Жұма, 19 Сәуір 2024
Анық 6981 4 пікір 6 Шілде, 2018 сағат 08:35

Ақтаудан АЭС-ті аластаған ағалар

ӨЗ ЖАРАСЫН ЖАЗА АЛМАЙ ЖАТҚАНДА...

Қазақстандағы жалғыз атом электрстансасы Маңғыстаудан салынды, шапшаң нейтронды атом реакторын бейбіт мақсатта әлемде бірінші рет біздер пайдаландық деп күні кешеге дейін күмпілдеп мақтанып келдік. Алла жаманатынан сақтасын, «құлақ естігенді көз көреді» демекші, 7-8 жылдықта Мұнайлы ауданының бір топ өкілдері құрамында, сырт сұлбасының өзі сұсты көрінетін сол қорқынышты жерге барып, жұмысы тоқтатылған БН-350 реакторын дәл қасында тұрып көрдік. Үстімізге ақ киім кигізіп, қалталарымызға радиацияөлшегіш бір құралдан салып атомшы-ғалым орыс бастап алып жүрді. «Осы орыс өлмесе біздер де өле қоймаспыз» деп тәуекел жасадық. Енді ойлап отырсақ, ондағы арам пиғылдары атом реакторының адамға ешқандай зияны жоқ, жаңадан салынбақшы ВБЭР-300 АЭС-і бұдан да мүлдем қауіпсіз болады дегенге халықты сендіру екен. Шындығында, Ақтаудан АЭС салу онсыз да жарасын жаза алмай жатқан еліміз бен жеріміз үшін төнген тағы бір тажал екенін түсіне алдық па? Түсіндік, тіпті біраз адамдар қарсылығын ашық айтып, наразылығын да білдірді. Бірақ, АЭС-тің соншалықты қатерлі екенін білгенімізбен, оны ғылыми негізде дәлелдеп беретін кіміміз бар деп іштей қиналғанатынбыз. Жоқ, дәлелдеп беретін адамдар бар екен арамызда!..

ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ЭНЕРГЕТИКТЕР КОНГРЕСІНЕ ҚАТЫСУШЫ

Ол – Қалабай Төлегенов! Өзін бұрыннан танитын, сыйлайтын қариям. Жасы сексенге келіп тұр. Бір жағынан соққан инсульттің зардабынан сол аяғын сүйретіп басатыны болмаса, Аллаға шүкір, санасы сергек, ақыл-парасаты кемел, білімі өте терең адам. Маңғыстау мұнайы мен энергетикасы саласына қатысы бар жасы үлкендер түгел танитын өте абыройлы кісі. Біле білгенге 1968 жылы Мәскеуде өткен жетінші Дүниежүзілік энергетиктер конгресіне қатысқан энергетика саласының білікті маманы. Қазіргі таңда оқымысты ғалым дегендердің өзінің тісі батпайтын термоядролық энергетиканы дамыту бағытында ізденіп жүрген еш атақсыз ғалым.

ЖЕТПІС ЖЫЛДАН БЕРГІ ДОСЫ БАР...

Қарапайымдылық қалпынан бір ауытқымаған Қалабай Төлегенов пен оның сыныптасы, жетпіс жылдан бергі жан досы, ардагер геофизик Күмбетбай Әлібеков екеуінің еңбектері таудай. Тағдырлас жандар. Әкелерін сұм соғыс жалмап, жетімдіктен жетілген ұрпақтың өкілдері. Кетіктің мектеп-интернатында бірге тәрбиеленіп, Айдың жарығына шағылыстырған айнаның сәулесімен түні бойы кітап оқыған ашқұрсақ бала күндері, таңдаулылар сапында Бакуде жоғары білім алған студенттік жылдары, ерте-кеш демей ел игілігіне адал еңбек еткен жалындаған жігіт кездері, мұнай өндірісі саласында жауапты басшылық қызметтер атқарған толысқан азаматтық шақтары, күні бүгінге дейін жалғасқан достық қатынастары... бәрі-бәрін баяндасақ бірнеше кітапқа жүк болатын тарих! Ол екеуінің зейнеткерлік шағында тындырған ең басты еңбегі деп Сафи Өтебаев басқарған ынталы топ белсенділерімен бірлікте Ақтаудан атом реакторын салдырмауға ғылыми дәлел-дәйегімен қарсы тұрып, тажалдың бетін қайтарғанын айтар едік.  

Сол екі ағамыздың Ақтауда тұратын тағы бір сыныптасы, 1-топтағы мүгедек ақсақал Иса Байнекеевтен жақында редакциямызға хат келді. Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжановтың атына жазған хатының көшірмесін газетке жариялау үшін жолдапты. Аса маңызды мәселеге қатысты көп деректер келтірілген сол хатында жоғарыда аттары аталған екі ардагердің еңбегіне қатысты мынадай сөздер жазылған: «Олар – 30 жыл бойы (1986-2016 жж.) тынымсыз ізденіп, бүкіл әлемдегі АЭС мәселесін зерттеп, оның қауіп-қатерінен өз халқын қорғау үшін дәлел-дәйектерді архивтен, кітаптардан, баспасөз бен ғаламтордан іздеп тауып, Ақтаудан атом электрстансасын салуға қарсы пайдаланған білікті мамандар».

ҚАРИЯНЫҢ ХАТЫНДА НЕ ЖАЗЫЛҒАН?

Хат авторы Иса Байнекеевтің жазғандарын сәл ықшамдап оқырман назарына ұсыналық.

«2013 жылғы қыркүйектің аяғында ҚР Үкіметінің Астанадан әдейі келген жұмыс тобының басшысы Ақтау қаласы әкімдігінде халықтан, бұқаралық ақпарат құралдарынан жасырын жиын өткізген. Ақтау қаласының бұрынғы әкімі Еділ Жаңбыршин қатысқан жабық жиында Ақтаудан ВБЭР-300 АЭС-ін салуды біржақты шешу мәселесі қаралған. Жергілікті билік өкілдерінің осындай қылмысты істерін 2013 жылдың 7 қарашасында әшкерелеген Сафи Өтебаев ынталы тобының белсенді мүшесі, ержүрек жас эколог маман, «ЭКО-Мангистау» ҮЕҰ жетекшісі Кирилл Осин «Тумба» газетінде «Быть или не быть АЭС?» деген ақиқат шындықты айтқан орыс тіліндегі мақаласын жариялап (07.11.2013ж. «Тумба» №45 санын қараңыз), бүкіл елге олардың қастық құпиясын тездетіп ашып тастады. Сондай батыл әрекеттің арқасында техникалық жағынан қауіпті, пайдалануға мүлдем жарамсыз АЭС-тің ВБЭР-300 атом реакторы іске қосылмады. Осылай,  адамдарға, табиғатқа аса қатерлі жоба іске аспай қалды.

Мен осы күйіме де шүкіршілік етемін (аяғым, қолым еліме қайырымды,  тілегім, ақыл-ойым, сайраған тілім де сау). Жасым қазір дәл 80-де. Тек мүгедектер тізіміндегі ардагер ақсақалмын. Баршамыздың еңбегіміздің әділ бағасын беретін тәуелсіз төрешіміз - халық. Сол халықтың бір өкілі ретінде менің ұсыныс-пікірімді қарап, қолдауыңызды сұрап өзіңізге осы хатты жолдап отырмын.  

Құр айқай-шумен алып күшке төтеп беру қиын іс. Сондықтан, Ақтауда АЭС салдырмаудың дәлелді базасы логикалық, математикалық есеппен шығарылып,  жылдам нейтрондық БН-350 АЭС-інің 33 (отыз үш) жылдағы жұмыстарының қорытынды цифрлық көрсеткіштерін ғылыми экспертиза жолымен өте дәлелді пайдаланып, Ақтауда салынбақшы атом реакторы «ВБЭР-300»-дің шексіз техникалық жетпестік кемшіліктерін, тіпті әлемде ешқандай сынақтан өтпегендігін және реактордың бұл түріне ешқандай кепілдік (гарантия) жоқ екендігін дәлелдеп берген Сафи атаның ынталы тобы оның қолдануға мүлдем жарамсыздығын әлемге ашық жариялады. Терең ғылыми білікті талап ететін сол күрделі есепті шығарып, Ақтаудан АЭС салдырмаудың негіздерін жеке-жеке атап көрсеткен 6 тараудан тұратын қазақша да, орысша да нұсқасы бар дәлелді базасын алға тартқан адам – Қалабай Төлегенов! Шындығында, сол пенденің күндіз-түні атқарған тынымсыз еңбегінің қорытындысы ол деген. Ерлікке барабар еңбек!

 

«...АЛАПАТ АПАТТАРДЫҢ ҚАЙТАЛАНУЫНА ЕШКІМ ЖОЛ БЕРМЕЙДІ!..»

Ынталы топ есебінің қорытындысындағы аталмыш АЭС іске қосылса Ақтауда сейсмикалық қауіптілік 9, 10 баллдан да асып кету қаупі барын және Ақтау тәжірибе жасау үшін сынақ полигоны еместігін қатаң ескеріп, Елбасымыз Маңғыстаудан «АЭС ВБЭР-300»-ді салуды тоқтатты.

Меніңше, халықтың мүддесіне сай АЭС салдырмауға еңбек сіңірген мамандарды қолдау да, қорғау да қажет. Ол өте қиын да жауапты іс. Өзі ауырып, инсульт салдарынан тұрмай ұзақ уақыт төсекке таңылып жатса да, халықтың тілегімен АЭС салдырмаған нағыз патриот азаматымыздың ерен еңбегі ескеруге лайық! Себебі, ол екінің бірінің қолынан келмейді. Атом мәселесіне мен деген ғалымдардың өзінің тісі батпайтыны ақиқат. Тажал қаупін айтып, қарсы тұрған Сафи Өтебаев тобының ынталы мүшелері – қарапайым адамдар, құмырсқадай еңбекқор, байсалды, табанды, білімді пенделер. Олар мансапқорлықтан да, атаққұмарлықтан да, арызқойлық, шатаққұмарлықтан да аулақ.

Ақтаудағы «Росатомның» жақтастары біздін ынталы топқа жолдаған хатында: «Біз мынаны бәрі білсе екен дейміз: Пір Бекет Атаның қасиетті жерінде Чернобыль және «Курск» сияқты алапат апаттардың қайталануына ешкім жол бермейді. Мұнда ондай жағдайлар болмауы тиіс!» деп жазыпты.

Оларға біздің берген жауабымыз былай деп басталды: «Чернобыльде апат болған бірінші күні-ақ АЭС-тегі жан түршігерлік өрттен, жарылыстан, радиациялық сәулелерден уланудан, ауа жетпей тұншығудан бірнеше жүздеген жазықсыз адамдар тірілей өртеніп, күйіп, қаза болған. Бұл жауап хат сондай қауіпті стансаны қайталап ойластырғандардың адресіне бағытталған».

Міне, Құдай берді: «Егемен Қазақстан» газетінде 2014 жылдың 28 тамызында қуанышты хабар жарияланды. Екі егеменді елдің: Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев пен РФ Президенті В.В.Путиннің Шығыс Қазақстан облысында қабылданған бірлескен шешімінде ҚР-да АЭС салынатын орын Курчатов қаласы болып белгіленген. Онда Ақтаудан АЭС салу мәселесі ешбір тізімде көрсетілмеген. Сөйтіп, Ақтауда АЭС салу туралы ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 05 қыркүйегіндегі № 1147 Қаулысының күші жойылған.

МӘҢГІ ЖАЗЫЛМАЙТЫН ДЕРТ

Атоммен, радиациямен байланысты адамға ажал әкелетін, мәңгі жазылмайтын, тіпті ешбір ем қонбайтын зиверт (ЗВ) диагнозы Жапон елінде орын алғандығын оқымысты ғалымдар мойындап, жариялады. 1979 жылдан бастап дүние жүзі медиктері мойындауда: ол деген адамның денесін, ағзасын көптеген рентген дозасы жауып кеткеннен пайда болатын сырқат. Ал, Зиверт - соны ашқан шетелдік, бақилықка кеткен оқымыстының аты.

Ақтау - өте қиын экологиялық, радиоактивтік қауіпті аймақтағы қала. Қысқаша қауіп-қатер мынадай:

Біріншіден, ҚР-да жылдам нейтронды АЭС салынған қала тек жалғыз Ақтау қаласы, басқа бірде-бір облыста ондай болған жоқ. Маңғыстаудың басқа облыстардан ерекшелігі сонда: атоммен байланысты жасанды ойпаттар, жылдам нейтронды АЭС, Қошқар ата радиациялы көлі т.б. бар. Азабы арылмаған біздің елдің халқын түсініксіз аурулар, бейнеттер, кауіп-катерлер: рак (қылтамақ), инфаркт, инсульт, сәуле сырқаты, бүкіл жер жүзіндегі қауіп-қатердің ең жаман түрлері жайлады. Оның қайнар көзінде радиациялық қаупі зор бірнеше ашық жатқан ойпаттар бар. Олардан ұшқан радиациялык шаңдар елді тұншықтырып, бұрқырап көміп салады.

Екіншіден, Маңғыстауда біраз шамада уран рудасы қазылып алынған карьерлер ашық-шашық күйінде жатыр. Іргесінде үлкен ауыл пайда болды. Әсіресе Қарақия ойпатына жақын орналасқан Батыр ауылы бар.  

Маңғыстаудағы ең ірі экологиялык проблеманың бірі - құрамында уран қалдықтары мол «Қошқар-ата» өндірістік-химиялық қалдықтар қоймасы. Ол Каспий теңізінен 7-8 км, Ақтаудан 3-4 км жерде. Жалпы Маңғыстауда 256 миллион тонна атом руда қалдықтары бар. Жасанды қоймаға 105 млн. тоннадан астам уытты қалдықтардың шөгіндісі төгілген. Оның радиоактивті уран қалдықты үлгісі 52 млн. тоннаны құрайды. Жасанды көл суының кебуі салдарынан шаң, аэрозольды бөлшектердің атмосфераға тарау қаупі қатты алаңдатады. Басқұдық, Баянды, Ақшұқыр, Сайын ауылы тұрғындарын радиациялық қауіптен қорғау, «Қошқар-Ата» көліндегі аса зиянды қалдықтардың Каспийге жету қаупін болдырмау үшін ел Үкіметі, облыс және Ақтау қаласы әкімі аса жауапты міндетті мойнына алып, тез шара қолданып, шешуі керек. «Қошқар-Ата» көлін зерттеу, радиациясын өлшеу - 34 микрорентгенді көрсетті, бұл – өте көп, аса қауіпті радиациялық доза саналады.

«Қошқар-ата» қалдық қоймасын қалпына келтіру үшін республикалық бюджеттен 4 (төрт) жылға 17 518 159 000 теңге бөлінді. Оған қоса осы жылдың басында 1 млрд. 700 млн. теңгені министр Қанат Бозымбаевтың бөлуі жоспарланған.

Осы жоғарыда айтылған халықтың денсаулығын құртып тұрған жантүршігерлік қауіп пен қатерді жоюдың қандай нақты жолдары қарастырылған, осы 4 жылда ондай қасіреттен құтылуды кім, қалай шешеді??

Себебі, бұдан бұрынғы облыс, қала әкімдері де қарайған қаржы бөлдіріп,  шаралар алу жайында уәде бергенмен, іс жүзінде орындалмай қалды. Жағдай еш өзгеріссіз, «Қошқар-ата» көлі әлі шіріп жатыр. Амалы жоқ сорлы халық экологиялық ластанудың азабын тартып отыр. Ақыры, іс бітпей, соншама ақша тағы да сыбайластар құлқынына  жұтылып кетпеуіне кім кепіл?

АЭС-тің ядролық отын калдықтары (ЯОҚ) бар жер жүзіндегі дамыған Франция, Германия, Британия, АҚШ т.б елдер ЯОҚ-тан құтыла алмай, сыйғыза да алмай, жерге көме де алмай отыр. Сақтау үшін миллиардтаған евро жұмсалған ЯОҚ-тың бірнеше миллион тонна қалдығының өзі-ақ 300 жыл бойы төңірегіне радиация шашып, халықты зарықтырады, тек адам пендені емес, бүкіл өмір сүруге керек табиғат байлығын (ауаны, топырақты, суды, шөпті, жеміс-жидектерді, құстарды, малды, балықты, тамақты) уландырады.

НАҒЫЗ ПАТРИОТТАР – СОЛАР

Мен Ақтауда АЭС салдырмағандарға шын жүрегіммен ризамын. Оларды шын ықыласымен халқымызды мәңгілік зардап әкелетін АЭС апатынан құтқарған, Маңғыстау халқының нағыз білікті де батыл патриоттары деп әділ атап, осы қайырымды жандарды орден- медальдармен марапаттау туралы ұсыныс-пікірімді Елбасымызға жеткізуді облыс әкімінен өтініп сұраймын. Шындығында ол Елбасымыздың көрегендігі, Мұнай ата тобының ойлаған еңбегінің нәтижесі.

Сафи Өтебаев басқарған ынталы тобының мынадай белсенді мүшелерін республикалық кезеңге өткізіп, орасан зор еңбектерінің жемісі үшін «Аманат» сыйлығын тағайындап беруді ұсынамын:

Тілепов Жұматқа - ғылым докторы.

Алшымбаев Зейноллаға - қоғам қайраткері.

Трұмов Серікбайға – облыстық мәслихаттың хатшысы, іскер, талапшыл басшы.

Имашева Нұрғанымға – «Тумба» тілшісі.

Төлеев Жалғасбайға – зейнеткер.

Жұмалы Расулға – белгілі саясаттанушы.

 

ЕКІ КЛАСТАСЫМ ЖАЙЫНДА

Ол екеуінің әкесі соғыста өлген, жетім балалардың пансионат-интернатында тәрбиеленді. Алтыншы, жетінші кластардан бастап ең сабаққа алғыр, үздік, қайырымды, мейірімді оқушылар болғандықтан мектебіміздің құрмет тақтасынан түспеді. Олар үнемі білімін жетілдірумен келеді. Олардың бірі Күмбетбай Әлібеков - КСРО үкіметінің тапсырмасын орындап Шығыс Азия елдерінде (Вьетнам, Корея, т.б) ең үздік білікті инженер, геофизик атанып, 3 жыл бойы мұнай-газ барлау экспедицияларында табанды жұмыс жасады, кейін көп жыл Маңғыстаудағы геофизикалық мекемелерді басқарды.

Ал екіншісі Гурьев облысынан жалғыз делегат болып Москвада 1968 жылы 20-24 тамызда өткен Дүниежүзілік VII энергетикалық конгреске (МИРЭК-VII) қатысушы ардагер энергетик Қалабай Төлегенов. Сол сапарында Ұлыбританияның әлемге аты белгілі атомшысы Льюис Грей мырзаның жалынды сөздерін өз аузынан тыңдаған адам. Әлем ғалымдары адам ағзасының сәулелену дозасының нормасы тек Грейдің жаза салған цифрлар қатары емес, оның бәрі бірнеше жылдық ғылыми-лабораториялық, эксперименттік жұмысының, оның өзінің тексеруінен өткен қорытынды түйіні екеніне МИРЭК-VII-де көз жеткізді. Ол өз сөзінде Атом, АЭС ғылымы өте қиын, қауіп-қатерлі, адамның миын тез шаршатып, ғұмырын сарп ететіндігін айтқан. Сұрақ, жауап, сұхбат барысында кеңес мамандары білімінің тайыздығын тез аңғарған ол біздің мамандарды 3-4 жылдық курсқа Лондонға оқуға шақырады. Алайда, Мәскеуге тәуелді Қазақстан басшылары олар ұсынған шартқа, әлемдегі ең құнды, ең қымбат Британдық доллармен (funt sterling –фунт стерлинг) оқу құнын төлеудің қиындығы себепті деген желеумен қол қоймайды.  

Маңғыстаулық делегаттың айтуынша, МИРЭК-VII конгресінің қорытынды шешімінде КСРО  ғылым Академиясының президенті, академик В.А.Александров Шевченкода (қазіргі Ақтау)  АЭС-БН-350 салынатындығын айтып, таныстырған.

Британияның атақты ғалымы Льюис Грейдің 1975 жылы атом энергетикасында радиациялық ластанудың қайнар көзі гамма, альфа, бета сәулелерінің әсерінен адамдағы жазылмайтын ауруларға себепші Грейдің (гр) шекті дозасы мөлшері, одан қорғану жолы туралы ашқан жаңалығына сүйеніп, ҚР-ның отандық медицинасы радиациялық ластанудан тарайтын аурулардан адамды емдеп жазуға ғылыми көзқарас  танытуы керек. Тек сонда ғана бізде аталмыш ғалымның атомдық, дәрігерлік, темірдей талабы, тәртібі орындалады. Льюис Грей мырзаның ашқан жаңалықтарынан үйренген Мұнай Ата ынталы тобының тоқсан ауыз сөзінің тобықтай түйіні мынадай: елімізде неғұрлым АЭС көп болса, онда соғұрлым өте кауіпті жазылмайтын аурулар да көбейеді.

Елу жыл бұрын өткен сол дүниежүзілік энергетиктер конгресінде дамыған шетел мамандарымен жақсы танысып, сөйлесіп, олардан көп жаңалық, тәжірибе алғаны, білім үйренгені өз пайдасын берді. Ардагер энергетик Қалабай Төлегеновтің батыл, талапкер, іскерлігімен Қаламқаста газтурбиналық электрстансасын (ГТЭС) салуды басқарғанында, менің осы кластасым қатарынан 3 жыл (2006-2008ж.) бойы 4 жас шәкіртімен Германия, Франция, Швецияда (Стокгольмде), т.б. елдерде жұмыста болып, Дрезденьде, Хемницте, FYNSVURG «Simenes» зауытындағы сынауға өздері комиссия ретінде қатынасып, қуаты 45 мың кВт-тан тұратын 2 комплект ГТЭС-ті көптеген қиыншылықтармен елге алып келді. ҚР-да алғаш рет Германияның «Simenes» фирмасының ГТЭС тапсырысы орындалды, Францияның атақты «ALSTOM» фирмасының газды қорғауға арналған электр жабдықтарын ГТЭС-те жаңалық инновация ретінде орнату іске асырылды.

Нәтижеде жаңа техниканы «Маңғыстауэнергомұнай» энергетиктері әкеліп орнатып, ел игілігіне арзан бағамен 1 кВт.сағатқа 8-9 теңгеден электр энергиясын өндіретін стансаны іске қосты. Ал, өндіруші және тасымалдаушы МАЭК, МРЭК компаниялары қазіргі уақытта электр энергиясының бағасын 22 теңгеден асырып, одан да көбейтуде.

«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамында «жасыл экономикаға» көшу аясында ресурстардың тиімділігін арттыру, табиғат ресурстарын рационалды пайдалану бағытында электр энергиясын өндірудің шығыны аз әдістері қолға алынды. 2014 жылы Қаламқас кенорнында іске қосылған газ- турбиналық электр стансасын (ГТЭС) іске қосқан кезеңнен бастап 2017 жылдың сәуіріне дейінгі аралығында 750,2 млн.квт/сағат электр энергиясы өндіріліп, барлық шығындарын қоса есептегенде 6,953 миллиард теңге үнемделді. Мұнда 31 жаңа жұмыс орны ашылды. Стансаның іске қосылуы Маңғыстау электр энергия торабы жүйелерінің жұмысын 8 пайызға дейін жеңілдетуге, сондай-ақ бұрын электр жүйелерінің апаттық жағдайда өшіп қалуынан болған мұнайдың жоғалу фактісін тоқтатты. Егер 2013 жылы бұл көрсеткіш бойынша - 2933 тонна мұнай жоғалса, 2016 жылы бұл көрсеткіш - 6,8 тоннаға дейін төмендеді.

Осыған қоса ГТЭС ұжымы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевқа, САР басшысы Р.Т.Сарсеновке, облыс әкімі Е.Л.Тоғжановқа, «ММГ» АҚ бас директоры Б.А.Иманбаевқа 3 (үш) жылдық кезеңдегі (2015-2017) өздеріне алған міндеттемені мезгілінен бұрын, энергетиктер күні мерекесіне сәйкес 26.12.2017 ж. асыра орындап, 11 млрд. 600 млн. 300 мың теңге қаржыны үнемдегендігін мәлімдеді.

 

РАДИОАКТИВТІ СӘУЛЕЛЕР ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Альфа, бета, гамма радиоактивті сәулелерінің ішінде гамма сәуленің қауіптілігі басым, одан қорғасын, бетон плиталарымен экрандау арқылы қорғануға болады. Гамма дене сыртындағы сәулелер. Альфа, бета дене ішіндегі сәулелер. Осы екі сәуле ішкен аспен, сумен, темекі түтінімен, ауамен т.б. жолдармен адамның ішкі денесіне өтіп, көп уақыт сақталып, денеден шығып біткенше сәуле шашып, иондаушы әсер береді. Альфа – адам денесіне  өтіп кетсе, шығуы қиынға соғып, сол тоқталған нүктесіне өте күшті иондық әсер қалдырады. Бета сәулелері арқылы жылдам электрондар адам денесіне атом бірнеше сантиметрге сіңеді. Сәулені бір нүктеге емес, жүрген жол бойына шашады. Адам ағзасына радиацияның тигізетін әсері сол бойда сезілмейді. Ол көзге көрінбейді. Иісі, дәмі де жоқ, қолмен ұсталмайды. Сәуле әсерін сезетін адамда мүше жоқ. Бұл үшін әлемде иондаушы сәулелерді анықтауға және тіркеуге арналған дозиметр құралын дамыған елдерде әр адамға беріп қойған, әсіресе Англияда көп. Қазақстан Республикасында ол жеткіліксіз. Міне іс жүзінде дені сау адамдарға профилактикалық, рентгенологиялық, медициналық және ғылыми зерттеулер жүргізген кезде осы адамдардың  жылдық тиімді сәуленену дозасы 1м.3в аспауы тиіс.

Біздерде ҚР-да ондай дозаны да білмейміз, оны ешкім де өлшемейді. Ақтауда да, облыстық ауруханада да ешбір адам Грей (гр), зиверт (зв) өлшеуішін білмейді, ұстамайды. Ол сәуленің денеден шығуы өте қиын болады, ҚР-да оны шығаратын дәрігерлік көмек жолы да жоқ секілді. Еті қалың, қатты ағзаларға сіңген атомның бета сәулелері, бауырда «цирроз печени», өте қауіпті диагнозға апарады, біздің елде сол мүшелерін ауыстыруға  айлап, жылдап кезекте донор күтіп, сарғайып, шаршап ауруханада жатқандар қаншама?

Радиациядан тірі организм клеткаларының биофизикалық қасиеттері өзгеріп, тіпті генетикалық деңгейдегі бұзылуы арта береді. Үздіксіз сәулеленуге  ұшыраған адамдар да соматикалық-стокастикалық әсерлер (өмір сүруі қысқарады, қан ағару, ағзада қатерлі ісіктер, гендік мутация, тұқым қуалайтын өзгерістер) пайда болады. Генетикалық эффект яғни тұқымға әсері тек белгілі ағзаны зақымдап қоймайды, ұрпақтан ұрпаққа беріліп тұқым қуалайды. Әрбір ағза мүшесіне сәулененудің әртүрлі реакциясы (көз де сезімтал ағза, әсіресе көз қарашығы 2 гр (грей) доза  алған кезде көру қабілеті жоғалады) бар. Сәулелену әсерлердің жиілігіне байланысты (еркектің ұрығы 1 рет 2 гр (грей), ал әйелдің ұрығы 3 гр (грей) доза алған жағдайда жансыз болып қалады. Ер адамның жыныс мүшесі рак ауруынан жансызданады. Ересек адамның бүйрегі 1 ай ішінде жинақталған 40 грей дозаны, қуығы 4 апта ішінде жинақталған 55 гр дозаны көтереді. Сіңір еті 70 грей дозаға төтеп бере алады.

Өкпе аса күрделі мүше, радиация әсеріне өте сезімтал. Ал, балалардың ағзасы радиацияның өте аз мөлшерін де көтере алмайды.

АҚТАУДА СЕЙСМИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ҚАЛАЙ 6 БАЛЛҒА ЖЕТТІ?

Сафи атаның ынталы тобының есебінің аты: «Доказательная база против строительства АЭС в г. Актау» - Ақтауда АЭС салуға қарсы дәлелді базада көрсетілген:

  1. Жылдам нейтронды АЭС БН-350-ді салғанда 1973 ж. Ақтауда сейсмикалық қауіпсіздік ноль (0) балл болды.
  2. 2006 жылы АЭС БН-350 жұмысы тоқтатылғанда, оған дейін 5 баллға жеткен сейсмикалық қауіпсіздік көрсеткіші 6 (алты) баллға дейін көтерілді.
  3. СНиП бойынша 7 балдық  шекті шамада (критическая нормада) ондай жер АЭС салуға болмайтын қауіпті аймаққа кіреді.
  4. Егер, АЭС ББЭР-300 60 жылдық гарантиялық мерзімімен іске қосылса, есеп бойынша сейсмикалық қауіп 9 және 10 баллдан да асатындықтан, ол АЭС-ті болашақты әріден  болжайтын мемлекет басшысы салдырмады. Елбасы 2004 жылы Сафи ағаның 95 жасында оны бірінші дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады, оған кәміл сенді.

ЯДРОЛЫҚ ОТЫН ҚАЛДЫҚТАРЫ ҚАЙДА КЕТЕДІ?

АЭС БН-350 ядролық отын қалдықтарының алғашқы бірінші бөліктері Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласына (ЯОҚ) тапсырылған. Енді әлі қалғандары (неше тонна?) 3 контурлы сұйық натрийдің ішінде сақталғанмен, радиация шашып тұрады. Одан тездетіп құтылу МАЭК басшыларының қолында. Ол қашан жасалады? Қалдықтардың бәрі соңғы  60-70 жылда өндіріспен пайда болған.

Мал баққан Маңғыстауда бұрын жоғарыда айтқандай дауасыз дерттер тіпті болмаған. «Өте жаман ауру» балалар арасында да көбеюде, сәбиде рак ауру болмаған? Баспасөздегі мәліметтерге қарасақ, жалпы Қазақстан бойынша жыл сайын 600-ге жуық бала онкологиялық және онкогематологиялық аурулармен ауырады екен. Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының онкогематолог-дәрігері Назгүл Айсақызының айтуынша, бүгінгі таңда аймақта 86 бала онкологиялық аурулармен есепте тұр. Тарқатып айтар болсақ, лейкоздан (қан түзілу жүйесінің қатерлі ауруы) – 32, бас миының қатерлі ісігінен – 11, ретинобластомадон (көз торының жетілмеген эмбриональдық клеткасынан дамыған қатерлі ісік) – 14, нейробластома (симпатикалық жүйке жүйесінде болатын қатерлі ісік) нефробласома (бүйректің қатерлі ісігі), гепатобластомадан (бауырдың қатерлі ісігі) – 25, лимфомадан (лимфоидтық тіннің әртүрлі топтарындағы қатерлі ісік) – 4 бала есепке алынған.

3500 науқас онкологиялық есепте тұр, 30 қарашада 2017ж. «Биылғы жылы 318 науқас айықпас дерттен (асқазан обырынан, өңеш обыры, өкпенің қатерлі ісігінен) көз жұмған», - деді облыстық онкология диспансерінің бас дәрігері Нұрлан Джариев.

Облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Камшат Тұрсынбекованың айтуынша, бүгінгі таңда 93 бала қатерлі дертпен есепке алынған. Биыл 4 бала онкология ауруынан көз жұмған.

«Бұл не болған Құдай-ау, адамдарға? Біз де сондай болған соң, амал бар ма?» деп еңіреп Құдайға жылаумен, тіпті Германияда да жазыла алмаған соң осы аурудан қазақтың біртуар ақын қызы Фариза Оңғарсынова да келмеске кеткен.

Радиацияның шекті дозасы 0,05 гр-ден аспауы керек. 3÷10 гр (грей) адам өміріне өте қауіпті. Неге осындай көп шексіз өлім біздің елде? Неге еш шара жоқ оған қарсы?

Ерекше көрсететін аса қауіп-қатер: иодтың радиобелсенді изотопы 1÷131 адам ағзасына түсер болса, қалқанша безде шоғырланады, бүкіл ағза мүшелерінің алған дозасының әсері қалқанша бездің алған дозасы әсерінен 200 есе асып кетеді. Ағзаның зақымдану дәрежесі сәулеленген мүшенің көлеміне байланысты. Мен енді ғаламторды да, газеттерді де, шетелдік, архивтерді де, атом, АЭС жайында ертедегі кітаптардан, Грейдің т.б. ашқан өте көп жаңалықты ауру түрлерін естігім келмейді. Неге ҚР-да иондаушы сәулелерді анықтаумен және оларды тіркеумен ешкім айналыспайды?

Льюйс Грейдің аманаты: бүкіл әлемде оқушы жеткіншек жастардың көбінің құлағына тығулы, алдында, аузында интернет, ұзақ мерзімге ешқандай үзіліссіз киносы т.б. ғаламтордағы атыс, соғыс-өлім, жарылыс ойындары, осындай шексіздіктен кейбір оқушы, студенттердің есі ауысып, психикасы тозып кеткендері көп болған, ешқандай оларға ем қонбайды, дәрі-дәрмектердің де керегі жоқ. Льюйс Грей мырзаның оқушылары осындай радиациялық ластанудан, техногендік сәулеленуден бүкіл жер жүзіндегі елдерді сақтандыруға шақырған үгіт-насихатын жеткізу дұрыс болар оқушыларға. Әйтпесе бұл аурудың соңы қатерлі ісікке, құрт ауруына (адамның миы құрғап, бауыры қатуы т.б.) әлемдік трагедияға соғар деп уайымдайды Батыс Европа оқымыстылары.

Менің Форт-Шевченко мектебін бірге бітірген екі кластасым да инсультпен ауырды. Бір ауыз өтірік қоспасы жоқ осы хатымды жазысуға сол екеуі көмектесті. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, ұрпағымыз сау болсын!», - деп аяқтапты аманат хатын ардагер аға, 1-топтағы мүгедек, Сафи Өтебаевтың ынталы тобының мүшесі, Ақтау қаласының тұрғыны Иса Байнекеев.

    «Жақсыны мақтасаң қамданады, жаманды мақтасаң қомданады» деген ғой халқымыз. Атаққұмарлықтан ада, аманатқа адал, Ақтаудан АЭС-ті аластауға атсалысқан ақсақал ағаларымыздың білімділігіне, елжандылығына, қарапайымдылығына қайран қаламын! Алла қуат бергей сіздерге!

Атом реакторы мен ядролық отын қалдықтарының зауалы мен зардабы туралы халыққа бұрын көп ештеңе ашық айтылмастан құпия сақталып келді. Адамдар күнделікті өмірде, күнелтісте өзін-өзі қатаң бақылауды ұмытып, көп шамадан тыс радиациялық техногендік сәулелену қауіп-қатеріне тап болуда. Зияны көзге көрініп тұратын зат болмаған соң біздер де білмейміз, залалын онша сезінбейміз. Алайда, оның айтуға ауыз бармайтын қасіретін қазірде де тартып отырмыз, кейінгі бірнеше буын ұрпақтарымыз да тарта береді екен!.. Адамзатқа қастандық жасаушылар аты өшкір атом бомбасын Маңғыстау жерінде үш рет сынаған. Білетіндер екі рет жердің астында, бір рет ауада сынақ жасалғанын айтады. Уран өндірісімен және атом реакторының жұмысымен байланысты радиациялық қалдықтар көмілген Қошқар ата улы көлі дауасыз дерттей іргеде төніп тұр! Уран алынған кешегі карьерлер ашық-шашық күйі шаңытып әлі жатыр. Улы отынмен ұшатын Ресейдің зымырандары қырға құлап, даланы тоздыруын әлі тоқтатқан жоқ. Уран рудасын шайған зауыттың маңына ауыл қондырып, неше түрлі құрылыстар салып, қамсыз өмір сүріп жатырмыз. Радиациялық аймақ деп тосқауыл белгі қойылған жерде тепсе темір үзетін қазақ жігіттері шаңын бұрқыратып көмілген зиянды қалдықтарды нән қанарларға толтырып, табыс табуда... Мұның бәрі күнделікті көз алдымызда болып жатқан құбылыстар. Қорқыту үшін емес қауіп еткеннен айтып отырмыз. Жасаған Ием өзің жар болып, жаманатынан сақтай гөр!

Мұрат Жетекбай

Abai.kz

 

4 пікір