Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 5087 5 пікір 17 Мамыр, 2018 сағат 12:00

Қытай билігі оразаға тыйым салып, мұсылмандарға шошқа етін жегізіп жатыр!

Қытай бізге көрші қоныстанған мемлекет. Шегенделген шекараның арғы бетінде этникалық қазақтар тұрады. Олар Қытай азаматы, әрине. Жунгодағы көп жұрттың ішінде қазақ диаспорасы едәуір көп. Қазақтар жалпы Қытайда жасайтын ұлттар ішінде адам саны жағынан 16-орында. 2010 жылы жүргізген санақ кезінде тіркелген ресми мәліметке сүйенсек, Қытайдағы қазақ саны 1,5 миллионға жуықтаған.

1 миллионнан астам қазақ Іле-Қазақ автономдық округінде тұрады екен. Шаңзы автономдық округінде 120 мыңнан астам қазақ және Үрімшіде 50 мыңға жуық қазақ бар. Қалғандары өзге аймақтарға қоныстанған. Бұл да ресми мәлімет. Ал бейресми мәліметтерге сүйенсек, Қытайда ұзын-ырғасы 2 миллионнан астам қазақ тұрады. Қазақтар негізінен Алтай, Іле, Тарбағатай аймқтары кіретін автономиялық облыста, сондай-ақ ҚХР ШҰАР Мори-Қазақ, Баркөл-Қазақ аудандарында, Ганьсу өлкесінің Ақсай-Қазақ автономиялық ауданында және аз мөлшерде Бейжіңде (Пекинде) тұрып өмір сүріп жатыр. Жалпы біле жүріңіздер, шеттегі қазақ диаспорасының ұзын саны – 5,5 миллионға жетеді. Олардың діні – мұсылман. Қытайдағы қазақтың да ұстанатын діні – дәстүрлі ислам.

Міне, Қасиетті Рамазан айы келіп кірді. Жұрт ауыз бекітіп, отыз күн оразасын ұстауға ниет қылды. Өкінішке орай, Қытайдағы мұсылмандар, соның ішінде қазақтар жұрт қатарлы ораза ұстап, ауыз бекіте алмайтын сияқты.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қытай билігі мұсылмандардың діни жоралғыларын ұстануға кедергі жасап, түрлі заңдармен тыйым салған еді.

Жақында Қытай билігі мұсылман жамағатына Рамазан айында ораза ұстауға тыйым салып, шошқа етін жегізіп жатыр деген ақпар тарады. Бұл туралы қазақстандық «arhar.kz» сайты жазды.

«Осыған дейін мешіттерді бұзып, қасиетті Құранды өртеген орталық билік, міне, бес жыл қатарынан Рамазан Айында қысымның небір түрін арттыруда. Олар мұсылмандар ораза ұстамауы үшін түрлі құйтырқылыққа баруда», - деп жазады сайт.

«Атап айтатын болсақ, олар Рамазан айында арнайы жалпыға ортақ түскі ас ішуді міндеттеген. Түскі ас ішуден бас тартқан жан жауапкершілікке тартылып, тіпті «тәрбиелеу лагерьлеріне» де аттандырылмақ. Түскі асқа сонымен қатар Ислам дінінде харам саналатын шошқа еті қосылып, сусын ретінде алкогольді ішімдіктер қойылмақ. Мұндай тәжірибе 2015  жылдан бастап жүзеге асуда», деп жазады аталған дереккөзі.

Бұл туралы алғаш болып Халықаралық діни бостандық жөніндегі Комиссия (USCIRF) өкілдері хабарлаған екен.

Қытайдағы аз ұлттарға қарсы жасалып жатқан саяси қысым туралы бұқаралық ақпарат құралдары біраздан бері жазып жүр. Әсіресе, Қытайда тұратын этникалық қазақтардың саяси сүргінге ұшырап, «саяси үйрену лагерлері» мен түрмелерге нақақтан-нақақ қамалып жатқаны жайлы  «Abai.kz» порталы жазған дүркін-дүркін мақала ақыры Еуроқауымдастықтың құлағына жетті.

Күні кеше «Abai.kz» порталының тұрақты авторы, Алманиядағы қандасымыз, журналист Өмірхан Алтынның үшбу хатын негізге ала отырып, Еуропарламент жиын өткізді. Қытайда қуғынға түскен қазақтың жайын талқылады. Халықаралық Адам құқықтарын қорғау ұйымдарының басшылары бұл бассыздықты бақылауға алып, шара қолданатын болып келісті.

Нұрзат Тоғжан

Abai.kz

5 пікір