Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
46 - сөз 7026 4 пікір 2 Шілде, 2018 сағат 10:13

Көріпкел

«Жаманның сандырағынан...» кейін менің беделім күрт өсіп кетті. Жекеме хат жазып, ақыл-кеңес сұрап жатқандар көп. Көбі — қыз келіншектер. Ай, неткен таза, неткен аңғал халық-ей, бұл!

Бойымда ерекше қабілет бар екеніне өзім де сене бастаған сияқтымын. Көріпкелдер неғып көбейіп кетті десем өстіп сендіреді екен ғой...

Айтпақшы, менің Раушан Төленқызының үйінен басқа да айтқаным «дәл келген» кез болған. Жә, бәрін басынан бастайық...

Менің Кенже, Бақыт дейтін құрдастарым бар. Студент кезде осы екеуінен көресіні әбден көрдім. Мен туралы шығармаған әңгімелері жоқ. Мысалы, мен түнде ұшатын көрінемін. Иә, кәдімгі бөлме ішін бойлап. Каникулдан кешіккен кезде «өлтіріп» тастағандары да бар. Қайтесің, құрдас! Қазақта құрдасқа сот жоқ. Реті келгенде оларды мен де аямайтынмын...

«Байға тимеген қыздың бәрі — балгер» — дейтін «мақал» болатын сол кезде. Шынында да қыздардың бөлмесінде, карта, құмалақ болатын ылғи. Өздері ашады, келген қонақтарға аштырады, әйтеуір, болашаққа «сапар шегіп» жатады.

Кенженің хиромантикамен әуестеніп жүрген кезі. Бақыттың да тәп-тәуір құмалақ салатыны бар. Қыздардың арасында әжептәуір беделге ие.

Бірде екеуі көрші факультеттің жатақханасына барады. Сол жердегі сұлулар бұлардың әулиелігіне ауыздарын ашып, көздерін жұмады. «Шіркін, Баукең болғанда ғой...» — дейді Бақыт қарап отырмай, — нағыз әулие сол ғой. Айтқаны айнымай келеді». «Қойшы, Бақыт, ұқсамайды ғой...» — дейді қыздар. «Олла, біллә» — деп қылғынады Бақыт. Оған Кенже қосылады. Менің неше түрлі дәл келген болжамдарым туралы құйқылжытады...

...Қыздар маған құрметпен қарап қалыпты. Біртүрлі бұрынғы қалжыңдары да азайған. «Менен бастайсың ғой...» — деді бір кезде бірі сүзіле қарап. «Одан кейін — мен...» — деді екіншісі. Қыздар шулап кетті. Мен шошып кеттім. «Осынша қызға менің шамам...».

...Жо-жоқ, жаман ойлап отырған мен екен. Қыздардың әңгімесі көріпкелдік туралы болып шықты. Мен, әрине, ат-тонымды ала қаштым. Олай айттым, былай қарғандым, сенбейді. Ана екеуі де аттап бастырмайды: «Бауке, нең кетеді...». «Ай, бұл ит бірдеңе дәметіп отырған шығар...» — деді Бақыт бір кезде. «Ойбай, төлейміз! — дейді қыздар шулап. Манағы манағы ма, енді әбден састым. Бір кезде айла тапқандай болдым: «Мен бейсенбіден жұмаға қараған түнде ғана ашам...». «Келістік!» — деді қыздар...

«Енді сендерді желкемнің шұқыры көрсін» деп кеткем. Әсіресе бейсенбі күні ол жаққа аттап баспаймын. Бірақ, бойдақта ес болмайтыны рас екен, бірде дәл бейсенбі күні бара қалыппыз. Қыздар ортаға алды. Құтылу үшін өтірік айтқанымды айтсам, сенбейді: «Уәде бергенсің...». Мына екеуі де тақымдап барады. Кенет... санам жарқ ете қалды. Бір қыздың балконда тұрғанда, шараптың буымен, құрбысы туралы айтқан әңгімесі есіме түсті. Ұзынағаштың жігіті... махаббат хикаясы, қыздың тіпті өлең жазғаны... бәрі-бәрі... Абырой болғанда, ана жігітті де бір рет көріп қалғаным бар. Біз бұл жатақханаға енді аяқ басып жүргенде ұзын бойлы, бұйра шашты, қоңқақ мұрынды бір жігіт дәл осы бөлмеден шығып келе жатып, маған алара қараған. Кейін көрінбей кеткен...

— Жарайды, — дедім енді алақанымды ысқылап. — Сенен бастайын, — дедім сосын әлгі қызға бұрылып, — бірақ келісіп алайық, аталарым құлағыма не сыбырласа, соның бәрін айтам. Іркіп қалсам, өзіме ауыр болады...»

Қыз шошып кетті. Бірақ білуге деген құмарлық жеңген сияқты, келісті. Мына қырсықты қарасайшы, не карта салудың, не құмалақ ашудың ретін білмейді екем. Бәрібір тығырықтан шығар жол таптым. «Мен тамыр ұстап, айтамын, — дедім барынша байсалды болуға тырысып, — мыналар сияқты өтірік айтпаймын...».

Көзімді тарс жұмып, тамыр ұстап отырмын. Екі-үш минуттан соң ана екеуі шиқылдай бастады. «Тәйт, аруақты қашырасыңдар...» — дедім көзімді ашпаған күйі. Сосын асықпай, ана қыздың бар «тарихын» баяндап шықтым. Жігіттің бет-бейнесін суреттегенімде бәрінің ауыздары ашылып қалды. «Жақын жерді көрсетіп тұр, Алматының мына жағы сияқты...» — дедім Ұзынағаш жақты сілтеп. Қыздың өлең жазғанын айтқанымда естері шығып кетті. Маған бәрін мөлдіретіп айтып берген қыз да аузын ашып, аңқиып отыр. Сірә, ұмытып қалған...

Мен «болжамымды» бітіргенде, бөлме ішінде құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады. «Ол... келе ме? — деді бір кезде алаулап отырған әлгі ару. Бұл — мен күтпеген сұрақ еді. Қайтадан көзімді тарс жұмып, аппақ білекке жармастым. «Келмейді!» — дедім сосын, — Сен ренжіме, бірақ маған солай деп тұр...».

Тым-тырыс. Бәрі қорқып қалған сияқты. «Бауыржан, ана бөлмеге барып, оңаша сөйлесуге бола ма? — деді бір қыз үркектей қарап. Сірә, құпиясы жұртқа мәлім болады деп үрейленіп отыр. «Жоқ! — дедім мен, — Сендер білмейсіңдер ғой, бұл — өте ауыр нәрсе...».

«Ай, сен ананың бәрін қайдан білесің? — деді екі құрдасым сыртқа шыққасын. «Аталарым айтты!» — дедім мен...

...Міне, осылай, қыздар. Жалпы көріпкел атаулыдан аулақ жүрген дұрыс. Алдағыны тек Алла біледі!

Бауыржан Бабажанұлының Facebook-тегі парақшасыннан

Abai.kz

4 пікір