Жұма, 19 Сәуір 2024
Рухани жаңғыру 8936 35 пікір 4 Мамыр, 2018 сағат 10:41

Әскери шеру. «Мен - қазақпын, бойымдағы қан қазақ»

Биыл 7-мамырға арналған Отан қорғаушылар күні қарсаңындағы әскери шеру жылдағыдай Астанада емес, Жамбыл облысындағы «Отар» 40-әскери базасында өтеді, деп хабарлайд «abctv.kz»

Қазақстан Қарулы Күштерінің жауынгерлік шеруі Астанада емес, Жамбыл облысындағы «Отар» 40-әскери базасының аумағында өтеді. Қарулы Күштердің құрамалары мен әскери бөлімдер қазір база аумағында дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, яғни 2013 жылы дәл осы әскери базада Отан қорғаушылар күніне арналған жауынгерлік шеру ұйымдастырылды. Оған 7 мыңға жуық жауынгер мен 500-ден астам әскери техника жұмылдырылған еді. Шеруде 86 әскери ұшақ пен тікұшақ, сонымен қатар 400 бронды техника ұрыс кезіндегі қимыл-әрекеттерін көрсеткен. Ал әскери ұшқыштар С-295 әскери ұшағын тұңғыш рет топырақты алаңға қондырды.

Ал биылғы жауынгерлік шеруге 3 мыңнан астам сарбаз, 300-ден астам әскери техника, 30-ға жуық авиация техникасы қатысады. Армиялық бөлімшелер әскери техниканың заманауи үлгілерін іс жүзінде қолдану тәсілдерін көрсетеді.

Бұл ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ресми ақпарат.

Енді осының алдында өткізілген әскери парадтарға шолу жасайық:

2005 жылы жеңістің 60-жылдығының құрметіне әскери шеру өткізілді. Оған 3 мың әскери қызметкер, 130 әскери техника жұмылдырылды. Бұл шараға 934 мың доллар жұмсалды.

2009 жылы өткізілген үшінші шеру Қазақстан Конституциясының 14 жылдығына арналды. Мұнда қалың көпшілік 120 әскери техниканың мүмкіндігі мен қабілетіне куә болды. Әскери шеруге мемлекет басшысы, жоғарғы бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Ал шеруге қорғаныс вице-министрі, генерал-майор Нұрлан Жоламанов басшылық етті.

2011 жылғы төртінші шеру ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын әспеттеді. «Қазақ елі» монументі алдында өткен шеруді алғаш рет ел президенті-ҚР Қарулы Күштерінің жоғарғы бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзі қабылдады. Бұл шеру әскери қызметкерлердің тұңғыш рет жаңа әскери киім үлгісін киіп шығуымен, бұрын-соңды көрсетілмеген жаңа әскери техниканың паш етілуімен және шеруге мергендер жасағының, құрлық әскерлері таулы-атқыштар бригада­сы­ның сонымен қатар әйел әскери қызметшілердің қатысуымен есте қалды.

2013 жылы Жамбыл облысындағы «Отар» 40-шы әскери базасында өткен жауынгерлік шеру бесінші шеру болып тіркелді. Ол осыған дейінгі және кейінгі шерулерден ерекше болды. Себебі бұған дейінгі және кейінгі шерулердің  барлығы мерекелік даталарға орайластырылса, бұл шеру жауынгерлердің өздеріне арналды.

2014 жылғы алтыншы әскери шеру де «Қазақ елі» монументінің алдында өтті. Шерудің салтанатты маршының жаяу легіне 2 мыңға жуық әскери қызметші, 2500 әскери, 70 авиациялық техника қатысты.

2015 жылы ұйымдастырылған жетінші шеру жеңістің 70 жылдығына арналды. Ол бұған дейінгі шерулерден ауқымдылығымен және мазмұнымен дараланды. Шеру тарихи және заманауи бөлімдерден тұрды. Тарихи бөлімге 1941-1945 жыл­дар­дағы соғыс техникасының 36 түрі қаты­сса, заманауи бөлімде Қазақ­стан армиясының қолданыстағы қару-жарағы мен әскери техникасы көрсетілді.

2017 жылы ҚР Қарулы Күштерінің 25 жылдығына арналып өткізілген сегізінші әскери шеруге 5 мыңға жуық әскери қызметші, 300-ге жуық әскери техника және әскери авиацияның 80 ұшағы мен тікұшағы қатысты. Бұл ел тарихындағы ең ірі шеру болды.

Биыл өтетін 9-шеру де ел назарында. Бұған әлеуметтік желілер арқылы шеруге дайындық кезінде сарбаздар шырқаған «Мен Қазақпын» әнінің жаппай таралуы және желі қолданушыларының «бұл шын мәнісінде жауынгерлердің жігерін жанитын ән» деп пікір білдіруі дәлел.

Abai.kz

35 пікір