Жұма, 19 Сәуір 2024
Деп жатыр 9129 33 пікір 27 Сәуір, 2018 сағат 08:31

Есбол Өміржанов. Қытай қазақтарын қорғау қозғалысын құру керек

Қытай қазақтарының тағдыры Қазақстанның Қытаймен арнайы келісімге келуіне байланысты

Біраз уақыт бұрын шет елдегі қандастар мәселесін көтеріп жүрген ақын Ауыт Мұқибек ағамыз хабарласып, қытай қазақтарының тағдырына алаңдаушылығын білдіріп, оларға қатысты пікірімді баспасөз бетінде жариялауымды сұраған еді.

Жалпы, қытай қазақтарына қалай көмек бере аламыз деген сұраққа байланысты өз пікірімді Азатттық радиосына берген сұқбатымда айтқан едім («Құқықтанушы: Аз ұлттарды ассимиляциялау жүріп жатыр» -https://www.azattyq.org/amp/world-china-kazakh-problems/29070087.html). Сол ұсыныстарымды әлі де толықтыра түсіп, оқырманмен бөліскім келеді. Біріншіден, Қытайдағы адам құқықтарының сақталуына мониторинг жасаушы көптеген халықаралық ұйымдардың өкілдіктері Қытайда жұмыс істейді. Олардың қатарында Халықаралық амнистия, Хьюман Райтс Вотч, «Қытайдағы адам құқығы», «Қытай құқық қорғаушылары», «Қытайдың құқық қорғаушы заңгерлер тобы» сияқты ұйымдар бар. Аталған ұйымдардың кейбірінің Қазақстанда өкілдіктері жұмыс істейді. Сондықтан, қытайдан қамалып, зәбір көрген қандастарымыз туралы ақпаратты аталған ұйымдарға жеткізу қажет. Сол арқылы халықаралық аренада Қытайдағы адам құқықтарының бұзылуы мәселесінің көтерілуіне ықпал етуге болады. Мәселенің халықаралық деңгейде көтерілуі ел билігінің де назарын аударатыны анық. Екіншіден, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде қытайдан қысым көрген қазақтар жайлы ақпаратты көптеп таратып, қоғамның назарын барынша аталған мәселеге аудару қажет. Қажет болса түрлі документальді фильмдер түсіріп, қысым мен зәбір көруді шынайы сипатта жеткізген жөн. Сол арқылы еліміздегі азаматтық қоғам институттары, саяси партиялар мен ұйымдардың мәселені жоғарғы деңгейде көтеріп, биліктен бұл мәселені шешуді талап етуіне қол жеткізуге болады. Үшіншіден, қытай қазақтарына жанашыр азаматтар өзара бірігіп жиындар, конференциялар мен басқосулар, баспасөз мәслихаттарын тұрақты түрде өткізіп отыруы қажет. Тіпті, қытай қазақтарын қорғау ұйымын немесе қозғалысын құруға болады. Қажет болған жағдайда наразылық шерулерін, наразылық акцияларын легитимді түрде ұйымдастыру қажет. Осылайша, қытай қазақтарының басындағы жағдайды бүкілхалықтық мәселе деңгейіне көтеру арқылы биліктің бұл мәселені тиімді шешу жолдарын іздестіруіне жағдай тудыруға болады.  Қазіргі кезде аталған мәселелер біртіндеп жүзеге асырылуда, дегенмен тиісті нәтижеге қол жеткізу үшін тоқтап қалмау қажет.

Осыған дейін менен қытай қазақтарын қорғаудың халықаралық құқықтық тетіктері жайлы да сұраған болатын. Мен өз кезегімде Қытайдың халықаралық адам құқықтары жайлы негізгі конвенцияларды ратификациядан өткізбегендігін атап өткім келеді. Сонымен қатар, қытайдағы адам құқықтарының тапталу деректері бұғанға дейін халықаралық қауымдастыққа мәлім, жыл сайын ол елдегі адам құқықтарының бұзылуы жайлы халықаралық ұйымдар баяндамаларында көрсетіп, ұсыныстар жасайды. Бірақ, қытай үкіметі өз кезегінде айтылған ескертпелерге қарсы өз уәжін айтудан жалықпайды. Сондықтан, қытай үкіметінің ішкі саясатына сырттан әсер ету мүмкіндігін шектеулі деп айтар едім. Жекелеген адамдардың азаматтық, саяси, діни құқықтарының тапталғаны жайлы әртүрлі халықаралық инстанцияларға шағымдануы көп уақытты және қаржыны талап етеді. Тіпті, халықаралық институттар сол адамдардың пайдасына шешім шығарғанның өзінде де оны қытай билігінің орындауы да неғайбіл. Сондықтан, бұл мәселені шешудің басқа жолын қарастырған жөн. Мұнда қытай қазақтарын құтқарудың тек бір тетігі тиімді жүзеге асырылуы мүмкін. Ол үшін Қазақстан билігі Қытаймен дипломатиялық келіссөздер жүргізіп, арнайы келісім-шарт жасасып сондағы қазақтардың елге келуге ниет білдіргендерін көшіріп алуына болар еді. Тек осындай жағдайда ғана қытай қазақтарының бір бөлігін елге қайтару мүмкін. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін жоғарыда атап өткен мәселелерді жалғастыра берген жөн.

Кез-келген аз санды халықтың көп халықпен ассимиляцияға ұшырап жойылып кетуі билік жүргізген мақсатты ұлтты жою саясатының аясында бірнеше он жылдықта жүзеге асуы мүмкін. Осы уақытқа дейін қытай қазақтарының ассимиляцияға ұшырамауына тіл, дін және діл тежеуші фактор болған еді. Ендігі жерде қытай билігінің қазақ мектептерін қытай тіліне ауыстыруы, дінге тыйым салып, қазақтардың қытайлық идеологияға мойынұсынуын қамтамасыз етуі ондағы қазақтардың аздаған уақытта қытай халқының құрамына сіңіп кетуіне жағдай жасауы мүмкін. Бұл өз кезегінде жалпы қазақ ұлтына үлкен зиян болары сөзсіз. Сондықтан, қытай қазақтарын елге қайтару мәселесі мемлекеттік билік үшін күн тәртібіндегі негізгі мәселеге айналуы тиіс. Өз басым қытай қазақтарының жүз пайызы елге келеді дегенге сене қоймаймын, мүмкін осы жағдайдан соң жарымына жуығы елге қайтуға мүдделі болар деген үміттемін.

Ел билігі қытай қазақтарын жаппай елге қайтаруы үшін үлкен қаржы және арнайы мемлекеттік тетіктер қарастыруы тиіс. Ең алдымен, қытай қазақтарын елге қайтару, орналастыру, бейімдеу, қолдау көрсету үшін арнайы өкілетті орган құрылуы тиіс. Менің ойымша, көші-қон комитеті дербес агенттік ретінде құрылып, оның құрамында арнайы шеттегі қазақтардың мәселесімен айналысатын құрылымдар жасақталуы қажет. Осы агенттік арқылы еліміз жалпы шет елдегі барлық қазақтармен тікелей жұмысын нығайтып, олардың елге қайтуына жағдай тудыруға болар еді. Бұл мәселені ұйымдастыруды аналитикалық деңгейде ойлай алатын, стратег шенеунікке жүктесе, барлық іс тез арада шешімін табар еді.

Есбол Өміржанов

Abai.kz

 

33 пікір