкістаннан 1450 қазақ келіп қоныстанады. Бұлар сол 1941 жылы Елісхан батырдың басшылығымен, 1951 жылы қыркүйекте Құсайын тәйжі, Сұлтаншәріп тәйжі және Әлібек (Қалибек) Хәкімнің басқаруымен Пәкістан жеріне келген қазақ босқындарының аман қалғандары еді. Түркияға қазақтар бірнеше жолмен барады. Түрік үкіметі мемлекет шекарасына дейін қазақтардың өз қаржысымен келуін, одан арғы барлық шығынды үкімет өз мойынына алатынын айтады. Қазақтардың бір тобының Түркия жеріне келгені жайлы айтар болсақ. Үндістанның Бомбей қаласынан 8 күнде бір Пәкістанның Карачи қаласына келетін жолаушы кемесіне 1953 жылы қараша айының басында 114 қазақ отырып 8 тәуліктен кейін Ирактың Басра қаласына келеді. Қазақтар бұл жерден пойызға отырып Ирак астанасы Бағдат қаласына жетеді. Бағдаттан пойызға отырған олар Нұсайбин қаласы арқылы Стамбул қаласына жетеді. 1953 жылдың қыркүйек айынан қараша айына дейін Пәкістан жерінен Түркияға барған қазақтардың жалпы саны 1379 болған. Жалпы қазақтардың Түркия жеріне қоныстану үрдісі 1956 және 1958 жылдарға дейін созылады. 1952-1958 жылдар аралығында Түркияға 564 отбасы яғни 1892 адам келеді. Осы қазақтардың ұрпақтары Түркия жерінде бүгінгі күндері де өмір сүріп жатқан жағдайлары бар.

1926-1959 жылдар аралығында шет елдерде тұратын қазақтардың саны 454000 (4 есе) адамға көбейіп, яғни 33,0 пайызға өскен болса, ал олардың 1939 жылғы санын 1926 жылғы санымен салыстырғанда 130000-ге (1 есе), демек 63,0 пайызға өскен еді. Енді, 1959 жылы олардың қатарын 1939 жылғы санымен салыстырғанда 324000-ге (3 есе), демек 52,0 пайызға өскен[20]. Шет елдердегі қазақтардың ірі топтары Қытай, Монғолия, Түркия, Ауғанстан және Иранда өмір сүрді. 1959 жылы шет елдердегі қазақтардың басым бөлігі Қытайда 580000-і, яғни 13,5 пайызы, Монғолияда 39000-і, демек 0,9 пайызы, Ауғансатнда 3000-і, яғни 0,1 пайызы, ал Түркияда 2000-і демек 0,1 пайызы қазақтар болған екен.

1926-1959 жылдар аралығындағы көші-қон мәселелерін қарастырудың нәтижесі сол кездегі республикадағы жүргізілген құйтырқы солақай саясаттардың кесірінен қазақ халқының әлеуметтік демографиялық жағдайларының өзгерістерге ұшырағанын байқатады. Республикамызға өз атауын берген қазақ ұлтының республика көлеміндегі ішкі көші-қон мәселелеріне және республикадан тыс көршілес мемлекеттер мен шетелдерге ауа көшіп кету сыртқы көші-қон мәселелері, оның саны мен құрамы және әлеуметтік құрамына қатты әсерлерін тигізіп, демографиялық үрдістерге ұшыратты. Сондай ақ, қазақтардың саны мен үлестерінің өсіп, өркендеуіне орасан зор зиянды зардаптарын тигізген зерттеу аралығындағы қасіреттердің ﴾ұжымдастыру, индустрияландыру, ашаршылық, репрессялар, Ұлы Отан соғысы, соғыстан кейінгі халық щаруашылығын қайтадан қалпына келтіру және тың игеру жылдарының﴿ әсерінен қазақ халқының саны мен құрамы және әлеуметтік құрамы көші-қон мәселелерінен үлкен демографиялық күйзелістерге ұшырады. Кеңестендіру жылдарының ұжымдастыру, тәркілеу науқандары кезінде шетел асқан қазақтардың саны жүз мыңнан аса болғаны демографиялық жағдайларға қаншалықты кесірін тигізгені анық. Республикаға сырттан күштеп көшіріліп келген ұлт өкілдерінің үлес салмағы айтарлықтай басымдылық танытып, ал, керісінше жергілікті халық қазақтардың өз отанында азшылыққа айналуы да  сол кездегі көші-қон мәселелері тарихының көлеңкелі тұстары еді. Мысалы, Қытай Халық Республикасынан 1953-1959 жылдар аралығында 100 мыңнан астам адамның келгені қазақ халқының санына да аздап оң өзгерістер әкелгені белгілі. Сыртқы көші-қонның салдарынан қазақ халқы өз жерінде отырып өзге ұлттармен салыстырғанда азайған. Мұндай жағдайға әкелген кеңестік жүйе басшылығының қолдан жасаған ұжымдастыру, тәркілеу сияқты науқандарының нәтижесі болғандығы көрсетіледі.

Кеңес өкіметі қазақтардың дәстүрлі шаруашылығы мен өмір салтын қайта құру мен өркендетуде қате түсінікте болды. Сондықтан да, ғылыми тұрғыдан негізделмеген салдары жағынан ауыр қауіпті бағыт ұстанды. Олар, қазақтардың дәстүрлі шаруашылығын ғасырлар бойы өздері өмір сүрген табиғи ортаны игеру, оған бейімделу, бір сөзбен айтқанда, табиғатпен органикалық тығыз байланысты өсіп-өну нәтижесінде қалыптасқан жанды жүйе ретінде бағалай алмады. Сондықтан да, большевиктер басқарған өкімет қазақ шаруашылығын ғылыми негізде одан ары жетілдіре түсу емес, күні өткен шаруашылық түрі ретінде біржола жоюға әрекет етті.

Көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларын қысқа мерзімде жедел түрде жаппай жоспарлы отырықшыландыру жұмысы сәтсіздікке ұшырады, дәстүрлі шаруашылық заңын ескермей жасаған жоспардың орындалмағанын айтқанда, ол қазақ халқының ата-қоныстарынан ауа көшулерін үдетіп, оларды сергелдеңге салып, босқыншылыққа ұшыратты.

Демек, Қазақстан мемлекетінің немесе оның жергілікті ұлты қазақ халқының болашағы тек қана табиғи байлығының мол қорында ғана емес, республикадағы кәсіптік деңгейі жоғары, білімді, көп ұлтты жұмысшы мен қызметкерлердің құрамының өзіндік күші жинақталғанына қатысты болмақ. Мұның өзі аштықтан, босқындықтан иесіз қалған қазақ жеріне сырттан көз тігушілердің басым болғандығын көрсетеді. Сонымен, орыстілді тұрғындардың сыртқы көші-қонға байланысты, Қазақстанға көптеп келуі экономиканың дамуына өзіндік салқынын тигізуі мүмкін, өйткені Қазақстанда тұратын орыстардың 1926 жылы 22,2 пайызы, немесе 1959 жылы 59,0 пайызы қалалықтарды құраған, ал мұның өзі олардың маңызды әлеуметтік-экономикалық ортадағы артықшылығын көрсетеді. Сондықтан тек қазақтарға ғана емес, республиканың өзге ұлттарына да шын мәнінде өз елінде тұрғандай сезінуіне материалдық жағынан жағдай туғызу қажет болды.

Қорытындылай келе 1926 немесе 1959 жылдарды қамтыған зерттеу аралығында Қазақстанның ішкі көші-қон мәселесінде қазақтардың бір қиырдан екінші қиырға, немесе бір аймақтан екінші аймаққа көшіп-қонып жүруі олардың салтына айналса, ал кейбіреулері  ауылдардан қалаларға қоныс аударып, көшіп жатты. Олар фабрика мен заводтарға жұмысқа орналасып қалалардағы өндіріс орындарының қатарындағы жұмысшылар мен қызметкерлердің қатарын толықтырды. Ал сыртқы көші-қонда Қазақстандағы кеңестендіру саясатының нәтижесі, колхоздастыру науқанында қазақ байларын тәркілеп, қуғындау мәселелерінің өріс алуы, және  ұжымдастырудың салдарынан келген ашаршылық апатының қайғы-қасіреттеріне шыдай алмаған қазақтар көршілес республикалар мен одақтас мемлекеттерге, одан арғысы шетелдерге қоныс аударып, көшіп кеттіуінің нәтижесінен қазақ халқы өз отанында аз ұлтқа айналса, алдын ала ойластырылған, сол кездегі жымысқы саясатқа байланысты олардың орнына көршілес елдерден республикамызға орыстар мен басқа да ұлт өкілдерінің қоныс ауып келуінің  толқынынан Қазақстан индустриясының дамып, жаңа қалалардың пайда болып, ескі қалалардың жаңаруына, ауыл шаруашылығы мен мәдениетіне тигізген игі әсерін айта кеткен жөн. Демек, 1926-1959 жылдар аралығындағы қазақ халқының көші-қон мәселелеріне байланысты тарихының демографиялық ақтаңдақ кезеңдерін ғылыми тұрғыдан зерделеу, бұрмаланған тұстарын демографиялық бағытпен жаңадан зерттеп жазу, жаңаша тарихи демографиялық көзқарастарды қалыптастыру, бұл дегеніміз бүгінгі күн талабынан алып қарағандағы қазақ халқының зерттеу аралығын қамтитын көші-қон мәселелерін тарихи демографиялық тұрғысынан ашып көрсету болып саналары анық.

Дегенмен, Қазақстандағы 1926 және 1959 жылдары аралығындағы қазақ халқының ішкі және сыртқы көші-қон мәселесіндегі тарихи демографиялық сипаты осындай болғанымен, осы күндері қазақ демографиясының көші-қон мәселелерінің тарихындағы осынау кеңестендіру дәуірінің ақтандақ беттері тарихи демографиялық тұрғыдан зерттелініп, талай тарихи демографиялық деректердің мәні ашылуда. Қазақ халқының көші-қон мәселелерінің тарихын түбегейлі зерттеу халқымыздың өткен жолындағы кеңестендіру жылдарының демографиялық жағдайларын білуде ғана емес, алдағы уақытта оны әлеуметтік жағынан зерттеуге де негіз қалайды. Қазақтардың көші-қон мәселелерін тарихи демографиялық жағынан қарастыруда, кезінде кеңестендіру кезеңінің зерттеу аралығын қамтыған Қазақстандағы  қиыншылықтарға байланысты республикамыздан көршілес республикалар мен Одақтас мемлекеттерге және шетелдерге қоныс аударып кеткен қазақ қандастарымыздың өздері болмаса да, ұрпақтары бірлі жарым болса да, өз Отанымызға қайтып оралуда. Яғни, көш қонды болған сайын, егеменді еліміз, тәуелсіз Қазақстанның туу желбіреп, шаңырағы биіктей бермек.

Ж.Талдыбаев

Abai.kz

0 пікір