Сенбі, 20 Сәуір 2024
Дін мен тін 5134 2 пікір 17 Мамыр, 2018 сағат 11:52

Зекет жинауға қандай хақысы бар?

Біз осыған дейін облыс орталығында «Қостанай қайырымдылық мекемесі» деген ұйымның бары туралы «Қайырымдылық мекемесі ме, медресе ме?» атпен мақала («Қостанай таңы», 2016 жылғы 25 қазан, №116) жазған болатынбыз. Ел арасында «пансионат» аталатын үш қабатты ғимарат айналасында болып жатқан түсініксіз жағдайлар жоғарыдағы мақаламызға себеп болған еді.

Жалпы, біз барған мекеме «Жібек жолы» қайырымдылық мекемелер қауымдастығы» аталатын бірлестікке қарайды. Бұл үлкен ұйымның республикамыздың облыс орталықтарында, қалаларында, аудан орталықтарында көптеген қайырымдылық мекемелері бар. Осындай қайырымдылық мекемелері Қостанай және Арқалық қалаларында орналасқан.

 

Әңгіме қалай басталып еді?

Сол жолы қалам алуымызға түрткі болған мәселенің бірі – Дәуренгүл Хуанай есімді азаматшаның туған бауыры Қуаттың «2014 жылдың тамыз айында Түркия мемлекетіне білім алу мақсатында Сьянов көшесінде орналасқан пансионат арқылы кеткен» деген хаты негізге алынды. Мекеме басшысына қойғалы барған екінші басты сұрағымыз – мекеме тәрбиешілері қарамағына алынған студенттерге заңсыз діни білім берді деген мәселе төңірегі еді. Олай дейтініміз, сол жылы Арқалық қалалық соты «Арқалық қайырымдылық мекемесінің» оқытушысы У.Минанды ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 490 бабы 3 бөлігі бойынша айыпты деп танып, оған 100 айлық есептік көрсеткіш (212 100 теңге) көлемінде айыппұл салу туралы қаулы етті.

Бастапқыда жолығуға уағдаласып тұрған мекеме қызметкері де сөзінен тайып, келіскен күні келмей қойған-тын. Ал осы мақала жарыққа шығысымен редакциямызға «қайырымдылық мекемесіненбіз» деп Ардақ, Мейірхан (Мейірханның есімі мақала ішінде аталады) есімді азаматтар келіп кетті. Олар бас редакторға да кіріп-шыққан екен. «Терістеу беріңіздер, мұнда жазылғандармен келіспейміз» деген сыңайлы әңгімелер айтып кетті. «Әрине, өздеріңізді ақтап алардай хат, жауап мақала дайындап әкеліңіздер, газетке жариялауға әзірміз» деп біз қалдық. Бірақ сол кеткеннен әлгі екеу қайтып ат ізін салған жоқ.

 

Мешіт ешуақытта зекет жинауға шықпайды!

Бұл жолы да өткен мақала ізімен қалам тартуымызға тура келіп отыр. Соның бірі – «Арқалық қайырылымдылық мекемесі» өкілдерінің ел арасынан «мешіт атынанбыз» деп садақа жинауы. Осы жайын ресми дін қызметкерлерінің өзі растап отыр.

Өткен жазда облыстық прокуратураның бастамасымен Арқалық қаласы аумағында «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» атты шара өткен болатын. Жергілікті әкімдіктен бастап, ауыл шаруашылығы, денсаулық, қаржы, салық, дін саласының өкілдерінен құралған комиссия сол өңірдегі қала, ауыл тұрғындарын мазалаған мәселемен танысып қайтқан екен.

Осы сапаршылар құрамында дін саласынан Федоров ауданындағы Жиентай қажы мешітінің бас имамы Есет Ғабдімәліков барып келіпті. Халық арасында дін, рухани жағынан сауал қойғандардың арасынан аталған пансионаттың күмәнді тұстары жөнінде көп сұрақтар қойды дейді:

- Олар малы бар қазағы басым оңтүстіктегі аудандарға барған. Өңірдегі оншақты ауылды аралап үлгеріпті. «Үйімізге келіп, алдымен құран оқып, дұға бағыштап, содан кейін мешіт атынанбыз деп зекет жинайды», осы дұрыс па» деп сұрағандар табылып жатты. Себебі, «біз мешітпен біргеміз, өкіл имамды, жергілікті мешіт басшылығын танимыз, нанбасаңдар, міне, суреті» деп бірге түскен суреттерін көрсетеді екен. Одан кейін айтатындары – «біз бұл зекеттің жартысын мешітке береміз, қалғанын медресемізде оқып жатқан шәкірттерді асырауға жұмсаймыз» дейтін көрінеді. Осылай іші-бауырына кіріп, әбден сендіргеннен кейін, әрине, халық Алла разылығы үшін садақаларын қиып береді екен. Бірақ артынан имамдардан сұрастырғанда, «қайырымдылық мекеме» өкілдерінің заңсыз қызмет жүргізіп келгені әшкере болған. Сол жерде ауыл тұрғындары бізден «Бұл қайырымдылық мекеме қызметінің бағыты дұрыс па? Қандай да бір ағым, секта емес пе? Бұлардың өкілдеріне зекет, пітір, басқа да садақа берейік пе, жоқ па?» деп сұрады. Рас, бұл мекеме ешқандай ағымды ұстанбайды, бірақ олардың мешіт атынанбыз деп ел аралап, садақа жинап жүргені заңсыздық! Егер бұдан былай өйтіп садақа, зекет жинап келетін болса, ең жақын орналасқан мешіт имамдарына немесе құзырлы органдарға хабар беріңіздер.

Дін өкілдері қайырымдылық мекеме қызметкерлерінің өз бетінше діни білім беруге хақысы жоқ екенін айтады. Себебі, шәкірт оқытқан күннің өзінде оларға арнайы куәлік бермейді. Әрине, Діни басқармамен келісілген меморандум бар, сол бойынша мешіт имамдарын шақырып арнайы дәрістер өткізуге рұқсат берілген. Бірақ бұған дейін де «пансионат» қызметкерлерінің дәріс бергендігі туралы әшкере болды емес пе.

Ал былтырғы қыркүйек айының ортасында «УАЗ» көлігімен Жанкелдин ауданының Ақшығанақ ауылына дейін барған «қайырымдылық мекеме» өкілдері ол жақтан қой, ақшалай «зекет» жинап әкетіпті. Бұл жөнінде Торғайдағы Оспан Қожа әулие мешітінің бас имамы Рүстем Исламұлы естіп қалып, ауылдан шығып бара жатқан көліктен малдарды түсіртіп алдық дейді:

- Ақшығанаққа барып, менің фотосуретімді көрсетіп, «имамдарыңды танимыз, медреседен арнайы келіп тұрмыз» деген соң ауыл адамдары ақшасы бары ақшалай, малы бары малдай «зекет қорына» деп садақа қиып берген. Сосын мен оларға телефон соғып, «өйтіп жалған жолмен дүние жинаушы болмаңдар, алған малдарды қалдырып кетіңдер» дедім. Әйтеуір тастап кетіпті ғой. Алған ақшаларын да қайтартып бердік. Мешіт өкілдері ешуақытта зекет жинауға шықпайды. Ондай садақа түрін әр мұсылман, соның ішінде өзінің жағдайы бар адамдар ғана шынайы ниетімен мешіт жанындағы арнайы зекет қорына өз қолымен әкеліп береді.

 

Мекеме неге «қыспаққа» ұшырап жатыр?

Мақаланы әзірлеу барысында «Қостанай қайырымдылық мекемесі» директоры А.Сейітжапаровтың Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының (университетінің – Қ.Қ.) ректоры Е.Әбіл мен облыстық жастар ісі жөніндегі басқарма басшысы К.Әлімжановқа жазған арыздары (орыс тілінде) қолымызға тиіп отыр. ҚМПУ басшылығына жазған арызда 2 курс студенті Қуат Қанаттың ақпан айында ЖОО әкімшілігі тарапынан негізсіз қыспаққа ұшырап, ақыры қайырымдылық мекемені тастап кетуге мәжбүр болғанын келтіріпті. Ал жастар ісі жөніндегі басқармаға жолдаған шағымында ЖОО қабырғасында оқитын студенттердің ҚМПУ мен А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ әкімшілігінен қоқан-лоқы көріп, өздері паналауға алған тәрбиеленушілерінің шығып жатқанын атап өткен екен.

Директор А.Сейтжапарпов аталған арызында ЖОО тарапынан студенттерге қатысты заңсыз және негізсіз іс-әрекет қабылданды демекші.  Алайда ЖОО қабырғасында білім нәрімін сусындап жатқан студентке біріншіден ЖОО жауапты, ертең жоғары білімді маман болып шығуына университет міндетті. Себебі оқуға қабылданған уақытта студент пен ЖОО келісім-шарт жасасқан, екі тарап осы шартты орындауға міндетті.

Ал, қайырымдылық мекемесінің көздегені студенттерге қайырымдылық көрсетеміздеп, мекемеге жатқызып алып, одан кейін, студентттер өзін өзі қамтамасыз етсін демекші қүнделікті үш мезгілдік тамақ қорына жылу не зекет жинату (малдай, ақшалай және т.б.).

Біздің түсінігімізше, қайырымдылықты ауқатты, жағдайы жақы азаматтар немесе мецанаттар ұйымдастырушы еді. Ал мына «Жібек жолы» ассоциациясына қарасты жылу жинайтын қандай қайырымдылық мекемесі екенін халыққа түсініп білу қиындау болып тұрған сияқты.

 

«Мұнда ешкім қалған жоқ»

Біздің бұл жолы «Қостанай қайырымдылық мекемесіне» қайтара соғуымызға осы жағдайдың барлығы себеп болды. Алдын ала біраз уақыт бойы оның басшысы Ардақ Сейітжапаровпен кездесе алмай жүрдік. Біресе Астанадамын, біресе ауырып жатырмын деді. Дегенмен біз Қостанайдың Сьянов көшесінде орналасқан мекемеге қайта бардық. Ғимарат ішінде ешкім болмады, аяғымызға келіп оратылып жата қалған мысықтан басқа тірі пенде көрмедік. Ал сыртқа шыққанымызда жеңіл көлікпен келіп тоқтаған бір азаматты жолықтырып, газеттен екенімізді айтып, жөн сұрасқымыз келіп еді, қашқақтай бастады. Есімін Қайнар деп таныстырды. Алматыдан осында жұмыс істеп келген екен, жуық арада қайта кетемін деді. Мекеме жатақханасында кімдер тұратынын сұрап едік, «ешкім жоқ, бәрі кетіп қалған» деді. Және барлық сұрақты Ардақ мырзаға қойыңыздар дегеннен асқан жоқ. Айтпақшы, өзі де бізді қалта телефонның камерасына суретке түсіріп, аты-жөнімізді қайтара сұрап әлек.

 

Бахытбек ТӘЖІМБЕТ, ҚМДБ Қостанай облысы бойынша өкіл имамы:

Мешіт өкілдері еш уақытта зекет жинауға шықпайды. ҚМДБ Зекет қоры – зекет және қайырымдылық садақаларды қабылдап, оны шариғат үкімдеріне сай таратуды жүзеге асырады. Бұл қордың облысымызда арнайы өкілдігі бар. Ал садақа түрін әр мұсылман, со- ның ішінде өзінің жағдайы бар адамдар ғана шынайы ниетімен мешіт жанындағы арнайы зекет қорына өз қолымен әкеліп береді. Ал мешіттің атынанбыз деп ел аралап «жылу» жи- нау ең алдымен заңымызға да, Діни басқарма бекіткен ереже-талапқа да қарсы.

Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ

Abai.kz

 

 

 

2 пікір