Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
46 - сөз 5742 6 пікір 30 Сәуір, 2018 сағат 07:48

Жазушыға кедейлік жараса ма?

Таяуда бір жас жазушы кітабының тұсаукесеріне бардым. Кешігіп жетіп, артқы орындыққа жайғаса салған маған залдың іші, жиналған адамдар алақандағыдай көрініп тұрған еді.

Бір сәтте сау етіп сырттан мен секілді кешігіп жүретін бес-алты жігіт кіріп келді. Бірі телеарнада, бірі газетте, енді бірі ақпараттық сайтта жұмыс істейтіндер екен. Араларында әдебиеттен ауылы алыс бір жан жоқ. Бірі – ақын, енді бірі – жазушы. Отырғандар жаңа келгендермен сәлемдесіп, құрмет көрсетіп, ығысып орын беріп жатыр. Бәрі ізетті. Өздерінше ерекше амандасады.

Ылғи бір тектес адамдарды көріп отырған соң ба, жүргізушінің сөзі «ай далаға ұшып», назарым айналама ауа берді. Иә, залда жиналғандар кілең ақындар мен жазушылар, арасында драма жазып жүргендер де бар, бәлкім. Бірден аңғарылатыны, бәрінің киімі жұпыны. Костюмдері тозып кеткен, жадағай киінеді, өңдері солғын. Бірақ сонда да өзін-өзі ұстағанына, әңгімелеріне қарасаң, көңілдері тоқ. Әсіресе, кітабы жарық көріп, болмаса жақсы шығармалар жазып, қаламының арқасында қуанышқа кенеліп жүргендері…

Жол бойы ойланып қайттым. Неге жазушылардың көбі кедей? Неге олар сонда да өзін қор санамайды? Неге олар байлыққа ұмтылмайды? Неге шырттай киініп, жасанып жүрсем деген нәрсе олардың ойына кіріп-шықпайды?
Әлде тұрмыс таршылығын көп көрген соң өзін шығармашылықпен алдаусыратып, жазуға бет бұрып кетті ме екен?

Бәлкім, кейбір мамандықтар секілді жазушылар тірек еткен кәсіп те «ескіріп» кеткен шығар? Жақсы табыс тауып, бақуатты өмір сүруіне мүмкіндік беретін жұмыс орындары қаламгерлерді қажет етпейтін болар?

Әлде олар рухани тоқтықты, жан-дүние байлығын, жүрек тыныштығын ғана ойлап, материалдық жағынан толысуды өздері мұрат санамай ма екен? Олар, бәлкім, жазушыға кедейлік жарасады деп ойлайтын болар? Иә, ол да мүмкін. Британия жазушысы Бернард Шоудың да: «Автор өз клиенттерімен өте сирек кездесетін болғандықтан, оған жақсы киініп жүру қажет етілмейтіндіктен, мен әдебиетші болдым» дегені бар емес пе?..

Алайда сен жазушы болғанмен, балаларың жазушы емес қой. Сен қанағат қылғанмен, отбасың, бала-шағаң қанағат қылмайды ғой. Сен таршылықта да өзіңді бақытты сезінгенмен, балаларың өзін бақытты сезіне ала ма?..
Осылай ойлауым мұң екен, кеудемді пендешілік атты бір ит тырналап жатқандай күй кештім.

Барға да, жоққа да қанағат қылып, өзін бақытты санап жүрген жазушылардың бала-шағасының алдында өз-өзін кінәлі санап, таусылып отырғаны көз алдыма келді…
Бірақ кейде кісі бай-бақуатты болып та қуанып жүре алмауы мүмкін. Қайта дүние біткен сайын адамның елең-алаңы көбейе түсе ме дерсің. Ал керісінше, кедейдің қуанарлық мүмкіндігі көп. Өйткені «кедейдің бір тойғаны – шала байығаны» емес пе…

Адамды атақ-абыройлы, мансапты, дәулетті болуға ұмтылмағаны үшін, бай болмағаны үшін жалқау деп те, тірлікке қырсыз деп те кінәлауға болады. Бірақ, адамның өмірлік мұраты бақытқа жету болса, онысы байлыққа байланысты емес қой.

Иә, бақыт байлықта емес. Бақыт – көңілінде қанағаты барға ғана тұрақтайтын қонақ.

Nazira Bairbek-тің Facebook-тегі парақшасынан

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3528