Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
2592 0 пікір 15 Мамыр, 2018 сағат 08:29

Тәжікстан: Біздің жауынгерлер қырғыз шекарасын бұзған жоқ

Тәжікстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің баспасөз орталығы Қырғызстан шекара қызметінің "тәжік шекарашылары мемлекеттік шекараны бұзды" деген мәліметін жоққа шығарды. Тәжік комитетінің 14 мамырда хабарлауынша, оқиға Қырғызстан аумағында емес, тәжік-қырғыз шекарасындағы даулы аймақта болған.

Қырғызстандағы ақпарат құралдарының 12 мамырда елдің Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетіне сілтеме жасап хабарлауынша, Тәжікстанның төрт шекарашысы автокөлікпен Қырғызстан аумағына шамамен 40-50 метрдей кірген.

"Тәжікстан шекара күзеті қырғыздың Баткен облысы Лейлек ауданы Сада ауылында кейбір тұрғындардың құжаттарын тексере бастаған. Қырғызстандықтар бұған наразы болған. Дау шығып, Қырғызстан тұрғындары тәжікстандық шекарашылар мінген автокөліктің кілтін тартып алған, шағын жанжал болған", - делінген Қырғызстан шекара қызметі таратқан релизде. Мекеме мәліметі бойынша, "оқиға орнына тез арада Қырғызстан шекара жасағы мен құқыққорғау қызметкерлері жетті, жанжал басылды".

Дегенмен Тәжікстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Шекара әскері мемлекеттік басқармасының баспасөз хатшысы Мұхаммаджон Улугходжаевтың мәлімдеуінше, "шекарашылар кейбір тұрғындардың құжаттарын тексерген" деген мәлімет шындыққа жанаспайды. "Біздің шекарашылар көрші елдің аумағына кірді дегені - жалған, олар шекараның даулы аймағында болған. Қырғыз шекарашылары жанжал шығарғысы келген, бірақ дау шешілді", - деді тәжік шекара қызметінің өкілі.

Сонымен бірге ол "тәжік шекарашылары қырғыз әріптестерінен кешірім сұраған" дегенді де жоққа шығарды.

Abai.kz

0 пікір