Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Көкжиек 4010 0 пікір 17 Мамыр, 2018 сағат 11:54

Елімізде кез келген этникалық топтың өкілі Президент бола алады

 

Президент Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы Жолдауын оқырмандарымыздың жадында жаңғыртып қоюды жөн көрдік. Жолдау "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" деп аталған болатын. Осы Жолдауында Елбасымыз "қазақстандықтар біртұтас ұлтқа айналатындығын" ашық мәлімдей келе, "Кез келген этникалық топтың өкілі кез келген жұмысты таңдай алады, тіпті, Президент болып сайлануғада мүмкіндігі болады"  дегенді ескертті. Бұл жөнінде мына тармақта толығырақ айтылады. Қараңыз:

ЖЕТІНШІ. Адами капитал – жаңғыру негізі.

Білім берудің жаңа сапасы.

Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет.

Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс.

2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажет.

Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды, ол 2021 жылы аяқталатын болады.

Бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар.

Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керек болады.

Еліміздің университеттеріндегі педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту қажет.

Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керек.

Бұл – жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты.

Білім беру мекемелерінің арасындағы бәсекелестікті арттырып, жеке капиталды тарту үшін қала мектептерінде жан басына қатысты қаржыландыру енгізілетін болады.

Біздегі оқушылардың жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары болып отырғанын және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне қарағанда орта есеппен үштен бір еседен көп екенін ескеріп, оны төмендету керек.

Барлық өңірлердегі Оқушылар сарайларының базасында компьютерлерді, лабораторияларды және 3Д-принтерлерді қоса алғанда, барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру керек.

Бұл жас ұрпақты ғылыми-зерттеу саласына және өндірістік-технологиялық ортаға ұтымды түрде кірістіруге көмектеседі.

Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде.

Орыс тілді мектептер үшін қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі әзірленіп, енгізілуде.

Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет.

Алайда, соңғы жылдары әлемде қалыптасқан 7 мың термин қазақ тіліне аударылған.

Мұндай «жаңалықтар» кейде күлкіңді келтіреді.

Мысалы, «ғаламтор» (Интернет), «қолтырауын» (крокодил), «күйсандық» (фортепиано) және тағы сол сияқтылар толып жатыр.

Осындай аудармаларды негіздеу тәсілдерін қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек.

Латын әліпбиіне көшу бұл мәселені реттеуге мүмкіндік береді.

2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасау қажет.

Орыс тілін білу маңызды болып қала береді.

2016 жылдан бері жаңартылған бағдарлама бойынша орыс тілі қазақ мектептерінде 1-сыныптан бастап оқытылып келеді.

2019 жылдан 10-11-сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру басталатын болады.

Нәтижесінде, біздің барлық түлектеріміз елімізде және жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгеретін болады.

Сонда ғана нағыз азаматтық қоғам құрылады.

Кез келген этникалық топтың өкілі кез келген жұмысты таңдай алады, тіпті Президент болып сайлануғада мүмкіндігі болады.

Қазақстандықтар біртұтас ұлтқа айналады.

Редакциядан: Айтпақшы, бүгін Мәжіліс депутаттары Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Қауіпсіздік Кеңесін өмір бойы басқаруға құқық беретін заң жобасы бірінші оқылымда мақұлдап жіберді. 

Abai.kz

 

0 пікір