Жұма, 19 Сәуір 2024
Күбіртке 8213 9 пікір 16 Мамыр, 2018 сағат 10:48

«Зар заман» туралы шындықты әлемдік аудиторияға біздегі қай «эксперттер» айтқызбай отыр?

Түркияда «Білік» (Bilik) атты гуманитарлық саладағы беделді ғылыми журнал бар. Ол рейтингісі жоғары, SCOPUS халықаралық базасына кіретін басылым. Оның мақалаларын тек Түркия емес, түркі әлемін зерттейтін дүниежүзілік ғылыми қауымдастықтың мамандары оқиды. Биыл «Білік» журналының редакциясына ағылшын тіліндегі  «Сolonial era in Kazakh historical consciousness (Religious poetry of "Zar zaman") атты (қазақшаға аударғанда – «Қазақтың тарихи санасындағы отаршылдық заман бейнесі («Зар заман» діни сарындағы поэзиясы бойынша)», 25 беттік көлемді мақала (осы жолдардың авторы дайындаған) келіп түсіп, қатаң сараптамалардың төрт бірдей сатысынан сүрінбей өтіп, мәреге жетуге жақын тұрды. Бұл шағын ғылыми зерттеуді Түркия, басқа шетелдік түркология ғалымдары жоғары бағалап, сын пікір жазушылар (рецензенттер)  өз қорытындыларында оң баға берген-ді.

Ағылшынтілді әлем оқырмандарына қазақ рухани мұрасының аса бір маңызды әрі күрделі қырын жаңаша методологиямен талдауға арналған, қала берді қазақтың мұң-мұқтажын жоқтап, ар-намысына ара түсетін осы мақала төңірегінде «Білік» журналында тиісті талқылау, сараптама болып өтті.  Электрондық пошта арқылы журналдың ғылыми қызметкерлерімен талай хабарласып, оң пікір білдіріп келген қолжазбаланың ең соңына келгенде  кенеттен кері қайтарылып, «Редакциялық алқа атынан қабылданбады» деген қысқа жауап келді.

«Не себепті?» деген сұраққа ресми жауап берілмеді.  Ал бейресми  әңгіме барысында, яғни мақаланы жылы қабылдап, жанашырлықпен жанкүйер болып жүрген сенімді таныс түрік ғалымдардан сұрастырып білген кезде бұл шешімнің шын себебі айқындалды. Сөйтсе, «Зар заман» туралы ғылыми мақаланы халықаралық журнал бетіне шығару ісіне Түркия да, АҚШ-та, Ресей де, Қытай да емес... өзіміздің Қазақстан жағы кедергі жасапты! Редакциялық алқаға кіретін немесе «эксперт» боп араға килігіп жүрген түркологияға жақын қазақстандық танымал маман (мүмкін оның өзі «жоғарғы» жақтан кеңес алды) одан қолжазба жайлы бір ауыз пікір сұраған кезде «жоқ!» деп оны тоқтатып тастапты. Халықаралық журнал болған соң қай елдің авторынан мақала келіп түссе –сол елдің белгілі  мамандарының біріне бір көрсетіп алуды жөн санайтын болар...

Алланың құдыретімен шындық жартылай болса да ашылды. Еш кінәсі жоқ түрік ағайындарымыз қатты өкініп,  ұялып, осы жайтты әрең, сыбырлап, жеткізді. Ойлаймыз, бұл «Зар заман» ақындарының аруағынан ұялып қысылғандары болар, оқып танысқан соң.... Әрине, қазақ-«эксперт» анонимді түрде қала берді, яғни ол – Х-мырза, оның есімін этика, құқық ережелеріне сәйкес редакция атамады. Айта кету керек, Түркия ғалымдарының ең жоғарғы тобы ғана ағылшын тілін жетік меңгерген, ол тілде еркін жазып оқи алады. Ал сол журналда істейтін сол елдің беделді ғалым-түркологының сөзі мынадай: «Біздің тарапымыздан бәрі қолдады, бірақ өздерінің қазағы жібермей қойды».

О, тоба!  Біздің қазақта осындай да опасыздық, жиіркенішті көре алмаушылық және ұлт-сыз-дық, намыссыздық болады екен-ау! Түркияның өзі, жат ел сарапшысы жібермеді десе амал не, бұл өзге жұрттың біздің тарихты жете түсінбеуі немесе өздерінің академиялық саясатының белгілі ерекшеліктеріне байланысты дей салар едік ғой. Шетел мамандары  «иә» деп тұрғанда өз қазағымның қаракөз залым-ғалымы ұялмай, шімірікпей, аруақтан аттап шынайы ғылымға әрі киелі тақырыпқа тосқауыл қойғаны жанға батады.  Еріксіз  Ахмет Байтұрсыновтың бір сөзі осындайда еске түседі: «Маған ауыр осылардың бәрінен Өз ауылымның иттері үріп қапқаны!».

Иә, бұл қолжазба әсте Қазақстанда макулатура қорын толтырып жатқан ортанқолды мақалалар тобынан емес, бірегей сипаттағы зерттеу болып табылады. Әншейін мақтан, рейтинг, профессор атағын алу үшін немесе шетелмен жымыңдап дос болу үшін жазыла салған нәрсе емес. Оны кез келген мазмұнымен танысқан шыншыл ғалым мойындары сөзсіз. Түріктерді жағалап жүрген жаңағы жылпос қазақ «мамандар» өздерінің таныстары мен туыстары, қатындары мен ашыналары жазған түкке тұрмайтын шимайлар, «рефераттарын» тықпалап жүріп, өйтіп-бүйтіп жариялауға өткізіп беретінін де ғылыми орта көріп біліп отыр. Ғылымда дұрыс мақаланы жаман деп шегіндіріп тастап, ал бұрыс мақалаға «промоушн» (ілгерілету) жасау – ол кәдуелгі өзіміздің қазақы дерт – күншілдік пен коррупцияның көрінісі.  Егер ойланып, тақырыпқа қараса еді, ұлттық мәселе мен шынайы ғылымға келгенде жеке симпатия-антипатияларды да, рушылдық, протекционизм, т.б. ұстанымдарды сырып тастау керек емес пе?!

Жалпы, біздің «тәуелсіз» ғалым-эксперттеріміздің көбінің ақша мен тамыр-таныстыққа күшті тәуелділігі бұрыннан белгілі. Мысалы, ҚР БжҒМ қаржыландыратын ғылыми жобалардың  адал, нәтижелі орындалғандарына отандық беймәлім «эксперттер» еш себепсіз төмен баға (балл, ұпай) қойып тастап, керісінше, «халтура»-жобаларды сыбайлас жемқорлық үлгісі бойынша «аман алып шығарынын» бәрі біледі. Енді сол «эксперттер», соның ішінде түрколог-«білгіштер» өздерінің арам ұзын қолдарын шет елге де созыпты  деген сөз. Әсіресе Түркияның басын айналдырып алу оларға оп-оңай нәрсе, әрине.

Ал ең бастысы, айдан анық ақиқат мынау: ең алдымен бұл болған жайт – біздегі шенділер психологиясына тән идеологиялық астары бар құлдық, қорқақтық әрекет. Орыс классигінің кейіпкері бойынша, «как бы чего не вышло». Яғни «Зар-заман», «отаршылдық дәуірдің образы» туралы, «мұсылмандық эсхатология мен дін-Ислам» мәселелерін қазақ тарапынан әлемге тіс жарып айтқызбау. Ия, тіпті таза ғылыми жолмен де. Бұл да әдейі, қасақана қазақтың ұлттық мәселелерге қатысты аузын ашқызбау саясатының бір ғана кішкентай айқын көрінісі.

Айта кетейік, «Bilik» журналы, басқа да халықаралық деңгейде мойындалған  ғылыми басылымдар сияқты, мақалаларды  (түрік және ағылшын тілдерінде) қабылдау үшін біршама қатаң талаптар қояды. Мұнда тапсырылған қолжазба бірнеше сатыдан тұратын тәуелсіз халықаралық сараптамалардан өтіп, оның сапасы, ғылыми жаңалығы мен бірейгейлігі, тақырыптың өзектілігі, тілдік деңгейі мұқият тексеріліп бағаланатытын сол сияқты техникалық жағынан да мәтін белгілі стандартқа сай болуы керектігін жоғарыда айттық.

«Сolonial era in Kazakh historical consciousness (Religious poetry of "Zar zaman") атты мақаланың ағылшын тіліне аудару деңгейінің өзі мінсіз, себебі оны ана тілі – ағылшын (яғни native speaker) әрі қазақ және орыс тілін еркін меңгерген американдық тарихшы, PhD (ғылым докторы) аударып берген болатын. Ғылыми мазмұны жағынан бұл мақаланың негізі АҚШ-та 2013 ж. өткен халықаралық ғылыми конференцияда (Индиана университеті) осы жолдар авторы тарапынан жасалған баяндаманың нәтижелерінен тұрады. Яғни мақаланың өзегі, басты идеялары мен тұжырымдары бұдан бұрын халықаралық деңгейде апробациядан өткен. Тіпті Америкаға жәй қабылдану үшін ол арнайы сараптамадан өтіп, мақұлданған еді. Еуразия, Орталық Азия тарихының ірі мамандары, соның ішінде проф. Уильям Фиерман, т.б. оң пікір айтқан. Бірақ осы күнге шейін ағылшын тіліндегі толық нұсқасы еш жерде жарияланбай келді, оны себебі – шалағай іске жол бермеу; автор шетелдік академиялық ортаға зерттеуді  жазба түрінде жеткізу үшін әлі де дұрыстап, толықтыру, зерттей түсу керек деп санады, әдістемесі мен деректерін қайта қарауды жөн көрді.

Сөйтіп, арада жылдар өтіп, зерттеу жұмысы аяқталып, қолжазба пісіп жетілген. Деректер мен арнайы әдебиетке 30 сілтемесі бар оның ішінде араб қарпіндегі сирек қолжазбалар, яғни XIX ғасырда Қазанда басылып шыққан Дулат, Шортанбай ақындардың ескі кітаптары да тікелей қолданылған. Ғылыми    талаптарға сай  зерттеу тарихнамасына шолу да қоса берілген (М. Әуезов, С. Сейфуллиндерден бастап М. Мырзахметов, Қ. Мәдібай, Б. Омаров,  т.б.;  шет елдік авторлар), халқымыздың тарихына тікелей қатысты, ұрпаққа тағылымы мол бұл туынды ақыры Батыс емес, өзіміздің түркі оқырманына жақын Түркия журналына беру дұрыс деп ұйғарылған еді.

Мақаланың теориялық тұжырымдамасы және ғылыми жаңалығына келсек,  біріншіден, бұл таза ғылыми, академиялық тұрғыдан орындалған дүние. Онда шындап келгенде бір тамшы саясат, идеология, соқыр дін немесе популизм  жоқ. Тек тарихи, ғылыми шындық, сілтемелер, ақындардың өз сөздерін келтіру. Екіншіден, зерттеудің құндылығы, ғылыми жаңалығы неде деп сұраған сыншы болса ұялмай айтарымыз мынау: 1) Шортанбай, Мұрат, Дулат, Әбубәкірлерді бұрын-соңды ағылшын тілінде кім «сөйлетіпті»? Жарайды, ол былай тұрсын, 2) Зар заман поэзиясындағы діни сарындар, ислами көзқарасты, мұсылмандық дүниетанымды тереңірек талдау бізде жоқтың қасы. Сосын, 3) отаршылдық езгінің жағымсыз бейнесін тарих және этностың бұқаралық санасының (діл) күрделі психо-менталдық мәселелерімен тығыз байланыста талдауға тырысу – ол мүлдем жаңа ракурс. Яғни әлеуметтік жағдайы күрт нашарлап бара жатқан қауымның жаппай күйзеліс, пессимизмге ұшырау заңдылығы, ұлттық сананың тығырыққа тіреліп, тұтас бір халық алқынып, жол таппауы қазіргі заманғы пәнаралық зерттеулер негізінде ашылады.

Сөйте тұра, ұсынылған мақалада Патшалықтың осы келеңсіз образы тек баламалық образ деп ескертіліп; басқа бір топ, ресми қазақ элитасы, ағартушылар тобы өз санасында «өзге», диалектикалық тұрғыда ойланып пішілген, реалистік Ресей образын қалыптастырып орнықтырды деген  байыпты тезис де негізделеді. Яғни мақала ХХ ғ. бас. кезінде өмір сүрген Абай сияқты қазақ зиялылары отаршылдықты айыптай келе, Ресей цивилизациясының оңтайлы жақтарын да көруге шақырды деген ой-түйін ұсынады (ол пікірді тұңғыш Х.Досмұхамедов айтқан).

Ендеше ғылым мен әуесқойлық арасын ажырата алмай, саясаттың иісі жоқ жерде мәселені жасанды саясиландырып, өз көлеңкесінен өзі қорқыққаны несі әлгі біздің «идеолог»-түркітанушылар? Мақалада русоцентризм де, русофобия да, исламизм де атымен жоқ. Ал біздің саяси сақ сарапшы-ғалымдар, шенеуніктер қазір жоқ жерде ислам қаупі немесе ұлтшылдық дегендерді көріп тұрады! Мұсылмандықтан гөрі әлемге бізді «тәңіршіл» шаманист етіп көрсетуге тырысады.

«СКОПУС!» деп шапқылап, құр жеке басының, одан қалса оқу орнының рейтингісін көтеруді бірінші орынға қоятын қазақстандық ғалымдар, әрине, бәріне де жағымды, коньюнктураға ыңғайлы, мәселен, «халықтар достығы», «интеграция», немесе «көшпелі мал шаруашылығы», «Ұлы Жібек жолы» сияқты жауыр болған тақырыптарға, сол  сияқты жансыз, идеясыз археологияға арналған мақалаларын оп-оңай шет елге өткізіп жатады. Алайда біз отандық ғылымның заманауи талаптарын  сыйлап, оны орындай отырып, бірақ (бұл - іс жүзінде екі қоянды ату) – анау-мынау, майда-шүйде емес, қазақ тарихы мен руханиятына пайдасы бар, іргелі мәселелер, шынтуайтқа келгенде аруақ разы болатын тақырыптарды әлемге айтып жарияласақ нұр үстіне нұр болар деген биік тұрғыны, таза ниет пен азаматтық ұстанымды таңдадық.

Саяси байсалдылықты, толеранттылық пен таза академизмді басшылыққа алып, өткеніміздің өзектілігі күмәнсіз, іргелі мәселелерін көтеріп зерттеу – тарихшылардың парызы.  Сондықтан, журналға «Зар-заман» тақырыбы таңдалып, бағалы да жаңа зерттеу дүниеге келді. Әсіресе бізді тікелей естімей, орыстілділер арқылы жанама ақпарат алып, кейде шатасып жүретін ағылшынтілді мамандар мен ғылыми-көпшілік аудиториясына ұлттық тарих пен төл мәдениетке, сол сияқты қазіргі тарихи таңдауымыз бен санамызға қатысты бабалар мұрасын жеткізу – Аллаға жағатын қайырлы істерден емес пе?!

«Білік» журналы редакциясымен әлі де хат алмасып, өтініш жасап, үміт үзбей отырмыз. Егер сол қиянат жасаған қазақ «эксперттер» осы жарияланымнан кейін ойланып, өз райынан қайтып, қатесін мойындап «Сolonial era in Kazakh historical consciousness (Religious poetry of "Zar zaman") атты мақаланы өткізіп, жариялау мәселесіне араласпаса (мүмкін зиялы қауым, Мәдениет, Білім және Ғылым Министрліктерінің өкілдерінің де ықпалымен), осы инцидент туралы келеңсіз ақпарат жаһандық ақпараттық кеңістікке таратылатын болады.

Мәселен, Eurasia.Net атты американдық ақпараттық агенттігінің Орталық Азия аймағы бойынша корреспонденті, журналист Джоанна Лиллис ханыммен тығыз творчестволық байланыстамыз.   Құқықтық жағы белгілі, ешкімнің аты аталмайтын, қайшылықты уақиға десе де, айқын тұрған факт (пошта арқылы алмасқан хаттар сақталуда) – төрт сатылық тексеруден өткен, ғылыми деңгейі жоғары, құнды, қызықты, тартымды, бірақ бар ғана «жазығы» – геосаяси мәселелерге жанама қатысы бар, атап айтқанда «Қазақ-Ресей тарихи-мәдени диалогы» проблемасына арналған ғалым-профессордың зерттеу мақаласын жариялауға неге рұқсат берілмеді деген сұрақ шет елде, ақпараттық кеңістікте, әлеуметтік желілерде туатыны және ол қызу талқыланатыны сөзсіз. Ал ондай халықаралық дискуссия «Білік» журналына да, Қазақстан түркологиясының беделіне де абырой әкелмейтіні анық.

 P.S.  Армян Революциясы бәрімізді ойландыру керек, одан сабақ алуға тиістіміз. Жалпы, «Отаным, халқым, Елбасым» деп жүрген бейтарап, еңбекқор, қатардағы адал ғалымдарды «бұға берсе сұға береді» екен деп саяси шенеуніктер, ғылым мен білім саласының шенеуніктері өрескел қылықтарымен, сол сияқты жоғары оқу орындарында үдеп бара жатқан қорлау мен қанау саясаты арқылы түбі  саяси Оппозицияға итермелемеу керек. Оппозиция аспаннан түспейді. Ол әлеуметтік әділетсіздіктен туындайды, содан нәр алады. Бізге, әрине, саяси революция керек емес – егер территориялық, геосаяси, басқа да ерекшеліктерімізді дұрыстап ойлап ескерсек. Хаос сыртқы саяси ойыншыларға тиімді боп кетіп, Аллалап әрең көтерген киелі шаңырағымыз шайқалуы әбден ықтимал. Құдай оның бетін ары қылсын. Бірақ бізге рухани, идеологиялық революция керек. Нағыз Рухани Жаңғыру. Ол – Сананың, жүректердің оңалу революциясы. Ділдің (менталитет) арсыздық пен күншілдіктен, коррупциядан тазаруы... Имансыздықтан арылу деген ұлы рухани төңкеріс қажет.

«Зар заман» ақындарының аруағынан қорықпайтын бірақ көлеңкесінен қорқатын, аты-жөні жасырын беймәлім болса да, Алла мен аруаққа кім екені жақсы белгілі әлгі Х-түрколог, оған ақыл беріп отыратын басқа да Қазақстанның шенеуніктері мен идеологтары  күндердің күні болғанда  аяғы аспаннан келмейтініне сенімді ме екен? «Дүние кезек» деген қазақ. Ылғи осылай залымдығын, қулығын асырып, ішіп-жеп, ашық-жасырын әділеттілікті таптап, адал адамдардың аяғын шалып мәңгі жүре бермес олар... Дандайсып, өз ұлтының ар-намысына, ата дінімізге  қарсылық жасауға әбден дағдыланып алған біздегі идеологияның «Саргсяндары»  бір күні сүмірейіп «Я был не прав, Пашинян был прав» демеуіне кім кепіл?

Назира Нұртазина,

Әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ-дың профессоры

Алматы

Abai.kz

9 пікір